Бір жылдан кейінгі базына

Осыдан тура бір жыл және бір күн бұрын, яғни 2022 жылғы 17 сәуірде Астана қаласында өткен Торғай облысын ашуға қатысты ресми рұқсат етілген митингке қатысқан едім. Өткен шара туралы жазылды, қайталау артық болар, тек өз тарапымнан жалпы, мұндай шараға алғаш рет еркін қатысқан едім және мінберге шығып, жол, газ, ішкі туризм мәселелері бойынша сөз сөйлеген болатынмын.
Өз ойымды тағы бөлісуді жөн көрдім:
"Ассалаумағалейкум ағайын!
Жаңадан ашылған Ұлытау облысының картасы шықты, аймақ бар болғаны екі аудан мен екі қаладан және бір қалашықтан тұрады екен. Сонда, 10 ауданнан және үш қаладан тұратын бұрынғы Торғай облысының облыс болуға мүмкіндігі жоғары деген сөз ғой.
Ал, енді, тақырып бойынша айтсам.
Миллиард пұт астық тапсырып отырған және кезінде әр совхозында 85 мың қойы болған Торғай облысы қазба байлықтарына да бай, дегенмен, өңірді дамыту үшін туризмнің де маңызы зор. АҚШ зерттеушілерінің мәлімдеуінше Әлемде теңдесі жоқ Торғай геоглифтері арқылы ғана миллиард доллар табыс табуға болады екен. Өкінішке орай, аймақтың туризміне мән берілмей отыр.
Торғай жерінің табиғаты, яғни, көлі де шөлі де, шоқты ормандары мен таулары да туристер үшін қызық болары сөзсіз. Ауыл, яғни этнотуризм де туристердің қызығушылығын арттырады, оған өзіміз де ат салысып жүрміз.
Әрине, соңғы жылдары еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары үшін Торғай жері туризм аймағына айнала бастады. Мысалы, алдыңғы жылы тек, Қаратұзды көруге 5000 адам келген. Ал, қазақтың талай талантты ұл-қызын дүниеге әкелген туған жерімізді танығысы келетіндер көп, ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетін (дұрысы, аталып өткен) Ахаң мерейтойы бойынша ұлылардың ізімен жүруге қызығушылық артып отырғаны белгілі.
Дегенмен, аймақтың дамуы үшін үш нәрсені айта кетейін, бірінші – ол газдың жоқтығы, жолдың жоқтығы және инфрақұрылымның жоқтығы.
Мысалы, Ақтөбе облысының Торғайдан 70-100 шақырым қашықтықтағы Ырғыз ауданына, Қостанай облысының бізбен іргелес Науырзым, Әулиекөл аудандарына газ келіп тұр, сол газдың Торғай жерін айналып кететінін түсінбеймін. Жалпы, осы біз тоқалдан тудық па деген сұрақ туындайды?!
Жол мәселесіне қатысты айтатын болсақ Торғай аймағының Ұлытау облысымен, Ақтөбе облысымен және Ақмола облысымен шекаралас жерлеріндегі жолдарға қарасаңыз, соғыстан кейінгі бомба түскендей, жол емес, жол деген аты ғана. Сондықтан, осы учаскелерге мән беру керек, ал, жалпы, жол туралы айтқанда 2018 жылы басталуы тиіс республикалық (халықаралық) Орталық-Батыс жолына айрықша мән беру қажет. Өйткені, бұл біріншіден, аймақтың дамуына серпін берер еді және екіншіден, Қазақстанның солтүстігін еліміздің батысымен және орталығымен байланыстыратын тіке жол. Яғни, аймақтың көліктік дәліз ретіндегі мүмкіндігін ұмыта береміз. Егер, жол салынса Астана мен Арқалық арасындағы қашықтық 395 шақырымды құрар еді. Айтқандай, ол жолдың салынуына қарсылар бар, оның бастысы Қазақстанның АСБК, яғни Биоәртүрлілікті сақтаудың қазақстандық қауымдастығы, олардың айтуынша Орталық-Батыс жолы киіктердің жолы екен-мыс. Осы күнге дейінгі жасымда аталған жолдан киіктің өткенін көрмеппін. Адам тұрмысы, өмірінен гөрі киіктің артықтығы деген осы. Айтқандай, ата-бабамыздың жерін босатып Ұлы Жыланшық, Тосын және Сарыторғай учаскелерін құрайтын жарты миллион га тұратын "Алтын Дала" резерватына бердік. Жалпы, болашақта аталған резерваттың бір бөлігін жергілікті халыққа қайтару керек және резерваттың жұмыс істеуіне жергілікті халықтың мүдделілігі қажет. Ал, аталған ұйымның (АСБК) тек сурет салып, бәрін қатырып жатырмыз дегені бос сөз.
Және, соңғы, Арқалықтың тағдырына қатысты, егер, болашақта аймақтың орталығы Арқалық қаласын дамытамыз десек, жалғыз институтты қалдырмай, Арқалықты білім хабына айналдыру қажет. Мысалы, Меруерт Махмутова апайымыз айтқандай Арқалықта ірі университеттердің филиалдарын ашып, Ыбырай ашқан алғашқы білім ошағы ретіндегі рөлін арттыру керек. Және, Арқалықтан 450 шақырымдағы кей ауылдар үшін Торғайда жергілікті мамандарды даярлау мақсатында колледж ашса тіпті керемет болар еді. Және, шағын авиацияны қалпына келтіру маңызды, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіреміз деген кейбіреулердің уәдесі де өтірік болып шықты.
Қысқаша айтқанда, соңғы жиырма жылда Қостанай облысынан сайланған депутаттарымыздың бірлі-жарымдысынан өзгесі Торғай жеріне із салмады, бірде бір Премьер-Министріміз 300 мың халқы бар Торғай аймағының тағдырына тіптен мән бермеді. Бұлай ұзаққа созыла бермейді. Шыдамның да шегі бар, Үкімет ұлт ұясы Торғайға мән беруі қажет, олай болмаған күнде, Астана іргесінде Қазақстандағы ең протестті аймақтың пайда болуы мүмкін. Ал, ол билікке керек пе, жоқ әрине, ендеше аймақ проблемасын шешу үшін оның кешенді бағдарламасы жасалып, ертеңнен бастап іске кірісуіміз қажет!
Айтқандай, митингке келіп өз пікірін білдіруге шақырылған Қостанай облысының біздің аймақтан сайланған депутаттары келген жоқ және Парламент депутаттарының да аяқ астынан жете алмай қалуы көп жайттан мән берер еді?!".
