Қүңіреніп күн түбіне жортқандар...
«Маған қазақ тілі орыс тіліндей бағынбайды, мені қазақ тілі орыс тіліндей мойындамайды» деген күпті көңілмен екі-үш жыл бұрын алдыма ақ қағаз жайып, қолыма қалам алғам. Себебі, мен Абай аулында туып өссем де орыс мектебінде оқыдым, ұстаздарым Марина Владимировна және қазақ болса да Пәленгүл Түгенбаевналар болды. Әріп танығаннан бастап суша сімірген кітаптарымның бәрі орыс тілінде екен.
Орыс тіліне өкпем жоқ. Соны сусындап өстім. Біздің Қарауылдың кітапханасы, қазір ойлап отырсам, бір ғажап дүние екен ғой. Қоры ғаламат бай, қандай кітаптар жоқ дейсің! Көне гректер мифтарынан бастап капитан Майн Ридтің Оңтүстік теңіздерінің қиял-ғажайыптарын және американ үндістерінің жанкешті өмірін суреттейтін романдарымен бүкіл батыс және орыс классикасына дейін - бәрі бар.
Жолдастарымның көбі неміс балалары болды. Қазақ достарыммен де, не сиқыры бар екен, әлде бәріміз орысша оқығандақтан ба, орысша сөйлесетінбіз. Бір қызығы – сыныптас қыздар азан шақырып қойған аттары Гүлмира мен Бақыт болса да, «Гуля» мен «Валя» болуды қалайтын. Қазақ кітаптарын оқымаймыз. Сондай бір бәз бе, мәз емес өмір кешіп жатқанда, іштей қатты назаланып жүрсе керек, марқұм әкем қазақша сөйлейтін венгр туралы мақаласы бар газетті қолыма ұстатты. Әр нәрсеге бір себеп болады екен. Бәрі кітаптағыдай болды. Қоңыр туралы мақаланың маған қатты әсер еткені соншалық, содан бастап мен өз тілім мен әдебиетіме бет бұрдым. Төлеужан Ысмайыловтың балаларға арналған өлеңдерімен Қасым Қайсеновтың соғыс туралы кітаптарынан Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейтініне» бір-ақ түстім. Есім ауып қалды. Содан бері қазақ әдебиетінен әлі есімді жия алмай жүрмін.
Мен оған дейін өмірі атын да естімеген Еуропаның ортасында өз бетімен өмір кешіп жатқан мадиардың қазақ тілі мен қазақтар туралы сөздері менің ұлттық санамды оятты, өз тарихыма деген қызығушылығымды одан ары күшейтті.
Көңілім қандай күпті болса, Қоңыр алдындағы парызымды өтейін деп қолыма қалам алдым да, жоғарыда айтылған екі-үш жыл бұрын «Тіспен туған Қоңыр Бақсы» деген кітап жазып шықтым. Тиражы үлкен болмағандықтан біраз жұрттың қолы жете алмай қалды. Сол кітабымнан үзінділерді қазақ оқырмандарына жеткізейін деген ниетпен, және Қоңырды арқаланып отырып, тарих пен тіл, қазақ пен заман туралы ойларыммен жұртпен бөлісейін деген оймен енді блогка кірістім. Масқарасы, yvision-да ана тілімде постар жоқтын қасы екен.

Мадиар қыпшақтары Іштуан Қоңыр Мандоки және Ласло Вад Баяндүр
Есімі басында сондай қызық болып көрінген Иштван Қоңыр Мандокидің «қандай ғалым және оның Қазақстанға қандай қатысы бар?» деген сұраққа жауап беру үшін біз «мажарлардың (орыстар - «венгрлер»; өздерін «madiar» деп атайтын жұрттың) қазақтарға, жалпы түркілерге қандай қатысы бар?» деген сауалға жауап беріп алғанымыз жөн болар. Жалпы, кез келген қазақ Еуропада ондай жұрттың бар екенін білер. Олармен, әйтеуір, бір туыстық байланыс бар екенін іштері сезер. Өйткені Мадиар есімі таныстары не туыстары арасында кездесіп тұрады. Көзі ашықтары Міржақып Дулат кейбір шығармаларын, оның ішінде «Оян, қазағын!» «Мадиар» деген лақап атпен басқанына хабардар. Солтүстік пен Батыс Қазақстанда қыпшақтар мен арғындардың ішіндегі Мадиар руы (бұндай ру, тіпті, Зайсан наймандарының арасында да кездеседі деседі; кім білсе, маған жазса екен) бар екені де көпке мәлім. Қазақстандағы мадиарлар жайлы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында белгілі венгр антрополог ғалымы Тибор Тот өз жұртына жеткізгенде, бүкіл мажар зиялы қауымы елең ете түсіп еді, себебі еуропалықтар Hunqaria («Хунгария» не «Хангари(я)»), біз болсақ үйреншікті орысша «Венгрия» деп жүрген байырғы контингенттің қақ ортасында орналасқан елдің тұрғындары жерін Madyarorszaq (Мадиар елі) деп атайды. «Оршақ» постфиксі, ғалым Құлмат Өміралиевтің пікірі бойынша, «елстан» деген мағынаны білдіреді және бұл сөз топоним (жер-су атауы) ретінде қазақтың Торғай өңірінде сақталған. Жалпы, қазақ этнотопонимикасында «шақ» есім жұрнағы жиі кездеседі. Мысалы, Басқұншақ, т.б. «Қыпшақ» елесімі де «құба - шақ» деген екі бөлімнен тұратын болса керек (А.Әбдірахманов. «Кейбір этнотопонимдердің этимологиясы жайында»). Ал осы күні қыпшақтардың ұрпақтары мекендейтін Мадиароршақтағы аймақтар да «Нодь/кун/шақ» (Ұлы Қыпшақ Елі, венгрлер қыпшақтарды «kun» дейді, нодь –үлкен, чон деген мағынаны білдіреді) және «Киш/кун/шақ» (Кіші Қыпшақ Елі) деп аталады. Жалпы, мажар (қазір қазақ тарихнамасында осындай да атау қалыптасқан; "мадиар" деген сөздің араб-парсы варианты) ғалымдарының Шығысқа, Азияға деген ықыласы мен ынтасы «Қайдасың сен, Magna Hungaria, ата жұртым?!» деген жанайқайынан туса керек. Мажар тарихының еуропалық кезеңі әжептеуір-ақ зерттелген. Қазіргі Венгрия орналасқан Орта Дунай жазығы 430 жылы Еділ патша (Attila-Аттылы?) бастаған Батыс Ғұн мемлекетінің құрамында болып, ол ыдырағаннан кейін Баян ханының Авар қағанатының мәйегі болды. Тоғызыншы ғасырда Алмастың баласы Арпад бастаған көшпендiлер Орталық Еуропаның әскери – саяси ахуалына белсене араласып, 862 жылы Дунай бойын толық иеленіп, Мажар мемлекетін құрды. Arpad және оның серіктестері Elod (Елөт), Ond, Hond (Қонд), Huba (Құба), Tas (Таз), Tohotom (Тоқотом), Almas (Арпадтың әкесі) есімді жеті түркі көсемдері жарты миллиондай жұртты бастап Карпат қойнауын өздеріне мәңгі-бақи күлтөгер етіп, көшпенді дәстүр бойынша Тәңірге, аруақтарға сыйынып, қан шығарып, арқас анда болып, елін жаудан бірігіп қорғауға ант берген екен. Бұл - мажар тарихында “Отанға қоныстану” деп аталған ең елеулі оқиға. 1862 жылы Мажарстан Аустрия-Венгрияның құрамында болғанда, бүкіл империя болып Мадияр мемлекетінің мыңжылдығын тойлағанда, Будапештің орталығынан ұзындығы жүз жиырма метр, биіктігі он бес метр елдің топжарған жиырма сәулетшісі мен суретшісі ат салысқан панорама орнатылған болатын. Кесененің орталық ескерткіші – жоғарыда айтылған Arpad батыр бастаған жеті атқамінердің тұлғалары. Пері тектес жеті тұлпарға мінген өр кеуделі, мұрттары өрге қараған, маңғаз да паң бабалардың бейнесін көргенде, бір түрлі сезімге бөленесің. Түрлерінен бізге бөтен емес екені анық аңғарылады. Еуропаның төрінде өз аталарымызға орнатылған бейне-бір белгідей. Соны көргенде Сүйінбай ақын айтқандай, “қайдағың қозып” шыға келеді. Өз ескерткіштеріміз есіме түсіп, “Шіркін, мәстек атқа мінгізбей, Әз-Жәнібек пен Керей, Қасым хан мен Еңсегей бойлы Ер Есім, Тәуекел Баһадүр хан мен Салқам Жәңгірді, басқа да қазақтың ұлы хандары мен батырларын бейнелейтін осындай бір керемет Алматының, не Астананың төрінде орнатылса ғой,”-деп қиялдайсың.

Будапешттегі Батырлар алаңы. Ортасында - Арпад патша, екі жағында - көшпенді тайпалардың көсемдері
Еділ патшаны мажарлардың «иеленуі» сонау орта ғасырларда өмір сүрген атақты Анонимус сопынын («Анонимус» латынша «аты өшкен, аты жоқ» деген мағынаны білдіреді) «Мадиарлар тарихы» деген канундық еңбегінен бастау алады. Оның жазуынша, бүкіл әлемді тітіренткен, еуропалықтар «Құдайдың қаһары (Бич Божий)» деп атаған Еділ жаугер 453 жылы дүниеден өткенде, сан жетпес байлығымен осы мажар даласында жерленіпті. Бақилық орны «басқа екіаяқтыларға құпия және қолжетпес болу үшін Дунай өзені арнасынан бұрылып, Atilla жерленгеннен кейін қайтадан арнасына келтірілген» деп жазады ғұлама ғалым. Сөйтіп, бабаларымыз тек қана пенделерге ғана емес, табиғатқа да билік жүргізген көрінеді.
Тоғызыншы ғасырда ғайыптан пайда болған Арпад Алмас ұлы бастатқан көшпенділер өмір сүру әдісі жақын аварларды өздеріне бағындырып, салты бөлек моравандарды жойып, қалғанын Балқанға қуып, Еуропаға кәрін төкті.

Мадиар патшалығының негізін қалаған Арпадтың әкесі Алмас vezir (уәзір), қолында -киелі құс Түрыл (қазақ-керей лұғатында да аттас құс бар). Суретші Кертай Салан.
Бірақ «сол көне мадиарлар кімдер, түркілер ме әлде басқа (угорлар) ма? (суретке қара!)» деген мәселенің түйіні әлі де болса толық шешілген жоқ. Қазіргі мадиар ғалымдарының өзара келген жасандылау мәмлесі бойынша, кезінде солтүстіктегі балықшы, аңшы халық бірте-бірте Шығысқа қарай ығысып, б.з.б. бірінші мыңжылдықтың жартысында Еділ, Қама өзеңдерінің бойын мекен еткен түркілердің арасына келіп қоныстанып, өздерінен недәуір жоғары мәдениет пен өмір сүру әдісін қабылдап, көшпенді халыққа айналды-мыс. 890 жылы осы тайпалардың ішіндегі Мадиар руының көсемі Алмас бастаған жеті түркі (!) (Византия императоры Константин Құдай Берген Парпирод және сол заманда өмір сүрген басқа да тарихшылар да мадиарлардың түсін түстеп, атын «түрік» деп атайды) және үш хазар тайпасы пешенектерден ығысып, Батысқа қарай бет алады. Пешенектерден именсе де, олар Еуропаға келісімен, Оңтүстік Италияға дейін дүйім жерді иеленіп, Рим империясына құқай болады.

Суретші Кертай Салан.
Жалпы, сонау қиял ғажайып Grosso Modo заманында көшпенділердің кез - келген легі Еуропаның жергілікті отырықшыл халқын оп-оңай-ақ жеңіп, елін билеп-төстеген. Орта ғасырлардағы Еуропа отырықшыл халқы күнделікті күйбең тіршіліктің шеңберінен шыға алмай, бидай мен басқасын өсіріп, нан тапқаннан аса алмай, жаугершілікке мүлдем икемсіз болса керек. Мақтаған ерсері (рыцарларының) өзі ешқашан да көшпенділерге төтеп бере алмаған. Бұған тарихи мысалдар көп. Тіпті, кейінірек уақытты алсақ та, Бату ханның Оңтүстік Шығыс Еуропаны серуендеп жүріп басу алуы. Қарақорымдағы Үкітай қағанның қазасы болмаса, Ұрымды да ұрып жығып, тұманды Альбионға жетуі әлбетте еді. Ал 1241 жылғы атақты Легница шайқасында іріктелген (отборные) неміс-поляк рыцарларының Бандар ноянның аз әскерінен оңбай жеңілуін Еуропа ғалымдары осы күнге дейін түсіндіре алмай келеді. 1269 жылы Новгородты басып алуға сайланып келген сол баяғы неміс рыцарлары Александр Невскийдің шақыруымен келген көшпенділер жасағын көріп алыстан-ақ шегінген. Бұл туралы орыс жылнамалары былай жазған: «... немцы... замирашеся по всей воле новгородской, зело бо бояхуся и имени татарского (читай: тюркского)». Көшпенділердің орта ғасырларда отырықшылардан ылғи да биік көрінуі сол замандағы бабаларымыздың өмір сүру әдісінің ілгері дәрежесінен, осы күнгі тілмен айтқанда, технологиялық басымдылығынан, әскери өнерінің ғажаптығынан. Оқ-дәрі заманына дейін осылай болған. Көшпенділер, осы заманның лексикасын әрі қарай пайдалансақ, ең алғашқы «глобалистер»-жаһандастырушылар болды. Orbis terrarium, Жер Шеңберін Ұлы Жағырафиялық Жаңалықтардан бұрын бір-біріне жақындастырып, таныстырып, игерген де біздің көшпенді «күн түбіне күңіреніп жорткан» ата-бабаларымыз

Ортағасырлық түрік-қыпшақ жауынгері. Сурет Британ Энциклопедиясынан алынды.
