Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бейімбет Майлин ескерткіші алдында

Қостанай қаласы бас қаладан 700 шақырымнан астам қашықтықта, дегенмен туған облыс орталығына жету қиынның қиыны екен.

Ұлттық лоукостерге билет жоқ.

Сосын Қазақстан теміржолының сайтына кіріп, онлайн билет алмақшы болдым. Орын жоқ деп тұр, кейін өзге агрегаторлардан іздеп, таптым. "Асыққан шайтанның ісі" деген рас екен, "билет қалтада, поезд қайда кетеді" - деп "Нұрлы Жол" вокзалына барғанда ғана, алған билетім келесі айға екенін көріп, өзім де түсінбей, таң қалып қалдым.

Бұрын, Қостанайға автобуспен барып, енді мінбейтіндей болғам. Жол ұзақ, шаршайсың, аяғыңынды еркін жазып отыру мүмкін емес, ең бастысы қалаға түн ортасында келесің?

Онда, қаларалық такси қызметін пайдаланып көрейін деп шештім, әрине, бір жолы ондай такси ертеңіне ғана келіп, астанаға ала кеткен. Осы жолы түні бойы жүретін болып, такси тұрағына келдім, дұрысы ала келді. Әне отырмын, міне отырмын, 2-3 сағат күткен соң, басқа клиент жоқ болды білем, түн ортасында үйіме қайтып кеттім де ертесіне асықпай поезға қайта билет алдым. Айтқандай, қалааралық (Нұр-Сұлтан-Қостанай) такси бағасы поезд билетінен (купе) екі есе қымбат. Тағы, жын ұрғандай жүреді, иманыңды үйіріп отырғаның.

Қысқаша айтқанда, кешке отырып, ертеңіне поезбен Қостанайға келдім.

Вокзал алаңындағы Бейімбет Майлиннің ескеркіші көзіме ыстық көрінді.

Жалпы, Майлин қиын тағдырлы және талантты тұлғалардың бірі ғой.

Қостанай облысының қазіргі Бейімбет Майлин ауданында туған. Туғанынан жетімдікті көп көрген, тұл жетім қалған. Қаршадайынан жұмыс істеп, кейін сауатын ашқан.

1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Ғалия медресінде білім алады.

Кейін мұғалім де болды, шығармашылықпен айналысты.

Бейімбет Майлин "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан"), "Ауыл", "Ауыл тілі", "Қазақ әдебиеті" газеттерінде жұмыс істеп, басшылық қызметтерін атқарған.

Жалпы, оның жазу стилі өзгеше, ащы әжуаға толы, дегенмен, күйініш те, өкініште бар.

Кей шығармаларының басты кейіпкері өзі деседі. Тіпті оның қалың мал төлейтін жағдайы болмай, кейін бірақ, сүйгеніне қосылатыны бар.

1917 жылғы ақпан төңкерісіндегі аласапыран кезеңде Бейімбет Майлин Алашорда идеясын жақтаған. Ол Алаш идеясын жақтайтынын өз өлеңдерінде ашық көрсетеді. 1918 жылы Қостанайға Ахмет Байтұрсынұлы келіп, қазақ жастарын Алашорда әскерінің қатарына өтуді үгіттейді. Бейімбет Майлин тізімге алғашқылардың бірі болып жазылады. Сөйтіп, Алаш идеясына белсене араласады.

Дегенмен, басқа қазақ зиялылары сияқты ол да сталиндік репрессия құрбаны болды.

Бір қызығы Бейімбет поэзия, проза мен драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен. Сонымен қатар, Майлин бірнеше шығарманы қатар жазады екен.

Бейімбет Майлин - 15-ке тарта повесть, "Азамат Азаматович" атты роман жазған. Ал "Қызыл жалау" мен "Қоңсылар" атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі-ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. "Амангелді" атты қазақтың алғашқы фильміне сценарий жазғандардың бірі. Бірақ, оның аты-жөнін фильмнің титрінен алып тастаған.

Сөйтіп, вокзал алдындағы Бейімбет Майлин бейнесін көрген соң, көңіл күйім көтеріліп, қалаға қарай жол тарттым!

0
0
1350

Осы тақырып бойынша