Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Атың барда жер таны...

Немесе бармасаң, келмесең жат боларсың! Бірде аптада "Алтын Орда" бизнес орталығында Ержан Жаубайды кездестіріп қалдым, амандық-саулық сұрасқан соң Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысына барып келгенімді айтып едім, әзілдеп: "Әркім ақыр заман болғанда туысын іздейді" деген мақалды айтты. Шынымды айтайын мұндай мақалды бұрын естімеген екенмін, бірақ ойланып қалдым, меніңше, керісінше қазіргі уақытта туысқанын іздеу жақсы үрдіс болар. Жалпы, туыстарыммен көбінесе әке-шешем араласады, ал менің өз араласатын адамдарым бар, бірақ оңтүстіктегі туысқандарға баруды өзіме міндеп санап, ОҚО-ға (Түркістан облысына) барып келген жайымыз бар еді. Әрине, өткен жолы Сарыағаш пен Мақтарал және Шардара аудандары туралы жазған болатынмын, осы жолы сәуірдің аяғы, мамырдың басындағы отбасылық сапарымыздың соңғы күні туралы баяндасам. Сөйтіп, 30 сәуір күні Шардарадағы Бекжан досымның үйінде қонып, таңертең тұрған соң "Шымкент қайдасың?" деп жолға шықтық. Көлікпен жүргеннің бір жақсы жері, қалаған жеріңізде тоқтайсыз, емін-еркін отырып баратын жеріңізге барасыз. Ғалымжан бауырымыз (жүргізуші, Марат деген бауырымның інісі) асығып келеді, өйткені жоспар бойынша тау жаққа барып қайтып, кейбір киелі жерлерге соғуымыз керек. Бірақ, жоспар бір басқа, әртүрлі кедергілер тууы мүмкін. Жолда ұнаған жерлерімізде тоқтап, әдемі көріністерді суретке түсірдік. Ерте пісетін көкөністер де дайын болып қалыпты, құлпынай да сатып алдық. Дүкен көп, қажетіңнің бәрі бар. Сөйтіп Шардара ауданынан шыға, Сарығаш ауданына жете бере, көлігіміздің шинасы жарылды, оны ауыстыруға тура келді. Кейін Қызыласкер ауылы маңында көлігімізді жөндеттік (шинаны ауыстыртып алдық). Біздің Торғайда елу шақырымнан кейін бір ауыл бітіп, екінші ауыл кездессе, мұнда ауылдар тұтасып кеткен, тек егіс алқабы бөліп жатыр. Сәйкесінше, қызмет көрсету сапасы жақсы. Сонымен қалаға тақай бере көлігіміз де сыр бере бастады. Әупірімдеп Шымкентті басып өтіп, Ақсукентке де жеттік-ау! Уақытымыз үнем болмады, бірақ ең бастысы жолда қалмай Сейтқали ағамыздың (Марат бауырымыздың әкесі) үйіне жеткенімізге шүкіршілік еттік. Енді тау да, қыр да, киелі жерлер де жайына қалды. Бізді арнайы басқа көлік пен жол көрсетуші ағамыз да (Сейтқали ағаның бауыры) күтіп отыр екен. Қазақтың жайы белгілі ғой, тағы да алдымызға ұлтымыздың басты тағамы – ет келді. Ет желініп, шай ішіліп болғанша тағы едәуір уақытымыз өтіп кетті, оның үсіне Шымкенттегі бөлеміз – Мәрия апай: «қашан келесіңдер» деп дегбірімізді алды. Енді ең болмаса Ақсукенттің қызықты жерлерін көріп кетейік деп шештік. Бірінші, кенттің ең биік нүктесіне шығып, биіктен тамашаладық. Ақсукентті араладық. Екінші, «Манкент» шипажайына барып, онымен танысып қайттық (болашақта шипажайда демаламыз деген ой ғой). Шымкенттің өзінде көп бөгелмедік. Ұнағаны бағасы да қонымды екен, бұрын Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының еуропалық бөлігінен көп адамдарды (жаралыларды) осында алып келіп емдеген екен. Маған ұнағаны биік ағаштары мен жанға жайлы тыныштығы болды. Шипажай туралы көп тоқталай-ақ қояйын. Толық мәліметті мына сайттан қарап алуға болады: https://mankent.com/site/news?slug=o-sanatori Сол екі ортада Жамбыл облысының Бауыржан Момышұлы атындағы ауылда тұратын Махмут атты досым хабарласып, 120 шақырымдағы ауылынан Шымкентке қарай жолға шыққанын айтты. Махмутпен де бір бөлмеде жатып, қара нанды студенттік шақтарда бөлісіп жегенбіз, оны көрмегелі қай заман, 1995 жылдан бері кездесіп тұрғанымыз осы. Оның өзінде мен қаланы жақсы білмеймін, қасымызда әйтеуір Ғалымжан бар, Махмуд қанша дегенмен өзге облыстың тұрғыны ғой. Одан қалды Мәрия бөлеміз қонаққа шақырып қойған, туған-туысқан, бала-шағалары түгел жиналып күтіп отыр. Кейбір кісілер ауданнан келген, тіптен ұят болды. Қыдыруды қойып, Мәрия бөлеміз үйіне әрең дегенде кешкі 22.00 сағатта ғана жеттік-ау. Тағы да жұртымыздың басты асы – ет келді, шай ішілді, туысқандармен тағы да түннің бір уағына дейін отырып, сұхбат құрдық. Тамаша отырыс болды, олар да риза болып жатыр. Алыстан ат арылтып, іздеп келгенде кім қуанбасын?! Үй иелеріне рахметімізді айтып, түннің 1-2 кезінде Ақсукентке де қайта жеттік-ау, тағы да тамақ, қазақтың қонақжайлығы. Сөйтіп бұл күні кеш жаттық, ертесіне әуежайға жетіп, барлық рәсімдерден өтіп, Астанаға ұшып кеттік. Жалпы, оңтүстікке сапарымыз сәтті болды. Алда құдай қаласа екі облысты қамтыған сапарды жоспарлап қойдым, әрине, «Манкент» шипажайы да ұнады. Оңтүстікке жасаған отбасылық сапарымыз осымен тәмам болды. Сонымен мамырдағы 3-4 күндік демалысты сәтті пайдаланып, туысқандар мен курстастарды іздеп барған, ел таныған, жер таныған тамаша сапар болды! Алда әлі талай қызықты саяхаттар бола берсін деп осымен сөзімді аяқтаймын. Айтқандай, мына фотолар сол уақытта түсіріліп еді!

0
0
2144

Осы тақырып бойынша