І Халықаралық медиа және туризм форумының бірінші күні туралы!
Белгілі тарихшы, мәдениет саласында табысты қызмет етіп жүрген қарындасымыз Мәдина Сабырдың Фейсбук парақшасынан І Халықаралық медиа және туризм форумы туралы ақпаратты оқып қалдым. Және ол шара Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен өтеді екен. Біріншіден, мамандығым тарихшы және саяси-әлеуметтік пәндер оқытушысы болғандықтан түркі тілдес халықтар тарихы мен үшін қызықты тақырып, ол жөнінде әрқашан қалам тербеп жүремін. Тіпті, Украина майданы туралы жазсам да сол елдегі жер-су атауларынан аттап өте алмаймын. Ал, журналистикаға қатысты айтатын болсақ, біздің http://tobyl-torgai.kz/ атты өз сайтымыз бар, сонымен қатар, аталған бұқаралық ақпарат құралының Атқарушы директоры ретінде форум тақыбыры да менің қызығушылығымды тудырды. Ал, ең бастысы, туризм саласының сарапшысы, авторлық турларды ұйымдастырушы ретінде ішкі туризм басты тақырыптарымның бірі десем артық айтқандық емес.
Өкінішке орай ақпарат кеш жетті, Астанадан Алматыға жету оңай болмады. Поездға билет әсе жоқ, көлікпен жету едәуір қолайсыздық тудыратын болды, ал, ұшақпен жету оң тиімдісі десек те бағаның ұшып тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Дегенмен, тұрақты қолданатын https://tickets.kz/ агрегаторы қажетімді тауып берді. Барып-келу билетіне (ұшаққа) 73 516 теңге жұмсадым.
Сөйтіп, ұшаққа билет алған соң, 2023 жылғы 20 шілде күні Алматы шаһарына жеттік. Айтқандай, әуежайда рюкзагымдағы жүк 6 килограмм деп көрсетіп тұр. Мұнысы несі десем, 1 литр суым бар екен. Әйтпесе, рюкзактағы жүктің салмағын нақты білемін, жүк дегенде ең қажетті киімдер мен өзге де заттар. Жалпы, өзіңмен бірге (ең қажетті) нені алып жүру туралы кейін жазармын, ал, мақсатым Форум болғандықтан сол жөнінде баяндайын.
Форум жұмысына қатысатын екі жүзге тарта қонақ (оның ішінде, 17 шетелдік елден және Қазақстанның барлық аумақтарынан) үздік-создық келіп жатқандықтан әр екі-үш сағат сайын жиналғандар Талғар қаласына кеттік. "Қағанат"-қа барып, түскі асымды ішіп алған соң, тағы көлік тосуға тура келді. Сол күні алғашқы лек Аюсай, Түрген жаққа барып, табиғат аясына шықты. Біз кешірек келгендер қатарынан болып, аудан орталығы - Талғар қаласына жетіп, қонақ үйге орналастық. Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері күтіп алды.
Бірінші күннен Форумға келген әріптестерімізбен жақын танысып-білістік, көпшілігін әлеуметтік желіден бұрыннан біледі екенмін, сөйтіп, таныстығымыз офлайннан онлайнға ұласты. Кешкі ас ұйымдастырылып қойыпты. Асымызды ішіп, шаһарға кешкі серуен жасап, дәмханаға жиналып, Қазақстанның әр түпкірінен келген журналистер қауымы бір қауқылдасып қалдық. Би алаңына да шығып, таныстық кешіміз поэзия кешіне айналып кетті. Қонақ үйге келіп, тортпен шай ішіп, біраз уақыт тарқаспай, әркім өз қызметі, жұмыс істейтін бұқаралық ақпарат құралы, туған жері, қызықты оқиғалар туралы айтып жатты. Сонымен бірінші күніміз аяқталды. Жалпы, Алматы облысы жерінде бұрыннан болып жүрмін, дегенмен, Талғар қаласы ұнады, ауа-райы жағымды, дүкендері түннің бір уағына дейін жұмыс істеп тұрды, көшелері таза. Сөйтіп, бірінші күніміздің қалай өткенін де байқамай қалдық. Алда қызықты кездесулер, жаңа жобаға қатысу һәм табиғат аясына шығу!
#түркітілдесжурналистерқоры #фондтюркоязычныхжурналистов #turkicspeakingjournalists #turkdilikonusangazetecilervakfi
#ФорумАлматы
#Шарын #Көлсай
#almatyregion #almatyregion2023 #regionofalmaty2023
#almatyobl
#tourismforumkazakhstan #Ақпаратминистрлігі #МКС #Qazaqtourizm #qazaqbitum #Almatyzhastary #medcom #AltynJulduz #GS #сәттіжұлдыз #sattizhuldyz

