Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақтың жоқтауы қазақшылықты жоқтауға айналмаса болғаны...

 

Ең алғашқы бізге жеткен қазақи жазба жоқтау Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік(ке)» енген-ді.

(Құлтегін жазуын есепке алмағанда: «... Сақынттым... көрер көзім көрместей болды, Білер білігім білместей болды... Сақынттым... О, Тәңір-ай, кісі ұғылы өлмей қалмастай...»


Ел сүйген Алп Ер Тұңға ғайыпқа кеткенде қара халық белі қайысып жоқтау айтқан екен, сол жоқтау атадан балаға жетіп, ХІ ғасырда аталған кітапқа кірген: «Алп Ер Тұңға өлді ме? /Жаман дүние қалды ма? /Заман өшін алды ма? /Енді жүрек жыртылар! /Ер еді асын татырған, /Зұлым жауды қашырған. /Мойнын тұтып қайырған...». Ғажап! Әр сөзі...

Бұдан кейінгі құлағымдағысы нағашыларым арғын (Тобықтыны арғын десек) елінің «Ақжолы» атанған Дайырқожа би ұлы Қодан-Тайшының сүйегін айнала жүгіре жүріп жылап айтқаны: «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным! /Сексен асып, таянғанда тоқсанға, / Тұра алмастай үзілді ме жұлыным! /Адасқанын жолға салдық бұл ноғайлы ұлының! /Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың, /Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!». Бұл да ғажап, әсіресе рефрен(ы). Бала көңілім Қобландыны көпке дейін қабылдамай жүрді...

Абай елінде туып өскендіктен атамның Әбіші өлгенде «Бермеген құлға, қайтесін",- деп өзіне өзі айтқан жұбатуын да естігем: Арғы атасы қажы еді, Бейіштен татқай шәрбәтты, Жарықтықтың өнері, Айтуға тілді тербетті. Адалдық, ақыл жасынан, Қозғапты, тыныштық бермепті...». Тіпті ғажап!!!

Әкем сырқаттанып жатқанда досы Жағда (Бабалықұлы) Шыңжандағы әдеби жорналға басылған атамыз Мұхамед-Сәлімді жоқтаған сол заманның бұлбұлдарының бірі Әріпжанның Жанұзағының айтқанын әкеліп қолына ұстатты. Бұл да бір қазақи танымның әдемі үлгісі. Әкемнің кітабынан басқа Қазақстанда басылмағандықтан толық беріп отырмын:

«Қанаты ақ сұңқардың қайрылғандай, / Дертіне адам пәнде қайғырғандай. / Мен айтайын көңілді ағайынға, /Боп қалды-ау Ноғай Қазақ айрылғандай... / Айтайын енді көңілді, / Жұрт жүрегі егілді. / Өлмейтін пәнде бола ма, /Емес қой жалған сенімді./ Қайғырып күнде жыларсың, / Шығарып іштен шеріңді. /Қайыспаймын десең де, /Түсірер жолдай белімді./ Қолдан келер нәрсе жоқ, / Жанышқанмен өмірді. /Дүниеден өтті асылым, / Жеткен соң уақат сызығы. / Қайырын берсін сіздерге, /Мәсәлім бидің қазасы./ Жолдасы болсын иманы, / Ажалға болмас шарасы. /Жыламаңыз, сыйласаң, / Осылай тұрмыс арасы. / Әмірі солай Алланың, /Адамның келмес шамасы. / Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, /Бұрында өткен ағасы. / Қанаты бүтін сұңқар жоқ, /Жыламасын баласы. / Өтпейтұғын өмір жоқ, / Кімдердің бүтін жағасы. / Өлмек- парыз туған соң, Адамзаттың баласы. Өлмей қалар пенде жоқ, / Шариғат жолын қарашы. / Жастай қалған жолдасы, / Сабырлық етіп жылаңыз. / Өкініш өмір шаршатар, /Қайырын Хақтан сұраңыз. /Болмасқа болып болаттай, / Қарсылық етпей шыдаңыз. / Қалғандарға бас болып, /Жүдетпей артын құраңыз. /Тағдырға дегбір болмайды, / Ажалға не лаж қыламыз./ Сабырлық түбі сары алтын,/ Сарғайып жетер мұратқа./ Жетпесті қуып көш шаршап,/ Балаларды жылатпа./ Күні біткен айында,/ Кім жетер өлмей мұратқа... / Өлмек парыз пендеге, / Әуелде келген сүннатқа. / Құранын жақсы оқысаң, / Махшарда келер бір уақта. / Ғазиз ердің өлшеуі, Осылай болды біз баққа. / Жыламаңыз – келместі / Бұрыннан жол жоқ қумаққа. /Қайырмаңыз келместі, Риза болып тумаққа. /Арманда өткен асылды /Жолықтырсын ұжмақта...»

Қандай ғажап саф қазақи фәлсафа, қай халықта бар мұндай?! - «Тағдырға дегбір болмайды... Қайырмаңыз келместі...»

Іштуан Қоңыр дүниеден өткенде, ұмытпасам, «Қостанай таңы» кәзитінің парағынан Молла Дос (лақап ат болу керек, Ерден Қажыбектің "Ақселеу ме?"деген жорамалы тура болмай шықты) заманауи жоқтаудың тағы бір керемет үлгісін айтты. Ерінбей оқып шығыңыз, бұл да бір ғажап дүние. Қазақтың өркениетін аспанға көтерген, қалың қазақтың көңілін білдірген:

Іштуан –Қоңыр, қозым-ай, / Бәйгеден озған бозым-ай./ Басыма түсті бүгін жай!/ Есеңгіреп қалғаным,/ Бір ерімді жалмадың/ Мені неге салмадың!/ Не жаздым, саған, уа, Құдай!?/ Тар қапаста қамалдым, / Тірлігін көріп жаманның/ Қасына ердің жақсының,/ Сені қайдан табармын!/ Не жаздым, саған, уа, Құдай?!/

Бар дүние ғаламның/ Шашылған алаш адаммын/ Басымызды қосалқы/ Той жасауға алқалы/ Кеңге салып арқаны/ Ақсарбасты шалғалы/ Қанына қолды малғалы/ Құрылтайға қам қылған/ Алаштан не артылған!/ Мал жанымнан садақа/ Жан-арымнан садақа...

Құрбандық етіп өзіңді/ Шығардың ғой көзімді/ Шаттығыңды көре алмай/ Көзайым болып жүре алмай/ Оңтайы келген сен сақа/ Түспей кеттің қолыма./ Қараушы едім жолыңа/ Не жаздым, саған, уа, Құдай?!/

Мажарды ертіп келер ең,/ Бозінгендей желер ең./ Неңді аядың сен менен./ Нені аядым мен сенен./ Көз жасым менің көлдеген/ Көз жасым менің селдеген/ Қара Қоңыр қозым-ай/ Бәйгеден келген бозым-ай/ Басыма түсті бүгін жай!/ Не салмады бұ Құдай?!

/ Көргенде сені шүкір деп/ «Көз тимесін түкір» деп/ Тұратын жүрек  лүпілдей/ Ерімді басқа білсін деп/ Өкпе-бауырым бүлкілдеп/ Дүниеге сыймай жүргенім/ Енді бүгін білгенім/ Алаш болып бүлгенім/ Қуанып, қайда күлгенім/ Тастөбемнен түсті жай./ Не жаздым, саған, уа, Құдай!?/

Отызда Орда бұзғаның/ Қырқыңда қырда ұзадың /Бермеді жастың ұзағын/ Шүкір, шүкір бір саған/ Еліңе кейін аңсаған/ Енді неге тамсанам!/ Табытыңды - қарсы алдым/ Табытыңды көргенім/ Жасыма ерік бергенім/ Қасыма серік көргенім/ Әдіра қалды бәрі де/ Оңай ма жас пен кәріге/ «Бауырым»  деген зәруге/ Азаттың алған дәуірде/ Көктей шыққан сәуірде/ Гүлім солып ол қалды/ Уа, халайық, не болды!/ Қарашы, оң мен солыңа/ Не жаздым, саған, уа, құдай!/

Қарашы, жүрген жасыңа/ Қара  Қоңыр қозым-ай/ Бәйгеден келген бозым-ай/ Басыма түсті бүгін жай!/ Дүниеден өтті арманда/ Туысым Қоңыр қозым-ай!/ Не жаздым, саған, уа, Құдай!?/

Қыпшақтан шыққан асылды/ Бабасы түрік жасыңды/ Көңілім өрттей басылды/ Көтерем қалай басымды/ Не жаздым, саған, уа, құдай!/ Тегің Қыпшақ асылды-ай /Басынан сөзді асырмай /Жауына тиген жасындай /Ер Түрік бабаң о да өтті / Ғаламды кезбей, басылмай. /Ұрымды көріп байқаған /Қорғанын бұзып шайқаған /Мекен боп шексіз бай далам / Еділ патшам о да өтті. /Жырға қосып айта алам, /Спартак бабаң о да өтті. / Бүкіл ғалам бас шайқаған, /Томирис  апаң о да өтті, /Кир патшаны жайлаған. /Алпамыс бабаң о да өтті./ Қызыл басты жайпатып, /Алдына салып айдатып /Оны да тағдыр байқаған./ Қазтуған жырау бастаған /Күллі ноғай бастаған/ «Ер Нарымбет өлгенде/ Он сан ноғай бүлгенде»/ «Ауған» болған тау асып/ Тырнақтымен таласып /Орыс, Қытай қысқанда /Жағасына жармасып /«Жерұйықты» іздеген / Бабалар жүрген ізбенен /Байсыңдай жер табылмай / Асан Қайғы шаршаған. /Дүние кезіп сандалған/ Қара тұман жолдардан/ Байсындай жер таба алмай/ Ауған болған амалсыз/ Нанбассыз, не нанарсыз/ Көруден қалдық жанарсыз/ Ел сандалды панасыз./ Жатқа қолын созбаған/ Бөзінгендей боздаған/ Бір тәңірден азбаған/ Ұрпағы іріп азбаған/ Торғайдайын тозбаған/

Ер Түріктей бабамыз/ Содан баһар алармыз./ Солар салған ізбенен/ Бізде көшіп барамыз/ Бабаң салған ізбенен/ Бабаң салған жолменен...

Таптың, қозым, еліңді! /Бабаң жүрген жеріңді! /Бабаң түскен көліңді! /Қырқалай асқан белімді!

Азаттық алған дәуірде / Сенің жоғын біліңді /Кім тоқтатар өлімді/  Кім ұстайды белімді/ Білгенім бе әлімді...

Тәңірім жазды, біз көндік/ Тоқтайын жоқтауды /Менің жайым мәлімді /Ауызға алып Тәңірімді /Қош, қош, Қоңыр қозым,/ Қош, қош, тарлан бозым!/

Уа, жалған дүние-ай! Соңы осы білдім-ай...

Айша мен Атлан...

P.S. Соңғы кездерде қазақ тағы да бір нәубәттің алдында тұрғандай сезініп жүрмін. Рухани нәубәт. Тіл, діл мен діңге төнген бұрын сонды болмаған қауып. Қазақтың жоқтауы қазақшылықты жоқтауға айналмаса болғаны...

-2
7
5061

Осы тақырып бойынша