Ер Мамайдың алдында шаһид болдым, өкінбен!...
Жалғасы. Осы тақырыптағы алдыңғы зерттеулер: "Найман & Арғын. Аралас тарих" https://yvision.kz/post/888335; "Тобықты - Арғынның бір бұтағы" https://yvision.kz/post/892097; Елатан - Тобықты https://yvision.kz/post/892334; Жандос-Жігітек батыр https://yvision.kz/post/892702.
Жандос-Жігітек қазіргі қолда бар мәліметтер бойынша 1715 жылы туылып, 1752 жылы дүниеден өткен. Баласы Кеңгірбай Абылайға жөнің айтқанда жуырда ғана шейіт болған. Кеңгірбай онда он жеті жаста. Жазба деректер бойынша бұл жылдары (1740-1755) қазақ аламанының Бас Сардары Хас Батыр Қаракерей Қабанбай болған. Кеңгірбайдың әкем «оққа ұшқанда атыңызды Құдайға айтып үш күн жер бауырлап жатып алып жылаған едіңіз» дегеніне қарағанда, Абылайдың өзі қатысқан ұрыста қайтыс болған болу керек. Бүл кезең қалмақтарды қазақ даласынан, Шыңғыстау, Тарбағатай, Алтай мен Алатаудан жаппай қуыдын бастауы. 1752 жылы Абылай Қаратаудың батыс жақ етегіне ордасын тігіп отырған. Жалпықазақ ханы болып сайланбаса да, Алашқа сөзі қатты әйгілі жаугер сұлтан. Сол жылы қазақтың бір түмені қонтайжы Лама Доржының 20 мың әскеріне үлкен ұрыста тойтарыс берген. Бұны айтып отырғаным, бұл шайқасқа Абылайдың өзі қатысқан, соңынан шейіт болған қазақ батырларын жоқтап «ордасынан үш күн шықпай отырған». Сол шайқаста болу керек Жандос-Жігітек батырдың небәрі 37 жасында қаза тапқаны.

Н. Қилыбаевтың суреті.
Сол қырғауыл жорық заманда бауырлары Бөкенші мен Борсақты жау қолынан аман алып шыққанда Жандос-Жігітек Мамай батырдың жанында жаугерлік тәлім алып жүрген. Он үш жасынан бастап Олжайдың «Кішекеңі» Жандос жүрек жұтқан Мамайдың нөкері, шәкірті бола тұра қандыкөйлек кіші досы. «Ер Мамайдың алдында шаһид болдым» (Доспамбет) дегендей, Жігітек жарадан қансырап жатқанда керез сөздері Мамай мен бауыры Бөкенші жөнінде болыпты. Мамай батыр шейіт болған қандыкөйлек іні-досының сүйегін қасиетті Түркістандағы Хазірет Сұлтан кесенесіне өз қолымен апарып қойған.
Төменгі сілтемеден көруге болады: «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалардың» тізімінде №57, «Тобықты Жандос Батыр Олжайұлы, 1725 - 1752 жж.» деп жазылған, Шақшақ Жәнібек пен Атығай-қойлы Андықожа Батыр екеуінің ортасында.
https://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%BE%D0%B6%D0%B0_%D0%90%D1%85%D0%BC%D0%B5%D1%82_%D0%AF%D1%81%D1%81%D0%B0%D1%83%D0%B8_%D0%BA%D0%B5%D1%81%D0%B5%D0%BD%D0%B5%D1%81%D1%96%D0%BD%D0%B4%D0%B5_%D0%B6%D0%B5%D1%80%D0%BB%D0%B5%D0%BD%D0%B3%D0%B5%D0%BD_%D1%82%D2%B1%D0%BB%D2%93%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80
Еділ Мәсәлімұлы түсірген мына суретте Қазірет Сұлтанның қабырғасындағы ақ таста аты жазылған Жігітектің - Мамай батыр, Әнет Баба мен Көкенайдан кейін...


Кейін Тобықты ата жұртқа жетіп, тоқсанға келіп қалған Мамай батыр Орда тауында дүние салғанда, ардақты сүйегін былғары қапқа түйіндетіп Жандостың баласы Кеңгірбай би «Әке – дос, өлім ортақ» деп, Мамайдың ұлы Жолбарыспен қырық қаралы адамды бастап Қазірет-Сұлтанға апарып Жігітек-Жандостың қасына таман жерлеген. Мамай батырдың Орда тауындағы қос күмбезді мазардың жанынан тұрғызылған сегіз қырлы зиратта «Батырдың Жүрегі» жерленген. Архитектор профессор Бәйтеновтың айтуы бойынша жанындағы қос күмбезде Мамайдың немере туыстары Тоқсанбай мен Ойғылы жатыр. Қасындағы тас зиратта Мамайдың кіндік бауыры Мырза батыр Жұмағұл ұлы (1715–1800) бақилық орын тапқан. «Мамай қорымы» деп айтуға тұрарлық батырлар жерленген аруақты орын.

Суретті түсіргендер С. Артюшина, Х. Илиуф.
Мамай батыр екі жүз елу жылдан астам созылған алма-кезек қазақ-қалмақ соғысының соңғы кезеңінің елеулі батыры болған. Үш Жүздің Ұлы батырлары, қолбасылары – Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ашамайлы Керей Қолшыманнан тәлім-тәрбие алған, солардың ерлік дәстүрін жалғастырған. Сақаралық соғыстың хас батыры Мамайдың ерліктерінің іздері Аралдан, Сырдың бойынан, Еділ мен Жайықты аралатып Хан Алтайға, Шот өзеңінің бойына, Шығыс Түркістандағы Тұрпан асуына дейін жатыр.
Он үш жасында ерлік пен айлалығымен көзге түсіп, оңбасы сайланып, мыңбасы, ордабасы, сардар деңгейіне көтерілген жаугер Мамай теңдесі аз жекпе-жек жауынгері болған. Сол он үш жасында алғашқы қалмақты найзасына түйреп «жүрек басар» қылып, он сегізге толып, «қаблан боп күш иесі қонған кезінде», әйгілі Бұланты шайқасының алдында қалмақтың хас қос батыры ағайынды Жәңгір мен Зеңгіні жайратқан. Баласы Жолбарысқа теңеліп (сол жазды деп айтылып жүрген) анонимдық «Мамай батырдың батырлық шежіресі» атты жырда «Жүз екі рет шығып ең шайқастарға» делінеді. Осы шайқастардың бәрі жекпе-жектен басталған. Жекпе-жекке ұрыстың рухы, нәтижесі байланады. Қай жақтың батыры жеңілсе, сол жақ пәс шығады. Мамай батыр ешқашан жеңілмеген. Жекпе-жекке шығатын батырлар ерен тұлғалы, жүрек жұтқан, айлалы болу керек. Осы қасиеттердің бәрі ер Мамайдың бойында болған.

Сібірдегі, осы күнгі Ноғайсібірге тақау Шот өзенінің бойындағы жоңғарлармен болған соңғы үлкен шайқастардың бірінде бір өзі бес қалмақты өлтірген, екеуінің есімдері деректерде аталады – Хошу батыр мен Серен батыр. Екеуі де аты шыққан жаугерлер болса керек.
Жандос-Жігітек бабам Мамай батыр ерекше тұтқан қанды көйлек шәкірт-досы болған дедік. Қалмақты шауып жүрген Мамай «Босап қалған Шыңғысты көзі көргенде» жанында батыр Кішекең Жандос болған, содан екеуі «Жеті Момын жақсысына, «Хан Шыңғыс босады» деп хабар берген» (Шәкерім).

Тобықтының туын желбіретіп миләдидің «мың жеті жүз сексенге тақаған» жылында Мамай батыр Шыңғысқа жеткенде –- Жандос батыр мәңгілікке аттанған, Мамайдың қасында үзеңгілесі Тоқтамыс батыр болған.
Шәкерімнің «Еңлік-Кебек» поэмасынан бала кезімнен жадымда жазылып қалған ең жауһар жолдары мыналар еді: «Ту тіккен Тобықтының қос басшысы — Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі. Жамағайын жақыны сол кісінің бар екен Кебек деген бір інісі. Ол Кебек мықты болған жас басынан, Тоқаң да тастамайды өз қасынан. «Жасы бала болса да, жаны отты» деп, Артық көріп не сабаз жолдасынан». Осы жолдар санамда анамның жұмсақ сыңғырлаған дауысымен ойнайды. Шәкерімнің атын атауға болмайтын заманда анам Рахима «Еңлік-Кебекті» балаларына жиы айтып беріп отыратын. Және жай ғана сыдыртып оқымайды, көзің жұмып алып ерекше бір мақаммен орындайтын. Тыңдап отырып көз алдыма Тоқтамыс-Кебекпен бірге тұра осындай жүп жауынгер тандем Мамай-Жігітекті де елестететінмін. Мерғали Ибраев «Қос батырында» былай деп әсерлейді: «Ырғай сап найза ұмсынып, Тақымда шоқпар тыншығып, Қатарлас келді Қос батыр. Бүлдірге басы қалтырап, Дулыға күнге жарқырап. Қындағы семсер салпылдап, Жалаңаш қылыш жалтылдап, Құндақты мылтық жалпылдап. Желеді жөнін жүре талқылап...». Екеуі биік төбеден Шыңғыс пен Ордаға қарап тұр. Артарында Тобықтының қалын көші.
Тоқтамыс Лақаұлы да жүрек жұтқан батыр, бес қару жасайтын бес аспа ұста, жекпе-жектің керемет майталманы - 1756 жылғы әйгілі Аягөз шайқасының алдында екі бірдей қалмақтың батырын жеңген - Мамай көкесі сияқты батырлығына қоса айлалы тактик пен стратег болып қолбасы дәрежесіне жеткен тұлға. Жаугершілік жолын бастағанда Абылайдың көзіне тапқырлығымен түскен. «Шаған шайқасы» кезінде әскерінің аздығын білдірмес үшін шеріктеріне аттарының құйрығына қараған мен шеңгел байлатып қалмақтарға қарсы жұйқытқанда, олар қазақтың қолы қалың екен деп бытырай қашып жеңілген. Ел аузында бұл шайқас «Тоқтамыстың шанды шайқасы» деген атпен қалған...
Бала кезімде американ үндістері туралы кітаптарды бас көтермей оқитынмын. Чингачкук, Ункас, делавар, шайен, ирокездар түсіме кіретін. Әсіресе жүректері шайлықпайтын үндістердің есімдері - Длинный Нож, Большой Змей, Зоркий Сокол – қиялға қанат бітіретін. Жауынгерлік сойлар. Отто деген неміс досыма Тоқтамыс Жуантаяқты айта бастағанда, ол: «Әйнәй, да у него имя индейское – Толстая палка» - деген. «Мощное Древко», - деп түзеттім. «Әр топта да батыр бар некен-саяқ, Сүйтсе де батыры көп Жуантаяқ...». «Могиканның соңғы тұяғындай». Қазір қарап отырсам, «Еңлік-Кебек» эпикалық, көркемдік жағынан да Лонгфелланың «Гайавата жырынан» асып түспесе, кем емес.

Тоқтамыс батырға Шыңғыстауда орнатылған ескерткіш.
Тоқтамыстың қолындағы байрақ Шәкерімде бейне-метафора емес, тарихи дерек. Байкөкше ақын да Тоқтамысқа ту ұстатады. «Сырдың бойын шулатып үш Ту алып, Жоңғарды талай салған азабына», дейді. Алдымен Арғын Тобықтының туы Көкенай батырдың қосынының төбесінде желбіреген. Қалмақпен бір қанды ұрыстың кезінде Көкенай қапыда қатты жараланып, қолындағы туды жас Мамайға тапсырып Қанжығалы Бөгенбайға не Әнет Бабаға жеткіз деп аманаттайды. Байрақты жығылтпай Мамай «Арғынның ел ағасы» Әнет Бабаға әкелгенде, Баба: «Енді өзің ие боларсын, түбінде Хан Тауына апарып өзің тігерсін» деген екен. Ширек ғасырдан астам уақыттан кейін талай ұрыста жарқыраған Тобықтының байрағы еңкеймей Шыңғысқа жетеді. Қартайғанда қасиетті туды Мамай батыр өз балаларына емес жаугер мұрагері Тоқтамысқа тапсырады. Қазір ұрпақтарының қолында жәдігер ретінде сақталып отыр.
Мен үшін тағы бір кереметі – «Мамай» да, «Тоқтамыс» та - Алтын Орда, Ақ Орда мен Көк Орда тұсындағы ордалы хан, төре-бектердің есімдері. Көне түркі тілінде «Мамай» деп көкжалданып келе жатқан жас арланды айтқан. Алтын мен Көк Орданың тұсында амбициозды бекзадалардың балаларына қойылатын есім. Мәшһүр Жүсіп "Арғын ортасында тұра алмай, өзіне ерген Тобықтыны ертіп алып, Найманға ауып кеткен" мырза Мамай" туралы жазады (10 т., 169 б.). Найманның ішінде де өз Мамайлары аз болмаған, мынау соның біріне Өскеменге жақын Ұлан ауданында қойылған ескерткіш:

Көкжарлы Найман Бертеұлы Мамай Батыр (1704 – 1789)
Анам Рахима бала кезден құлағымызға құйып, санамызға орнатқан Мағжанның ғажайып поэмасы «Батыр Баянда» Қазақтың Батырлары былай суреттеледі: Жиылды өңшең ноян ығай-сығай, Байжігіт Тасболат пен би Толыбай... / Ашуы жауған қардай, шөккен нардай Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай, / Бөкеңнің жас жолбарыс жеткіншегі Аузынан жалын шашқан жас Жанатай, / Найзасын нажағайдай ойнататын Жас барыс бәсентиін Сарымалай. / Балталы, екпінді оттан Оразымбет, Сырғалы, шапшаң оқтан ер Елшібек, / Өзіне тірі жанды тең көрмейтін Тәкаппар Қошқар ұлы ер Жәнібек... / Майданда от шашқандай оқ шашатын Сырттаны Бәсентиін ер Сырымбет – / Осындай өңшең көкжал жиылысты / Күңіреніп жолбарыстай: «Жау қайда?» – деп...
Қайдағыны қоздыратын ғажап жолдар... Содан жүрегімде қазақ батырлары қалды солай...
