Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді Алашы!

Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Салуалы ордам қонған жұрт», https://yvision.kz/post/859340; «Күнгейдің ол да қыран шаһибазы», https://yvision.kz/post/859230, «Батырлар мен әулиелер заманы», https://yvision.kz/post/858731

Мен күнгейлік қазақтардың әдемі архаикалық лексикасын (сөз қоры, оны саптау) және тілінің табиғи мелодикасын (әуенін) алғашқы арғы жақтан келген әкемнің қарындасы Рысжан апамнан анық естідім. Әкемнің тілі, Қабдеш Жүмаділовтың кітаптарының тілі – ол да керемет, бірақ орыс - сәбет лексикасының әсері әйтседе де бар. Рысжан апамның тіліннің сөзі мен әуеніне рахаттанып жүр едім - мама қаздай (бір келіні туралы), кертінге дейін, тұрқы қандай, шөре-шөре болып отырсыңдар, өзі бір жәйіл екен (бауырым туралы), марқадам табу, әрең жүрген сәуірік немелер – кенет арасынан бір сөз құлағымнан тас ұрды. Идея! «Идея», - деді апам. «Оның идеясы дұрыс емес», - деді біреу туралы. Таң қалатын түкте жоқ. Идея - коммунистік елдің, қайда болсын, қай тілде сөйлесін – негізгі арқа сөзі. Осы сәтте мен жазып жүргендерімнің, жазайын деп жүргендерімнің идеясы туралы ойландым. Не үшін? Ата-бабамды дәріптеп, мақтау үшін бе? Олар ұмытылмау үшін ұрпақтарының санасына аманат қылып қалдыру ма? Осының бәрі болар. Бірақ әуелгі өскінім – өткенді білу, ұғу. Менің бабаларымның, әулетімнің тарихы – қазағымның бір түйірінің тарихы. Ата-бабамды еске алсам – қазағымның тарихын еске алғаным. Идеям осы. Ары қарай кеттік.

Рысжан Мәсәлімқызы. Суретті түсірген Еділ Шәуенұлы.

Күнгей елінің, Шығыс Қазақияның ХХ ғасырдың басындағы жақсыларының бірі – менің атам Мәсәлім би 1928 жылы елу үш жасында дүниеден өткен. Әлі жасаушы еді. Балаларының бәрі (қытайлар жас кезінде атқан Әнуардан басқасы) сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсаннан асып, қайтқан. Атам қапыда кеткен болу керек. Теріскей мен Күнгейдің әйгілі ақыны Әрімжан Жанұзақұлы атамның қазасы туралы естігенде былай деп күңіреніпті: «Арманда өткен асылым-ай... Талаптың мініп тұлпарын, Тас қиядан өрлеген, Мінезі сондай жігіттің, Бүл дүниеден жайы өткен!». Биге арнаған керемет те ұзын сонар жоқтауының бастауы мынандай: Қанаты ақ сұңқардың қайрылғандай, / Дертіне адам пәнде қайғырғандай. / Мен айтайын көңілді ағайынға, / Боп қалды-ау Ноғай-Қазақ айрылғандай. / Айтайын енді көңілді, / Жұрт жүрегі егілді. / Дүниеден өтті асылым, / Жеткен соң уақыт сызығы. / Қайырын берсін сіздерге, / Мәсәлім бидің қазасы».

Әрімжан Жанұзақұлына Теріскейдегі Барқытбелде, Ақжар шаһарында орнатылған ескерткіш.

Әрімжан ақын – арғы жақ пен бергі жаққа атағы жалпағынан жайылған ақын. «Мәсәлімді жоқтауы» кейіннен ел ішіне кеңінен тараған. Әкемнің "Тәңір Құтын іздедім" кітабында толық мәтіні бар (Жағда Бабалықтан алынған). Ол заманда Алтай мен Тарбағатайда аттары шыққан ел билеушілер Қызыр Төре, Таңғыт үкірдай және Мәсәлім Би. Деректерде Тарбағатайдың төрт үкірдайынын үстінен қараған Таңғыт пен төбе биі Мәсәлім екеуінің есімдері қабат көп айтылады. Мәсәлім шекараға қарайтын би болғандықтан ел межесінің екі жағындағы халық бірдей таныған. Қазақтар Матен Амбы деп атап кеткен Шәуешектегі Шын империясының амбаны (губернаторы) Машын биді (Мәсәлім Биді) шекараға қарар 看守人 (kānshǒu rén) қылып қойыпты. Шекара ахуалы ол кезде күрделі болғандығы айтпаса да түсінікті. 1916 жылғы көтерілістың арты үлкен үркінге айналады. Әйгілі «Самал тау» әнінде жырланғандай: Қайран елім, өскен елім, шалқар көлім, Не болар солдат болып көрген күнім... Ақ патша қара бет болып қазаққа берген уәдесін бұзып, Керман майданына қарай айдай бастағанда қазақ-қырғыздың біразы «атты да, жаяу да, баяу да» Күнгей Қазақияға жосылады. Орыс-Керман соғысы ақыры орыстың бірін-бірі қыру азамат соғысына ұласады. 1917 жылдың басынан бастап орыстар Ақ пен Қызылға бөлініп өзара қырқыса бастап, бүкіл Орыс империясы өрт даласына айналғанда, бейбіт ел «кір-жуып, кіндік кескен қайран жерін» тастап жайсаң жатқан Күнгей еліне қарай тағы тартылады. Сондай үлкен көштің бір тобы Құлыстайдан өтіп Манас-Еренқабырға жетеді. Оларды қайтарамыз деп қытай билігі арнайы 佣金 (юнгжинь) комиссия құрып, атамды соған басшы қылып, көштің артынан жіберіпті. Қазақтарды қайтармақ түгіл, әкем жергілікті жайсандарды келгендерге жайылым беруге көндіріп, босқындарды қоныстандырыпты. Ыза болған қытай ұлықтары юнгженнің басшысы Мәсәлім биді бір айдай Шәуешекте жартылай қамақта ұстап, шарасы таусылғаннан босатып жіберген. Бұл тек қытай билігінің дәрменсіздігі ғана емес, атамның беделін, қазақтардың сол кездегі дербестігін білдірсе керек. Аталған уақиға туралы 1946 жылы Шәуешекте шығатын «Тарбағатай» кәзитінде жазылғаны туралы деректер бар.

Менің қолыма тағы 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Алаш қала - Семейде шыға бастаған «Сарыарқа» кәзитінің 1918 жылғы нөмірінің көшірмесі тиді (зертеуші Елдос Сауырханұлына үлкен рахмет). Онда "Басқармаға хат" деген айдармен берілген ақпаратта Шәуешек мұсылмандары орыс қазақтарына берілген көмегі туралы, «Қазақ» кәзитінің 247-нөмірінде басылған босқын қазақ-қырғыздар аянышты ахуалына мейірім мен жанашырлық білдіріп Шәуешек игі-жақсыларының қаржы жинағанын, жиналған сома 2200 сом құрағанын, ол ақша 13 қинуарда Шәуешек поштаханасынан 67-нөмірлі квитанциясымен «Қазақ» кәзитінің басқармасына жіберілгені туралы жазады.

«18 январьда Орынборды большевиктер алғаннан кейін газетін шығарушы Ахмет (Байтұрсынов) һәм Мирихтов Орынбордан шығып кетіпті. Сондықтан жоғарыдағы ақшалар олардың қолына тапсырылмаған. Сөйтсе де, «Қазақты» олардан кейін басқарып қалғандар ақшаны алған шығар, һәм тиісті орнына жіберген шығар деп ойлаймын», - деп үміттенеді имярек ақпарат беруші. «Бірақ, - дейді ол ары қарай, - бұл күнге дейін газет жүзінде еш хабар болмады. «Сарыарқа» басқармасынан өтінетінім, осы хатымды бассаңыз екен, мына қайырлы іске ақша берушілердің алдында есеп бергенім болсын һәм басқаларға да арлылығым болсын. Жоғарғы ақшаны алған-алмағандығын һәм тиісті орнына тапсырған-тапсырмағанын «Қазақты» осы күні басқарып тұрған азаматтар, газет жүзінде жазсаңыз екен», - дей келе, ақша берушілердің тізімін жазады. Тізімде дерлік адамдардың есімдері әкесінің аты не сойымен бірге беріледі: Ғабдрахман Хасенов, Ғарып Борнашев, Рымхан Айсынов, Ахметжан Шәнішев, Дайыр Жұмажан оғылы, Қанапия Ғабдолла оғылы, Ораз Нұрбек оғылы, т.т. Тек екі адамның сойы көрсетілмейді, бірі мансабымен айтылады: Таңғыт үкірдай, екіншісі бір-ақ сөзбен айтылады: Мәсәлім. Демек, есімі елге танымал керек.

Шәуешек жақсыларының жинағаны ақшасы (аз сома емес) қайда кеткені беймәлім қалды, бәлшебектер экспроприация жасаған болар.

Бұл жерде есім-сойларға байланысты бір нәрсеге көңіл аударуға болады. Бұл қазіргі қазақ қоғамында да шешілмеген. "Қазақтың" 1915 жылғы 103 нөмірінде «студент Ыдырыс Оразалыұғлының осы күні фамилия жазғанда қосылып жүрген орысша «ов», «ованы» тастап, онын орнына "ұғлы", "қызы" деп жазуы тиіс" деген пікірі басылған. Кәзит басқармасы мұны қостай келе, басқа пікірлерге де жол береді: К.С. (мысалы, Қ.Б. – Қыр Баласы, Әлихан Бөкейхан, ал К.С. ашылмаған бүркеншік есім,) ов-тың орнына «и», ова-ның орнына «ие» ұсынады. Мысалы, Әлихан Бөкейхани, Назифа Құлжание. Жармұхамед Болатұғлы бұған келіспейді, оның ойынша -и мен -ие арабша, жат тілдік, дұрысы түрікше –лу, -ли (Әлихан Бөкейханлу, Назифа Құлжанли). "Желкек" деген айтады: -ова, -ова-ны қалдыру керек. Нығметолла Күзембаев "ұғлы" орнына "ұлы" деп жазу керек дейді. Кенжеғали Абдуллаұғлы -ов орнына -дан, -нан-ды жалғау керек дейді (Әлихан Нұрмұхмедұғлы Бөкейханнан), ова-ның орнына, еркектен айыру үшін –ның, -дың-ды қосу керек (Назифа Сағызбайқызы Құлжанның), - дейді. Айта кету керек, осы күні Шығыс Қазақияда көбінесе осы дәстүрді пайдаланады. Мысалы, Мәсәлімнің Шәуены, Шәуеннің Еркіні. Айқын да анық. Қыз баланы есімінен айыруға болады. Сағызбайдың Нәзипасы не Мәсәлімнің Шайнұры. Пікірлердің бәрін тізе келе, тілші «Әлихан Ыдырыс Оразалыұғлының пікірін мақұлдайды» деп жазыпты. Жоғарғы тізімдегі ақша шығарушылардың жарымының -ов, қалғаны «оғылы» болғаны осы тартыстың көрінісі. Бұл, проблема демейік, әйтсе де ұлттық болмыстың маңызды белгісі, біздің әулетте, бүкіл қазақ қоғамындағыдай, әлі күнге дейін негізін тапқан жоқ. Мен – төлқұжатта Мәсәлім, Еділ ағам – Мәсәлім Би, Ержан бауырым – Масалимов.

Қазақтын рухани, өркени мәсәлелері сол заманнан осы күнге жетіп, түбін әлі таппай жатыр.

"Қазақ" кәзитінде есімі Әлиханмен бірге қайталана беретін Назифа (Нәзипа) Құлжан. Алаштың қайраткері, ағартушы, жорналшы.

Он жетінші жылдың маусымынан шыға бастаған Семейдің «Сарыарқасы» -«Қазақтың» серіктесі. "Мадияр" (Міржақып Дулатов) жазады: "Семейде шығаруға қам қылып жатқан «Сарыарқа» газетінің 1 нөмері келді. Жылдық хақы 6 сом. Семейге газетті емлесімен шығару мақсатымен Имам Әлібеков жүріп кетті. Сарыарқа көңілдегідей жақсы". Иманды Имам - ерекше бір тұлға. Тек грамотей емлеші емес, жаугер, саясаткер. Кейінірек «Алаштың» Семей обкомының төрағасының орынбасары, Алашорда атты әскерлер полкін жасақтаушылардың бірегейі болған. Ондай адамды қызылдар қояма. 1933 жылы «Алаш ісі» бойынша Мағжан Жұмабаевпен бірге 10 жылға соттайды, уақытша ақтайды (бәлшебектер алашшылармен мысықтың тышқанмен ойнағанындай ойнайды: бір жіберіп, бір босатып, иіскеп, артынан қайтадан тырнағымен бүріп, түбінде жеп тынады), 1935 жылы ақталып, Қарқаралысына қайтып, кезінде өзі ашқан Бесоба мектебінде мұғалім болып жүргенде қайтадан ұсталып, 1937 жылы 17 қыркүйегінде Семей түрмесінде атылған.

1917 жылдың маусымында Алаш-қала аталған Ертістің сол жағалауы.

"Қазақ" кәзитін оқу – өте қызық. Мысалы, 12 нөмерінде «Оқшау сөз" айдарымен "Қыр баласына" (Әлиханға) доктор Халел Досмухамедов жауап жазады: Орал облысында Уральски казачьи воинскаға қараған қалмақтар бар. Қыр баласының өтініші бойынша: Алаш деген қалмақ тілінде сөз бар ма? Мағынасы қазақша не болады? - дегенімде, қалмақтар айтты: Қалмақ тілінде Алаш деген сөз бар, қазақша мағынасы өлтіргіш, аямаушы, жаугер деп.

Қазақтың ол уақытта өз баспасөзіне қалайы түрлі болған. Он бесінші жылдың басында "Қазақты" шығарушылар былай жазады: «Ауқатты Алаш азаматарына. Жұрт болып бір газетаны жүргізе алмасақ, сонымыз тіпті масқаралық, өзге жұрттан ұят болатыны шексіз. Газет тіптен тоқтап қалады деген қауып емес, әлі де болса (айына) екі шығару жағының қамы. Алғаш шыққан жылы алушылар 3000 астам болды, келесі жылы үш мыңға таяу болды, биыл 1600-ге түсіп қалды» (айта қояйын, кейіннен «Қазаққа» жазылушылардан саны 8000 дейін жеткен). Ауқаттыларға үндеу жазылған жылдың жазында Семей жақта мұғалім болып жүрген Сұлтанмахмут “Кім жазықтысын" аяқтап, анықтамай мүштәри болып Тарбағатайға аттанады. Мүштәри деген кәзитке жаңаршы іздеуші, қаржылау жинаушы, жазылдырушы, материал іздеуші. «Казақ» кәзитінің шыққанын бірінші болып алақайлаған Сұлтанмахмут болған: Қараңғы тұман түнде еді, / Қара қазақ баласы./ Ай мен күн һәм жұлдыз жоқ, / Жым-жырт сахра даласы... / Жиырманшы ғасыр басында / Міне Алланың панасы: / Бір жағынан ай туып, / Бір жағынан күн туып, Жарық көрді алашы! («Міне, алақай!», 1913 ж., 2 ақпан).

Қабдеш аға Жұмаділов былай деп жазады: «1915 жылы Алаштың “Қазақ” газетіне қаражат жинап берген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бірден Мәсәлім ауылына түсуі жайдан-жай болмаса керек. Өйткені ол ұлысқа ұйытқы болған киелі шаңырақтың бірі–тұғын». Атамыздың ауылына барғаны туралы Сұлтанмахмуттың өз жазғандарынан да кездеседі: «Қоналқаға Мәсәлім бидің ауылына келдік. Түсе сала қымыз құйылып, үш-төрт қабатталған таза көрпелерге отырған соң, аяғымызды көсіліп, қарынымызды керіңкіреп жастыққа жантайдық. Бір мезгілде үй иесі: «Малға бата қылыңыз»- деген соң, үйден сөгіле далаға шығып, бір тай мен бір қойға бетімізді сипап келіп отырдық. Кеш болды. Ішіліп жатқан қымыз, желініп жатқан ет. Қымыз денеңді қыздырған соң уайымсыз, қамсыз мырзаларға да әңгіме, ермек керек болып, біреуді-біреу түрте сөйлеп, қалжыңдасу басталды». Сұлтанмахмуттың жоспарында күнгейдегі қазақ өміріне байланысты «өлеңмен драма жазу» болған. Орындалмаған көп мақсатының бірі. Сұлтанмахмутты Мәсәлім бидің ауылына алып барған Құрбан қажы болатын. Сұлтанмахмут ауылға түскен күні, атамның қымызын ішіп, жас тайдың етін жеп, жас марқаның етімен сорпаланған кеште Сұлтанмахмуттың жазуы бойынша «Мәжілісіміздің ақсақалы Құрбан қажы: Балалар, құр-қалжың не керек, газеттерің, қиссаларың болса, оқы,- дейді (С. Торайғыров, Таңдамалы шығармалар, А., 1957; 346 б.).

Балдайынан кітапқұмар Күнгейдің шалдары. Оң жақта - Мәсәлім немересі Исхан Түсіпханұлы, тоқсаннан асқанда.

Құрбан (Құрман) қажы – дара әңгімеге лайық сом тұлға. Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романында бар бейне, қосжүрек Демежан Үкірдайдың қайын атасы. Тегі Теріскейдің Сайболаты. Жас кезінде «Қоңыз батыр» атанған, романда суреттелгендей - еңсегей ер денелі, екі иығына екі кісі мінген, сүйегі тұтас - ер тұлғалы адам болған. Мәсәлім ауылына Теріскейден ең жиі келетін қонақ. Жас кезінде, XIX ғасырдың үшінші ширегінде, Байжігіт Наймандар дүнгендерге қосылып Маңшың өкіметіне қарсы көтерілген-ді. Сібеті мен Майқайың өзендерінің төменгі жағынан кейіннен «Кәпір қашқан» деп аталған жазықта Хәбен амбы, Шаған кеген бастаған Мәнжу әскерін қырып, наймандар жеңістен кейін сүйегі Мәмбет, Құлдың ұлы Отыншыны хан қылып сайлаған. Ұлыстың бас биі Тоқыр, бас сардарлар Қоңыз батыр мен Әділбек болған. Аз да болса дербес сүрген жаңа замандағы Найман хандығы. Қоңыз Батыр Құрман Қытайға қарсы көп көтерілістің бәріне қатысқан қас батыр. «Тұла бойында найзаның ұшы тимеген, не оқ жалап өтпеген сау жері жоқ», - деп жазады Қабдеш аға қазақ әдебиетіндегі ерекше бір ғажайып роман «Тағдырда». Бет аузы тыртық, оң жақ танауының жыртығы да – найзаның ізі. Кезінде бетіне жан келтірмес атақты батыр менің атам Шандаяқпен бір топта Меккеге барып келіп, бірәдар сопыға айналғаны жұртты қайран қалдырған.

Теріскейден Құрман қажымен Күнгейдегі атамның үйіне барған Сұлтанмахмут – тарихи тақырыптан алшақ әлеуметтік ақын. Мағжандай «Батыр Баян» жазбаған. Мен білетін тарихқа байланысты бір-ақ шығармасы бар, ол Құрман қажы айтып берген, «Қазақ» кәзитіне «Оқшау сөз» айдарымен басылған (Сұлтанмахмұт үшін бұл расында да оқшау тақырып) «Жалаңаш Баба» тарихи аңыз-әңгімесі («Құрбан қажы аузынан» деп берілген). Абылай тұсындағы қазақ-қырғыз қырғыны туралы. Желісі мынадай: қазақтың Қоңыратын шабуға дайындалып жатқан қалың қырғыз әскері өз елінің шетіне көкжарлы көкжал Барақ пен Тума Шыңқожа екеуі бастаған аз ғана қазақ әскері тақағанын естиді. Қырғыздың неше мың әскері қазақтың бір мың аламанына шауып, бәрін өлтіріп, «бастарын кесіп, алып, бір бас бір шымнан қалатып Шу жағасына мұра (мұнара) тұрғызады" . Қырғыздың төрелері Нәдір бала мен Садыр бала «Көкжарлы көкжал Барақты алдық, жалғыз көзді қарақты алдық», - деп мақтанып, есіріп, Ақсу, Шымкенттегі Қоңыраттың елін де шауып қайтады. Мұны естіген Абылай қозып, қарамағында бар шерігімен қырғызға аттанып, өшін алып, Нәдір мен Садырдың әкесі Жайылханды сегіз ұлымен бірге тұтқынға алады. «Шайқастың алдында қалыңдығына (көптігіне) сенген қырғыздың Нәдір баласы аса мақтанып: Бұл шетінен кірмесем, / Ол шетінен кірмесем, / Абылай деген сартыңның, / Үстіндегі қамқасын / Қан қылмай алып кимесем! / Қара да тұр ойныма!» - дейді. Қырғыздың қырғын әскерін жеңуге Абылай ханның Жалаңаш баба дуанасының: Сәске көтерілгенше ол атса да сен атпа, сенің оғың оларға сәскеден кейін ғана дариды, - дегені болыпты. «Қу адасқан тұманда, ат бауырынан қара қан аққан шайқаста» қырғыздар быт-шыт болып жеңіліпті. Тұтқынға түскен қырғыздың сексен сегіздегі Жайылханның айтқаны естуге тұрарлық: «Көп уақыт бала көрмей, соңғы тоқалымнан сегізді көрдім. Ең кенжесі сегізде. Осы сегізінің ер жетіп, қазақты мұқатып кек алғанын көрсем деп едім». Сосын сегізінің кенжесін Абылайдың рұқсатымен оңаша алып: Мені де, ағаларыңды да Барақтың қаны үшін осы арада бауыздайды Абылай. Бірақ (қазақта) тұқым құрту жоқ. Сені өлтірмес. Абылай саған қайт деп рұқсат бергенде, жылап соңынан қалмағайсың, «қара сүйек бір қазақтың найзасының ұшында кетемін ғой, одан да өз қолыңызбен өлтіріп кетіңіз» дегейсің. Сонда хан қайырым қылып сенімен бітім жасап кетер. Ер жеткен соң қолың жетсе осының қаруын бір қайтарарсың, балам, - депті. Осындай аңыз. Құрман қажы Сұлтанмахмутқа жеткізген, Сұлтанмахмут "Қазақ" арқылы алашқа таратқан.

Сөйткен қырғызға жаны ашып Міржақып Дулатов «Қазақтың» сол жылғы нөмірінде «Оян, қазақ!» (Босқын қырғыз бауырларыма арнадым) деп үндеу жазады. «Бейшара қырғыз бауырларымызды ескеру, бұл күнде бір тілім нанға зар болып тұрған сорлыларға көмек көрсету, қырғызды өлімнен құтқару - алаш азаматының борышы» деп үндейді. Өзі -«қырғызға аз болса қорек болсын» - деп 1911 жылдан қамауда жатып жарыққа шыққан «Оян, қазақ!» кітабының толық тиражынан сатылуынан түскен қаржыны қырғызға береді (1000 дана, әр қайсысы екі тиын, 2000 сом болар).

Құрман қажы, алдында айтылғандай, менің арғы атам Шанды аяқ қажымен Меккеге бірге барып, артынан үйіне тәбәрігін жеткізген адам. Содан Мәсәлім бимен жақын болып кеткен. Шанды аяқ атам ауырып жүріп Ғ. С. Мұхамед Пайғамбарымыздың басына барып, Ғарапат тауына шыққанда қасынан қалмай демеп жүрген осы Құрман батыр. Ол уақытта Меккеге бару үшін әуелі Ыстамбұлға барып, одан кемеге отырып Жерорта теңізін кесіп отырып киелі мекенге жетеді екен. Шалкиіз Жырау жазғандай: Қара бас күспен шалдырып, / Көк теңіздің үстінде / Көтеріп желкен аштырып, / Ниет еттің Тәңірінің үйі Кебеге! Жолда қатты дауыл болып кеме шайқалса «Ұлы тауға шыққандардың, ұлар етін жегендердің» біреуін құрбандыққа шалып, теңізге лақтырады екен. Осындай қиын сапарда үнемі момын атамның қасында болған қайран Құрбан бабам...

Көк теңіздің үстінде Көтеріп желкен аштырып, Ниет еттің Тәңірінің үйі Кебеге!

Қоңыз батыр мен бейбіт Шанды аяқ атам сахара Дешті-Қыпшақтың арбамен өтіп, ұлы-дулы Қара теңіз шаһарларын аралап, Ыстамбұлда болғанда, дарияның үстінде кемемен желпінгенде бір-біріне «Жалаңаш дуана», басқа да ғажайып әпсәнәлар айтқан болар.

Сұлтанмахмуттан басқа «Айқап» пен «Қазақтың" мүштәри тілшісі, «Қытайдағы қазақтар өмірінен» деген айдармен үнемі материал басып тұрған айтулы Молдағали Бектұрлыұғлы болған.

Бектұрлыұғлы Молдағали, нәсілі башқұрт, ұлты қазақ – осы күнгі тілімен айтқанда белгілі жорналшы, 1913-1916 жылдары аралықта жазғандары «Айқап» және «Қазаққа» көп шығып тұрған.

Тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетханұлының айтуынша "Бұл кісінің міндеті екі түрлі болған. Біріншісі, жаңағы жорнал-кәзиттерге жазылушыларды тарту, соларды насихаттау. Екіншісі, бұл сол кездегі түрік армиясына, түрік теңіз флотына көмек деген бүкіл түрік дүниесінде науқан жүрген. Соңын барысын қазақ кәзиттеріне айқындап отырған. "Түркияның әскери теңіз флотына жәрдем" деп Іледегі Қызайлар қанша берді, Тарбағатайдағылар қанша берді, Алтайдағылар не берді. Ол кезде күміс ақша, тағы малмен есептеп, соның барлығының басында елбасылары, рубасыларының жүретіндігі. Сонда біраз ақша жиналып, оны аман- есен табыс еткендігі туралы, Türk Deniz Kuvvetleri Amiralinin (Түркия Теңіз флотының адмиралының) жауабы, рахметін айтқан, тағысын тағы".

ХХ ғасырдың 40-50 жылдары Алтай, Тарбағатай қазақтарын не себептен осман түріктерінің сонау Кашмирдан алдырған деген сауалдың бір үші туысқандықпен бірге осындай байланыстарда жатса керек.

Жалпы, Күнгей қазақтарының өмірі «Қазақ» кәзитінде кеңінен қамтылған. Ең бірінші нөмірінде (1913 жылдың 2 ақпаны) шыққан Назар қожа Ғабдолмұхамбет оғылының «Қытай жеріндегі қазақтар» деген мақаласында былай деп жазылған: «Қытайға қараған (қытай жері емес, тек – қараған, Е.М.) Құлжа өлкесінде бірсыпыра қазақ бар, бұрыннан сол жерге ие болып, көшіп барғандарды «қашқын» атайды (деп налиды Назар қожа). Қашқындардың Түркістандағы (Үлкен Батыс Қазақия) жерлері мұжыққа кетіп, мал бағуға, шаруа күтуге қиын болған сон ауып кеткен. Қазір бұлар үш мыңдай үйден артық дейді (бұл тек 1913 жыл). Егер Қытай үкіметі көшуді тыймаса аққан судай Түркістан жеріндегі қазақ барып толса керек». Бұл елде мектеп-медресе жоқтың алдында екенін нұсқап, Назар қожа «оқуының, ғылымының аздығы керек қылмағандықтан емес, молда халифа жоқтығынан», -дейді.

"Қазақ" кәзитінің бірінші нөмірі.

Бектұрлыұғлы Молдағалиға оралсақ, «бұл кісінің жалпы Күнгей қазақтары туралы деректері, Қызайлардың өмірі, Шәуешектегі қазақтардың, Алтайдағы қазақтардың өмірі туралы қалған дүниелері көп» - дейді Әлімғазы аға, - Тарбағатайға барып, Шәуешекті аралап, Таңғыт Үкірдайдың, Мәсәлім бидің үйінде болғандығы туралы жазғанын өз көзіммен оқыдым. Алтайға барып Шәріпхан, Көкетайдың ұрпақтарыменен, Қызыр Төренің әңгімесі бар, тағысын тағы».

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Шығыс Қазақияны керемет рәсімдеген бірегей жорнал National Geographic.

Мәсәлім атамның үйінде болғаны туралы Шәуешектегі алғашқы фотограф Мұхамеджан Юсупов туралы жазғандары бар. Бұл туралы Мұхамеджан қызы Никар Бафина апамыз былай деп әңгімелейді:

Әкем Тарбағатайда бірінші фотограф болғандықтан ана жақ, мына жақтағы ұлықтар, байлар таңсық көріп, шақыртып, өздерін, отбасын суретке түсірткен. Аппарат ал деп, жол расқұтына деп қой тұяқ жамбы да жіберетін. Жолда, бара жатқанда, әр жерде, қазақи қонақты сыйлайтын әдетіміз ғой, ана жерге бір тоқтап, мына жерге бір қонып дегендей. Бірде қалмақтың байлары, «балама сурет түсіргенді үйрет, келіп қонақ болып кет», - деп шақырады. Анам бірге барған, жолда сендердің аталарыңның ауылына барады. Сонда әкемнің жазғаны бар: талай жерде қондық, Мәсәлімнің ауылы ерекше ауыл екен, үйлері таза, көрпелері бәрі керемет, - деп. Енді сондай жағдайға мән берген». Сұлтанмахмут та «үш-төрт қабатталған таза көрпелерге жатып, аяғымызды көсілтіп, қарынымызды керіңкіреп» жатқаны туралы жазады.

Мұхамеджан Юсупов жұбайымен.

Сонымен, ХХ ғасырдың басында Күнгей елінде қазақтардың тек малы ғана өсіп емес, мәдени жаңғыру дәуірі де басталады. Жунго империяның батыс сауда орталықтары Шәуешек пен Құлжа қазақ және басқа ұлттар үшін мәдени орталықтарға айнала бастады. 1913 жылы «Қазақ» кәзитінде «Көзі көрген» дегеннің «Шәуешек жайынан» деген шолуында «Шәуешек мұсылмандары діндәр һәм біздің қазақ секілді қонақасыға жомарт, бауырмал келеді екен. Ғылым жайынан Шәуешектің осы кездегі хәліне қарағанда Европаны қоялық, Сібір шаһарларынан кем емес. Шаһарда қиратхана (типография) болмаса да, бұлардың үйлерінде неше түрлі газета, журналдар болып, әркімнің пайдалануына жолы бос», - деп жазады. Айтқандай, 1910 жылдан Шәуешекте «Іле уалаяты» гәзиті жартылай қазақша жартылай қытайша шыға басталған. Бұл басылымға 1888 жылдан Омбының «Дала Уалаятының" әсері даусыз. Оның да төрт бетінде қазақша ақпарат, қалған төрт беті орысша болатын. Жазу емлесі де ұқсас. Кейіннен Шәуешекте біріңғай қазақ тілінде басылымдар шыға бастады. Болашақ Үш аймақ төңкерісінің көсемі Дубектің әкесі Шалғынбай үкірдай «Біздің Дауыс» жорналын шығарды. Петербордан «Серке», Орынбордан «Қазақ», Троицкідан «Айқап» журналдары да күнгей қазақтарына жетіп тұрған. Жоғарыда айтылған Құрбан қажының Мәсәлім үйінде отырып: Балалар, құр қалжың не керек? –Газеттерің, қиссаларың болса, оқы! - дегені жайдан жай болмаған...

(жалғасы бар)

0
0
1459

Осы тақырып бойынша

Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді Алашы! - Yvision.kz