Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жеңісті жақындатқандар

Жеңіс күні киелі мейрамдар сапында. Әрбір отбасына қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің оңайшылықпен келмегені аян. Толарсақтан саз кешіп, ұрпақ келешегі үшін жан алысып, жан беріскен шайқаста қаншама есіл ерлердің рухы жат топырақта жай тапты. Дегенмен өскелең ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлеріміздің арасынан кейінгі буынға үлгі-өнеге болып бүгінгі күнге аман жеткендер бар. Сондай ардагерлердің бірі – Ақсу ауданындағы Қапал ауылының тұрғыны, 101 жастағы Гаврил Моисеев.

Гаврил Степанович 1941 жылы соғыс басталғанда Тамбов қаласындағы жаяу әскерлер оқу орнында әскери салаға машықтанып, білім алып жүрген болатын. 19 жастағы жасөспірім Батыс Ресей майданында қиян-кескі шайқастарға қатысып, Отан алдындағы борышын жанқиярлықпен өтеді. 1943 жылы қиян-кескі шайқаста көзінен жарақат алған майдангер Алматы госпиталінде емделіп, еңбек майданына атсалысты.

1945 жылы отбасын құрып, соғыстан кейінгі уақыттағы бейбіт өмірдің кірпішін қалауға өз үлесін қосты. Әуелгі уақытта мектепте, кейіннен «Пламя революций» ұжымшарда еңбек етіп, демалысқа да шықты. Бүгінде ғасыр жастан асқан ардагер қажырлы еңбектің өтеуіндей ауданның «Құрметті азаматы» атанып, ұрпақтарының ортасында шат-шадыман ғұмыр кешуде.

Жеңіс күнін жақындатуға өзіндік үлестерін қосқан, жылдан-жылға қатарлары сиреп бара жатқан ардагерлерімізді ардақтау, аға буынның ерлігін ұлық тұту – басты парызымыз.

Атамызға тек жақсылық тілей отыра, денсаулығы мықты болып, бала шағаның ортасында аман есен болсын деп тілек білдеремін.

#Qaharman

#Жеңісесімдері

0
0
291

Осы тақырып бойынша

Жеңісті жақындатқандар - Yvision.kz