Блогосфера өмірі. Блогингке аңдатпа.

«Блогосфера» термины блог әлемінің жалпы бейнесі және Интернеттегі олардың жеке бөлігі саласында қолданылады. Негізінде, блогосфераның құрылымында мазмұнынан тәуелсіз әр жеке блог орналасады. Олардың саны күн сайын ұлғаюда, ал ішінен жақсысын, қызықтысын таңдау оңай шаруа емес, сондықтан да осы айдарда блогтарға сараптама жасауға тырысамын.
Қазақ, орыс тілді блогтарды тақырыбы және біз үшін пайдалылығы жағынан, подкастингке тоқталамыз, блогшылармен сұхбаттасамыз т.с.с. Тағы айта кететін бір жайт, өз басым «Блогинг» деген сөзде бір «Г» әрпін қолданамын! Мүмкін, Сіз бұнымен келіспессіздер, сондықтан да өз ойыңызды білдіруге ұмытпаңыздар.
Сонымен, әзірге Сіздің жеке блогыңыз жоқ немесе кезінде болған, бірақ дәл қазір жаңартылмайды:өшірілген/ұмытылған/шығармашылық дағдарыс салдарынан жаңа жазбаларсыз қалды. Сондықтан біз блогшылардың негізгі қателерін, проблемаларын да қарастыруға тырысайық. Ал әзірге, блог бастамас бұрын немесе блог бастаудың алдында не жайында білу керек? - деген сұраққа жауап:
- Блог бастау - бұл автокөлік немесе жылжымалы мүлік сатып алу деген сөз емес. Жеке бетті жүргіземін деп шешім қабылдау және осы шешімді іске асырудың арасында 10 минут уақыт болуы мүмкін және мұнда еш әбестік жоқ.
- Жеке бетіңіз дайын болғаннан кейін, блогыңыз бірден оң нәтиже әкеледі деп ойламаңыз. Себебі әр блогшының өзіндік тактикасы болған дұрыс. Адам блогингке келгенде бір мезеттік сезімнің не эмоцияның құлы болуы мүмкін, яғни көкейінде жүрген пікірін не ойын жариялап, кейін бұл тақырыпқа оралмай, басқа жаққа бұрып әкетіп, блогтың біріңғайлығын, идеялығын бұзады. Стильдерді таңдау біраз уақытты алады. Басында блог бірнеше адаммен жүргізілгендей болып, кейін жеке, содан мүлдем жабылып, біраз уақыттан жаңа тақырыппен қайта ашылған блогтардың өмір сүру үрдісі көптеп кездеседі.
- Ақыры блог мүлдем жабылып қалған жағдайлар да болады, себеп - бір тақырыптан екіншісіне көшу арқылы блогтың негізгі тақырыбы байқалмай қалады. Бұны блогшының өзі де, оқырмандары да тез түсінеді. Оқырманның осындай блогқа қайтіп келуі екі талай.
- Байқасаңыз, қазіргі кезде блогосферадағы танымал блогтардың барлығы жайдан-жай, ойламаған жерден пайда болған жоқ. Олардың әрқайсысында негізгі тақырып, бағыт әуел бастан-ақ анықталған еді. Сондықтан жоспар құру (ойша болса да) сапалы блогинг үшін - қажеттілік!
Студент кезімізде оқытушымыз: «Өлең жазып, ақын атану үшін алдында жүздеген өлең шумағын жаттап алу керек»,-деп айтатын, шынымен де, мысалы, жазушы болу үшін алдында көптеген әдеби кітап оқып, талдап, ұлы классиктердің туындыларымен танысқан жөн, ал блогшы болу үшін не істеу қажет?
