Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Жез киік, біздің жаққа қайдан келдің немесе ақбөкеннің болашағы қандай болмақ?

Жақында вегетариан һәм жас экология министрі Зүлфия Сүлейменова биыл 1815 құралай лағын қолға үйретеміз деп айды аспанға бір ақ шығарды, жұртшылық арасында бұл жөнінде едәуір шу шықты. Кейбір ағайындар әңгіме киікті атып алу жөнінде деп қате түсінген сыңайлы, дегенмен, Қазақстанда киік атуға мораторий 2024 жылға дейін деп тоқтатылған болатын.

Киік қолға үйрету демекші, ақбөкенді бала күнімізде біз де қолға үйретіп көрдік. Бірақ, шөбіміз дұрыс болмады ма әлде еркіндікке үйренген ақбөкен қоршауды жатсынды ма, қысқаша айтқанда тәжірибеміз іске аспады. Алайда, Жомарт деген досымыздың ақбөкеннің құралайын кәдімгідей жерсіндіргені бар. Құралай ауылдың қозы-лағы, бұзауының арасында жүреді. Ауыл халқы құралайды жақсы біледі, сондай сүйкімді-ақ, ол кезде басқа аймақтың ауылдарын білмеймін, менің туған жерім Торғай өңірінде әртүрлі уақытша жұмыстарға (мысалы, құрылысқа) өзге жұрттан ағайындар келетін. Жатжерліктер ауыл шетінде жайылып жүрген ақбөкен лағын жабайы киік деп ойлап қалса керек атып алыпты. Ойын баласы – біздердің бәріміздің ренжігеніміз бар. Бірақ, кейін киікті өзім де аттым.

Торғай жерінде Сырдария мен Әмудария сияқты қосарлана аққан Торғай және Ұлы Жыланшық деген екі өзен бар. Басын сонау Ұлытаудан алатын Ұлы Жыланшық өзені Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылы аймағындағы Ақкөл деген көлге барып құяды. Ал, оның бергі жағы менің ата-бабам мекені. Сол маңда Бердібай Қарасуы деген жерде аузын ашса, жүрегі көрінетін, қауқылдап қалған, сондықтан ел-жұрты Қауқанбай деп атап кеткен Әбілда деген нағашымның қойшы ауылы отырады. Кеңес Үкіметі кезінде әр төбенің басында қос-қостан қойшы ауылы болатын, яғни, екі шопан үйі іргелес отыратын еді. Кейін бұл жер халқы өткен ғасырдың 90 жылдары жаппай қоныс аударып, халқы босып кетті, айтқандай, дәл осындай жағдай Ашаршылық заманында да орын алыпты.

Кейін Ұлы Жыланшықтың бойында киіктерді қорғау үшін "Алтын Дала" резерваты құрылды, қазір мұнда қорықтың Ұлы Жыланшық учаскесі жұмыс істейді.

Жаз болса, әке-шешем нағашым ауылына - қырға жібереді. Қойшы ауыл деген жақсы ғой, табиғат аясында, киіз үйде тұрып, нағыз қазақы тұрмыс кешесіз. Балық аулау, қой бағу, жабайы құс аулау, аң ұстау сияқты қысқаша айтқанда қойшы ауылдың өз қызығы да көп. Қырда ең бірінші рет мылтық атуды үйрендім. Жаңағы Әбілда нағашымның Нұраш деген ұлы екеуміз әуелі бұралқы ит атып, мылтық атуға машықтандық. Одан соң өзен жағасында киік атуға көштік. Оның да тәсілі бар екен. Жалпы, киік деген аса сақ жануар ғой, желдің бағыты біз жақ беттен болса, бірден иіс сезеді, ал, жел киік жағынан болса, біздің құдайымыз берді деген сөз. Өзенге су ішуге келген топ киік келген кезде біз бытыра мылтығымыздан гүрс еткізіп атып жібереміз. Нұраш "Менің атым Қожа" фильміндегігі кейіпкерлердің бірі Сұлтан сияқты, бойшаң, менен екі жас үлкендігі бар. Қарулы және қолынан бәкісін тастамайды. Сол жолы 12 киік аттық. Нұраш еңістен көтеріліп, шала-жансар жатқан киіктерді бауыздай бастады, ал, оқтан зақымданып өлгендеріне тіпті қараған да жоқ: "арам өлді" деп әрі кете берді. Шынымды айтсам киіктерді аядым, бірақ, бұл да табиғат заң ғой. Олардың бәрін сол жерде сойып, ішек-қарнын ақтарып тастап, тек ет-сүйегін алып, үйге келген соң киіз үйдің алдындағы бақандарға іліп қойдық. Неше киік әкелгеніміз есімде жоқ, бірақ, сол бақанға іліп қойған киіктердің бәрінің етін жеп үлгермедік, тіпті кейбірі құрттап кетті. Бір жағынан Кеңес уақытында (80 жылдардың басы) халықтың жағдайы жақсарып, қойшы ауылда қонақ келсе бір қойын сойып тастайтын заман, халық киік етін бәлендей жемейтін. Біз үшін киік дегеніңіз совхоздың қой-ешкісіндей, тіпті, совхоздың шөбін жеп қойды деп басшылық шағымданып жататын. Киіктің көптігі сондай, ауыл шетіне, арасына кіріп кететін. Бір күні, баяғы Айса бөгетінің ауылда "Бөгет асты" деп аталатын бөлігінде кешке өрістен қайтқан қойдың алдына шыққан бір әжеміздің (апамыздың) бұтының арасынан қашқан киік өтіп кеткен. Бір жағынан күлкілі, екінші жағынан киіктің көптігін білдірсе керек. Киіктің көптігін Көкалат ауылынан Айырқұм бөлімшесіне бара жатқан жолда көретінбіз. Әсіресе түнде, киіктің отарының жолдан өтіп болғанша ақбөкендерге қызығып қарап тұратынымыз әлі есімде.

Тағы есімде қалғаны қойшы ауылда киіктің асығын жинайтынбыз. Бір жинағанда жарты қапшық асық жинағаным бар. Енді ойлап отырсам, бұл сол киіктердің кезекті қырылып қалуынан кейін әр төбеде ағып кеткен киіктің сүйектері (асықтары) болатын.

Жалпы, киік бір емес, бірнеше рет қырылды, ақбөкендер 80 жылдары қырылып қалған кезде (КСРО кезінде) адамдарға арақ беріп, үлкен ор қаздырып, көмгені есімде. Соңғы рет, жаңылмасам мұндай жағдай, 2015 жылы орын алды. Ауылымыз резерват аумағына жақын, қашықтық 35-40 шақырымдай болар, тағы да үлкен орлар қазылып, трактормен ысырылып, көмілгенін білемін. Жаңылмасам Қазақстан бойынша ондаған мың (кей деректе 120 000) киік қырылды. Оның себебін «киік пастереллез ауыруымен ауырады екен-мыс» деп жүрген білгіштер. Бірақ, қазақ даласын зіл (мамонттармен) бірге атамзаманнан жайлап келе жатқан киіктің шөптен өлуіне күмәнмен қараймын. Негізінде, киіктер ол уақытта ауып, оңтүстікке кететін, бәлкім Байқоңыр маңында сәулеленді ме екен, білмедім, дегенмен, өз басым, киіктің қырылуын зымыран қалдықтарының түсуімен байланыстырамын.

Айтқандай, қазір киік оңтүстікке аумайтын болған, қысты күнгі киікті Торғай даласынан да, Ұлытау облысы аумағынан да, Астанадан 140 шақырым қашықтықтағы Қорғалжын жерінен де көруге болады. Оңтүстікке өтпеуінің бір себебі Шұбаркөлге дейін теміржолдың түсуімен байланысты болар деп болжаймын.

Жалпы, киік дегеніңіз өте өсімтал, мысалы, 2006 жылы Қазақстанда 50 мыңға жетер-жетпес киік қалса, қазіргі уақытты ақбөкендердің саны 2 млн. шамасында деседі. Алайда, өз басым киіктерді бұл саннан анағұрлым аз деп санаймын. Себебі, мысалы, 15-20 мың отардағы киікті қалай санайсыз. Байжан шамамен ұра береді-ау, дегенмен, киіктің саны өскені шын.

1981 жылғы сәуір айында бұрынғы Торғай облысының аумағында 180 000 киік қырылды. 1984 жылғы ақпан-сәуір айларында Батыс Қазақстан облысында 250 000 киік қырылды. 1988 жылғы мамыр айында Қазақстанда 500 000 киік тағы қырылды. Бұл өзі қайталанып тұратын жайт болуы керек, 1993 жылы қар қалың түсіп, киіктің Бетпақдала популяциясының 430 000 қырылып қалды. 2010 жылы қазақ даласында 12 000 киік өлді.

Енді, киіктің қазіргі жайына келейік. Әрине, дала сәні киікті қорғаған дұрыс. Дегенмен, жүздеген мың киікті маңғыртып, көбейте бергеннен не ұтамыз? Бірінші, олардың санын реттеген жөн, бұл киік Алланың қазаққа берген сыйы, яғни, ақбөкенді қалпына келтірілетін ресурс деп қарауымыз қажет. Мысалы, ақбөкен 4 жастан 12 жасқа дейін ғана өмір сүреді. Сәйкесінше, оның бір бөлігін неге кәдеге жаратпаймыз? Мәселен, ақбөкен терісінен шалбар тігіліп, мүйізінен дәрі жасалады, бала кезімізде киік мүйізінен пышақтың сабын істейтін еді.

Арғы уақытқа бармай-ақ қояйық, бірақ, Кеңес Үкіметі кезеңінде киіктерді тікұшақпен атып, аулап, Мәскеудің дүкен сөрелері ақбөкен етіне сықа толып тұрған заман болған.

Қысқаша айтқанда, мысалы, киіктің мүйізінен жасалатын дәріні неге өзімізде шығармасқа, мәселен, ол мүйіздің бір килограммы Гонконгта (Қытайда) 10 000 доллар тұратын болса, Торғай даласында 100 доллар тұруы мүмкін (шартты түрде айтып отырмын). Резерваттармен (Қазақстанда киікті қорғау үшін үш резерват құрылған, бірі - Торғай даласында (Қостанай облысы) екіншісі - Ақтөбе облысында, үшіншісі - Батыс Қазақстан облысында) іргелес тұратын ауыл халқын киік етін соятын, терісін өңдейтін, мүйізінен дәрі шығаратын жұмыстарға тартып, бастысы, аталған резерваттарға туристерді апарып, Африкадағы Серенгети қорығы сияқты сафари турлар ұйымдастыруға болар еді. Қазақстанға шетелдік аңшыларды әкелуге болады.

Африка демекші, Африканың кей елдерінің бағы да соры да піл. Бір елде, мысалы, арам аңшылар пілді атуын қоймай қыра беріпті. Ал, екінші, өзге ел керісінше, пілдердің бір бөлігін ақшаға атуға рұқсат етіп, одан түскен ақшаға қорықтың жағдайын жасаған, бастысы, қорық маңындағы халықтың әл-ауқатын жақсартқан.

Дәл, осындай жағдай Пәкістанның биік таулы аймағында да орын алған екен. Тау ешкісінің аса сирек түрінің бірнеше жүзі ғана қалыпты. Бірақ, жергілікті халық үшін оның ешқандай құны жоқ, тек еті үшін атып алады екен. Содан кейін табиғат қорғаушылар мынадай шешімге келіпті. Әр жыл сайын шетелден (Батыстан) қалталы аңшылар келіп, бірнеше тау ешкісін атып алуға рұқсат берейік. Ол үшін лицензия алып, қымбат ақша төлейді. Сонымен, ауыл халқының да психологиясы өзгерген, олар, керісінше тау ешкісінің санының көбеюіне мүдделі, ет үшін емес, өзге елден келетін аңшы үшін дайындайды. Есесіне ауыл халқының тұрмысы жақсы, яғни, бұдан шығатын қорытынды кез келген табиғи ресурс сияқты киікті де ұтымды пайдалану керек және киіктің атын жамылған кейбір жалған "табиғат қорғаушыларды" мысалы, киіктің емес, жергілікті халықтың, мәселен, жолдан қиыншылық көріп отырған Торғай халқының тұрмысы ойлантуы тиіс. Және киіктің пайдасын да жергілікті халық көру керек, сәйкесінше киіктің сақталуына солар мүдделі!

Әйтпесе, киік ауыл шаруашылығы жерлерін таптайды, айтқандай, біз киік үшін ата-бабамыздың жерін босатып берсек те, кейбір білгіштер айтып жүргендей, ақбөкендерге арналған қорық жерін шаруашылық үшін қайтаруға әсте болмайды!

0
0
681

Осы тақырып бойынша

Жез киік, біздің жаққа қайдан келдің немесе ақбөкеннің болашағы қандай болмақ? - Yvision.kz