Ветеринариялық-профилактикалық шаралардың іске асырылуына бақылау жүргізді
Аудандық партиялық бақылау комиссияның мүшелері аудан көлемінде ветеринариялық-профилактикалық шаралардың іске асырылуына бақылау жүргізді. Аталған мәселеге байланысты Жәнібек аудандық ветеринариялық станциясының директоры Біржан Губашев атқарылып жатырған жұмыстар бойынша анықтама беріп, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Мәселен, қолданыстағы нормалар мен талаптарға сай қазіргі кезде қаңғыбас жануарлардың өмірін қиюға шектеу қойылған. Сәйкесінше ветеринария қызметкерлері бұл жануарлардың туу қабілетінен айыру шараларын қолданып келеді. Осы жағдайға байланысты Партиялық бақылау комитеті комиссиясының төрағасы Миранбек Ибатов және филиал төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуаналиев елді мекендердегі қаңғыбас жануарлардың саны күрт артуы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соғып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екендігін баса айта келе, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдануы қажет екендігін көрсетті. Бұл мәселе үнемі партия бақылауында болып, алдағы уақытта тиісті мекеме, ұйымдармен бірлесе отырып, оны оң шешу бойынша қажетті шаралар қолға алынатын болады.

