Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бичедром және бизнес

1990 жылдар кезі, Университеттен шығып бір досым екеуміз Қарағанды көшелерімен келе жатып, жолдағы дүкенге кірдік. Кірсек, жұмыс істеп тұр, бірақ іші біртүрлі ретке келтірілмеген екен. Содан: "Сіздерге жүкшілер (грузчик) керек жоқ па?" деп сұрадық. Жұмысқа тұрдық, манағы досымыз екеуміз біріміз түске дейін, екіншіміз түстен кейін дүкеннің заттарын тасып, жұмысқа кірісіп кеттік. Бір қолға 10 темекі, 2 бөтелке арақ және 2 килограммнан қант пен вермишель ғана беріледі, бір қат заман еді ғой.

Бір жағынан тоқ жүресің, екінші жағынан қосымша ақша дегендей.

Негізі, әуелден қандай жұмыс болса да арланбай істеп үйрендік, ауылда жазда жүгері өсірген бригадада болдым.

Иә, 90 жылдар ең бір қиын кезең еді ғой, кейін Қарағандыда "Бичедром" деген атпен белгілі, адамдарды жалдамалы, қара жұмысқа жегетін жер болды (қашан барсаң, "Жетім бұрыш" сияқты адамдар, әсіресе қазақ жастары толып жүреді).

Несін жасырайын, оған да бардық, несіне ұяламын, жұмыс істедік, күнімізді көрдік. Әке-шешеміз көмектесіп тұрды, бірақ ол кісілер зейнет жасында, одан қалды біздің үйдің қалған ұл-қыздары да жоғары оқу орындарында оқитын.

Сол "Бичедромға" барып, жұмыс істеп, адал еңбегін алған кейбір жігіттер кейін тапқан азын-аулақ ақшаларына тіпті бизнестерін де бастап кетті.

Талап қылса, кішкентайдан үлкен істер бастауға болады екен.

Бұл жайтты еске алып отырған себебім, қазір мемлекеттің қайтарымсыз 300 мың теңгесін алып жатқан жандарды білемін. Бірі таныс, бірі туыс дегендей.

Дегенмен, кейде мемлекеттің саясатына түсінбей қаламын, адамдарды алалау кімге керек. Мәселен, біріншіден, кредитін уақтылы төлеп не қарыз алмаған адамдардың не кінәсі бар? Не болмаса, ол үш жүз мыңды алып, ертең мемлекет қайтадан жауып береді ғой деп, өтелген соң, тағы кредит алып жатқандарды да білемін. Әрине, көпке топырақ шашып отырғаным жоқ, негізі өзім де көп балалы отбасы болған соң, халықтың, әсіресе көп балалы отбасылардың басым көпшілігі өз күндерін көріп жан бағуда, мемлекеттен артық ақша да алып отырған жоқ. Дей тұрғанмен, қаражат орнына кәсіпкерлікті үйретіп, балық емес, қармақ ұстатса жөн болар еді.

Бір уақытта, жаңылмасам, сотталып кеткен Қуандық Бишімбаев осындай бастама көтерген еді.

Ал, жалпы, қазақтың (Қазақстанның) қай ұл-қызы да араб шейхтары сияқты үлде мен бүлдеге оранып өмір сүрер еді-ау, бізде Менделеев элементтерінің бәрі бар деп тағы мақтанып қоямыз.

Әрине, біздің қоғамда масылдық болмауы тиіс, бірақ бар болғаны 18,5 млн. халықтың 22 проценті кедейшілік деңгейінен төмен өмір сүріп отыр. Яғни, қалт-құлт етіп өмір сүріп отыр деген сөз. Ал, халықтың 90 проценті жылына 10 мың доллардан төмен табыс табады, бұл дегенің бізде орта тап, яғни өз еліміздің табысты бизнес өкілдері жоқ деген сөз.

Ал, кез келген мемлекеттің тірегі орта және шағын бизнес өкілдері екенін ұмытпайық.

0
0
585

Осы тақырып бойынша