Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қарнақ

Қарнақ! Түркістан облысына сапарым барысында ерекше ден қойған жерлерімнің бірі Қарнақ болды. Қарнақтың, Шорнақтың, Жүлектің, Иқанның, Хантағының атына бұрыннан қанықпын. Оқыған тарихи кітаптарымда бұл қалалардың-қамалдардың қазақ тарихында ерекше орын алғанын білемін. Енді, неліктен Қарнаққа ерекше тоқталатынымның себебін түсіндірейін. Қарнақ – Түркістан шаһарының іргесіндегі қала, сол заманның өзінде Қазақ хандығы астанасының қазіргі тілмен айтқанда агломерациясы болған. Оған Қарнақтың тағы бір атауы Ішкі кент - Ишкент те дәлел бола алады. Негізі, Қарнақтың тарихты Қазақ хандығынан да әрі жатыр, дәлірек айтқан оғыздар заманымен байланыстырамыз. Оған дейін де қоныстың болуы әбден мүмкін. Темір дәуірінің қорымдары да бар деседі. Оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы текетірестер оғыз тайпаларының батысқа жылжуына себеп болған еді, ал оғыздардың қазақ даласынан кеткенін бәріміз білеміз. Арғы жағын қазбаламай-ақ, Әмір Темірдің Түркістандағы атақты қазандықты осында құйғанын тарихи деректер айтып кетті, соған қарап-ақ, Қарнақтың қару-жарақ, оқ-дәрі, құйма, металлургия өндірісі орталығы болғанын көреміз. Қазіргі Кентау да Қарнаққа тиіп тұр. Шынында да Қарнақтың Қазақ хандығы дәуірінде де мемлекеттің оқ-дәрісін өндіретін, қорғасынын балқытатын орталығы болғаны түсінікті, менің ойымша тіпті Түркістан мен оның іргесіндегі қала-қоныстарда еңбек бөлінісі болған деп ойлаймын. Мәселен, ұстазым Жамбыл Артықбаевтың жазуынша Әз-Тәуке заманында бұл өңірде (оңтүстікте) қазақ жұртшылығының отыз екі қаласы болған екен. Қарнақтың тағы бір ерекшелігі – оның Түркістанда орналасқан қазақ мемлекетінің астанасына келетін меймандары үшін арнайы қонақ үй іспеттес орынның болуы, мейманхана дейміз бе, әлде қонақ үй дейміз бе? Мемлекет болған соң, кейбір мәселелер бойынша өзге елден ат артып келген меймандар ұзақ кідіруі де мүмкін ғой? Осы ретте, ежелгі түркілердің жатжұрттықтар келген кезде оларды оттың арасынан өткізіп, аластайтын дәстүрі есіме түсіп отыр. Сол сияқты өзге елдіктерді де әуелі арнайы зерттеп көрген шығар? Кім білсін?! Былайша айтқанда, мұнда дипломатия орталығы орналасқан, қазақтың сұлтандары мен батыр-билерін бала жастан тәрбиелеп, мемлекет ісіне дайындаған ғой. Қарнақтың тағы бір ерекшелігі, оның ислам діні, білім-ғылым орталығы болғанын да айтып өтейік. Айтқандай, исламның қазақ даласына таралуымен сәйкес келетін 1300 жылдық (кейбіреулер мың жылдық деседі) тұт ағашы Қарнақта әлі жайқалып тұр. Ортасы шіри бастағанымен ағаштың бұтақтары әзір мығым. Дәл осы жерде оңтүстікте көп өсе бермейтін ақ қайыңдар да жайқалып өсіп тұр. Жаңағы тұт ағашын 5-6 адам қоршап барып қаусырған кезде ғана құшаққа алуға болады. Жан-жағы ескі қорым екен. Дәл осы жерде қазандық құйылған деген жерді көрдім (әрине, нақ осы тұт ағашы түбінде құйылғанына нақты дерек жоқ). Қарнақта заманында жиырма екі медресе болыпты, кейінгі белгілісі әрине үш-төртеуі ғана. Мәселен, кейінгі заманның өзінде Қарнақта қазақтың біртуар ұлдары – Шортанбай Қанайұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Мұса Байзақұлының тәлім алғаны белгілі. Бұл анықтары ғана, тіпті аталған дәстүр кеңес заманында да жалғасын тауыпты. Қарнақтың дін ордасы ретіндегі рөлін айттық, әрине жиырма екі медресе болса халқы да көп деген сөз ғой. Мысалы, 18-19 ғасырларда кентте 10-11 мың халық түрса, 19 ғасырдың соңында Қарнақта әлі 2 мың халық тұрған екен, ғасыр басында халқы қайта төрт мыңға дейін көтеріліпті. Қазір білуімше кент халқының саны 15 мың шамасында екен. Қарнақтың бірде өсіп, бірді құлдырауы бұрын да болған, мәселен, монғол шапқыншылығы кезінде қала күйреп, 15 ғасырда қайта қалпына келтіріледі. Кейінгі тағдыры белгілі. Тағы бір деректерде мұнда да қылует болғаны айтылады. Қалай десек те қазақ халқының рухани һәм мәдени-тарихи өмірінде Қарнақтың алатын орны айрықша.

0
0
1806

Осы тақырып бойынша