Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Біз Қазақстанда не бағып жүрміз? Немесе Қазақстан мектептерінің бағыты қандай?

Бұл күндері Президент кетті, заман ауысты, көше ауысты, қаланың атауы ауысты деп сәл шатасып кеттік. Әйткенмен, халықтың көңіл-күйі ауысқалы қашан. Үнемі, ұдайы болмаса да, арагідік осында жазып тұрамын. Мысалы кейбір мақаланы оқып болған соң, жақсылап моншаға түскің келеді, ал кейбір мақаланы оқып болғанда, чемодан алып безіп кеткің келеді екен, ал кейбір мақала еліміздің ертеңіне алаңдатады мысалы.

***********************************************

Білім саласын ұрыспайтын, сынамайтын саналы адам кемде-кем шығар, сірә. Бірақ әлгіндей еңбекті оқығанда, біз сонда ертең кім боламыз деген сұрақ мені мазалауын қоймайды. Мен де бір баланың анасымын, балам мектепке барарда ең жақын туыстарымнан бір кісі бұл баланы орысша оқыту керек деді. Орыс мектебі болса үйге тиіп тұр. Мен оған үзілді-кесілді қарсы болдым. Балам ертең орысша ойлайтын, орыстың қамын жейтін ресейшіл ұрпақ болады деп қорықтым. Солай емес пе?

Бұл жерде мен ата-аналарды тек қазақша оқытыңдар, қазақша сөйлеңдер деп үгіттеуден аулақпын. Бірақ осы біздің ұлттық сана-сезіміміз неге сонша меңіреу болып ұйықтап қалған? Неге Білім және ғылым министрлігі әлгі "ғылыми" жетістіктерге бай орыс мектептердің ресейшіл ұрпақ тәрбиелеп жатқанына көз жұма қарайды? Неге орыс мектебін бітірген бала мемлекеттік тілді меңгермейді? Мектеп осы олқылықты түзейтін орда болса, өз жұмысын неге атқармайды? Әлде сол мектептердегі мұғалімдер шын мәнінде болашақ ұрпақтың қас жауы ма?

Біздің мектептердің кейбір кемшіліктері бар шығар. Бұған келісемін. Мысалы 12 жасыма дейін Алматы облысында орналасқан бір елді мекенде тұрдым, ол жер орыс тілді орта болғандықтан, қазақ тілін үйренуді мектеп қабырғасында бастадым. Осы уақытқа дейін менің қазақша жазу емлемде мәселе туындаған емес, кейде сөйлеу мәнерім ақсап жатса да. Демек, сол кездегі бастауыш мұғаліміміз бізге ережелерді дұрыс жеткізген. 12 жасымнан кейін Алматы қаласында аты шулы бір қазақ гимназиясында, тіпті лицейде оқи бастадым. Ол лицейдегі балалар қаладағы ең жақсы, ең білімді, ең тәртіпті мектепте оқитындықтарын сенгені соншалық, біз сияқты облыстан келгендерді "ауылбай, түк көрмеген, білімсіз, т.т" деп мазақтайтын.

Байқағаным сол лицейде менің ауылдық мектебімнен асып бара жатқан кітапхана, оқулық жоқ еді. Мұғалімдері де қарапайым кісілер, барлығы өз саласының маманы. Лицейдің білім-ғылым жағы, үйірмелері тура менің ауыл мектебіммен бірдей еді. Асып бара жатқан жағы қалада яки сол кездегі Қазақстанның астанасында орналасқаны еді. Және оқушыларының мақтаншақтығы №1 орында еді. Яғни айтпағым егер бала оқығысы келсе мемлекет ауылда да, қалада да оған барлық мүмкіншілікті береді. Ауылдағы мектептің мұғалімі де университет бітіріп келеді және сол ауыл мұғалімдері әр баланың жүрегіне барар жолды білетін нағыз ұстаздар деп білемін. Егер бүгінде осы жолдарды қатесіз жазып отырсам, ол менің ауылда оқытқан бастауыш мұғалімімнің еңбегі. Қаладағы мұғалімдеріме де алғысым шексіз, әрине, олар маған әріп үйретпеді, дегенмен оқып келген баланы әрі қарай дамытты, бағыт-бағдар берді.

*********************************************

Ресейшіл, Еуропашыл, Америкашыл оқу жүйесін мақтап дәріптейтін мақалалар жаза бергенше, өзіміздің мектептерді дәріптейік! Айтарым, әрбір азамат, ұстаз, студент осы платформада өзінің Қазақстандық білім ордасы туралы ойларын жазса, жоғарыдағыдай мақалалар біздің болашағымыздың тас дәуіріне кетпейтіндігін дәлелдейді. Қазақша, орысша, ағылшынша жазыңыздар, ағайын! Осындай эстафета бастағым кеп отыр.

1
0
887

Осы тақырып бойынша

Біз Қазақстанда не бағып жүрміз? Немесе Қазақстан мектептерінің бағыты қандай? - Yvision.kz