«AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жылдық жұмысын қорытындылады
«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІ конференциясында өңірлік партия ұйымының биыл атқарған жұмысы қорытындыланды.
Іс-шараға партия Хатшысы Жігер Қалиев, саяси кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары және «Жастар Рухы» жастар қанаты өкілдері қатысты.
📷Облыстық мәслихат фракциясының жетекшісі Мұрат Мұқаев жиналғандарға филиалдың, сондай-ақ, облыстық мәслихат жанындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жұмыс нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірде барлық деңгейдегі мәслихат фракцияларының 70-тен астам отырысы өтіп, 136 мәселе қаралды. Оның 53-і өңірлік жол картасының орындалу барысына қатысты болды. Сондай-ақ, жыл басынан бері партия қатары 600 адамға толықты.
📷«Биыл облыста 533 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 246 шақырым жол жөнделді. Автобус паркін жаңарту мақсатында 15 автобус сатып алынды. Сондай-ақ, 4 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 4 білім беру нысаны, 26 спорттық ойын алаңы пайдалануға берілді», - деп атап өтті ол.
📷Сонымен қатар, Мұрат Мұқаев пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Мәселен, «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының жұмысы аясында 112,8 мың га жер қайтарылды.
📷Сондай-ақ, конференция барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы Жігер Қалиев те сөз алды. Ол тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту үшін аманаттықтарға партияның рөлін және БПҰ жұмысын күшейту бойынша 2023 жылға арналған міндеттерге тоқталды.
📷Іс-шара барысында «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының жаңа Төрағасы сайланды. Партия ардагері Кенжебай Нығмет облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаевтың кандидатурасын ұсынды.
Конференция делегаттары ашық дауыс беру арқылы Мұрат Мұқаевты «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының жаңа төрағасы етіп сайлады.
