Той туралы толғау

Жалпы, біз қазақ болған соң өз салт-дәстүріміз бар халықпыз және реті келсе мысалы, Алаш баласы ретінде мен де ұстануға тырысамын. Мәселен, бізді де тойға жиі шақырады, дегенмен, кейде әртүрлі себептермен (жолда, саяхатта, іссапарда, өзге елде болумен және т.б) байланысты келе алмауым мүмкін. Ал, қазалы үйге міндетті түрде кіріп шығуға тырысамын.
«Той десе қу бас домалайды» демекші, тойды кейбір ағайындар даттайды, өзгесі мақтайды. Меніңше, пандемиядан кейін тойға қатысушылар саны азайған сыңайлы (мәселен, 250-350 адам қатысқан тойларды көріп едім, қазір екі жүздің ар жақ, бер жағы). Даттаушылар бекерге «мал шашпақ» дейді, меніңше, тойдың өз функциясы бар. Ол, туыс-туғанның, ағайынның, көптен көріспеген жора-жолдастың басын қосады. Осындай той-томалақта бір-бірін көптен көрмеген, әсіресе жастар жолығысады, шүйіркелеседі.
Қазір, бес жылға кредитке алып той жасайтындар сирек-ау, бір жағынан той ұйымдастырушылық шара.
Жалпы, «тойский» деп кемсіте беруді қою керек, той да қоғам айнасының бейнесі іспеттес. Кейбір білгіштер тек қазақ халқы тойға ақша шашатындай көлгірсиді. Ал, шынында, той кез келген халықта бар, бәлкім түрік, Еуропа халықтары көп шашылмас, дегенмен, кедей деген үнді елінде күнде той. Оны айтасыз-ау, бір рет Ютубтан 18 жыл Ресейде гастарбайтер болып, барлық жиған қаражатын бір мезетте жұмсап жіберген өзбек ағайынның қызынын тұрмысқа шығуына (ұзатылуына) арналған тойын көріп қалдым. Ол ақша қандай қиыншылықпен келді десеңізші, бірақ, ерік өзінікі емес пе?
Сол секілді, оған қарағанда қазақ тойлары шүкір ғой.
Ал, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей мата-шата тасу, қыз жасауын өзге қаладан (не өңірден) алып келуді ұға алмадым? Бәлкім 90 жылдары ол заттар қат болған болар, қазір, оның бәрін тасымай-ақ, Қазақияның кез келген жерінен табуға болады емес пе?
Ең, бастысы, менің ойымша тойға себепкер болатын жастар бақытты болып, ата-аналарына мейірімді болса болды ғой!
