Бабалар Рухының көші
Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы», https://yvision.kz/post/858731; «Күнгейдің ол да қыран шаһибазы», https://yvision.kz/post/859230; «Салуалы ордам қонған жұрт», https://yvision.kz/post/859340; Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді Алашы! https://yvision.kz/post/860976; Мұсылман-кәпірде жоқ жүрек... https://yvision.kz/post/862239
.... сонымен, аласапыран, дүние айналып жатқан 1918 жылдың көктемінде Шығыс Қазақияны үлкен елден ешқашан бөлмеген алаш қайраткерлері Шәуешекке келеді. Құлаған Ресей империясының елшілік-консулдықтары құлаған Шын империясында әлі сақталған тұғын. Шәуешектегі орыс консулы арқылы Алаш Орда үкімет мүшелері Ахмет Байтұрсынұғлы, Міржақып Дулатұғлы, Райымжан Мәрсекұғлы, Садық Аманжолұғлы жергілікті гоминдан қытай ұлықтарымен қызылдарға қарсы күрес жүргізу үшін Алаш әскеріне қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізбек болады, бірақ қытайлардан, ойлағандай, қайыр болмайды. Сөзбұдайға салып, ақыры болмайды-ға әкеп тірейді. Алаш көсемдері сол жердегі төрт үкірдай қазақтың өкілдерін, Шәуешек зилыларының басын қосып 23 сәуірде кеңес өткізеді, мақсаты - жергілікті өкіметке мынадай талап ұсыныстар қоймақ болады: біріншісі – Шығыс Қазақияда Алаш Ордамен жүйеленіскен дербес автономиялық басқару жүйесін құру, Алаш Орда үкіметінің Шығыс бөлімін ашу; осыдан туатын екінші талап - жергілікті ел және 1916 жылғы Үркін кезінде барған қазақтарды «Алаш Орда мемлекетінің азаматтары» деп тану. Осы және басқа мақсаттарға жету үшін халықты сауаттандыру, мектептер ашу, қазақ тіліндегі газет-журналдардың санын арту, тағысын тағы.
Кездесуді бейнерәсімдеген сол кезде Шәуешек аймағындағы бірінші – сан, реті жағынан да, деңгейі жағынан да – фотосуретші Мұхамеджан Юсупов. Фотограф емес фотосуретші дегенім Мұхамеджанның суреттерінде заманның бейнесі ғана емес, лебі бар, лепесі бар, риясы бар, иісі де бар. Шәуешекте қандай бір қоғами, мәдени оқиға орын алса Мұхамеджан аппаратымен сонда болған. Мешіт ашылуы, мектеп ашылуы, жиын өтуі, тағысын тағы.

Жалпы, Мұхамеджанның шығармашылығы туралы дара пост жазуға болады, жазам да. Кейінгі ұрпаққа Мұхамеджан сол замандағы тұлғалардың бейнесін қалдырды – ақын Әсет Найманбайұлының, Тауарих Хамса-Бес Тарихты жазған бірегей тарихшы Құрбанғали Халидтің, басқалардың. Әсеттің осы күні тираждалып, таратылып жүрген бейнесі, көптеген суретшілердің ақынды салған портреттері Мұхамеджанның суретінен суарылады.

Мұхамеджан Юсупов – "Үш Аймақ" төңкерісінің қайраткері Балқаш Бапиннің қайын атасы. Бала кезімде Мұхамеджан әбзиді көрген болармын, есімде қалмапты. Балқаш аға әкемнің жақын сырлас досы, ес білгенде Қарауылдан Алматыға әкеммен еріп келгенде үйінде бір-екі рет болғанмың. Әкемнің басқа достарына ұқсамайтыны - баламен теңіндей сөйлесетін. Салмақты және қызықты, қызықтырып. «Сен Шайбақ ханның ұрпағы екеніңді білесің бе» - дейді. Сосын маған хан атамның суретін көрсетеді. Өзі сызған Шежірені көрсетеді. Қызығып, көрген білгеніңді үйге келгенде жалғайын десен, ол кезде хандар туралы кітаптар қайда, жоқ. Есейгенде де Шайбақ-Сайбақ ханды бар кітап деректерден іздедім, жоқ. Шайбани бар, Шайбақ жоқ. Кейіннен таптым, бейнесін де, шежіресін де. Бұл бөлек әңгіме. Айтайын дегенім, бала кезімнен тарихқа қызығуымның бір ұшы осы Балқаш ағамен болған әңгімелерде жатыр. Балқаш Бапин – кезінде мойындалмаған, дөрекі кеңес өкіметі алға жібермеген үлкен ғалым. Бірнеше тіл білген полилингвист, бірегей тіл зерттеуші, тарихшы. Полифониялық ғалым. Тіл дегенде бұл жақтағы ғалымдардан ешкім білмейтін қытай тілін керемет білген, басқа түрки тілдердің көбін білген. Әкем екеуі кейде, әңгімелерің ешкім түсінбесін дегені ме, қытай тіліне ауысып кететін. Һадим, жәдид жазуларын меңгерген зерттеуші. Ондай ғалымдар кеңестік қазақ тіл және тарих ғылымдарында санаулы ғана болған. Мен білмеуші едім, Мұхтар Мағауиннің жазғандарынан оқыдым, ол кезде қазақ ғалымдары, пәленбай ғылымдарының кандидаттары мен докторлары, профессорлары һадим мен жәдидті айтпағанда байтұрсын жазуын шала-жансар меңгерген оқымыстылар. Сондықтан ғой Доспамбет пен Шалкиіз, Ақтамберділер шынында да шаңға көміліп жатқан, деректерді ешкім ашпаған араб жазуын білмегендіктен. Әрине, айтқысыз идеологиялық прессинг те болды, әйтседе оқи алатындар болса көрер еді, айтар еді. Әкемнің тағы бір жолдасы, арғы жақтан келген, Уақап деген, Ғылым Академиясында шаруашылық меңгерушісі - запқоз -болып істеген, Райымбек ауылында тұрған, күліп айтып отыратын: Науктың білетінің тауық та біледі, Шәке, сенің білгеніңнің бұлар иісін де сезбейді, - деп. Әсіре айтқан шығар, әйтседе... Балқаш ағаның 2007 жылы шыққан кітабын көрдім, қазақ ғылымына берері мол еді, бірақ "кандидаттығын" да қорғатпай қойған ғой. Еңбегіне мәскеулік орыс, жойыт ғалымдары тамсанған, жоғары баға берген, ал Алматыдағы көлеңкесінен қорыққан ноқайлар тақырыбын жапқызып тастаған. Тақырыбы қандай еді. «Шыңжаң қазақтарының тіліндегі қытай тілінің элементтері».

Шығыс Түркістан армиясының полковнигі Балқаш Бапин.
Құдай біледі, әлі күнге дейін Күнгей қазақтарының тілін, мәдениетін, тарихын айтарлықтай ешкім қопарып жатқан жоқ, үстірт танымдық бірдемелер болмаса. Жалпы қазақ тарихының ауқымды бөлігі - Күнгей тарихы - сол күннен таса қаратұман ақтандақ күйінде жатыр әлі. Көркемдік тарихи бейнесі аз болса да бар, Қабдеш Жұмаділовтың, Жанат Ахмадидің, Жақсылық Сәмитұлының, басқалардың шығармаларында, ал академиялық тұрғыдағы зерттеулер жоқ десе де болады.
Ал Балқаш ағаның алпысыншы жылдары столға жазған тарихи шежірелері қандай. «Тарихи шежіре», «Ата шежіре». Ақселеудің Төл Шежіресінен көп бұрын. Әрқайсысы дара ғылыми еңбек – «Найман шежіресі», «Керей Шежіресі». Және дәстүрлі қазақ шежірелері сияқты тек, ауызша историографияға дейік, сүйенген емес, жазба деректермен нығыздалған дүниелер. Сондықтан - «Тарихи шежіре». «Ата шежіренің» өзінде ғана Інжілден бастап Сыма Цянь, Рашид ад дин, Аристов, академик Щербак, Мұтылған Шәкерім, Аболғазы... толып жатыр, қырыққа таман сол кездегі қазақ тарихшыларының ешқайсысы қолына ұстамаған еңбектердің библиографиясы бар.

Қой, қошқарымызға, Шәуешектегі кездесуімізге оралайық. Кездесуді рәсімдеген суретті мен алғашқы рет Мұхамеджан атаның қызы Никар анамыздың қолынан алдым. Бұрын баспасөз беттерінен, интернеттен көрмеппін. Көрмегенім – іздемегенім ғой. Сол жерде отырып мен өткенге керемет визуалдық саяхат жасадым. Суреттер ғажап екен. Ғасырдан асса да сапаларын жоғалтпаған, тек сәл сарғайған. Көрген суреттерімнің көбі тұпнұсқа, оригинал. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып отырған суретті қолыма ұстағанда толқыдым. Оның алдында аттарын естіп кейіптерін көрмеген Құрбанғали Халид, әкемнің жолдасы Әлен уан Көгедай мен әйелі Қадуан ханымның бейнелерін тамашаладым.

Әлен Уан (оң жағынан толық көрініп отырғандардан екінші, еуропаша киінген, басында шляпа) келін түсіріп отырған болу керек. Әлеңнің оң жағында баласы Дәлелхан, сол жағында отырған Қадуан ханым, артында әлмисақтан келе жатқан қазақтың сәукелесін киген келіні.
Ақаңның, Міржақыптың бейнелері таныс қой әбден, дегенмен тірі тұпнұсқа суреттен көргенде басқа сезімге бөленеді екенсің. Өздерін тірі көргендей. «Мынау шетте отырған Әсет ақын» деді Никар апа, мен Ақаң мен Мыржақыптан көз алмай отырғанда. Таң қалдым. Әсет шетте, топтан бөлек, малдасын құрып жалғыз отыр. Оқшау отыр. Монтиып, жабырқап. Басында суретке байқаусызда түсіп қалған біреу ма деп қалғам. Басқаларының бәрі топталып, жинақталып, әдеміленіп түскен. Тек Ақаң ғана қабағын түйіп, қатуланып отыр. Мен білетін Әсет болса неге жақсылармен бірге емес, неге Ақаң мен Мыржақыптың ортасында емес, деп ойладым.

Суреттің тұпнұсқасынан көшірме. Әсеттің жеңінен жоғары ореол не екенің түсіне алмадым. Тегі бір техникалық дефект болар.
Суреттің құпиясының шетін кейіннен жазушы Әбділдабек Салықбайдың «Шәуешектегі жүздесу» деген деректі әңгімесінен ұққандай болдым. Әңгіме желісі бойынша Әсеттің оқшауланатының жөні бар екен. Кездесудің ымырасыз өтуіне, көңілсіз аяқталуына аңғал ақынның қосқаны баршылық. Кездесудің барысында Әсет былай деп жар салады: Міржақып, өлең айт деп, қолқаладың, / Мен бе ақын сен тұрғанда ой табатын, / «Алаш!» деп ағайынға сауға салып, / Ахаң ер отырмай ма жол табатын, – / Өзімнің ат-тұрманым сай болды деп, / Жаяу-жалпы халыққа жар саласың. / Аттыға ерген жаяудың таңы айырылса, / Қайда қалмақ мәйегің сорпалайтын!? Кімге қалай, маған арнау сын мен мін, кекесінге толы сияқты болып көрінді: Мен бе еді сендер тұрғанда ой табатын; жол салатын, ой салатын да өздерің; ат үстінде отырып ат-тұрманың сай болып, жаяу-жалпыға жар саласыңдар,-кеп; аттыға жаяу ере алмайды, қалады бір жерде мәйегі сорпалап. Ары қарай «суық бауыр» деуге барады Әсет ақын.
«Ахаң өз есімі аталған соң орнынан тұрып, Алаш Орда үкіметінің, Алаш партиясының мұраты мен міндеттерін, арман-мүддесін таратып айтты. Ол ширыға түсіп, бұл келісте алаш арыстарының елге міндет жүктеп, міндет артпайтынын, қайта ақылдасу, кеңесу ниеті барын ескертті. «Біріміз Қытай, біріміз Ресейге босып кетпей, баршамыз бірігіп, Алаш Орданың шаңырағын көтеріп, бір-бір уық болып, шаншылайық! Жұдырықша жұмылайық!» – деді. Ахаң орнына отыра бере Әсет те ширығып, сырнайын безілдетіп ала жөнеліп, өлең-жырды түйдек-түйдегімен ағытты: Ау, Аха, не дегенің, бүй дегенің, / Алашқа бар қазақты жи дегенің. / Сыртта жүрген ағайын суық бауыр, / Оған мысы жүре ме үйдегі елдің! / Белдессең, белін үзіп жықсаң нетті, / Жарыссаң, төбеге озып шықсаң нетті, / Тозған елден тойынар күй іздемей, / Өз халіңді анықтап ұқсаң нетті! – дей келе, «Іске аспас айтқаныңмен арман сөзің, / Сөз пұлсыз болмаған соң баста бағың» деп бір тұжырды». (Әбділдабек Салықбай, «Шәуешектегі жүздесу»).
Халық сүйген ақынның осындай батасынан кейін Ақан да томсырамай қайтсын. «Көпшілік екі оттың ортасында қалғандай, қайсысын қоштарын білмегендей әрі-сәрі күй кешті, - дейді кездесуді әспеттеуші Әбділдабек жазушы, - біреулер «айтылмаған сөздің атасы өлер» деген, мейлі не болса, ол болсын, қоямызды бір ақтарды-ау деп, насаттанғандай кейіпте болды, біреулер «осы Әсет Алаш Орда үкіметінің мүшелерін асыра мінеп, ақылдымсып кеткен жоқ па дегендей, сыңай байқатты. Арасында ойыннан от шығып, аз ғана халықтың берекесі қашпаса екен деп, қауіп қылушылар да бар екені байқалады».

Сонымен Шәуешектегі кездесу нәтижесіз, көңілсіз өткен секілді. Фотода Ақанның қабағы түйілген, көңілсіз кейпі анық білінеді. Суретке қарасаң сияздың шеңбері де тар болғандай. Алаш қайраткерлері, Мұхамеджан Юсупов пен ақын Әсет басқа ешкімді жіліктей алмадым. Киім киісіне, тұрқына қарап татар, өзбек зиялылары да қатысқаны көрініп тұр.
Кейбір деректерде кездесуді ұйымдастырған Таңғыт үкірдай мен Әлімғазы болыс делінеді. Кейіннен қытай көменестерінің Таңғытқа таққан айыбының бірі алашордашылармен байланысы болған көрінеді. Маошыларды алашордашылар неге сонша қатты мазалады, білмеймін, орыс-қазақ коммунистерінің ықпалы болу керек.
Суретке қарап отырып, Таңғыттың үзеңгілесі атам Мәсәлімді Биді іздедім. Ұқсас ешкімді таба алмадым. Олай да емес. Көбі ұқсас. Бірақ, дөп басып айту мүмкін емес. Сондықтан қиялдың үзеңгісін біраз босатқандай болдым. Атам он сегізінші жылы қырық үште болған дейік. Көргендердің айтуы бойынша бойы ұзын, жүз адамның ішінде басы көрініп тұрады екен. Сол жақтан екінші-үшінші болып түрегеп, қағазды саусағымен нұсқап тұрған кім екен, - деп ойладым. «Кездесуді ұйымдастырған» десе, Таңғыт үкірдай не Әлімғазы болыс па екен. Бірақ қыр қазағына ұқсамайтын секілді. Кездесуді жүргізген Нияз ақын болу керек. Тұрғандардың ішінде ең бойшаңы оң жақтан түрегеп тұрған төртінші, бірақ жастау-ма, қалай... Қалай болғанда да бәрі жорамал, негізсіз жорамал. Мәсәлім бидің, жалпы, билердің бұл кездесуде болғаны туралы еш нұсқау жоқ. Билер шақырылмаған болар.
Бірақ "қайтқан жолында Ахаң мен жолдастары Таңғыттың үйіне қонған" делінген "Таңғыттың тағдыры" атты мақалада. Таңғыт пен Мәсәлім ауылдарының арасы алыс болмаған. Мәсәлімнің немересі, үлкен ұлы Түсіпханның баласы Исхан (Ізхан) атамыздың естелігі бойынша, би атамыз үкірдайдың үйіне барып, Ақан, Міржақып, Райымжандармен дастархандас болып, күн мен кеш өткізіп, жанында болып, ертеңінде жолға салған. Сұлтанмахмут үйінде неше күн дөңбекшіп ұйықтаған, Алаштың кез келген дұғайына ылғи жауап беретін атам, елдес, биліктес Таңғыттың үйінде алаш ардақтыларымен бірге кеңес құрған болды. Осы кеңестің ұстінде Таңғыт Алаш әскеріне 500 жылқы берем деп уағда қылған. "Атамызда ондай мал жоқ, би болса ортақолды шаруасы болған, тұяғы аз болған. Үлкен жер иесі болғаны рас, бірақ ол жерлерді туған-ағайындар төлемсіз пайдаланған, - дейді Исхан шал. Сол көктемде сегізге келіп қалған, ес біліп, етек жайған шағы. Зерек, көкірегі даңғыл болғандықтан Би атам Құнанбай Абайды ертіп жүрген сияқты ақылды немересін көмегі көп ізденуі жоқ күрделі топ арасындағы жер дауы, жесір дауы, тағы басқа да мәселелі жерлерге де алып жүрген. Бітім-береке істеріне бекім айтарында жанымда жүрсін, жөн жосықтан, жол жоралғыдан дәм татсын дегені болу керек. Исхан атамның айтуы бойынша Мәсәлім мешітінің имамы ғұлама Ысқақ (Исхак) да кездесуде бірге болған. Бұл да заңды. Ысқақ Өфеде оқып, жәдидизм идеясында тәрбиеленген оқымысты. Ал Алаш Идеясының бастауы сол жәдидизмде емес пе. Мәслихатқа Теріскейден Мәсәлім биді аға досы Құрман қажы да әдейі ат терлетіп келген екен. Қажының ұлы Қыдырмолла Ахаңның Алаштағы бас серіктесі Әлекеңнің (Әлихан Бөкейхановтың) жақын тілектес досы болған. Бұл жөнінде Әлиханның бауыры Смахан «Әлекеңнің жақын жолдасының бірі найман Зайсан еліндегі Қыдырмолла – Байжігіт еді» - деп жазады.

Оң жақта қағазға шұқшиып отырған сексеннен асқан Исхан Түсіпхан ұлы Мәсәлім би немересі.
Ертеңінде, көңілдері біраз орныққан, Алаш қайраткерлері қайтадан Шәуешекке қайтып, Үлкен Қазақияның астанасы Алаш-қала (Семей) шаһарына аттанады. Сол жылдың наурыз айынан 1920 жылға дейін екі жылдан астам Алаш Орда Ұлттық Автономиясы сол қалада өмір сүрген. Сол 1918 жылдың маусымында Алашорда, Қоқан (Түркістан Жумухуриятының) және Башқұрт Автономияларының бірігіп Кеңес өкіметіне қарсы бірлесіп күресу мақсатында Алаш қаласында келіссөздер жүрген. Башқұрттармен бірігіп Солтүстік Түркістан Республикасын құруы туралы келісімге де келген, тіпті оның саясатын, шекарасын анықтап, байрағын да көтерген (Бұл жөнінде мен бөлек орысша постарымда жазғам). Қазақ мемлекеттілігі үшін көтеріңкі романтикалық кезең еді сол тарихи мезет. Түбінде орыс бәлшебек айдаһары бәрінен өктемдірек шықты.
Бірақ, осының бәрінін алдында, дәл айтқанда, 1918 жылдың 24-25 сәуірінде Ақан мен Міржақып аталарыммен менің туған атам дастархандас, дәмдес болған, әңгіме – дүкен құрғанын көз алдыма елестетсем, керемет күйге енем. Оның алдында екі жыл бұрын атамның үйінің төрінде Сұлтанмахмут атам дөңбекшіп ұйықтаған. Менің бақытым - Абай мен Мұтылғанның, киелі Би Атам Кеңгірбайды рухы тұнып тұрған, Шыңғысханның шарапатына бөленген Шыңғыстау өңірінде дүниеге келгенім. Нағашы апам Шалабас бала Мұхтарды үйінен талай дәм татырған, Қабдолла атам Мұхтармен тұйдей құрдас болып, балалық шағын бірге өткізген. Арыстанбек - Қабдолла, Қабылхақтардың әкесі - атамның Абайды көргеніне күмәнім жоқ. Сол Мұхтар "Абай жолы" романында Арыстанбектің әкесі Үркімбай туралы "Бар Тобықтының ішінде бір үй қазанына арам ас салмады десе, сол алдымен Үркімбай үйі болатын" деп жазып кеткен. Қан арқылы берілетін рухани жалғастықтың кереметі осында. Солай мен қазақтың даналығын, ескісі мен жаңалығын бойына сіңірген Қарауылда өстім. Әкемнің жанында жүріп байырғы дана, ғұлама Рахым молда мен Қара Мұғалім қарттардың жұқанасын көрдім. Үйде әкем мен анамның, апам Тілеуханның ұлтшылдық тәлім-тәрбиесін алдым. Есейе келе Күнгейдегі найман бабаларым Мәмәтек батыр, Бабық Баба, Қаспақ Әулие, Шанды аяқ қажы, туралы аңызға іспеттес әңгімелерді бойыма сіңірдім. Қолым жеткенде ата-бабам жеріне барып олардың іздерің көрдім. Мәсәлім Би атамның мешіті, оның Сұлтанмахмут, Ахмет пен Міржақыппен кездескендері туралы оқып- білдім. Атамның қазақ рухының көсемдерімен не жөнінде сөйлескенің түйсігімде тұнып тұр. - Қазақты қазақ қылатын, бабалар шапағатына бөлейтін Рух көші осы болар дейім.
