Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қарағаш-қазақ байланысы туралы

Орысша айтқанда «История не терпит сослагательного наклонения» деген бар. Иә, заманында ноғайлар үлкен жұрт болып, солтүстік көршіміздің төбесінен "нагайка" болып оларды сықпыртып еді. Ноғайлардың Мәскеуді сан мәрте өртеп, Қырым мен Мәскеу арасындағы жолдың Ноғай жолы деп аталғаны күні кеше еді. Бақ тайды деген сол ғой, заманындағы Дунай мен Дон, Құбан мен Құма, Терек, Еділ мен Жайық және Жем бойын жайлаған жұрттың қазақ тарихында "Орманбет би өлгенде, Он сан Ноғай айырылды. Қазақ сыртқа (сартқа) қайырылды" дейтіні содан. Міне, осы кезде қалмақ арасында қалған ноғайлардың бір тобы Бестау түбінде (қазіргі Пятигорск), дәлірек айтсақ Қарағаш деген жерде қолға түсіп, қалмақ арасында ұзақ тұрады. Кейін оларды қалмақтар Астрахань аумағына жер аударады.

Айтқандай, олардың (ноғайлардың) жембойлық, жетісан деп аталатын ордалары бұрынғы мекендерін білдірсе керек.

Кейін, Суворовтың ноғайдың жас балалары мен қыз-келіншектерін қойша бауыздап, тірі қалғаны атамекенін тастап Осман империясына қашқан еді, көндіккені Солтүстік Кавказда қалды.

Әрине, біз ноғайлар туралы айтқанда, 100 000 көлеміндегі ноғай жұрты туралы жақсы танып қалдық. Оның үстіне, расында ең жақын халықпыз. Дегенмен, шынын айтайық, өзге елдің құрамында өмір сүрген соң, кейде пікірталас кезінде түсінбестік орын алатыны шын.

Ал, қарағаштар деген кімдер дейтін болсақ, қарағаштар ноғай халқының бір субэтникалық тобы деп айта аламыз. Осыдан біраз уақыт (жыл) бұрын қарағаш тілінде сөйлеген әженің видеосы тараған болатын. Көпшілік оған таң қалып жатқан еді. Өйткені, қазақ тілінен мүлде айырмашылығы жоқ.

Дегенмен, мен үшін қарағаштар тек ноғай жұртының субэтникалық тобы ретінде ғана емес, 160 000 қандасымыз тұратын Астрахань жерінде олармен қоңсы отыруы да қызық.

Шағын жұрт ретінде олардың тарихы сан қилы. Қарағаштарды Астрахань татарларының бір тобы деп те атайды. Әрине, олай деп айту дұрыс емес, дегенмен, мысалы, Сібір татарларын Еділ татарларымен ұйысу қалай жүрсе, оларда да осындай жағдай болды. Меніңше, басты нәрсе, әр адамның өз этникалық түсінігіне байланысты дер едім. Мысалы, 1970 жылғы санақ бойынша — 64, 1979 жылғы санақ бойынша — 86, 1989 жылғы санақ бойынша — 3958, 2002 жылғы санақ бойынша — 4570, 2010 жылғы санақ бойынша — 7589, қазір шамамен 8 000 қарағаш өзін қарағашпын деп таниды. Яғни, бұл жерде олардың демографиялық өсімін, мысалы, бұрын татар деп жазылғанымен, кейін, өз жұртына қайта оралуымен түсіндіруге болады.

Міне, кейде шағын халықтардың осындай қызықты жайттары болады.

Ал, қазақ пен қарағаштың байланысы туралы айтатын болсақ, біріншіден қарағаштар найман, ас, маңғыт және наймандардан бөлінген төбетпес деген төрт рудан тұратынын айтуымыз керек. Найманымыз қазақтың көп санды тайпасы екені белгілі.

Жалпы, екі жұрттың байланысы бұрыннан да болған. Мәселен, 18-19 ғасырларда патша билігінің озбырлығынан қашып келген қарағаштар қазақ арасына сіңісіп кетті. Мысалы, қазақтың Бөкей Ордасының негізін салған Бөкей ханның рухани ұстазы Сейіт баба Құлбайұлы қарағаш жұртынан (алтыаяқ руы) еді. Кейін Хан сарайында (ауыл аты, қазіргі атауы Кіші Арал, Қазақстан шекарасынан 1 шақырым қашықтықта) ұстазы жерленген жерде Бөкей мәңгілік тыныстаған еді.

Қазіргі уақытта, бұл процес (екі жұрттың араласуы, дұрысы қарағаштардың сіңісуі) енді әртүрлі сипат алып, Ресейдегі, яғни, Астрахань жеріндегі қарағаш-қазақ қоныстарында жүріп жатыр. Этнологтар үшін таптырмас тақырып!

Суретте: қарағаш кісісі, оларды бұрын кундров татарлары деп атаған (фото Интернеттен алынды)!

0
0
1006

Осы тақырып бойынша

Қарағаш-қазақ байланысы туралы - Yvision.kz