Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ғайып Ерен, Қырық Шілтен!

Ғайып Ерен, Қырық Шілтен! Былтырғы сапарымыздың бірінде Қазығұрттың басына тоқтаған Нұх пайғамбардың кемесінің орнына барып едік, жол бойында ғой, бірақ осы жолғы саяхатымызда жолды қысқартуға әрі уақытты үнемдеуге тура келді. Оны айтып отырған себебім, «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған?..», деп басталатын жыр жолдарын білмейтін қазақ кемде кем шығар? Иә, Қазығұртқа барған жоқпыз.

Есесіне, Қазығұрттың басына тоқтаған Нұх пайғамбардың кемесімен байланысты келесі нысанымыз – Ғайып Ерен, Қырық Шілтенге де жеттік. Сәл шегініс жасайын. Кейде осы біз сенсация іздеп, «Бәлен жерде бақыр бар, барсаң, бақыр түгіл тақыр жоқ» деген сөзді ұмытып қалатын сияқтымыз. Мәселен, бауырлас Түркияда ондай аңыз-әфсаналарды ойдан ойлап табып, туристерді «құлақтан тебетінін-ай кеп». Ренжудің де жөні жоқ. Бірақ, маған біздің бар тарихымыз, мәдениетіміз аяғымыздың астында жатқандай көрінеді. Соны бағалай алмай жүрміз. Мысалы, біз әңгіме қылып айтып отырған Ғайып Ерен, Қырық Шілтеннің табиғаты да керемет екен, әуелі сол төңіректегі ит қызғалдақтарды (макты осылай атайтынын осында естідім) көрдік те тоқтамақшы болдық, бірақ басты мақсатымыз Ғайып Ерен, Қырық Шілтен болған соң ат басын сонда бұрдық. Жалпы, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен туралы баяндамас бұрын екі нәрсеге тоқтала кетсем деп едім. Бірінші, Ғайып Ерен, Қырық Шілтеннің ықылым заманнан біздің тарихымызбен, дінімізбен, ауыз әдебиетімізбен, мәдениетімізбен ұштасып жатуы. Екіншісі, оның табиғатының кереметтігі. Енді, тереңірек талдай түсейік.

Менің ойымша осындай киелі жерлер деген ұғым тіпті адамзаттың пайда болуы кезеңінде, адамдардың үңгірлерді мекендеу заманымнан бастау алар ма екен? Қазақстандағы әулие үңгірлермен де байланысты емес пе екен? Бір ой бір ойды жетелейді демекші, осындай табиғаты ерекше жерлердің өзіндік аурасы да болуы мүмкін. Әрине, бәрі бір Алланың қолында екеніне, Мұхамбеттің үмбеті екенімізге шәк келтірмейміз, бірақ, кейде әфсаналардың түбінде шындық та жатқан жоқ па деген ой қылаң береді. Қалай десек те Ғайып Ерен, Қырық Шілтен туралы аңыз-әңгімелердің әрісі Нұх пайғамбар заманы, берісі Исламның қазақ даласына таралуы уақытын қамтитынын көреміз. Әрине, ислам сахараға келген кезде жергілікті ерекшеліктерді де бойына сіңірген-ау. Сонымен, оқыған-тоқыған әдебиеттерімізде Ғайып Ерен, Қырық Шілтен ұғымының шілтені шырақшы деген сөзбен сабақтас екенін білеміз. Екінші жағынан сопылықтың да ізі болар деп ойлаймын. Қырғыздың «Манас» жырында да шілтендер туралы айтылады екен, ал енді шілтендердің пайда болуын зерттеушілердің еншісіне қалдырып, өзім көзіммен көрген жайттарға тоқтала кетейін. Айтқандай біздің елдің (Торғай елінің) уақ Жұмабай атты ақынының бір өлеңінде: «Мойнында келіндердің алтын бұршақ, Қырық Шілтен, Ғайып Ерен келші бермен» деген сөздерді оқыған едім.

Сонымен, кешенге де кірдік. Кешен түсінуімше жекенің қолында, әрине, дұрыс та шығар, бірақ, жалпы қандай-да бір тарихи һәм киелі орындар мемлекеттің қарауында, меншігінде болуы тиіс деген тұжырымға келдім. Бұған оңтүстікке 3-4 күнгі сапарым барысында көз жеткіздім. Әрине, мемлекет нашар менеджер деп жатамыз, бірақ, талай киелі орындарға барып жатқан сан мыңдаған адамдардың қаражаты ең алдымен аталған орындардың өзін абаттандыру, оны көркейту үшін жұмсалуы тиіс деп санаймын. Әйтпесе қаншама қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатқанын көріп жүрміз. Хош, сөйтіп, кешенге тақай бердік, бір жігіт ағасы қарсы алып, биікке қарай кеткен топқа қосылуымызды өтінді. Біз де қадамымызды жеделдетіп, олардың қатарына қосылдық. Сонымен, жол бастаушы бауырымыз әуелі Құран оқып, Ғайып Ерен, Қырық Шілтеннің аналық және аталық бөлігінен өтуімізді сұрады. Негізі, бір қорқыныш та болды. Өте алмай қалсам ше? Бірақ, артық салмағым жоқ, оның үстіне өзіме өзім сенімдімін ғой. «Көппен көрген ұлы той деп екі арылықтан да өттік. Әрине, өте алмағандар да баршылық.

Енді, мына жерде бірнеше бейнелерді атап көрсетейін. Бірінші, жемісті ағаш (тұт ағашы ма екен, басқа ағаш па екен байқамай қалдым). Бұл жерде оқылған тілек міндетті түрде орындалады деседі. Ең алғашқы Құран осы жерде оқылады. Екінші, Ата мен Ана. Оң қабатта – Ата тас, сол қабатта - Ана тас. Араларында саңылау бар, екі қатпар тастың басында жастығы бар. Ата тас жел жағында, яғни Ата Ананы желден, өттен, қар-жаңбырдан қорғап тұр. Рухани жеңілдік сұраған адам не Ата мен Ананың ортасынан, не Ата қолтығынан өтеді. Атаның бас жағында ер адам «Ата оң іздігің сәлем беріп тұр» деп, бес саусақтың орны қалған таңбаға саусақтарын тигізіп ишарат етеді. Әйел баласы тек иіліп сәлем жасайды. Ана бетінде ана шарасы, ана сүті, ана қамыры бар. Бұл белгілер әйел баласының не нәрсеге ие болуы керектігін білдіртеді. Үшінші, Құран оқитын жай. Бұл жерге келген кісілер ата-бабаларына, аруақтарға құран оқиды. Төртінші, Оң ізділік, сол ізділік белгісі. Иә, солай әр белгінің өз реті, жөн-жоралғысы бар. Бесінші, Қуаттылық жылу белгісі. Алтыншы, Кеме белгісі. Жетінші, Дүкен жаятын белгі. Сегізінші, Ойсыл қара белгісі. Тоғызыншы, Нәресте өтетін белгі. Оныншы, Дастархан белгісі. Он бірінші, Ата, ана, қыз, бала белгісі.

Керемет әртүрлі бейнедегі тастар, құдайдан бала, аурына ем сұраған кісілер, адам баласының мәселесі біте ме? Айтқандай, бұлақ суы сондай дәмді көрінді, мейірленіп, шөліңді қандырып ішесің! Бәрі дұрыс-ау, бірақ көңілге кірбің түсіретін бір-екі сәтті айтапасам тағы болмас. Ол біріншіден, кешен қызметкерлерінің «былай істе, олай істеме» деп әкесіндей адамдарға бұйрық беруі қызық көрінеді екен. Тағы бір қызығы, аталған бейнелерді суретке түсіруге болмайды дегені. О, тоба мұнысы несі тағы? Біз келдік, кеттік, сондықтан «Сіздікі дұрыс» деп үндемей жүре бердік. Исламда бейне салуға қарсы, бірақ мен мысалы, дін жолындағы адам емеспін, жай ғана «атым барда жер таныған» адаммын. Тағы бір ойландырып тастаған нәрсе – ол осындай кешендердің жекенің иелігіне өтіп кетуі, айналып келгенде Қырық Шілтен, Ғайып Ерен күллі қазаққа ортақ қой және оны мемлекет бақылауына алуы тиіс деп санаймын. Бейнебақылау қойсын, қанша-тиын тебен түскенін есептесін, сонда жұмыс істейтіндерге жалақы төлесін және т.т. Бұл кешендер менетизацияға өтуі тиіс. Сондықтан, туризм мен жекенің қалтасын айырып алу керек. Әрине, мемлекет пен бизнестің де әріптестігі керек, бірақ мемлекеттің, халықтың мүддесі ұтылып жататыны өкінішті-ақ!

0
0
4189

Осы тақырып бойынша