Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Дастарбасы шоқысына саяхат

Дастарбасы шоқысына саяхат

Айғырұшқан жотасы

Дастарбасы шоқысы мен ондағы ескерткіштер туралы ең алғаш Н.Айтуғановтың «Ақиқат» журналына 2016 жылдың желтоқсан айында жарық көрген «Өмір өткелдері» мақаласынан аз-маз мәлімет алған болатынбыз. Аталған мақалада Дастарбасы ескерткішінде көне түркі жазулары да бар екені айтылады. Осы деректі оқығасын осы жерді көруге құмартып едік. Мақалаға сілтеме http://akikat.kazgazeta.kz/?p=7601

Айғырүшқан жотасы. Кемпіртас.

Дастарбасы ескерткіштері туралы екінші бір деректі Ұлттық музейдің «Қасиетті Қазақстан» жобасын насихаттайтын www.qazmap.kz сайтынан жолықтырдық. Бұған дейінгі ойдың түкпірінде жүрген Дастарбасы шоқысы мен ескеткіштерін көру қызығушылығын одан сайын маздата түсті. (Мақалаға тікелей сілтеме http://www.qazmap.kz/article/kompleks-dastarbasy-petroglify-dastarbasy-pesery-dastarbasy ).

Дастарбасы шоқысы Қожатоғайдан 39 шақырым оңтүстік-шығыста

Дегенмен, бұл мақала мен уикипедия ашық энциклопедиясында көрсетілген Дастарбасы туралы мәліметтерде ескерткіштерге бару үшін Қожатоғайдан солтүстік-шығысқа қарай 35 км жүру керек екені көрсетіліп, қате сілтеме береді. Егер, аталған бағытпен жүретін болсақ, қайта Арыс қаласынан бір-ақ шығар едік. Жергілікті тұрғындардан және жол білетін өзге де кісілерден сұрастырып, жоғарыда көрсетілген сілтемеге кері бағыт – оңтүстік-шығыс бағытқа жүру керек екенін нақтыладық.

Айғырұшқан жотасының етегіндегі "Тас шатыр"

Сонымен, Шымкенттен шыққан еріктілерден құралған топ (Елібаев Мақсат, Кәрібаев Қайрат, Назарбек Ғани және мен) Арыс қаласына қарай жолға шықтық. 72 км жол жүріп, Арыс қаласына жеттік. Одан соң оңтүстік-батыс бағытқа бет түзеп, Қожатоғай ауылына дейін тағы да 72 км жол жүріп жеттік. Шымкенттен Қожатоғайға дейінгі жолдың жалпы жағдайы жақсы, теп-тегіс асфальт жол. Тек, Арыс қаласының айналма жолы құрылысы жүргізіліп жатқандықтан, қала ішімен жүру керек екен.

Айғырұшқан жотасының суреттері

Қожатоғайдың тұрғындарынан жол бағытын нақтылап алып, ауыл мазараты тұсынан оңтүстік-шығыс бағыттағы топырақты қаражолға түстік. Жолай қойшы ауылдардан жөн сұрастырып жылжи бердік. Біз түскен жол біресе май топырақты даламен, біресе қызғылт құмды шөлейт адырмен жетелей берді. Құмды бархандар мен шөлейтті дала аралас табиғат зоналары мәшене терезесінің сыртындағы пейзажды ерекше көркемдеп тастайды.

Мәшенеміз Айғырұшқан жотасына жеткізді. Басында біз іздеген Дастарбасы шоқысы осы болар деп байлам жасаған едік. Қателесіппіз. Жақын маңдағы қойшыдан жөн сұрағанымызда әлі де 20 шақты шақырым жол жүру керектігін түсіндірді. Айғырұшқанның тік жартасты беткейін аралап, біраз серуен жасадық. Кездейсоқ дала қыранын ұясынан, қотырдан көп зәбір шеккен түлкілерді үркітіп, жартастар мен үңгірлерді тамашалап қайттық. Бұл тау жотасында да көне дәуірдің біршама қоныс-үңгірлері бар екен. Мысырдың сфинксіне ұқсас жартастар, үңгірлер үстінде жауын-шашын суын жинауға арнап адам қолымен жасалған су сақтау орындары бар екен. Үңгірлердің біріне бас сұғып, қою көлеңкеде ас-суымызды ішіп, түстеніп алдық. Ары қарай нақтыланған бағытпен Дастарбасыға қарай жолға шықтық.

Қазақы қоржынтам. Қойшы ауылы.

Көз ұшында, Айғырұшқанға параллель жатқан тау жотасы – Дастарбасы екен. Арғы жағынан көкжиектен Әлімтаудың ұзыннан созылған жота сұлбасы көрінеді. Жолай қойшылардың ауылдарын жанай өтіп, шаңдатып келе жаттық. «Нива» мінген қойшыдан жөн сұрап, сол кісінің жол бастауымен біраз жерге жетіп алдық. Дастарбасының үш басты жотасының етегінде, жота беткейлерінде қола дәуірінің бірнеше қорған-обалары тізбектеле орналасқан екен. Нешеме дәуірдің куәсі болып, ғасырлар құпиясын қойнына жасырып жатыр десеңші. Күн төбеден ауғанына біраз болған. Іздеген тұрақ мекенімізді тауып, мақсатымызға жетпесек, кеш батуға жақындап барады.

Дастарбасы шоқысының шығыс бетіндегі жол соқпақтың қия беткейіне тоқтадық. Біз іздеген қоныс-үңгірлер осы төңіректе болуы керек дегенімізше болмады, бір топ сиыр-тайынша аралас табын жер астынан шыққандай бір үңгірден топырлай шығып жатты.

- О! Ананы қараңдар! –деп айқайлап жіберді Ғани. Іздеген жеріміздің дәл жанына тоқтаппыз.

Дастарбасы шоқысының етегіндегі үңгір тұрақтар

Мәшенеден түсе салып, жот беткейіндегі жартастар мен жағалай орналасқан үңгірлерді сытырлатып суретке түсіру басталып кетті. Топ мүшелері таңданыстарын жасыра алмай, керемет көріністі көрсетуге бір-бірін шақырып жатты.

Айқыш (крест) бейнесі

Тасты ойып жасалған баспалдақтар

Дастарбасы үңгір-тұрақтары – расында да ерекше табиғи-тарихи аймақ екен. Шөгінді жыныстардан құралған керіш жартастардың астында пайда болған қуыстардың ашық тұстарын тас тақталармен қалап, бекітіп, әдемі тұрақтар жасалған. Сонау есте жоқ ескі заманнан адамдардың қоныс-тұрағы болғаны ап-анық байқалады. Енді бір көріністе жалпақ қойтастарды дөңгелек жасай отырып тігінен қалап, ерекше қорған секілді нысан жасалған. Енді бір жерде жартас қабырғасы ойылып, айқыш (крест) символ жасалған. Осы айқыш орналасқан жартаста қабаттаса ат байлауға арналған ойықтар жасалыпты. Жартастың жоғарғы жағына шығу үшін баспалдақтар ойылған. Баспалдақтармен көтерілген кезде тастың жалпақ бетіне тоғызқұмалақ ойыны үшін ойылған тақта жасалған. Мұндай тақтатастар бұл жерде екеу. Мұндай тастан ойылған тоғызқұмалақ тақтасы Қазақстанда бұған дейін бірнеше өлкеден табылса, Оңтүстік өңірінен бұрын табылмаған. Шамасы, ерте темір дәуірі, немесе тіпті қола дәуірлеріне кетсе керек. Өйткені, айналасында қола дәуірінің оба-қорғандары қоршап тұр. Үңгір-тұрақтардың жоғарғы жағында жауын-шашын суларын жинау мақсатында салынған суқоймаларының орындары бар. Осындай ерекшеліктерді көргенде бұл маңның тек тұрақ қана емес, қандай да бір діни ритуал атқаруға арналған ерекше ғибадатхана болғанын шамалауға болады. Тастардан дөңгелек етіп жасалған қорған – заратуштраға тән белгі болса, айқыш символдың суреті – өңірімізді мекен еткен несториандық христиандардың белгісі болмады ма екен деген ойға жетелейді.

Дөңгелек қорғантас

Тас бетіне ойылып жасалған қоғызқұмалақ тақтасы

Жоғарыда айтылған көне түркі жазуларын кезіктіре алмадық. Мақала авторының сөзіне сеніп, расында түркі жазулары бір кездері болған десек, бұл мекеннің дәрежесі тіпті аспандап кетер еді. Демек, темір дәуірінде де бұл аймақ маңызды рөл атқарған деген сөз.

Араб қарпімен жазылған жазулар

Үңгір қабырғалары мен жартастарда арабша жазылған жазулар кездескенмен, ол жазулар кейінгі кезеңге жатқызылатын жазулар екен. Тастарда жазылған араб жазуларында кездесетін 1327 деген сандарды хижра жыл санауымен 1327 жыл десек, ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіне жатады. Ортағасырлардан бермен Қазақстан аумағын мекен еткен аскеттік ислам – сопылық ілім ізденушілері үшін таптырмайтын орын. Демек, көне заман тұрағы кейінгі дәуірлерде де бос қалмай, толықтырылып отырған деп қорытындылауға болады.

Үңгірлер үстінгі бетінде қолмен үйілген жауын-шашын суын жинақтаушы

Бұл тұрақ-мекенде кешенді (үңгірлер, петроглифтер, оба-қорғандар) археологиялық қазба зерттеулер жүргізіп, Арыс қаласы мен Сарыағаш аудандары аумағында орналасқан туристік нысандар тізбегіне қосса, керемет танымдық туристік маршрут жасақтауға болады.

Үңгірлер алдын бекіту мақсатында қолмен қаланған тастар

Кеш көлеңкесі ұзара бастағанда Дастарбасы шоқысының етегінде орналасқан үңгір-тұрақтарынан Қожатоғайға қарай жолға шықтық. Жол бойы қола дәуірінің оба-қорғандары жарысып қалып жатты. Айғырұшқан жотасына жалғасқан қыратқа шыға бере қазылып, ашық-шашық жатқан обаға жолықтық. Археологтардың ісі екені көрініп тұр. Жүйелі қазылған. Дегенмен, жұмыстары біткесін не қоршауға алынбаған, не қайта көмілмеген. Қараусыз. Суыра соққан жел дала қаңбақтарын қазылған шұңқырды толтырып тастапты.

Архелогтар қазған қола дәуірінің оба-қорғаны

Құмды-топырақты қаражолдан Қажатоғайдың асфальтті жолына шығып, «ух!» деп бір дем алдық. Мінген «Сүлікқара» темір тұлпарымыз да рахаттанып қалған болар. Осылайша бүгінгі қызықты сапарымыз аяқталды. Күн де ұясына асығып, Көксарай су реттегішінің шалқыған суы үстін қызыл түске бояп батып бара жатты.

Сейдалы Дүйсебайұлы

5
0
3460

Осы тақырып бойынша

Дастарбасы шоқысына саяхат - Yvision.kz