Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Басқа түссе баспақшыл» немесе Астанадағы қоғамдық көліктің жағдайы туралы

«Басқа түссе баспақшыл» демекші осы дүйсенбіден бастап жеке көліктің жайы мәз болмай, бір апта жаяу жүруге тура келді, дұрысы қоғамдық көлікті пайдаландым.

Негізі қоғамдық көлік жайын бұрыннан да білетін едім, бірақ өз көзіңмен көргеннен кейін бәрін қаз-қалпында жеткізуге тырысайын.

Сонымен, таңғы 6.45-6.50 шамасында біздің күткен автобусымыз кестеге сәйкес өтуі керек болатын. Аялдамаға әдейі ерте келдім. Автобусымыз жанымыздан «шу қара құйрық» деп зу етіп өте шақты. Ал, керек болса!

Амалсыз келесі автобусты күтуге тура келді.

Бұл автобусқа отырдық, іші ығы-жығы халық, әрең дегенде кірген жайымыз бар. Автобус ішінде «жұпар иіс» аңқып тұр, бір мезгілде біреудің аяғын басқа кісі басып кетті білем, «құлтабан» болса керек, «аяғыңызға қарамайсыз ба?» деген дауыс шықты. Қысылып-қымтырылған халық, ине шаншар жер жоқ, біреуге біреу қарайтын заман ба «ой әкең, уа шешең..» деген сыпайы сөздерін жіберіп жатыр. Оған қарап жатқан кондуктор жоқ, «орта белдіктегілер жол ақысын төлеңіздер» алға жылжып келеді.

Ал, жүргізуші болса, телефоннан көз алар емес, арасында телефонмен сөйлесіп қояды, құдды құпия қызметтің агенттері сияқты. Ар жақтан, «15, 15, бәрі таза, алдағы бұрылыста бірақ 36 тұр» дейді, бұл не қылған шифрлау десем, басқа бір жерде біреу автобус қозғалысын қадағап, жүргізушіге мәліметті сырттан жеткізіп отырады екен. «15, 36» дегендері автобус нөмірлері екен де, «бәрі таза» дегені басқа автобус жоқ дегені екен.

Сонымен көзім бірде жұмулы, бірде ашық күйде аялдамаларды қарап келе жатырмын, өйтпесем тағы болмайды, автобус аялдамасында адам жоқ болса, көлігіміз тоқтамай өтіп кетуі де ғажап емес, кім білген?!

Әлқисса, жететін жеріме жеттім, аялдамадан түстім.

Бұл автобус емес, тозақ қой, күнде осылай жүретін адамдардың жаны сірі екен.
Күні бойы ана шаруа, мына шаруамен жүріп жұмыс та бітті. Кешке үйге қайту керек. Бұл жолы тағы сол жағдай, енді автобусты 13 минуттық интервал орнына 30 минутта күтуге тура келді.

Қой құрысын, екінші күні қала ішінде басқа автобусқа отыруды ұйғардым. Ал, керек болса, интервалы 10-20 минутта деген автобусымыз 1 сағат 17 минут кешігіп келді. Бұл басқа емес, Астанадағы жағдай!

Ал, керек болса, енді не істемек керек. Байланыс орталығының 574 – 777 телефоны арқылы хабарласып, мән-жайды айтқан кезде, шағымыңыз қабылданды, операторлары «10 күнде жауабын береміз» деп тұр.

Мәссаған, мыналар басқа ғаламшарда өмір сүре ме өзі? Егер жедел шешім қабылданбайтын, шара қолданылмайтын болса, мұндай қызметтің қажеті қанша расында?!

Қысқаша айтқанда, тек 2 күнде көрген жағдай осындай болды!

Айтқандай, Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасына қоңырау шалғанда, бір де бір телефоны көтермеді, бұлар сонда не істейді өзі?!

Ә, олар алдағы уақытта бағасы 200 теңге тұратын монорельсті көлікті дамытуға кірісіп кеткен болар?

Дұрысы, қазіргі қоғамдық көлікті ретке келтіріп алғаны жөн еді!

Фотодағы өзге автобус, Интернеттен алынған!

 

2
0
1249

Осы тақырып бойынша

«Басқа түссе баспақшыл» немесе Астанадағы қоғамдық көліктің жағдайы туралы - Yvision.kz