Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жамандықты қорғау

«Жамандық дегеніміз - адамдардың жақсылыққа бағытталған, бірақ сәтсіз шыққан іс -әрекеттері. Жамандық - біз іздеп жүрген өмірдің мәні. Нақтырақ айтқанда, мәнге жеткізетін ауыр жол. Күн сайын facebook парақшасынан көретін жан түршігерлік оқиғалар менің миымнан өтіп, қаныма араласады. Содан кейін мен бәрін түсіне бастаймын. Бәрінің бақытты болғысы келетін еді.»

Мен бұны ұрлап оқып қойдым, бірінші досымның құпия күнделігінен. Үйде ешкім жоқ болатын, өзімді қоспағанда. Сағат тіліне асылдым да қалдым. Ол қозғалған сайын ғана мен өзімнің өмір сүріп жатқанымды  сезе бастаймын, бірақ мен тиіспесем үйдегі заттар қозғалмайтыны мені шаршатады. Бірінші досым әлеуметтанушы. Бұл пәтерде екеуміздің бірге тұрып жатқанымызға біраз уақыт боп қалды. Ол қазір Германиялық ғалымдармен бір жобада жұмыс істеп жатыр. Айтуынша, немістер Алматы қаласының миграциясын зерттеумен айналысып жатқан көрінеді, оларға не керек, келіп- кеткен келімсегі көп бұл қаланың ұйқысын бұзып сауал жүргізудің өзі ғанибет ойын шығар. Екінші досыма хат жаза бастадым, ол online отыр еді.

Ол автобусқа кірді де бұрыштағы терезе жаққа қарай ұшты. Наушнигін құлағына салды да әсем кереңдікке шомды.  Қозғалыстағы аласа темірлерге асылып тұрған адам дегендер сасық ауаның ішінде бір- бірімен (жүйкелері) тебісіп тұра берді. Күздің жын қаққан бір күні болар, дала ерекше құлазып көрінеді. Ол терезеден әрбір аялдама сайын әртүрлі жаратыла қойған ауыздар мен кірпіктерді, аяқтар мен қолдарды, шаштарды және көздерді тамашалап отырды. Тіпті оған қызық боп кетті. Бірақ барған сайын дала түнеріп барады, әлде кеш батып барады. Бір сәтте ол осында тұрған аяқтар ертең тағы тұратынын, оның ертесі тағы осылай мелшип қатып тұратынын ойлағанда оның ми қабатынан аяныш күйі зыр ете түсті. Бірақ қаны да жүрегі де оны сезе қоймады. Аялдамасына келіп қойды, пәтерге бет алды.

Есіктен кіргенде тағы бөтен бір еркектің аяқ киімі тұрды. Ол ішінен досының сөзін қайталады. «Елемей -ақ қой». Бұрыштағы бөлмеден қыздың жылап жатқан дауысы естілді,  ол ішінен тағы әлгі сөзді қайталады да киімін ауыстырып, ас бөлмеге кіріп шайын ішіп отыра берді. Бірге тұрып жатқан дос баласы әпкесімен бірге екеуі Таразыға тойға кеткен. Күз айы, той созыла берді, созыла берді, аяқталмайтынын білетіндер аз еді. Ол өзі де жақсы танымайтын бір қызбен  осы үйде әрі қарай өмір сүруіне тура келді. Әлгі бөтен аяқ киім кетті. Ол ас бөлмеден шыққанда бұрыштағы бөлменің есігі ашық тұрды, бірақ ішке қарауға ыңғайсызданды да тура өз бөлмесіне қарай жүре берді, мұрына келген темекінің ащы иісі оның жүрегін айнытып жіберді. Дәл осы әрекеттер күн сайын қаталанып жатты. Ол кешкісін есіктен кіреді, бөтен аяқ киімді көреді, сосын әлгі досы құлағына тағы сыбырлайды, ол тағы әдемі кереңдікке шомады.

Ас бөлмеге кіргенде қыз ыдысқа тамақ салып жатты. Дастарханға қойды да «ішіп алыңыз» деп теріс қарап тұрып айтты да шығып кетті. Бірақ оның тәбеті болмады, тамақ сол күйінде қала берді. Түн жарымында қыздың біреумен телефонда айқайласып жылап жатқаны естілді. Бөлмедегі заттардың қопарылысқан дауыстары оны еріксіз қыздың бөлмесіне алып келді. Есікті қағып, ақырын ашып еді, қыз теріс қарай қалды. Оны қатты таңқалдыратыны бірге тұрып жатқандарына біраз уақыт өтседе қыз әлі өзіне тура қараған емес. Одан жүзін жасыруға тырысатын. Қазірде теріс қарап төсегіне отыра салды да құлағын басып алды. Енді бұдан әрі бірдеме сұраудың қисыны жоқ екенін түсінген ол өз бөлмесіне кетті. Көзілдірігін киіп ап, жұмыс столының үстінде көміліп біразға дейін отыра берді. Түн ортасы болды, ол шаршады. Енді жуынып алып ұйықтау керек. Душтың жарығы жанып тұр, бірақ ешқандай дауыс жоқ. Сыртынан тықылдатып көріп еді, жауап болмады, демек ешкім жоқ, есікті ашты.  Қыз жерде құлап жатыр. Еденде аузына сыймай асып ішілмей қалған бақытсыз аппақ дәрілер шашылып жатты. Ол титықтап кетті. Арада анау мынау түкке тұрғысыз жалықтыратын әрекеттер өттіп жатты. Бірнеше күннен кейін қыз үйге оралды. Киімдерін жинастырып  жатты. Осы сәтте полиция келді. Қыз бәріне жан тәнімен беріліп тұрды, мүмкін  осыны күтті. Қызды есіктен алып шығып бара жатқанда ғана ол алдыға қарай оқталып барып тоқтады. Сонда ауызынан шыққаны «Сіздің...» деп бірдеме сұрағысы келді ме, өзі де білмейді, тұрып қалды. Сол сәтте ғана қыз артына жалт бұрылып, алғаш рет оның көздеріне тура қарады. Ол қыздың мөлдіреген қара көздерінің жылағаннан күліп не күлгеннен жылап тұрғанын ажырата алмады. Осы сәтте оның ми қабатынан аяныш күйі зыр ете түсті. Артынан қанына өтіп,  жүрегі де оны сезе бастады.

Есік жабылды, ол үйде жалғыз қалды. Айна алдынан қыздың қалдырып кеткен телефонын көрді. Артынан апарып беруді ойлаған еді, бірақ экранды ашып қалғанда, номерсіз қалған төртбұрышты зат ішіндегі суреттер мен видеолар оны тоқтатты. Ол төртбұрыштының ішінен қыздың осы затта қалып қойған жанын көрді.

Екінші досым online отырды, мен оған жазып жаттым.

1
0
627

Осы тақырып бойынша

Жамандықты қорғау - Yvision.kz