Өзіңнен баста барлығын...
Бүгінгі күні интернет желілерінде мотивацияға, өзіңді дамытуға, шыңдауға бағытталған арнайы видеоматериалдар мен мақалалардың саны артып, сонымен қатар кітап дүкендерінің сөрелерінде осы тақырыптарды қамтитын кітаптардың қатары көбейіп отыр. Бүгінгі жазбамды мен де қатардан қалыспай осы тақырыптардың біріне арнағым келіп отыр.
Біз өмірімізді адамдармен байланыстырып жатамыз. Біздің қуанышта болуымыз, жетісікке жетуіміз, көңіл күйдің болу-болмауы, ақыры келгенде бақытты болуымыз жанымыздағы адамдарға байланысты сияқты көрінеді. Жақын күндерге дейін мен үшін де солай болған. Бақытты, жылылықты, қамқорлық пен мейірімді өзгелерден іздеп келдім. Ата-анамды есептемегенде, жоғарыда аталғандарды өзгелерден таба алмадым. Көңілсіз күндер мен ұйқысыз түндерім "жанымдағы" адамдарға деген алаңдаушылығымнан болып келді. Содан не керек, депрессия дегенің де дәмін татып үлгердім. Өзіме өзім қойған диагноз болғанымен, ішкі жан дүниемде болып жатқан үрдістерді терең зерттедім де қорытынды жасадым. Ол менің адамдарға ұзақ уақытқа байланып қалуымнан екен. Осы жағдайлардан кейін өзімді қолға алып, осы бағыттағы жұмысты бастап кеттім. Бұл жолды бірнеше қадамдарға бөліп, сіздермен тәжірибеммен бөліскім келеді.
Біріншіден, өзіңді бағалауды үйрен. Өзіңе сырттай ақылға бой алдырып, шынайы баға бер. Оны қалай жасауға болады? Оң жақтарың мен теріс жақтарыңды тізіп шық та, оң жақтарыңды өзіңді төмен санаған сәттерде есіңе түсіріп отыр, өзіңмен мақтана біл. Ал теріс жақтарыңды жөндеуге тырыс. Адам өзгерем десе өзгере алады.
Екіншіден, өзіңді жақсы көре біл. Тек шектен шығып кетпе))) Өзіңді жақсы көру деген не? Өзіңді жақсы көру деген өзіңмен тамсанып, өзіңе ғашық болу деген сөз емес. Өзіңді жақсы көру өзіңді қабылдай білу. Өзіңнің сыртқы келбетіңді, жан дүниеңді қабылдау. Өзіңнің ерекшелігіңді түсіну. Өзіңді жақсы көрсең ғана, өзіңді қабылдай алсаң ғана өзгелер де сені жақсы көре алады. Өзін жақсы көрмейтін, өзін бағалай білмейтін адамды өзге де жақсы көре алмайды.
Үшіншіден, өзіңе сенімді бол. Адам болып туылғансын барлығының бойында өз қорқынышы мен үрейі болады. Ол қалыпты нәрсе. Бірақ кейбір жағдайларда бұлар өмір сүруге кедергі келтіруі мүмкін. Мысалы, менде таныс емес адамдармен сөйлескенде сенімділігім төмен болды. Мен бұл жайтты үрейге баламадым. Сенімсіздік деп қарастыруға да болады. Кейіннен жағдай ушыға бастаған соң, психолог маманның қабылдауында болып, ашық сөйлетім. Бұл менің кішкентай бала күнімнен тұйық ортада өскенімнен, адамдармен араласпағандығымнан екенін түсіндіріп өтті. Содан бастап, қорқынышыммен күресті бастадым. Қазір нәтижесін беріп жатыр. Бұл жөнінде жеке пост жазып өткен дұрыс сияқты. Қорқынышты жою үшін сол қорқынышыңа бетпе бет келуің керексің. Осылайша танымайтын бейтаныс орталарды іздестіріп, қарым-қатынас орната бастадым. Менің жағдайымда бейтаныс орталар - әртүрлі конференциялар, еңбек жәрмеңкелері, қажет етпесем де жұмысқа тұрудағы тілдесімдерге бара бастадым. Әлі де үлкен жұмыс қажет. Дегенмен де оң нәтижені байқап, сенімсіздігім мен қорқыныштан арыла бастадым. Бұл жазбада не айқтым келді? Адам бірінші өзін өзі тануы қажет, барлығын өзінен бастауы қажет. Өзінің бойындағы кемшіліктермен үлкен жұмыс жасап, жақсы жақтарын дамыта білуі керек. Қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалан. Бір орында тұрма, жылжы. Кішкентай баладай барлығын зерттеп, ұстап көр. Ізденісте бол. Өз менің тап. Тек осы жолда өзіңді жоғалтып алма. Өзіңді сүй, өзіңді бағала! Сыйыңа берілген өмірді мәнді де сәнді ете біл!
