Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тербетемін мен әлемді!

Кино саласы көрермендердің дүниетанымы мен белгілі бір зат туралы түсініктің қалыптасуына зор ықпалын тигізетіні бәрімізге мәлім. Сондай-ақ, фильмдер белгілі бір образдарды насихаттап, көрермендердің соған ұмтылуына әсер етеді. ҚР тәуелсіздігінен кейін ұлттық мемлекет құру барысында әйелдерге символикалық рөлдер беріліп, кино арқылы әйел бейнесі насихатталды. Мысалы, әйел – ана, нәрестені дүниеге алып келуші, өнім беруші (яғни, бала тумаса абыройы төмен), қызды босанса жәбірленуші, ұлды болса мәртебесі жоғары сияқты символдарға ие болатын қоғам өкілі. Қазақ киноларының басым көпшілігі әйелді Ана, Модерн-белсенді әйел, Келін, Жезөкше әйел және интернационалды отбасындағы әйел рөлдерімен көрсетеді.

1998 жылы гендерлік теңдікке байланысты көптеген заңдар мен қаулылар қабылданғанымен, әйел отбасы контекстімен ғана шектелді. Мәселен, егер сіз отбасылы әйел болсаңыз, сіз қоғамның легитимді тұлғасы болып есептелесіз; керісінше, сіз отбасысы жоқ әйел болсаңыз, сіздің әйел ретінде құқықтарыңыз қорғалмайтын секілді. Біздің елімізді неопатриархалды мемлекетке жатқызуға болады, себебі заңдарымыз гендерлік тұрғыдан заманауи стандарттарға сәйкес болғанымен, іс жүзінде ерлер мен әйелдерге белгілі бір рөлдерді міндеттеу басым. Әйелдерге қатысты стереотиптер үнемі қазақ кинематографиясы арқылы нығайтылып отырады.

Қазақ кино индустриясында ана бейнесіне тоқталатын болсақ, тәуелсіздіктен кейін күшті ана немесе Отан-ана иконы ұлт пен отанның аллегориясына айналды. Мысалы, Болат Шариповтың Заманай киносында 1920 – 1940 жылдары сталиндік қуғын-сүргін кезінде кейіпкер-ана қартайғанда немере-ұлының Қытайдан Қазақстанға оралуына септігін тигізді. Демек, Отан-ана иконы еркіндігіміздің нышанына айналды. Ақан Сатаевың Анаға апарар жол картинасында да басты кейіпкер-ана 1930 жылдардағы барлық ауыр қиыншылықтарға қарамастан, шетелге қуғындалған өз ұлын күтіп, Қазақстанда қалады. Сондай-ақ, фильмнің басты кейіпкер-анасы тағдыр тәлкегінде барлық ауыртпашылықты бастан кешірген әйел болып сипатталады.

Қазақ киноларындағы ана бейнесінің екінші сипатына «Ана мен Ұл арасындағы байланысты» жатқызуға болады. Жол, Шұға, Студент, Кардиограмма фильмдері басты кейіпкер-ерлерді өмірде жолы болмайтын қорқақ, әлжуаз, ынжық немесе қанішер ретінде бейнелейді. Осылайша, әлсіз ұлдың қалыптасуына анасын кінәлайды. Ең қызықтысы, ана мен қыз арасындағы байланысты көрсететін фильмдер жоқтың қасы.

Қазақстан аналарын насихаттайтын кинолардың үшінші сипатында ана «Қасиетті Ана» рөлін атқарады, яғни метафизикалық және мифологиялық қасиеттерге ие болады. Мысалы, елбасының өмірбаянына қатысты фильмдерде анасы Құдайдан жалбарынып, түсінде аян көріп, дүниеге ұлды алып келеді. Алайда, елбасының тұлға болып қалыптасуына анасы мүлдем әсер етпейді және көбінесе әкесі баласына материалдық және моральды қолдау көрсетіп, барынша көмектеседі. Әлемдік масштабтағы саясаткердің тұлға болып жетілуіне анасының еңбегінің баяндалмауы әйелдерді төмендету болып саналатын сияқты.

Сонымен қатар, кино саласында «белсенді-модерн әйел» образында ер адамның басымдылығы байқалады. Мысалы, Осторожно, корова киносында басты кейіпкер-әйел депутат болуға ұмтылғанымен, соңында басты кейіпкер-еркектің жәрдемімен жетістікке жетеді. Демек, әйелдерге қатысты қазақ кинематографиясы осындай метафорикалық наррация арқылы біздің қоғамда белсенді әйелдің жоқтығын айқындайды.

Қазақ кинематографиясында «жезөкше әйел» бейнесін сараптайтын болсақ, Данияр Саламатовтың Әкем екеуміз, Рүстем Абдрашевтың Сталинге сыйлық фильмдерінде жезөкше әйел Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері болып табылады, яғни қазақтар арасында жезөкшенің жоқтығын ұят мәселесімен байланыстырады. Осылайша, кино индустриясы қоғамда қалыптасқан ұят және әйелдерді шектеу тақырыптарын нығайтады. Неліктен жезөкше әйел репрезентациясында басқа ұлт өкілдері ғана бейнеленеді?! Бұл Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің құқықтарын дискриминациялау болып табылмайды ма?!

Интернационалды отбасын көрсететін фильмдерде (Дала экспресі, Тұздыкөл жағасындағы үй) қазақ қызы өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шықса, соңы бақытсыздық пен қайғымен аяқталады; керісінше, қазақ жігіті өзге ұлт өкіліне үйленсе, бақытты жанұя пайда болып, ұлттық құндылықтар жаңғырады. Осындай фильмдердің астарында қан тазалығы мен намысын қорғау сияқты мәселелер жатыр. Қазақ жігіті мен өзге ұлт қызының арасындағы отбасы құруды мақұлдау мен қазақ қызы мен өзге ұлт жігіті арасындағы қатынасты жек көруді үгіттеу арқылы адамның жеке басының құқықтарын шектемейміз бе? ҚР Конституциясының 3-бабы бойынша, «әр адамның жеке басына қол сұғылмауына құқылы». Құрметті оқырман, осылайша қоғамды тәрбиелеу арқылы біз заңға қарсы келмейміз бе?!

Қорытындылай келе, біздің киноларда Қазақстан әйелі ана, белсенді-модерн әйел, жезөкше және интернационалды отбасындағы әйел рөлдеріне ие болады. Көптеген фильмдерде әйел екінші дәрежелі рөлдерді сомдайды; басты кейіпкер болғанның өзінде аса маңызды функцияны атқармайды. Сонымен қатар, қазақ киносындағы әйел тәуелді, қоғамдағы қалыпты жағдайларға бағынатын рецессивті қоғам өкілі болып табылады. Қазақ кинематографиясы әйелдің идеалды бейнесін қалыптастырып, азаматтарды белгілі бір модель шеңберінде болуға тәрбиелейді. 2019 жылы жақында Томирис фильмінің қойылуы осыған дейін түсірілген қазақ фильмдеріне қарсы шығудың символикасы сияқты.

Осы бір блог арқылы мен адамдарды толеранттық пен либералдыққа шақырамын. Дәстүршілдікті, феминизмді немесе нейтралды арасындағы теңгерімін ұстану – әр адамның өз еркі. Мен үшін гендерлік теңдік еркіндікті білдіреді. Ал сіз үшін ше?!

Блогты оқу барысында туындаған сұрақтарыңыз болса немесе сұрақтарға жауап бергіңіз келсе, пікір қалдыруыңызды өтінемін.

0
0
1431

Осы тақырып бойынша

Тербетемін мен әлемді! - Yvision.kz