Анар Салқынбай: «Қабылданған әліпбидің енді ауыспағанын қалаймын»
Тіл- әрбір елдің тәуелсіздігін айқындайтын басты аргумент. Тіл қаншалықты құнды болса, оның әліпбиі де соншалықты маңызды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлықты қабылдаған болатын. Бұл бастама көтерілгенде қоғам екіге бөлініп, идеяны қолдағандар да, қолдамағандар да болды. Қазақ тілінің жазу тарихында бұл төртінші әліпби ауыстыру кезеңі. Осыған дейін араб, латын, кирилл жазу әліпбиі қолданылған. Кейбір тарихшылар қазақ тілінің шығу тарихын «Руна» көне түркі тілімен де байланыстырады.
Қазақ тілінің тарихына назар аударар болсақ, 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін халық латын әліпбиін қолданған. 1940 жылы « Қазақ жазуын латын әліпбиінен орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» жарғы қабылданып, жазу үлгісі латын қаріпінен кириллицаға ауыстырылды. Ерте кезеңде сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары «есік жазуын» қолданған. Одан соң б.з.б. V-XII ғғ. «руна» және «ұйғыр» жазу үлгісін пайдаланылғаны жайлы ақпараттар тарихи деректерде кездеседі. Осы жылы латын әліпбиінің соңғы жетілдірілген нұсқасы ұсынылып, бекітілді. Жаңа әліпбиде 31 әріп бар, онда қазақ тілінің 28 дыбысы толығымен қамтылған. Сонымен қатар, қазақ тілінде қолданылмайтын «ч, ц, ю, я, ь, ъ» әріптері әліппеден алынып тасталды. Латын әліпбиіне көшу туралы қаулы шыққаннан бері көптеген қарсы пікірлер туындап келеді. Әліпбидің кемшіліктері талқыға түсіп, сарапталып, жаңа нұсқасы ұсынылса да кириллицаны қолдайтындардың саны азайған жоқ. Неліктен? Латын әліпбиі - халықаралық деңгейде мойындалған, кең таралған білімнің, техниканың, бизнестің, ақпараттың әліпбиі. Латын әліпбиін әлемнің 36 елі, ал кириллді әлемнің 3,5 %-ы ғана пайдаланады. Яғни, әлемде кирилл әліпбиіне қарағанда латын әліпбиі 12 есе бәсекеге қабілетті болып саналады.
Латын әліпбиінің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Осы орайда латын әліпбиінің ұтымды тұстары мен тарихы жайлы тіл мамандары өз пікірлерін білдірді.
Анар Салқынбай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
-Ең алдымен, Елбасының жарлығымен бекітілген латын қаріпіне қазақ ұлты көшуі қажет. Ал, көшу үшін бізде осы күнге дейін бірнеше жобалар ұсынылып жатыр. Бірақ өзіңіз білесіз халық оны қолдамай жатыр. Ең алдымен, айтарымыз ертеңгі біздің қабылдайтын латын әліпбиіміз тұрақты болса деп ойлаймын. Яғни, осы нұсқадан кейін өзгермейтін. Себебі, бүгінге дейін бізде біраз жазулар өзгерді. Көне түркі жазуынан бастап араб жазуы, одан кейінгі араб жазуының негізіндегі төте жазу, кешегі кириллиция жазуы. Бұл халықтың ой-өрісін белгілі бір деңгейде бөгейді. Өйткені, бүгінгі ұрпақ кешегі ата-бабасының тарихын, көркем шығармаларын оқығанда бірнеше кедергілерге тап болады. Осылайша, біз өзіміздің тарихымызды бағамдай алмай қаламыз. Латын әліпбиіне көшу бүгінгі таңда қоғамның сұранысы болып отыр. Себебі, қазір діні бір, тілі бір түркі жұрты бүгінде үш түрлі жазуды қолданып отыр. Яғни, латын әліпбиі, кирилл таңбасы және төте жазу. Бұл мәселе түркі халқының ортақ бір ынтымақтастық құруына, ортақ бір пікірге келуіне қолайлы жағдай туғызып отырған жоқ. Сондықтан да түркі жұртының бірігуі үшін латын қаріпіне көшуі дұрыс деп ойлаймын.
Орынай Жұбаева, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты
-Негізі жазу мәселесі өте күрделі. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Қазақ халқы бір ғасырдың өзінде бірнеше рет жазу ауыстырды. Қазіргі кезде біздер шынтуайтына келгенде Абайды, Ахмет Байтұрсынұлын, Әлихан Бөкейханды, Міржақып Дулатұлын түпнұсқадан оқи алмай отырмыз. Осы орайға келгенде әліпби ауыстырудың зардабын тартып отырмыз деуге әбден болады. Кейбіреулер «тәуелсіздік алған бойда біз неге латын графикасына көшіп кетпедік?» деген мәселе көтереді. Ең алдымен, тарихқа жүгінетін болсақ, латын жазуы бүгінгі өркениетпен байланыстыратын қазіргі кезде ең озық, ең жаңа жазу, жаңашыл реформа ретінде айтатын нәрсе емес. Бұл патша үкіметінің тұсынан бері басталған. Ең алдымен, латын жазуына көшу мәселесін әзірбайжан Мирза Фатали Ахунда бастады. Ол бастапқыда тілмаш боп жүреді. Кейін сол Еуропаға барып, арнайы тапсырмамен келген кезде Исламға қарсы насихат айта бастайды. Халықты Ислам дінінен алшақтату үшін жазуды ауыстыру керек деген ойды ұсынады. Осылайша, патша үкіметі оның ойын қолдап, КСРО құрамындағы елдердің тілін, жазуын ауыстыруды көздейді.
Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор
- Латын әліпбиіне көшкен, әрине, дұрыс. Бірақ бір мәселе бар. Орыс мектебі баяғыша кириллицада оқи береді делінген. Мысалы, менің екі немерем болса, бірі орыс мектебінде, бірі қазақ мектебінде оқыса, қалай болады? Орыс мектебінде оқитын немереме латын әліпбиінде қағаз ұсынсам, оқи алмай, қазақ мектебінде оқитын немереме кириллицаны көрсетсем, ол оны оқи алмай қиналады ғой. Міне, мұның өзі үлкен мәселе. Айтайық, өткен дәуірлерді алар болсақ, сақ, сына, ұйғыр, манжұр жазуларын қоса есептесек, біздің тарихымызда 10-ға жуық әліпби ауысқан. Мысалы, Абылайхан өз дәуірінде хат жазарда манжұр жазуын қолданған деген деректер бар. Одан соң араб әліпбиі пайда болды, одан бас тартып, латын қаріпіне көштік. Он жылдан кейін кириллицаға ауыстық. Жалпы айтқанда жазу үлгісі ауысқан сайын біздің ұрпағымыз сауатсыздана түседі.
