Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Елдіктің жеті тірегі» қағидаттарын түсіндіру

«Nur Otan» партиясы Бөкей ордасы ауданы, Хан Ордасы ауылдық округінің кітапхана қызметкерлерімен, Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мемлекеттіліктің жеті тірегі» қағидаттарын түсіндіру негізінде «Nur Otan» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалы жанындағы ақпараттық түсіндіру тобымен кездесу өтті.

Кездесуге «Nur Otan» партиясы Бөкей ордасы аудандық мәслихат депутаты Махимов Ғайса Темірболатұлы, аудандық мәслихат депутаты Түсіпкалиева Аякөз Сатқанғалиқызы бастауыш партия ұйымының мүшелері, кітапхана қызметкерлері қатысты.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Елбасы өзінің жас ұрпаққа арналған тәуелсіздіктің 7 тұғыры жөніндегі бағдарламасын ұсынды. Әрбір тұғырдың өзі еліміздің рухани дамуының, қазақ социумын әрі қарай дамытудың үлкен бағыты деп айтуға толық негіз бар.

Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаты Ғ.Махимов ел үшін маңызды саяси шешім – Партия Көшбасшылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы, Н.Назарбаевтың жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын таныстырды.

📷Бірінші тұғыр - тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Ел еңсесін тіктеген егемендіктің біз үшін маңызы ерекше. Елбасы бұл қастерлі түсінікті тәуелсіздік алған жылдардан бері санамызға сіңіруде. Өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздік тарихи құндылық, ел ертеңіне деген сенім, алға жоспарлаған болашағына бағыт беретін ең маңызды мәселе болуына күш жұмсауымыз керек.

📷Екінші - бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Көпұлтты Қазақстан халқы үшін бұл тұғыр этносаралық, конфессияаралық татулықты сақтап қалу мәселесі маңызды.

📷Үшінші тұғыр - Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Жер мәселесі қазақ халқына болмысынан берілген, қанымен сіңіп, бойына біткен ерекше маңызды мәселе. Жері мен елі үшін өмірін қиып, ғұмырын арнаған ата-бабаларымыздың аманатын арқалап, өскелең ұрпаққа осы ұлан-ғайыр атырабымызды мирас ету біздің ортақ міндетіміз екенін тағы бір мәрте еске түсіреді.

📷Төртінші тұғыр - Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Ұлт Көшбасшысы: «Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт» деп бүгінгі қоғамда жанұяның маңыздылығы мен рөлін тағы бір мәрте ерекшелейді.

📷Бесінші тұғыр - Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Бүгінгі күні жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек.Шынымен-ақ, елдіктің тұтқасы – ұлттық мұра, тіл мен мәдениет, салт-дәстүр мен әдебиет.

📷Алтыншы тұғыр - білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде.

📷Жетінші. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.Прагматизм принциптері барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынуды көздейді.

Сонымен қатар, Партияның Бөкей ордасы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасының орындалуына тоқталып өтті.

Кездесу соңында қатысушылар өз ойларын білдіріп, сұрақтарын да қойды.

0
0
152

Осы тақырып бойынша

«Елдіктің жеті тірегі» қағидаттарын түсіндіру - Yvision.kz