"Қазақстанды тану" форумына қатысып едім
Кеше қазақ тілді блогерлер "Қазақстанды тану" атты блогерлер форумына біраз сын айтып жатқан болатын. Негізі форум жұмысына алғашқы күннен қатысу керек екен. Өкінішке орай, тек екінші күні шамалы уақытымды бөлуге мүмкіндік туды. Шынымды айтсам, ағайындармен келісетін және келіспейтін жерлерім де бар екен. Біріншіден, Қазақстанда осындай жоғары деңгейдегі шараның өтіп отырғаныма қуандым. Әрине, "қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса" дегенімізбен қажетті шара, ал қаражаттың жұмсалуына тиісті құзырлы органдардың жауабы бар шығар. Тіл мәселесін қозғағандықтан оған тоқтала кетейін. Әрине, шараның басты тілі орыс тілі, жалпы, Қазақстанда билік орысша сөйлеп, халқы қазақша ойлайтыны бұрыннан белгілі ғой. Құдай қаласа бұл жағдай да өзгерер, дегенмен талап ету қажет деп санаймын, Әрине, блогерлердің ренжуінің жөні бар деп санаймын. Негізі, спикерлердің бір бөлігі орысша, тағы бір бөлігі ағылшын тілінде сөйлеп отырды. Қажет болатын болса, олардың қазақ, орыс не ағылшын тілдеріндегі аудармасын құлаққап арқылы тыңдауға мүмкіндік болды. Ал, нақты шара бойынша айтайын болсам, менің тарапымнан қызығушылық тудырған екі шарының бірі - белгілі Ресей фотографы Мұрат Османның тұсаукесері болды. Мақашқалада туған Дағыстан ұланы 5 жасында Мәскеуге көшіп, кейін жоғарғы оқу орнын Лондонда алған екен. Әрине, Мақашқала туралы пікірі қызық, туған жеріне реніші бар ма әлде өзінің сөз саптауы солай ма, түсінбей қалдым. Жұбайы Наталья Захаровамен «FollowMeTo» сериялы саяхат суреттері (естеріңізде болса, қол ұстасқан әйелі алда, бейне бар еді ғой) дүние жүзіне кең тарап, қазір олардың Инстаграмм парақшасында 4.2 млн. оқырман жазылған, ал, #followmetoхэштегібойынша 3,6 млн. жарияланымдары бар. Бастысы хоббилерін монетизацияға айналдыра алған. Мен үшін олардың жаңа технологияларды пайдалануы, әртүрлі суреттерді қызықты бере білуі және хайп үшін емес шынайы жұмыс істейтіні ұнады. Біраз қажетті ақпарат алдым және болашақта жеке Инстаграмм парақшамды іске қосамын деп ойлаймын. Келесі сессия "Саяхат арқылы қалай қаражат табуға болады?" деп аталады. Сессия қонақтары мына тревел-блогерлер болды: Миша Ронкаинен - журналист, радио жүргізуші және видеоблогер, "ПОЕХАВШИЙ" тревел-арнасы; Нұржан Алғашов - тревел-блогер; Умит Йорук - қосымшаларды әзірлеуші, фотограф; Дженнифер Таффен - тревел-блогер; Елизавета Ичина және Виталий Ичин - "Своим Ходом - PRO Путешествия" жобасының блогерлері; Стивен және Джессика Пэрри -Валентайн - Flying The Nest атты YouTube арнасын жасаушылар. Сессия қызықты форматта өтті, Ресей блогерлері Австралия мен Ұлыбританиядан және Түркиядан келген блогерлердің қанша қаражат табатынын білгісі келіп, зілсіз әзілге көшсе де, мен мұны мәдениетсіздік деп қабылдадым. Ронкаиненнің хабарларын Ютуб арнасынын бұрын да көріп жүрмін, оның Сомали, Ауғанстан сияқты елдерге барған видеоларын көргенмін, әрине блогер ретінде зерттеп көруге болады. Ал, Алғашовты да бұрыннан танимын, ішкі туризмді дамытуға еңбек сіңіріп жүрген жігіттердің бірі, бірақ Ресей не Батыстың деңгейіне жету үшін әрине көп жұмыс істеу керек. Умит Йорик туысқан Түркиядан келіпті, ол біздің екі артықшылықтарымызды айтты, бірінші, біздің орыс тілін білуіміз артықшылық деп айтты және екінші, түрік тілі түркі тілдерінің бірі болғандықтан ол нарық та Қазақстан блогерлері үшін қызықты болады деп айтты. Расында, біз үшін ең болмағанда екі нарықты игерсек, жаман болмас еді. Елизавета Ичина және Виталий Ичиннің кеңестерін стандартты деп қабылдадым, әрине, біз әлі тіпті Ресейден де технологиялық артта қалғанымызды мойындауымыз керек. Дженнифер Таффен өте мәдениетті екен және тревел-блогингтен гөрі көбінесе Инстаграмммен жұмыс істейді екен. Тағы бір қонақтарымыз - Стивен және Джессика Пэрри -Валентайн кәдімгідей қатардағы жұмыс істеп жүріп, 15 000 доллармен туризмге қатысты шаруаларын бастаған екен, кейін тағы 4 000 доллар минусқа кеткен, дегенмен төрт жылдан кейін барып, жоспарлары іске аса бастаған. Өз ісіне берілген, нағыз саяхатшылар екен. Басты түйгенім, Қазақстан үшін бұл саланың болашағы бар, ол үшін табиғи ерекшеліктеріміз де жетерлік! Өз басым еліміздің туризмді дамыту жолындағы болашағына сенемін және өз тарапымыздан қолымыздан келгенше ат салысуға даярмыз!
