Бурабайға барсаңыз немесе бізден де бір кеңес!

Қалай жетеміз:
Егер, Сіз Қазақстанның бас қалаға іргелес аймағынан емес, өзге өңірден болсаңыз, Көкшетауға ұшақпен келіп, одан әрі көлікпен жетуіңізге болады. Немесе поезд арқылы Щучинск (Бурабай курорты) жетіп, сол жерден 19 шақырым жердегі Бурабай кентіне бара аласыз. Такси де бар, автобус та жүріп тұр. Көлікпен автобанда өту құны 200 теңге.
Жалпы, ең жақсысы астанамыздан көлікпен жеткен абзал. Қазақстанның қай жерінен болса да Нұр-Сұлтан қаласына келу қиын шаруа емес, одан әрі Бурабай салыстырмалы түрде айтсақ тиіп тұр, яғни 240 шақырым ғана қашықтықта орналасқан.

Баға бойынша:
Мысалы, бас қаладан электричка Щучинскіге - 1884-2439 теңге (отырып барасыз), Бурабай кентіне дейін автобус - 2000 теңге, такси - 3500 теңге шамасында, айтқандай Щучинск пен Бурабай кенті арасындағы такси бағасы адам басына шамамен 500 теңге. Автобус - 200 теңге.
Егер, теміржол қызметін пайдаланатын болсаңыз, онда https://bilet.railways.kz/ сайтынан онлайн алуды ұсынамын.

Қонақ үйлер:
Әдетте, Щучинск қаласы мен Бурабай кентіндегі қонақ үйлерді https://www.booking.com/ сайты арқылы брондауға болады. Бағасы 9000 теңгеден 220 000 мың теңгеге дейін.
Екінші нұсқа, ол біреудің пәтерін жалға алу, бірақ, тар әрі ыстық пәтерден гөрі, жер үйді алуды ұсынар едім. Кент орталығында жарнама көп және қалаған жайыңызды табуға болады. Өз басым таңертең ерте жетіп, кешке (түнде) қалаға қайтып оралуды дұрыс көрем. Әрине, барған соң, бірнеше күн демалған дұрыс.

Уақыт:
Жалпы, кез келген саяхатқа аяқ астынан шыққаннан гөрі, жоспарлаған дұрыс, сонда, Сіз қай қонақ үйде қонып, қай жерге баратыныңызды алдын ала біліп отырасыз.
Және бұл қаражатыңызды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Тамақтану:
Менің тәжірибемде, әдетте таңғы асы бар қонақ үйге орналасамын да, түскі асты жеңіл тамақтанамын. Кешкі асты есесіне дәмхана не мейрамханадан ішуге тырысамын.
Айтқандай, Көкшетау балмұздағын мақтайды, оны жарнаманың түрі деп санаймын. Дегенмен, дәмін көруге болады. Бурабайда шығыс асханасы ма континенталдық асхана ма, бәрін табуға болады, ол жағынан мәселе емес, тек бағасы қымбаттау.

Музейлер:
Бірнеше ғана музей бар, бірі, Бурабай кентіндегі Табиғат музейі. Жергілікті флора мен фауна туралы жақсы мағұлмат алуға болады. Екіншісі, Абылай хан музейі. Даңқты бабамызға қатысты деректер мен заттар бар, айтқандай ол, Абылай хан алаңында, яғни, Бурабай қорығы аумағында орналасқан. Қорыққа кіру ақылы, жаңылмасам үш жүз бірдеңе теңге болған.

Гид не экскурсия қызметі:
Ересектерге 3000 теңгеден, балаларға 2000 теңгеден басталады. Негізі, Өзіңіз еркіңізбен жүруге болады, ал, экскурсияға алып барушылар нысандарға алып барады, сол жағынан ұтасыз. Әрине, ерік Өзіңізде!

Қандай нысандарды көреміз:
Абылай хан алаңы, Абылай хан тағы, Кенесары үңгірі, Жұмбақтас, Оқжетпес және табиғаттың кереметтеріне тамсанасыз.
Әрірек жүрген кезде сарқырама (үлкен емес) бар. Сосын табиғат аясына серуендеудің өзі неге тұрады?!

Қандай қызықтар бар:
Велосипедке мініп, аумақты еркін аралауға болады. Немесе квадроциклдерді жалға алыңыз. Қайықты не катамаранды жалға алу бағасы да бәлендей қымбат емес. Күні бойы дала кезіп, тау-тасқа шығып, Бурабайды армансыз аралаған соң кешке моншаға түскен бір керемет. Қысқаша айтқанда, әркім өз іздегінен табады. Айтқандай, жергілікті базарға да баруды ұмытпаңыз. Керек заттарыңыздың бәрін табуға болады.

Кәдесыйлар:
Бұрынғыдай емес, ағаштан жасалған жергілікті кәдесыйлар молынан сатылып жатыр. Бағасы 400 теңгеден басталады.
Қысқаша осындай, кейін тағы толықтыра жатармыз.
Материалымызды Сәкен Сефуллиннің:
"Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.
Ырғалған көкке байлап қарағайы,
Қасында көк желекті әппақ қайын.
Жібектей желмен шарпып төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майы.
Қарағай биік шыңды қиялаған,
Еш адам оны барып қия алмаған.
Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып
Жалғыз-ақ көк қаршыға ұялаған.
Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес,
Басына атсаң-дағы оғың жетпес." - деген өлең жолдарымен аяқтаймын!
Фото және кеңестің авторы - Амандық Әмірхамзин
