Құтты болсын 60 жас - Ғалия Ниязқызы (Ескелдинова) Ақбасова
Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады.Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.
Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында

- Ғалия Ниязқызы адамның жадында ұзақ сақталып, ерекше көңіл-күйге бөлейтін, үлкен жауапкершілікті артатын тарихи сәт ол- тұңғыш Президентпен алғашқы рет кездесуіңіз еді. Сол сәтті туралы әңгімелесеңіз.
- Елбасымен жүздескен сәттен ой-толғау (Алматы облысы «Кербұлақ жұлдызы» газеті 20 сәуір 2001 жыл) Мұғалімдердің республикалық басқосуына біздің ауданнан екі мұғалім аттандық. Ауданымыздың бетке ұстар азаматы, жарты ғасыр өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз – Хметжан Ақбербаев аға және мен. Съезд туралы түрлі ақпарат құралдарынан оқып, көріп, біліп жатырсыздар. Менің бүгінгі ортаға салайын дегенім Елбасы Нұрсылтан Әбішұлымен кездесу жайлы болмақ. Осы жерде цифрларды сөйлете кетуді жөн көрдім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы республика ұстаздары атынан 9 ұстазды съезден бір күн бұрын өзінің резиденциясында қабылдады. Осы тоғыздың бірі болып, Елбасының Алғыс хатын алғаныма әрине, қатты қуандым. Бұл мен үшін үлкен бақыт, қуаныш. Қазақта «Таудай талап бергенше, бас бармақтай бақ берсін» деген сөз бар. Құдайдың маған берген бағы, әрі сыйы деп түсінемін.Ақпанның алғашқы күні Қаныш Сәтпаев атындағы ғылым академиясында сағат түскі екіде Қазақстан білім және ғылым министірі Н.Бектұрғанов қабылдады. Елбасына кездесуге барар алдында біраз әңгіме өткізіп, айтулы мерекемен құттықтады. Бұдан соң министр өзі бастап бізді Елбасымен кездесуге алып барды. Елбасы қабылдайтын үлкен бөлмеге кіргізіп, әрқайсымыздың отыратын орнымызды көрсетті, микрофонды қалай қолданатынымызды айтып түсіндірді. Көрсетілген орындарға жайғастық. Белгіленген уақытта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы залға кіргенде орнымыздан тұрып, ізет көрсеттік. Сәлемдесіп, бізден отыруымызды сұрап, өзі де орнына отырды. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына өте жақын отырдым, себебі Ақбасова Ғ. Алфавит бойынша «А» әріпі бірінші болғандығында . Елбасы өзі сөз бастады – Жаңа мыңжылдықтың басында өткелі отырған құрылтайдың келер ұрпақ үшін маңызының зор екенін, оған ұстаздар қауымының тигізер ықпалының әсері, жалпы оқу-тәрбие жөнінде пікірлесу үшін бүгін бас қосып отырмыз. Алдарыңызда қандай мақсат, тілектеріңіз бар? Соны ортаға салып, ой бөлісейік, - деді.Алдын-ала құрылған жоспар бойынша бірінші сөз кезегін академик, ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығының бас директоры Әзімхан Сатыбалдин, одан соң Әл-Фараби атындағы университеттің профессоры Абламова, Алматы техникалық лицейдің директоры М.Шакирова, Шымкент қаласындағы балабақша меңгерушісі Нәдіровалар сөйледі. Тиісті жерінде Елбасы жауаптарын беріп отырды. Осы жоғарыдағы топ сөйлеп болған соң , «енді қандай сұрақтарыңыз, тілектеріңіз бар, мен сіздерді құрылтайдан І күн бұрын жинап отырмын. Ойларыңызды қысылмай ортаға салыңыздар» - деді. Осы тұста Шығыс Қазақстан облысынан келген Қайыртай Ақылбеков деген мұғалім.Нұрсұлтан Әбішұлы, ауыл балаларына жеке грант берсеңіз – деп салғаны. Бұл сұрақ бәріміз үшін күтпеген жағдай еді. Елбасы даусын сәл көтеріңкіретіп: Білім барлық жерде бірдей, дұрыстап оқытыңдар – деп сөзін аяқтады. Осыдан соң залда тыныштық орнады. «Тағы кімде қандай сұрақ бар?» дегенде ешкім үндемейді. Үнсіздік залды жайлап алды. Адында «ыңғайы келсе сөйлесе дұрыс болар еді» деп отыр едім, анадай тосын сұрақтан соң іркіліп қалдым. Бірақ залда пайда болған тұманды сейілту керек болды. Осы мақсатпен микрофонға қолымды созғанда, ҚР Білім және ғылым министр «Сөйлеме» деп басын шайқады. Онсызда дүрсілдеп отырған жүрек, министрдің бас шайқауынан кейін тіпті атша тулады. Сонда да микрофонды басып, сасқаным сондайлық қайдан келгенімді, өзімді таныстырмастан былай деп сөз бастадым.Нұрсұлтан Әбішұлы, егеменімізді алған 10 жылдың ішінде білім саласында үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Атап айтқанда, мектептеріміз жыл аяғына дейін толық компьютерленеді деп отырсыз, төл оқулықталарымыз шығуда, мектептерде дербес пештер салынған, айлық көбейтілді, уақытылы алып отырмыз, бұл үлкен жетістік. Бүгінгі ұстаздар қауымына көрсетіп отырған құрметіңізге республикамыздағы барлық ұстаздар қауымынан рахмет айтамыз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, еліміздің егемендігін жыл сайын Сізбен бірге тойлай берейік! Рахмет сізге, - деп сөзімді аяқтадым. Залда жаңа серпіліс пайда болып, бәрі қол соғып, Елбасына құрмет көрсетті. Министр сондай риза болып жайдарланды. Нұрсұлтан Әбішұлы: Осымен бәрі жақсы демексіңдер ғой, - деп күлді. Қалған әңгімені ертең құрылтайда жалғастырамыз деп, Алғыс хатын тапсыруға кірісті. «Ғалия Ниязқызы Ақбасова» дегенде, жанына бардым, алдымен қолымды алып, Алғысын ұстатты. Екі рет иығымнан қақты да бір тілектер айтты, шынымды айтсам соны естімедім, құлағым шыңылдап ерекше бір толқу үстінде болдым. Бәріне тапсырып болды, қалалық ұстаздарға пәтерлердің кілті тапсырылды. Ерекше бір сәтте, Өзіме берілген Алғыс хатымды , гүлімді алып бұрыла бергенімде, Нұрсұлтан Әбішұлы менің жаныма келіп қалыпты. Тез бұрылып тұра қалдым. Жаныма келіп «Сен қайдан келдің?» деді. Мен, Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қоғалы орта мектебінен, - дедім де сөзімді жалғастырдым, - Нұрсұлтан Әбішұлы, мен бүгін мына сәйкестікке қайран қалып тұрмын. Оқушыларымның айтқан тілектері қабыл болды. Съезге кетерде оқушыларыма «Тыныш жүріңдер, мен келгенше тәртіпті болыңдар» дедім. Балаларым : « Апай, жолыңыз болсын, аман барып, сау келіңіз» деді. Қош айтысып, есіктен шыға бергенімде Мырзабаев Әділет деген оқушым «Апай, Нұрсұлтан Әбішұлына сәлем айтыңыз» дегені. Есік алдында тұрып қалдым.Қайта сыныпқа кіріп, «Балалар, ондай мүмкіндік болар ма екен? Бірақ, съезге міндетті түрде қатысады деп жатыр, білмеймін» дедім. Сыныпта тыныштық орнады, балалар маған қарап тұр. Түрлерінде «неге болмайды?» деген сұрақ тұр. Көңілдірейін дедім де «жарайды сәлемдеріңді айтамын» деп қолымды бір сермедім. Сізге 24 оқушы сәлем айтты. Екіншіден, үлкен бір сайыстан келгенімде кіші қызым Назгүл «Мама, сізді енді Президенттің жанынан көрейік» деп еді, сол періштелердің тілегі қабыл болып, мен бүгін Сізбен кездесуге келіп тұрмын, - деп едім, Нұрсұлтан Әбішұлы шын көңілден қатты күлді. Күлкісі әлі құлағымда тұр.Мен сөзімді аяқтаған кезде профессор Абламова өзінің тұңғыш қазақша шыққан кітабын Елбасына тарту етті. Біздің тілегімізді қабыл алып, бізбен бірге суретке түсті. Бұл тарих беттерінде қалатын сәттер.

- Осы тұста мұғалім беделі туралы Сіздің ойыңыз жас буын өкілдеріне ой салары сөзсіз.
- Мұғалім өз беделін ең алдымен өзінің жағымды қасиеттерімен, біліктілігімен, білімділігімен, жан-дүниесінің көркемдігімен тірнектеп жияды. Бедел бір күнде, тіпті бірер жылда да келмейді. Ол күнбе-күнгі, қала берді талай жылдың еңбек жемісі. Осындай үлкен жетістікке жеткенім ең бірінші менің ұстаздарымның арқасы, олардың көбі өмірден кетті, бірақ, көңілден бір сәт кеткен емес. Бүгінгі күні білім саласында үздіксіз еңбек ету, жастарға үлгі өнеге көрсету жалғасын табуда. Зейнеткерлікке шыққан 2017 жылы "Балдырған бөбекжай - балабақшасының" ауласына көгалдандыруды жалғастыру мақсатында 10 түп туя қылқанжапырақтыларды өз отбасымның атынан сыйға тартқан едік. Бүгінгі таңда өсімдіктер әлемі жайқалып өсіп тұр. Әр адам туған ауылына еңбек етсе деп ойлаймын.

- Туған жеріңіз «Қоянкөз» ауылына арнап Дүйсен Аңсабаев сөзін, ал әнін Жанғазы Жексенбаев жазған екен.
Қоянкөз
Сөзін жазған Дүйсен Аңсабаев,
Әнін жазған Жанғазы Жексенбаев
1. Өткен күннен қалған бұл бір белгі деп ,
Қариялар жиі айтатын елжіреп.
Шоқы үстінен қолын бұлғап тұрғандай,
Бір ғазиз жан қоян көзі мөлдіреп.
Қайырмасы:
Бабаларым бақыт іздеп өткен жер,
Ата-анам маңдай терін төккен жер,
Қоянкөзден түлеп ұшқан түлектер,
Армандардың асуына беттеңдер.
Атақ-даңққа бөленіңдер бірақ та,
Туған жерді ұмытып еш-(2рет) кетпеңдер.
2. Татулықтың бұзылмаған қаймағы,
Әзіл думан өрісті өнер аймағы.
Балалықпен жастық шақтың куәсі,
Қасиетті Қоянкөздің қойнауы.
Қайырмасы:
3. Қайда жүрсем өсіп – өнген мекенім,
Саған қарай құстай ұшып жетемін,
Қоянкөзім құлай сүйген ғашықтай,
Сағынышты сезім сырын шертемін.
Қайырмасы:
- Сіздің тілегіңіз.
- Барлық туғаныма, жора-жолдастарыма, сыныптастарыма, аудандық оқу бөліміне, шәкірттеріме өзімнің сүйікті газетім «Кербұлақ жұлдызы» арқылы үлкен алғысымды айтқым келеді. Елбасынан келген шапағат Сіздердің барлықтарыңызға нұр боп жаусын, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Егеменді елімізге тыныштық берсін!
- Сұхбатыңызға рахмет Ғалия Ниязқызы. Жастарға үлгі – өнеге болатындай мерейлі отбасының ұйытқысы, көшбасшы екеніңізді білетін, түсінетін және осы жолды жалғастыратын ұрпақтарыңыз аман болсын!

Cұхбат жазып алған, Қаракөз Аскербекқызы Қабдолданова
Күреңбел қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, «Жақсы бастамалар жалғасын табады» жинақ (2012ж.), «Оқытудың белсенді әдістері- білім беру үдерісіндегі құзіретті қадам» қызықты математика авторлық бағдарлама (2018ж.) құрастырушысы.
