Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Атам - Әмірхамза Аянбайұлы туралы!

Біздің арғы аталарымыз Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесіне арқау болған Сейітқұлмен бірге Хиуа ханынан қысымшылық көріп, Сейітқұлмен бірге 40 үйлі егінші кедейімен, Сейітқұлдың бастауымен Торғайға, одан әрі Қабырға өзенінің бір құйылысына – қазіргі Көкалат кеңшарының «Қорған тамы» деген жерден қоныс тиіпті. Сейітқұл Түркістанда көргенін істеп, келген бетте бидай, тары өсіріп, аяқ егін салып, шығырмен су шығарыпты.

Біз сол Торы Қыпшақтың ішінде Қара деп аталатын руынанбыз.

Қарадан: Мәзберлі, Көшкінші туады, енді Көшкіншіден 6 бала туады. Олар: Көшімқұл, Көшімбет, Тәңірқұл, Сырымбет, Құрманәлі, Құрмантай. Енді Сырымбеттен 4 бала, олар: Асан, Сегіз, Күшік, Түгел деген балалар, енді осының ішінде біздің атамыз Сегізден 8 бала туады. Сырымбеттің үлкен ұлы Бөрлібайдан біздің атамыз Атахан туады (Атахан атамыз Сейітқұл мен Тоқым тыққан Қыстаубайдың соғысында қазақ табады). Енді Атаханнан: Ыбырай (жалғыз). Ыбырайдан: Аянбай, Қоянбай, Айнабай деген, Ыбырайдың үш баласынан. Аянбай, Қоянбайдан тұқым бар, Айнабай (кішісі) жастай өлген.

Сегіздің үлкені Бөрібай атамызға тетелес інісі Түлкібайдан: Құлымбет, Тұрсынбай, Байдан деген үш бала туады. Енді Құлымбет атамыздан: Мұстафа, Мұстафадан Міржақып, Еспантай, Жармантай туады. Мұстафа атамыз өткен ғасырдың басында, 1903 жылдары Қостанай қаласының түбіндегі «Долгий» ауылы деп аталатын жерге Жарбасты Күшік руларына көшіп барған. Қазір Мұстафадан тарағандар тұтас бір ауыл, сол ата-бабаларымыздың туған жерінде жүріп жатыр.

Ал, біздің аталарымыз жеті атасынан бері бай да, би де болмапты. Сонымен қатар «сіңірі шыққан, кісі есігінде жүретін кедей де болмапты». Ағайынды бесеуінің ішінен Әмірхамзаны басшы етіп, соның айтқанымен жүріпті.

Атам Әмірхамза Аянбайұлы 1916 жылғы Аманкелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне араласып, Торғай қаласын қоршауға қатысқан адам. Кейін 1929 жылғы атақты Батпаққара көтерілісіне де қатысқан. Әмірхамза атамыз Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары құрылып, әуелі артель, кейін колхоздарға айналған Қосшы ұйымының бірін басқарды.

Әмірхамза сөзіне берік, ағайынға қадірлі, өз туыстарына да, қайын жұртына да беделді адам болған. Үлкен атамыз Аянбайдан Қожайт, Смағұл, Әмірхамза, Әмірәлі, Сәду атты бес бала туады. Осы ағайынды бесеуінің ішінде алдындағы ағалары мен кейінгі інілері Әмірхамзаның алдынан кесіп өтпеген, бір ауыз сөзін жерге тастамаған. Өздері аралас-құралас отырған көрші рулардың «мен тәуірмін» деген адамдарымен жолдас болған.

Ол заманда бірлік, берекенің бар кезі. Атаны бала, ағаны іні тыңдайтын заман немесе ағайындылар арасында кім беделді, кімнің қарым-қабілеті мықты, кімнің сөзі өтімді, соның айтқанымен жүреді. Сондай адам өзінің туыстарының ортасында ғана емес, көрші руларға да беделді болыпты. Соның бірі – менің атам Әмірхамза. Атамызды қайын жұрты Дәулетбике руының беделді әрі елге сөзін өткізетін адамы Төлекеннің Әлиі деген кісі «Ой, көктаспам-ау» деп отырады екен. Ол кезде қазіргідей дайын тігілген киім болмайды. Аяқ киімді, етікті, аттың әбзелін, жүген, ноқта, шананың әбзелдерінің бәрін сиырдың терісінен жасайды. Сиырдың терісін бір-екі жеті әбден жібітіп, сыртқы жүні түскеннен кейін бөшкеге салып қояды, әбден мерзімі болды-ау деген кезде бөшкеден алып, теріні талқыға салып (теріні жұмсартатын қолдан жасалған құрал), илей бастайды. Талқыға салу деген сөз осыдан шыққан. Енді талқыдан әбден иі қанып шыққан тері не сынбайды, не үзілмейді. Теріден жасаған бұйымдарды, тіпті, елу, алпыс жылға дейін пайдалана береді. Сондықтан қазақ сынбайтын, иілмейтін, әділдігімен халыққа билік айтатын адамды «көктаспа» дейтін көрінеді. Әкем Қорғанның айтуынша: «Есейе келе түсінсем, көктаспа атану себебі, үзілмей созылып, көктаспа секілді ширатыла беретін мінезін айтқан екен.».

Енді әкем Қорғанның естелігенен үзінді келтірей кетейін: «Мен аштық жылдары бес-алты жасар баламын. Бiздiң әкелерiмiз бес ағайынды болыпты. Олардың үлкенi Қожайт, Смағұл, Әмiрхамза, Әмiрәлi, Сәду. Одан басқа екi қыз болды. Осылардан 31-32 жылдардың аштығынан тiрi қалғаны Смағұлдан Сейдағалиы, ал Әмiрхамзадан мен едiм. Қожайт атамыз ертерек үйленiп қонысы да өрiсi де бөлектеу болыпты. 1932 жылдың аштығында бiздiң ата-қонысымыз Аққұм деген жерде ер жетiп үйленген Әубәкiр-Ахмет деген екi баласымен аштықтың құрбаны болды. 1932 жылдың алапат аштығы біздің әулетке өте қатты тиді. Ал Әмірәлі ағам аштықта тастап кеткен әйелі мен екі баланың аянышты өлімі қосылып, ауырмай-ақ 1933 жылдың жазында қайтыс болды.

Ал менiң әкем Әмiрхамза болса, өзiнен кiшi Әмiрәлi, Сәду деген iнiлерiмен бiрге қазiргi Көкалат ауылынан 10-15 шақырым жерде, Қарабидайық деген поселкеде әкемнiң қайындары Молдағали, Батырғали дегендермен, олардың екi баласы әйелдерiмен, бiз бiр үйде, менен үлкен апам Зағила мен өзiм және екi шешемiз, тетелес iнiсi Әмiрәлi әйелiмен және екi баласымен, үйленбеген Сәду деген ағам – барлығы 16 адам бiр жерде әкемнiң қарамағында болыпты. 1931-1932 жылдың аштығы бiздiң елге 1930 жылдың күзiнен бастап кiре бастады. Олай дейтiн себебiм, қолдағы барлық малды ауыл белсендiлерi жинап алып, тек бiр жерге ғана бақтырды. Ешбiр халықтың қолында тышқақ лақ та қалмады. Ал әкемнiң ағасы Смағұл деген кiсi Қожайт атамызбен бiрге Аққұмда қалды. Кейiннен көп қиыншылықтарды көрiп, жалғыз баласы Сейдеғалиды 1932 жылдың күзiнде, қазiргi бiз отырған Көкалат деген жерге аман-сау жеткiздi.

1931-1932 жылдың алапат аштығы бiзге және бiздiң туыстарымызға қырғидай тидi. Аштықтан көрмеген азабымыз, тартпаған мехнатымыз қалмады. Әкем заманында етi пысық, ағайынға қадiрлi, қоғамшыл адам болатын. Жоғарыда айтқан өзiнiң туыстары мен қайын жұрттарын асырайын деп талай рет абақтыға жабылған кездерi де болды. Ол кезде аштықтан аман қалу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн. Жаңа өзiм айтып өткендей, Қарабидайық поселкесiнен қашықтау бiр шақырым жерге өте биiк етiп саманнан мал қора салынды. Қораның жанына мылтықпен қаруланған күзетшiлер тұрды. Әкем пысықтау, өжет деген 4-5 жiгiттi жанына ертiп, колхоздың күндiз далаға бағып, түнде қораға қамап аузын құлыппенен бекiтетiн биiк қорасының құлпын бұзып, мал алып шығып, оны сол жерде бауыздап, жiлiктеп бөлiп үйге әкелетiн. Бiз – балалар аузын ашқан балапандай, “әкемiз қашан келедi?” деп түнiмен ұйықтамай қарап отыратынбыз. Күн көрiсiмiз қолға тиген ұрлықтың етi ғана болатын. Бидай-тары дегендi бiлмейтiнбiз. Шешелерiмiз әкемiздiң әкелген етiн таң атқанша пiсiрiп, күн шыққанша еттiң сүйегiн Қабырға өзенiне ағызып жiберетiнбiз. Келесi күнi ауылсовет орталығы Көкалат деген жерден ауданның уәкiлi мен ауыл белсендiлерi келiп, әрбiр үйдi тiнтiп, қалған-құтқан сүйектердi тауып алып осы сезiктi-ау деген әкемнiң серiктерiн жаяу айдап 15 шақырым жердегi ауылсоветтiң кеңсесiне алып келiп қамайтын. Бiз балалар, айдап бара жатқан әкемiздiң соңынан жүгiрiп, «әке-әке» деп әкемiзге жүгiретiнбiз. Айдап бара жатқан белсендiлер бiздердi қамшымен бiр-бiр тартып жiбергенде ғана кейiн қашатынбыз.".

Аянбай ұрпағы ішіндегі Смағұл мен Әмірхамза екеуі де Дәулетбикеден қыз алған, ал енді Әмірхамза қайтыс боларының (ашаршылық зұлматына байланысты құрқұлақ, яғни «цинга» деген ауруға шалдығыпты, өзі кезіндегі Қыпшақ Сейітқұлдың «Қорған тамының» жуасына жетсем-ай деп отырады екен) алдында өзінің Дәулетбике руындағы Оймауыт Дауылбаев, Төлекенің Әлиі, Айса Нұрманов, Бәйтен, ағайынды Байбатыр және Ербатыр деген достарының ішіндегі жан аямас достары – соңғы аты аталған кісілерге жалғыз ұлы Қорғанды аманаттап кеткен екен.

Бір үйде Ербатыр мен Байбатырдан өзге Бөкен, олардың бала-шағалары, әкем Қорған, оның шешесі (менің әжем) Шынар бар, топты бала-шағамен бір үй екен. Елдің арасына аштық дендеп кірген кез болса керек.

Сөйтіп, бір сиырдың төрт емшегі төрт отбасыны асырап шыққан екен.

Тоғыз ай, бір жыл көлемінде бір үйлі жан қара сиырдың сүтіне су қосып, оған аздаған жарма илеп баламықтап шыққан деседі.

Сөйтіп, нағашылары бір жыл аштық зұлматынан алып қалыпты. Ағайынның арасындағы бауырмалдық, достық осындай болса керек. Әрі сөзге тоқтайтын заман ғой.

Дегенмен, Әмірхамза туралы айта отырып, өз әкем Қорған туралы да бір дерек бере кетейін. Өз естелігінде былай дейді: "Менің туған нағашым Серкебайдың Батырғалиы Екінші дүниежүзілік соғыста қолынан жаралы болып, осыдан бір жыл бұрын елге келген. Нағашымның екі баласы, өзі, мен және шешем – бір үйде бес жанбыз. Анам марқұм соғыс біткен жылы, 1945 жылдың қараша айының бесі күні елді жаппай жайлаған сүзек ауруынан қайтыс болды. Нағашымда әйел жоқ, ертеректе өлген, шешем өлгеннен кейін екі баласымен олар бөлек кетті.

Мен әкемнің (Әмірхамзаның) бірге туған ағасы Смағұл деген деген кісінің үйіне шықтым". Сөйтіп Әмірхамзадан еркек кіндіктен жалғыз Қорған қалған еді.

Суретте: атам Әмірхамзаға қойылған белгі

#Ашаршылық ақиқаты

0
0
550

Осы тақырып бойынша

Атам - Әмірхамза Аянбайұлы туралы! - Yvision.kz