Елатан-Тобықты
Жалғасы. Осы тақырыптағы алдыңғы зерттеулер: "Найман & Арғын. Аралас тарих" https://yvision.kz/post/888335; "Тобықты - Арғынның бір бұтағы" https://yvision.kz/post/892097
Тобықты еліне атын берген тұлға-персонаның тарихы мың түрлі. Арғынмен "шала байлауда" болғанының гәпі осында болар. Ахат Шәкерімұлы бір ашынғанда жазған болу керек: «Кей елдердің тобықтыға жаппайтын жаласы жоқ. Тобықты күңнен туған, шешесі төр төбел (кей аңызда ақ бөз, ақ табан) аттың бәйгесіне берілген. Түйенің шаңырағына мініп келген күңнен туған, шешесі уы бар құдықтың суына жерік болған. Кейбіреулер – Қарақожаның қолында Иван деген орыс жігіті жүріпті, сол жігіт Тобықтының шешесімен көңіл қосыпты, Тобықты сонан туған дейді. Сөйтіп, қысқасы тобықтыға жаппайтын жала жоқ. Мейлі, Тобықты қайдан шықса, онан шықсын, Құнанбай осы рудан» деп тоқ еткізген.
Менің ойымша, Ахат ата барынша Мәшһұр-Жүсіпті меңзеп отыр.
Мәшһұр-Жүсіп былай жазады: «Бұрынғылар айтушы еді: Ақсопының балалары – Толыбай ұранды Қанжығалы мен Маябоз ұранды Тобықты деп», онысын ары қарай былай түсіндіреді: "Қалмақ жеңіп, қазақ қашып, ажалсызы құтылған заманда қояндай боз атқа мінген бір қатын қазаққа келіпті. Қақырғаны – қайма алтын, түкіргені түйме алтын болып, ауру-сырқауды айтпай біліп, сұрамай танып, өз аяғымен жүріп қарайтұғын болыпты. Мінгені қояндай боз ат, өзі күйлі, жуан, оның үстіне екіқабат, буаз болған соң, қай ауылға барса "Маябоз келді" дей бергеннен Маябоз атаныпты. Өзі босанып, ер ұл туып, атын Елатан қойыпты. Енді бір сондай түпсіз бала пайда болып, оның аты Елехан болыпты. (Екеуі) егіз қозыдай болып өсіпті. Ер жете бастаған соң қызықты, сүйкімді, өнерлі болып, әркім қызыға бастапты. Бала қылып аламыз деп, біреуге біреу қи(май), Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ – төрт арыс – Орта Жүз таласыпты. Сонда бұлар көп ортасында сөзге байлау, матау қылып: Бәйгеге ат қосайық, қай атымыз озғанымыз алайық, - десіп, бәйгеге ат қосыпты. Арғынның Ақтобық аты алдында келіп, Арғын алып: Мұның тұңғышы Ақтобық аттың бәйгесіне келді – деп, баланың атын Тобықты қойыпты».
Мағынасына үңілсек - ғажайып аңыз. Өте көне мифтан туған. Мәшһұр-Жүсіптің «бұрынғылар» деп отырғаны Әлмисақ заманының жыраулары болу керек. Бұл аңыз-мифқа илансақ Тобықты – Қанжығалы атауларының тарихы Сақ-Оғыз дәуірінде, миләдидан бұрынғы бірінші мыңжылдық қойнауында жатыр. Көне Арғын, Найман, Қыпшақпен бірге. Өте ескі аңыздың сынығы. Бертінгі қазақ қазақ болған кезде заманауиланып, адаптацияға ұшырап, өзінше тұрпайылау байланған. Төрт Арыстың бірі Қыпшақтың пайда болу мифына да ұқсайды. Онда да буаз әйел түпсіз ұрпағын ортасы шіріген ағаштың ішінде жатып босанады да, баланы Оғыз қағанның өзі асырап алады. Түпсіздік (нақты атасыздық) Шыңғыс Ханның тегі туралы аңызда да жатыр.
Мәшһүр Жүсіп былай дейді: "Шыңғыз (Шыңғыс) ханның атасының атын білуші жоқ. Бағзы бір ата білем дегендер "Есукей Баһадүрдің баласы" дейді. Ол бекер. Есукей - қалмақ. "Бір қалмақтың баласын осыншама жұрт қалай басына көтереді?"-депті. «Бұл Азиядағы хандардың асылы – Шыңғыс ханнан» дейді. Нәсілінен Османияда – граф, ноғайда – князь, қазақ төресі – бәрі «Шыңғыс нәсілінен» - деседі. (Бір) баһадүрден қыз туып, ол қыз он бес жасқа жеткенде, отырған үйдің ішінде бір сағым түсіп, сол сағымнан буаз болып, бір ұл бала тауып, (ол) жасында жетімдікпен жиһан кезіп, жиырма жеті жаста Хақ Тағалла: «Шынғыз» - деп атады. Мағынасы – «Хандардың ханы». Сондай атасыз, Құдайдың құдіретінің патшалығымен сағымнан болғанына заманындағы халықтың көзі жетіп, соның үшін тұқым-тұқымын жұрт басына көтере кетіпті..."
Расында, түркі-маңғұл әпсаналарында Қият-Бөржігіннің ұлы анасы Алуан Құа сарғылт шаш, көк көзді ұрпақ тапқанда жатырына кигіз үйдің түндігінен түскен, алтын жіпке байланған ғажайып бейне ұрығын сепкен. Көңе аңызды аударған орыс зерттеуші-жазушысы В.А. Пановада: «У (мальчика) был золотой клочок волос на макушке, а на спине печать Джабраила; лицом он был так красив, так пригож, что всякий, кто раз его увидит, оторваться не может, готов все ему принести (в подарок) – и коня и одежду», «(а) лицом красив, так пригож, что всякий, кто раз его увидит, оторваться не может» делінген. Мәшһұр-Жүсіптің Елатанды суреттегенде «қызықты, сүйкімді, өнерлі болып, әркім қызыға бастапты» дегеніне дәлме дәл.

Сонымен, Тобықтының Маябоздан туғаны туралы аңыздың сакралды мағынасы Әлмисақта жатыр, оны бертінгі руаралық қисық әңгімелермен өлшеуге болмайды. Мәшһүр-Жүсіп "Тобықтыдан шыққан, айдай атын әлем білген» деп бағалаған Нармамбет ақын осындай ел іші қисық әңгімелерге қарсы уәж ретінде «Аз Тобықты жүріппіз, Затымыз таза шатадан» – дейді. («Боздағым" жинағы). «Заты таза шатадан» Тобықтының «аздығы», «ат төбеліндей» ғана екені көп жерде айтылады, сол аз санмен келіп қалың арғын, матай, уақтармен жағаласып жүріп, ақылмен, айламен «керегедей Шыңғысты» қайтарып алған Би Атам (Кеңгірбай) туралы әңгіме алда.
Ал кейінгі қазақ шежіресі бойынша, Шәкерім жазғандай, Тобықты Арғын Кенжесопының баласы, Қанжығалымен бірге. Қажы Тобықты атауын арабтың «Тофиқты /Тауфиқты/» сөзімен байланыстырады /Құдайбердіұғлы Ш…-64 б./. Мәшһүр Жүсіп бұған қарсы айтқанын бұрын да келтіргеміз: «Шәкәрім шежіресінде Тобықтының аты Таупықты /Тауфиқты/ екен - дегені өтірік. Тауфық - араб тілі. Қазақ оны білмейтін күні балаларының атын «Боқбасар», «Итаяқ», «Құтаяқ»-қойып жүрген күндері». / Көпейұлы 10 т.-174 б./. Мәшһүрдың бұл пікіріне қосылу қиын. Қазақ Арғын Шежіресіндегі Дайырқожа, Қарақожа-Ақсопы, Кенжесопы есімдер бұл кезде (XV ғ.) ислами дін, ислами ұғым, ислами білім, ислами есім қазақ даласына кеңінен орныққаннын көрсетеді.
Шығыс ислами білімі қаны мен жанына қоспасыз бүтіндей сіңген Мәшһұр-Жүсіп жартылай батысша, орысша білімді Ыбырай (Абай) мен Шәкерімді көп сынға алады. Кейде олардың латентік жұмсақ «ырғызбайшылдық» (трайбалистық) танымын қабылдамай ма: «Бұл (Шәкерім) өзі шатасқан да қағаз бетін орын алдырып толтырып, жан білмейтін жамандарын жазады. Дадан-Тобықты Қараменді биді жазбайды. Өз заманымызда айдай атын әлем білген Нармамбетті жазбайды... Он бір жыл Құнанбаймен дауласуға жараған Бөжейді жазбайды. Айдай әлемге байлықпен атағы шыққан соқыр Оразбайды жазбайды. Құнанбайдың Ыбырайы (Абайы) жолбарыс болып шыққанда, қасқыр болып шапқан: Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопан - бұл төртеуі қайдан шыққанын жазбайды. Ыбырай (Абай) осы төртеуін түгел айдатты. Сондай болғаны үшін: Апырм-ау, аты құрсын Абай деген, / Жылатты мұсылманды талай неге. / Абайын жақсы кісі болған болса, / Қасқырдай өз күшігін қалай жеген?!» - дейді.
Шәкерім мен Мәшһүрдің арасында қайшылық көп. Сопы «Қалқаман-Мамыр» тарихы еуропалық үлгісіндегі поэма-жыр кейпінде өнделіп, жариялануын ұнатпаған сияқты, екінші ретте оны естіп-оқыған жұрт Қалқаман мен Мамырдың тағдырына аяушылық танытатынын біліп, қазақ жөні бойынша жеті атаға дейін қосылмау неке тәртібін бұзғандарға ешқандай аяушылық болмау керектігін алға тартқан болу керек. Бұзғындарды ақтаудың қажеті жоқ дейді Мәшһүр Жүсіп. Біз бұл жерде таразышы бола алмаймыз. Қажы "Қалқаман-Мамырда" айтқандай: Өткен іс — ойға күңгірт, көзге танық, Көрмесе де білгенге бәрі қанық...
Бұның бәрі кейінгі әңгімелер. Ал Тобықтының шығу әңгімесі (этногенезі), Мәшһұр Жүсіп көрсеткендей - Миләдиден бұрын, саналы адамзаттың тереңінен бастау алады. Батыс тарихнамасындағы Immaculate Conception of Jesus, орыстардың "Легенда о непорочном зачатии Иисуса", байырқы түркі аңыздарындағы Ғасар-Гэсер, атасыз жаралған Қыпшақ, нұрдан жаралған Шыңғысхан, "Маябоз" ұранды Елатан... - бәрі бір көне алтын астаудан шыққан.

Н. Рерихтың суреті.
Жалғасы бар...
