І Халықаралық медиа және туризм форумы аясындағы екінші күніміз туралы

Талғар қаласындағы бірнеше қонақ үйден шыққан біздер – Форум қонақтары таңғы асымызды ішкен соң, 7 үлкенді-кішілі автобустарға отырып, жолға шықтық. Бұл күніміз Алматы облысының көрікті жерлерін аралаудан басталды. Әрине, Көлсай мен Шарын шатқалында бұрын да болғанмын. Сапардан бұрын шараны кімдер ұйымдастырып отырғанын айта кетейін, бірінші, жоғарыда айтылған, Түркітілдес журналистер қоры, екінші, орталық мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, сондай-ақ, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы және жергілікті атқарушы орган – Алматы облысының әкімшілігі, сонымен бірге, демеушілер туралы да айта кету ләзім. Бірден айтайын 200 адамды басқару, оларға қызмет көрсету және алып жүру, орналастыру оңай шаруа болмаса керек, былтыр ғана ашылған облыстың қызметкерлері тарапынан орын алған кейбір олқылықтарға түсіністікпен қарадым. Оның үстіне, Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіндегі Мәкеңнің – Мұрат бауырымыздың ұйқысыз-күлкісіз 4 күн қатар жүруі ерлікке пара-пар дер едім.
Сонымен, әуелі ат басын Шарын шатқалына тіредік. Табиғаттың бұл кереметі Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарында ғана бар. Екі шақырымдай жаяу жүріп, Шарын өзені аңғарына да жеттік. Бұл жердегі көрініс тіпті ғажап. Ұйымдастырушылар түскі асымызды өзен жағасында ұйымдастырып қойыпты, таза ауада ас ішкенге не жетсін? Өз (отандық) туристерімізден өзге Үндістан, араб елдері мен Ресей, басқа да көрші елдерден және Еуропадан келген саяхатшыларды байқадым. Және, бір қуантарлығы шетелдік туристер отбасыларымен жүр екен. Жалпы, Алматы облысы Қазақстандағы жүздеген мың (кей деректе 1-1,5 млн.) туристі қабылдайтын дестинациялардың бірі. Шарын шатқалына кіреберіс ұнады, Интернет жұмыс істеп тұр. Егер, 2 шақырым жаяу жүріп шаршаймын десеңіз, шатқал аумағында арнайы көліктерді пайдалануға болады, бағасы да қонымды. Армансыз аралап, суретке жеке және топ болып түсіп, қуаныштан әндетіп кеткен жайымыз бар. Табиғаттың сұлулығына тамсандық, балаша қуандық және ләззат алдық. Айтқандай, Шарын шатқалына жетпей бір жерде тоқтаған кезде қатты жел тұрып тұрса, Көлсайда керісінше біз барғаннан кейін жаңбыр жауып кетті.
Келесі бағытымыз Көлсай, көркі керемет, табиғаттың шеберлігіне таң қаласың. Мұнда тіпті көлік легінің өзінде сан жоқ, ал, адамдар мен аттар М.Лермонтовтың «Смешались в кучу кони, люди» деген «Бородино» деген өлең жолдарын еске түсіреді екен. Аймақ атақты қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың Отаны ғой, тауға, тұмса табиғатқа тамсанған адамның жүрегінен әдемі өлең жолдары өздігінен туатыны да сол себептен болса керек. Еріксіз, Мұқағали ақынның «Тауда өстім» деген өлең жолдары есіме түсе бергені:
«Тайсалмай басып тастарын,
Алқынбай асып асқарын.
Құзына шығып, қомданып,
Ылдиын тәмен тастадым.
Төбемді көкке жеткіздім,
Төсіне шықтым көп құздың.
Қорқытып бура бұлттарды,
Қойныма әтір сепкіздім.
Талай да талай шынды астым,
Тастағы гүлмен мұндастым.
Қарағайлармен құрдаспын,
Қайыңдармен сырласпын.
Тайсалмай өзім тауда өстім,
Таласар, қане, бар ма ешкім».
Және, маған айрықша ұнағаны Көлсай маңындағы (оған дейінгі аумақтағы) ақшаңқан киіз үйлер ауылдарының көрінісі болды, былтырғы жылдан да саны өскен сияқты көрінді маған!
Аяқ астынан жаңбыр жауып кеткенімен, көлдің маңын аралап, табиғатқа тамсана қарап, уақытымыздың қалай өткенін де білмей қалдық. Тағы жолға шығып, жолда Саты ауылының тұсындағы былтыр ғана ашылған әдемі қонақ үйлердің біріне соғып, бесіндік шайымызды (дұрысы, толыққанды бесін асы) ішіп, түннің бір уағында Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына да жеттік. Шаһарға кіре беріс самаладай жарық, бұл не десем, казинолар екен. Әрине, біз казино ойнауға келе жатқан жоқпыз, біздің мақсат туризмді насихаттап, медиа саласының жұмысын көрсету һәм ертеңгі күнгі Форум аясындағы сессия жұмыстарына қатысу. Қапшағай көлі жағасындағы демалыс орталықтарының біріне орналастық. Кеш жаттық, бірақ шаршау жоқ, бәлкім туған еліміздің (жеріміздің) табиғаты ма екен бізге (маған) күш беріп жатқан? Сонымен, сапарымыздың екінші күні де аяқталды, ал, бізді алда әлі талай қызықты оқиғалар күтіп тұрды.
#түркітілдесжурналистерқоры #фондтюркоязычныхжурналистов #turkicspeakingjournalists #turkdilikonusangazetecilervakfi
#ФорумАлматы
#Шарын #Көлсай
#almatyregion #almatyregion2023 #regionofalmaty2023
#almatyobl
#tourismforumkazakhstan #Ақпаратминистрлігі #МКС #Qazaqtourizm #qazaqbitum #Almatyzhastary #medcom #AltynJulduz #GS #сәттіжұлдыз #sattizhuldyz
