«Тәуелсіздік тағылымы»
Биыл баршамызға аян, өз алдына дербес ел болып, ұлт болып, шекарасы бекіген мемлекет болып іргеміздің қаланғанына міне, 30 жыл толғалы отыр. Жыл сайын еліміз көркейіп, қарыштап даму үстінде. Оған бірден бір себеп ел басқарып отырған басшымыздың сарабдал саясаты мен ақыл, парасатының жемісі деп білемін. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің биылғы «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында әр жылға тоқтала отырып, жеткен жетістігімізді саралап берген болатын.
Өз сөзінде президент: «Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу» деді. Әрине, бұл біз үшін үлкен жетістік. Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады. Тереңге үңілсек, сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды. Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт деп білемін.Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін.Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланған бабаларымыздың асыл мұраты – ерлік пен елдігімізден күш-қуат алып, әрдайым алға баса берейік!Еліміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болсын!

