Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Еуропа қазақ қыпшақтары тарихынан

Еуропаның қақ ортасында  орналасқан Мажарстанда (орысша "Венгрия") Құдайдың құтты жылында өтетін Құрылтайға  әлемнің төрт тарабынан құтты қонақтар шақырылады. Сонғы жылдары ғана қазақтын тойына ұқсап, ойын-сауық пен «ішіп-жеу», құрсақ мейрамына айналып кеткендей, ал бұрын Құрылтай шеңберінде Тарихи конференциялар да өтетін. Оған төрткүл түрік әлемінен атышулы зиялылар келетін. Қайсыбір жылы осындай конференцияға Жапониядан атақты профессор Хидео Мацумото, Индиядан доктор Саши, Италиядан белгілі ғұндардың тарихын зерттеуші профессор Гугиельмино Розальбо, Моңғолиядан доктор Ерденебатор, Қазақстаннан професор Ерден Қажыбек, академик Болат Көмеков, т.т. шақырылған-ды. Менің ойымша бұндай шақыру географиясы кездейсоқ емес. Жиырмасыншы ғасырдың басында мажар ғылымы мен саясаттануында «Тұран теориясы» қалыптасып еді.

Аталған теория бойынша қасиетті Тұран алқабына Орал мен Алтай, Орталық Азия мен Моңғолия ғана емес, Жапония, тіпті, Индия мен Тибет те кіреді екен. Сондықтан болар,  мажар шығыстануының ең жарық жұлдызы Шандор Корочи Чома өмірінің соңғы кезеңін Тибеттегі Зангла ғибадатханасында өткізіп, сөздік жазып, тибеттіктердің мажарлармен байланысын зерттеген екен.

Аталған конференцияда «Мандоки феномены» атты менің танымдық сөзімнен кейін мұхиттың арғы жағынан келген американдық мадиар, профессор Ковач Имре Барна келіп, баяндамамды сұрап алды. Ол Америкада Тұран мен ғұндарға байланысты,  олардың тағам мен киімдерінен бастап әдет-ғұрпы мен тарихын қамтитын жорнал шығарады екен. «Ғұндардың ұрпақтарына қатысты кез- келген деректер мен үшін құнды, маңызды» деді ол. Жалпы «Ғұн», «Тұран» деген ұғымдарды мажарлар (өздері "мадиармыз" дейді) қайтсе де бізден өзгеше, белгілі бір пафоспен түсінеді. Олар үшін бұлар киелі ұғымдар. Құрылтайға шақырылған қазақ мадиары Міржақып Дулаттың немересі Гүлнәр ханымды ертіп жүрген Алманияда тұратын мажар корольдарының тұқымы Янош төре «ғұн» деген елесіммен сақалардан (орысша "якут") бастап қазақтар мен башқұрттарды, солтүстік қапқаздылықтарды да атайды екен. «Біз бәріміз - ғұн, ата -бабамыз бір» дейді ол.

Қазақ мадиары Міржақып Дулат.

ХХ ғасырдың басында Мұстафа Кемал Ататүрік жаңа Түрік мемлекетін құра бастағанда, мадиарлар бейтарап отырмады. Атақты лингвист Кунаш Игнац, ұлы композитор Барток Беладан басқа көптеген зиялылар осман Түрік Жұмұһуриятының әлеуметтік және мәдениет салаларының қалыптасуына  көп еңбек етті. Мысалы,  мадиар Лайош Фекете жаңа түрік дипломатиясының атасы болды, мұсылман мадиар Ибрагим Мюттеферрик латиницадағы алғашқы түрік кітабын шығарды, Имре Карачон түрік мұрағаттануының (архивистикасының) негізін қалады, Оскар Ашбот түрік авиациясын құрды, Ференц Тот түрік әскери артиллериясын қалыптастырды. Тіпті, Стамбулдағы алғашқы өрт сөндіру мекемесін ұйымдастырған мажар Эжен Сеченьи болды. Егер жиырмасыншы жылдары біз де азаттық алып, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхандар дербес Алаш мемлекетін құрғанда, «осындай көмекті мадиар бауырлар алыста болсақ бізден де аямас еді-ау» деп болжауға болады. Өйткені, мадиарлардың Орталық Азияға деген көңілі Түркияға деген ниеттен де басым. ХХ ғасырдың басында Қазақстан мен Қырғызстанды көп шарлаған, дарынды қазақ-қырғыз жас ақын Тұрған Бекжанды өзінің Янтарь Сарайында көп жылдар бағып-қағып күткен граф Жадан Дьерд Алмаши: “Көптеген ғасырлар бойы мадиарлар Орта Азиядағы туыс халықты тауып, онымен кiндiк байланыстарын жалғастыруды армандайды” деп жазған.

Эксклюзивтік сурет. Дьерд Алмашидің балалары Янош пен Ласло, ортада - Бекжан Турғын. Оң жақтағы тұрған Ласло - XX ғасырдын 30-жылдары атышулы ұшқыш, жедел авто жүргізушы, әйгілі "Ағылшын пациенті" кітабы мен фильмнің бас кейіпкері. Тұрғыннын тағдыры маған беймәлім.

Тек мадиарлар ғана Шығысты аңсамай, қазақтар (қыпшақтар) да оқтын-оқтын Батысқа, «күн астына күңіреніп жортып» отырған. Солардың үлкен бір легі ХІІІ ғасырда Көтен хан бастап барған қыпшақтар болды. Бұл оқиғаға байланысты Қазақстанның Мажарстандағы бұрынғы елшісі Сағынбек Тұрсынов былай деген: „Біз мажар бауырларымызды Еуропаның дәл кіндігінде орын тепкен Ұлы Даланың ұлдары деп білеміз. Осы күнге дейін Венгрия мен Қазақстанның арасында ана мен баланың арасындағыдай үзілмес кіндік байланыс сақталған.  Меңзеп отырғаным, осыдан 250 жыл бұрын Дунай жағалауынан қоныс теуіп, Мажар мемлекетінің әрі қарай гүлденуіне әсер еткен аса ірі дала этносы қыпшақтар».

Қыпшақтарды бейнелейтін мажардың ортағасырлық миниатюрасы

„Қазақтың балама тарихының” авторы Қалибек Данияров «Венгр корольдігінде екі ғасыр бойы мемлекеттік тіл қыпшақ тілі болғанын» айтады  (кітабында көрсетілген А.А. Куниканың „О тюркских народах-печенегах и половцах по мадьярским источникам...” атты Ресей Императорлық Ғылым Академиясының қорының 1855 жылғы II және III бөлімдердегі 3, 5 томдарда сақталған еңбегіне сүйенсе керек).

"Қыпшақ" Ласло IV мажар патшасы.

Қыпшақтардың мажар жеріндегі тарихы - әлі жөнді зерттелмеген қызыққа толы дүние. Олардың шығу тегі шығыс түріктерімен, олардың ішінде қазақтармен тығыз байланыста екенінде күмән жоқ. Бүл жөніңдегі әдеби, жазба деректер аздық қылса, ру-тайпа, жер-су атаулары аталған байланысты айғақтап береді. Мажар кундарының (қыпшақтарының) құрамы өзі бір жатқан кішкентай түрік әлемі! Әйгілі шығыстанушы,  "мажар қазағы" аталған Іштуан Қоңыр Мандокидің «Кундардың Ұлаш (Алаш) тайпасы» атты еңбегінде берілген мажар қыпшақтарының тайпалары мыналар: Тоқсоба, Қоңырұлы, Жалаир, Ұлаш (Алаш), Шортан,  Керей, Төртуыл, ал рулары - Арғын, Маңғыт, Қанлы, Қатаған, Найман, Барлас, Қырғыз, Түркмен, Торыайғыр, Байсын т.б. Осыған қарағанда қазіргі қазақтың құрамына енген және басқа Дешті Қыпшақ  тайпаларының Батысқа деген жөңкілі он үшінші ғасырдағы Көтен ханмен басталып және онымен аяқталмаған сияқты...


Қазіргі Мажарстандағы қыпшақтардың рухани байлығы - олардың атам заманнан бері сақталып келе жатқан жер-су атаулары: Tazlar, Bodoglar, «-ла, -ле» жалғауларымен аяқталатын Kargala, Csengelе, Ugule, Korkole және Bezther, Kalas, Ketelegaska, Orgowan, Zomokzalassa; Нодькуншактағы (Ұлы Қыпшақ Елі) көне қалалар мен елдімекен аттары, оның ішінде Karcag, Kolbazszek. Осы атаулардың этимологиясын ХІХ ғасырға дейін, түркітану дамығанша, мажарлардың өздері де түсіндіре алмаған. Бұларды дәйекті түрде  көне қыпшақ атаулары екенін дәлелдеген  ең алғашқы ғалым ХХ ғасырдың бірінше ширегінде өмір сүрген Ласло Рашоньи болды.

Бірақ, Куншақ елінің жер-су атауларының, адам есімдерін зерттеуде ең елеулі еңбек атқарған сол Қоңыр Мандоки болды. Оның 1993 жылы жарық көрген әйгілі «Мажар тілінде куман тілінің белгілері» (шартты аударма) еңбегінде көптеген ескерілмеген және көзге ілінбеген атауларды атап, олардың шығу тегін бұлжытпай дәлелдеп берді. Басқа мажар зерттеушілерден Қоңырдың ерекшілігі – ол түрік тілдерін дерлік бәрін, оның ішінде қазақ тілін өте жетік білген. Және жергілікті кумандар да Қоңырды жерлесі ретінде ашық қабылдап, оның ізденістеріне барынша көмек берген. Осындай еңбектің арқасында Atkar, Bajandor, Csivag, Erbuga, Katoncsa, Koncser, Pecsenye, Nyogercse, Talla, Torta атаулары өздерінің толық шешімдерін тапты.  Мен қазақ және (орыс) тіл маманы болғандықтан, Мажарстанға  барғанда көп нәрсеге бірден назар аудардым. Кейбір атаулар көзге бірден оттай басылады. Мысалы, король жарлықтарында 1577 жылдан (Мандоки,1993, 133 б.) бастап ауызға алынатын Алач (Алаш) этнонимының, Құлан топонимының (соңғысы Қарсақ аймағында осы күнге дейін  жер межелерінің белгісі ретінде де пайдаланылады) мағыналары мен үшін айдан анық.  Нодькуншактың оңтүстігінде Тазлар деген үлкен елдімекен (село) бар. Бұл атау 1429 жылғы жарлық-грамотада кездеседі. Қазақстанда шежіре жүзінде кездесетін есімдерді тек қана аңызға балап мойындамай жүрген ғалымдарымыз бар. Ал бұл есімдер ортағасырлық еуропалык, дәлірек айтканда, Нодькуншак пен Кишкуншакка (Кіші Қыпшақ Елі) байланысты Мажар королінің жарлықтарында ХІІІ-ХІV ғасырлардан бастап аталады. Демек, әрбір қазаққа белгілі киелі Алаш есімі, жұртқа танымал Құлан (Құлан-Қыпшақ) және Таз атауларының Мажарстанда белгілі этнотопонимдерге айналуы аталған тарихи тұлғалардың 13 ғасырға дейін өмір сүргендерін дәлелдесе керек.

Tazlar, Bodoglar, Kaskantyi (мадьяр тілінде s - "ш" деген дыбысты білдіреді), Kistelek, т.б. жер-су атаулары...

Сонымен, Мажарстандағы Нодькуншақ және Кишкуншактағы жер-су атауларын түсіндіру және шығу тегін анықтаудағы ең конструктивтік жол, меніңше, олардың негізін, «арғы атасын» қазақ тілінде, қазақ этнотопономикасында іздеу қажет.

Мажарстандағы қыпшақтар жеті ғасыр бойы нені басынан кешпеді! Өрлік заманды да бастан кешірді, қуғын-сүргінді де көрді. Бірақ олар ешқашан кеудесінен басылып, бәз өмір кешпеді. Ғасырлар тоғысында жапон самурайлары іспеттес әскери кастаға айналып, ел тағдырын шешетін жағдайға жетті. Араларынан тек қару ұстап ел қорғайтын жаугерлер ғана емес, ел басқарған ұлы тұлғалар, үлкен жазушылар, әйгілі ғалымдар шықты. Олардың ішінде еуропалық түріктанудың "көкелері" Дъерфи Иштван, Немет Дьюланы, белгілі ертегі жазушы Иштван Чукашты ерекше атауға болады. Ұлт мақтанышы Шандор Петефи, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында Венгрияның «тәжсіз патшасы» аталған Миклош Хорти да Кіші Қыпшақ Елінің тумалары. Осындай жауынгер,  зиялы, аруақты әулеттің тұқымы ХХ ғасырдың ірі ғалымы, ата -жұртын аңсап өткен, қазаққа бауыр болып кеткен, тілегі қабыл болып мәңгілік бақилық орнын Кеңсайдан Баукең мен Шәмшінің жанынан тапқан Іштуан Қоңыр Мандоки болған.  Қоңырдың ата-жұртқа жолы оңай болған жоқ. Бұл бірақ басқа әңгіменің арқауы...

-3
2
5758

Осы тақырып бойынша