TUMBLR желісіндегі жазбамнан үзінді
Өткен жылдардағы жазбаларымды оқып шықтым. Қарап отырсам көбісі балалықпен жазылған) Əрине, сол жылдардағы сезімім таза болғанымен, қазір ол сезімнің шаңы да қалған жоқ. Өткінші сезім болар. Бірақ мына жүрек кім көрінгенге ғашық болып, оны ұмытып, басқасына көше бермейді. Мөлдір жауапсыз сезімім баз біреулер үшін күлкі тудыратын да шығар. Мейлі… Қазір ондай жағдайлар мен үшін маңызын жойған. Ел не дейді екен деп жүретін кездерім аяқталғандай. Қазір маған бəрібір. Анайы түрде айтқанда, түкіргенім бар. 2013 жылдардағы оқиғалардан бері, маған тікелей қатысы болмаса да он жылға есейдім. Қатайдым. Бірақ балғын жүрегім ғашық болса жасарып шыға келеді. Жас баладай, өмірге енді үйреніп жүрген бүлдіршіндей бəріне қызыға қарайды. Сондықтан болар менде таза ғашықтық болмады. Кейде махаббат дегенге сенбей де кетем. Бірақ сол туралы жазып отырмын ғой. Басқа не жазам? Бəрінің жырға қосар тақырыбы осы емес пе?! Негізі ескі жазбаларым туралы айтып жатқам… оқып отырып езуіме күлкі үйірілді. Кейбірін өшіріп тастағым да келді. Бірақ өшірмедім. Оларды өшіріп кімді алдаймын? Осы желіде тамаша блоггер болып өтірік бейне жасағым келмейді. Тіпті ешкім оқымаса да бəрібір. Тек өзімнің ішімдегіні жазғаным болмаса, басқа таңсық ойым жоқ. Қағаз күнделігіме жазуды да қойғанмын. Білмеймін, маған не болып жүргенін… Қазір де өз ойымды жинақтай алмай отырмын. Маған уақыт керек. Ал уақыт болса өтіп жатыр. Менің жылдарымды ұрлап өтіп жатыр…
