Арқада Бурабайға жер жетпейді....

Ең бірінші рет Бурабайға бір компанияда штаттан тыс жұмыс істеген кезде барғаным есімде, басшымыз жолымызды төлеп, ас-суымызға тапсырыс беріп қойыпты. Көпшілігіміз отбасыларымызбен келдік.
Өзі саяхат жасауды ұнатататын, тек Бурабай атауын Боровое деген сөзден шыққан деп, біздің жұртқа қатысы жоқтай айтты.
Есімде қалып қойыпты, түсіндірдім, бірақ, әлі де өзге жұрттың ыңғайымен туған жеріміз тарихы бұрмаланатыны шын.
Одан бері Бурабайға талай жол түсті.
Ал, жалпы, Бурабай туралы айтқанда есімізге әуелі Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин түседі, себебі Бурабайды олардан артық жырлаған ешкім жоқ шығар.
Мысалы, Мағжан ақын:
"Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Басқа жер ойды ондай тербетпейді.
Бурабайдың көлі мен Көкшетауды
Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.
Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей
Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді.
Арқада Бурабайға жер жетпесе,
Алашта Кенекеме ер жетпейді.
Көкшеде күңіренген Кенем қайда?!
Дариға, жүрегімді дерт өртейді.
Көкшені күндіз-түні мұнар басқан,
Қап-қара бұлттармен құшақтасқан.
Алдында бұйра жалды бөлек тау тұр,
Көкшеге қосылмаққа қойнын ашқан.
Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек көл ортада,
Жел ойнап, ақ бетіне меруерт шашқан." дейді.
Ал, Сәкен ақын болса:
"Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты;
Бурабай атаныпты содан бері
Ақ бура мекен қылған көлдің аты.
Мөп - мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.
Ақ көбік көпірді күміс судан,
Сан сұлу сол көбікпен бетін жуған;
Көл басы бірде тыныш, бірде у - шу,
Әңгіме сансыз сырлы ертек туған." деп сипаттапты.
Міне, осындай табиғаттың кереметі бас қаладан 240 шақырым қашықтықта орналасқан, шаһар халқының сүйікті демалыс орнына айналғалы қашан? Оның үстіне 3 жолақты сара жол сайрап жатыр. Бір-екі сағатта көлікпен жүйткіп жетіп келесің.
Бурабай аймағы Көкшетаудан бар болғаны 95 шақырым қашықтықта болса, аудан орталығы Щучинск қаласынан 19 шақырым жерде орналасқан. Көлікке мініп шаршаймын десеңіз, Щучинсіге дейін поезбен жетіп, одан әрі автобусқа не таксиге отыруға болады. Айтқандай, Бурабайда 1910 жылдан бері елдер саумал ішіп, денсаулығын түзеген екен.
Табиғаты әсем осындай жердің ұлттық қорық болуы заңды ғой.
«Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркі Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан. Парктің жалпы аумағы 83 510 га, оның ішінде орман алқабы 47 361 га, жер беті сулары 8 493,5 га. Климаты шұғыл континентальды.
Парк аумағына Шабақты, Бурабай, Шортан, Қатаркөл (Қотыркөл), Майбалық сияқты он төрт үлкен-кішілі көлдер кіреді. Көлге құятын Қылшақты, Сарыбұлақ, Иманай сияқты бірнеше өзен бар.
Бурабай көлі теңіз деңгейінен 319 метр биіктікте орналасқан. Көлдің шығанағындағы Жұмбақтас тауы Бурабайдың символы десек артық айтқандық емес. Әркім өз қиялына ерік беріп, ұқсас нәрсесін тауып жатады. Бірде бойжеткенді, кейде кейуананы ұқсатады ма өзі?
Ал, Бурабай өлкесінің ең биік тауы Көкше теңіз деңгейінен 997 метр биіктікте орналасқан.
Бурабай табиғаты адамды көз тартар сұлулығымен, ауасының тазалығымен баурайды. Биік таулар, көгілдір көлдер, қарағайы мен қайыңы аралас орманы өлкенің сәнін беріп тұр.
Қорықты асықпай араласаңыз талай жан-жануарды көруіңіз бек мүмкін, бір қызығы, кеше Бурабайдың құмырсқаларының ірі болатынын байқадым. Бұл да табиғаттың кереметі шығар?
Жалпы, қорықта жануарлар дүниесінің 305 түрі бар болса, оның сексен жетісі сирек кездесетін немесе жойылуға тақау екен.
Тиісінше өсімдіктердің 757 түрі кездеседі. Оның 12 түрі Қызыл Кітапқа енген.
Табиғаттың шеберлігіне тағы да таң қаласыз? Өйткені, күн мен желдің әсерінен Бурабайда Оқжетпес, Жеке Батыр, Жұмбақтас сияқты талай табиғаттың кереметтерін көресіз.

Бурабайдай ғажайып өлкеге тамсана отырып, Сырбай Мәуленовтың мына жолдарымен аяқтағым келеді:
…«Аспанға көтерілген ақ тас тура,
Секілді аңыздағы ақбас бура.
Көбігін қайтадан ол көлге беріп,
Қайыңға көлеңдетіп жаппас шуда.
Жиналған табиғаттың асылы бар,
Етегі – аппақ қайың, басы – шынар.
Көкшенің күмбезіндей көтеріліп,
Ойнайды жалт-жұлт етіп жасыл мұнар».
Автор және фотоға түсірген - Амандық Әмірхамзин
Суретте: Бурабай табиғаты және оның аясында серуендеп жүрген кіші ұлым - Арыстан
