Кеңгірбай Би: Құландай жөңкіліп ата-бабамыздың қонысы Шыңғысқа келдік...
Жалғасы. Осы тақырыптағы алдыңғы зерттеулер: "Найман & Арғын. Аралас тарих" https://yvision.kz/post/888335; "Тобықты - Арғынның бір бұтағы" https://yvision.kz/post/892097; Елатан - Тобықты https://yvision.kz/post/892334; Жандос-Жігітек батыр https://yvision.kz/post/892702; Ер Мамайдың алдында шаһид болдым, өкінбен! https://yvision.kz/post/893577
Ес білгенімнен санамнан сакралды орнын алған – Би Ата Кеңгірбай... Олай да емес. Кеңгірбай - «табуланған» (табуированный), жайшылықта айтуға тыйым салынған есім. Тек «Би атам» деуге болады. Ант-су ішкенде басқа балалар Ленинді аузына алғанда («Ленин атсын» дейтін) біз ең үлкен сертті Би Атамның атымен беретінбіз. Тілеухан апам көзі көрмей қалғанда Би Атамның басына барып түнеп көз ашылып сауығып келген. Сондықтан бала кезімнен маған «Би Ата» мен «Кие» деген сөздің арасы тең болды.
Оқыған, тыңдаған сайын Би Ата маған тарихи тұлға ретінде айқындала басталды. Жандос- Жігітектің үлкен ұлы. Тобықтыны Шыңғысқа алып келіп орнықтырған елбасы. Басында Тобықтының қосынының қолбасшысы болып, артынан әскери билікті Мамайға беріп, тайпаның рухани көсеміне айналған. Бірақ, айтқандай, басында батырлықпен көзге түскен. Лаулап жатқан қамыстан жалғыз өзі тоғыз қалмақтың қызын құтқарған-ды. Ең сұлуын – Көкіні - өзіңе таңдап жар қылған. Олай да емес. Көкі қалмақ ханының қызы екен, Абылайдың аманатында не тұтқынында болған. Кеңгірбайға бірінші өзінің көзі түскен. Ерте көктемде Қара Ертісте мұз сынып сеңнін үстінде кетіп бара жатқан құлпырған құндызды секіріп барып алып Аблайға әкеп беріп, орайлы жер осы екен деп, бұйымтайына Көкіні сұраған. Демек, жүрек жұтқан көзсіз батыр болған. Абылайды пір тұтқан, Абылайдан бата алған. «Абылайлап» жауға шапқанда, Абылайдың қос төбеті артынан ерген. Осыдан кейін «Абылай» ұраны Тобықтының ұранына айналған. Батырлықпен бірге көсемдігі де көріне бастайды. Абылайдың кеңесінде келелі кеңестер береді. Осының бәрі – Би Атам!

Би Ата - Кеңгірбай Жандосұлы (1735 - 1825)
Тарихи тұлға ретінде Кеңгірбайға қызыққан Мұхтар Мағауин қазақ тарихына арналған трилогия жазбақ болып, үшінші томын Кеңгірбайға арнамақ болған екен. Мұқаң «Мен» ғұмырнамалық хикаясында өзінің «Алтын дәптеріне»: «Күз. Ел қыстауға қона бастаған кез. Ертіске құлай берістегі жазық. Үш жүз қаралы кісі. Қыл желекті найзалары шошайған, садақ асынған, көбі сауытсыз. Аттары бусанған, жал-құйрықтары қаба. От жағылмайды. Ертемен жоқ болады. Арада он бес күн өткен соң. Көш... Кеңгірбай. Бұл жер енді Тобықтыныкі болады! Тас үйеді Ертістің жағасына...», - деп жоспарлағанын жазады. Бірден байқалатындай, романның арқауы – тобықтының Шыңғысқа орнығуы, осы орайда Матаймен екі арада туындаған қақтығыстар және сол замандағы тарихи-әлеуметтік жағдай... Мұқаңның айтуынша, осы тұрғыдағы бас-аяғы бір жарым беттік жазбасы «Байбаба... атының жалын құшып тұра қалды. Біраздан соң ғана жансыз дене сылқ етіп аударылып түсті. Кеңгірбай – 1715 – 1825» деген сөздермен аяқталады. Туған жылы дұрыс шамаламбаған. Бұл роман алпысыншы жылдардын аяғында, жетпісінші жылдардың басында ойластырылған болу керек. Ол уақытта Кеңгірбайдың өмірі мүлдем зерттелмеген. Болашақ романның бас кейіпкерлерінің бірі Байбаба деген ойдан шығарылған әдеби кейіпкер болса керек. Ол туралы Мұқаң былай жазады: «Найман, тоқсан екі жаста, бір заманда қалмаққа қарсы ұрыстарда данқы шыққан, енді екі ру арасындағы қырқысқа араласпай бейтарап отырған, Матай қоныстан ығысқанда есерсоқ барымташылардың қолынан жарақсыз қапылыста мерт табады». Мағауин Шыңғысқа келген Тобықтының тарихының өзекті жерлерін дөп басып отыр. «Аласапыранды» жазған ұлы жазушының қолынан Кеңгірбай туралы роман жазылса керемет болар еді. Қолы жетпей қалған, бәлкім, әлі жазар.
Би атамның есімі Тобықтының ата жұрты Шыңғыс тауымен, оған қайтып қоңыстанған елімен тікелей байланысты.

Тобықтылардың Шыңғыстаудан кеткен себебі, қазір қалыптасқан ұғым бойынша, қалмақтан ығысқан, сол ығысқаннан Қазақ Ордасының бастауы болған Шудың бойына бірақ жеткен. Ал Нармамбет ақын басқаша айтады: "О бастан көштік Шыңғыстан, Жиделі Байсын баруға, Құбылаға бас тарттық, Ағайынға көп айттық, Кісі қандай тануға... Қалың елден өте алмай, Жаугершілік болып жете алмай, Себеп болды бабама...»... Жалпы, қазақтың рулы елімен «Жиделі Байсынды» іздеп көшуінде таңсық жоқ. Көне жырларда айтылғандай: Бұрынғы өткен атамыз / Көшемін деп өлді ме, / Қырымды тастап Еділге / Ақылы жоқтан келді ме... Қазір Тарбағатайды мекендейтін менің немере аталарым Жұмықтардың Байжігіт бабасы да Шудың бойында дүниеге келген. Сонымен тобықтылардың, қалмақтап қашып әлде Жер Ұйық іздеп пе, Шыңғысты тастағаны XVII ғасырдың отызыншы жылдары болса керек. Оған дейін тобықтылар «Шыңғыс хан елі болып» ата жұртында тұрған. «Құбылаға бас тартқанда» Оңтүстік Бұқарға, Үркенішке дейін барыпты (Шәкір Әбенов, «Таң-шебер Жапал»). Содан жаугершілік басталғаннан елу жылдай Орта Азияны, Дәшті Қыпшақты айнала кезіп, ақыры қайтадан Шыңғысына оралады. Шәкерімнің айтуы бойынша - "1780 жылға тақау". Би атамның өзінің айтуы бойынша: Құландай жөңкіліп ата-бабамыздың қонысы Шыңғысқа келдік... Сегіз Сері айтқандай: Шыңғыстау Бабасынан қалған мұра. Қойнауы Шыңғыстаудың бейне бақша...!

Шыңғыстау. Хан биігі. Суретті түсірген Елдар Мәсәлім.
Қас жауымнан қорғаштап, Қалқан болған тірегім, Баурына келіп тығылған, Жетіміннің бірі едім. Оу, қасиетті Хан тауым! Әрбір атқан таң сайын Басымды келіп иемін. Тау ием, саған мәңгілік Табынумен өтейін. Табыңып жүр деп өзіне, Ұрпағыма келешек Аманат етіп кетейін...
"Монголын нууц товчоо" - "Моңғолдың құпия шежіресі" (Улан Баатор, 1990 ж., 103-ші бет)
Киелі Шыңғыстау
Шыңғыстау Әлмисақтан бері Түркілердің киелі мекендерінің бірі. ХХ ғасырдың басындағы фольклорға жетік оқымыстылардың бірі Жұмағұлұғлы Рақым «Таң журналының» бірінші нөмірінде «Жиделі Байсынды» іздеген Асан Қайғының жерлерге айтқан сындарын келтіре, Шыңғыстау туралы Асан ата былай деген екен дейді: «Мына шіркіннің топырағы құтырған екен, оған шыққан шөп құтырады, оны жеген мал құтырады екен. Оның етін жеп, суын ішкен адам адам құтырады екен. Қаны үзілмейтін кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатын жер екен». Асан Ата қан уыстап туған Темірші Шыңғыстың осындай жерде туғаның меңзегені ме, қалай?!
Абайдың немере інісі Әбубәкір Оспанұлы «Керегедей керілген Шыңғыс» дей келе: «Шыңғысқа жеті ел келіп, Жеті ел кеткен. Қалмақты қазақ қуып орын еткен. Байлаусыз, тиянақсыз жаратылыс...» деп пәлсапалық тұжырым жасайды.
Расында, деректерге қарағанда, солтүстік-шығыста Алтайдан Шар өзеңі аңғарымен бөлініп жатқан, оңтүстік-шығыста Тарбағатайға дейін сұлап жатқан, оңтүстігінде Балқаш төбелеріне ұмтылған, ұйықтап жатқан аждағаға ұқсас тау сілемі Ұлы Түрік Қағанаты, Батыс Түрік Қағанаты кезінде (VI-VII ғғ.) «Желдітау» атанған (дәл аталған, куәгер бола алам, қысы-жазы соғып тұрады), VIII-IX ғасырларда «Кіндіктау» болған, X-XII ғасырларда «Наймантау» («Найманкүре, сегіз өзенді тау», Шәкерім) аталған екен. Қалихан Алтынбаев былай деді: "Орданың түстігінде Хан мен Шыңғыс, Найманның Таян ханы қонған тұңғыш. Ескі аты аты "Найман күре" содан қалған, Деседі шежіреші шалдар білгіш..."
Тағы: "Аң мен құсы жыртылып айрылған жер, Қиялмай Асан Қайғы қайрылған жер. Тігіліп Шыңғысханның Ақ Ордасы, Өзіңе қысқы мекен жай қылған жер".
Сонымен, тау XIII ғасырда қазырғы Шыңғыстау атына ие болады. Мұтылған (Шәкерім) «Қазақтың түп атасында»: «Кім білмес кешегі өткен Шыңғысханды, / Жартысын дүниенің түгел алды. / Талайын Европаның бас игізіп, / Қорқытып Қытайға да алым салды. / Қолына туып еді қан уыстап, / Әлемді билейтұғын үлгі нұсқап. / Қойылған Шыңғыстауға соның аты / Өзенің осы хақан кеткен қыстап» дейді.

Таудың аты Шыңғыс ханмен байланысты екені айдан анық. Өр Алтай, басқа да Аспан тауларын аяғының астына тастаған, Тәңірмен тілдескен Қаған осы бір аласа қоңыр тауларға атын неге қойғызды екен. Әлде бұл атау одан бұрын болған ба, осы жерде ақ кигізге көтеріліп мерейі тасығаннан осы киелі құтты мекеннің атын өзіне алды ма екен? Екі жорамал да ойға қонымды. Абайдың айтқанын біз жоғарыда келтірдік - «Қарауыл өзенінің бойында жатып, „Хан" деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себебі де сол болса керек».
Қажы былай толықтырады: Біздің қазақтың ескі сөзіңше (ең турасы осындай сөздер болса керек) бұл Шыңғыс тауының Шыңғыс атанғаны баяғыда Шыңғыс хан тамам мағол-татардын алып үлкен ханы болғанда, осы Шыңғыс тауында қол астындағы елдердің тайпа басы бектері келіп, мына Қарауыл өзенінің күн шығыс жағындағы хан биігінің басына ақ киізге салып, хан көтеріп Шыңғысқа алып шыққан. Сонда Шыңғыс хан бектеріне Ұран, Құс, ағаш Таңба беріпті. Ұлы Жүз Майқы биге Таңбаң - Сүргі, яғни Малатемір болсын, Құсын - Бүркіт болсын, Ағашың - Қараағаш болсын, Ұраның - Салауат болсын депті. Орта жүз (Қоңырат) Сеңгеле биге – Ұраның - Қонырат, Құсын – Сұңқар, Ағашың - Алма, Таңбаң - Ай болсын, - дейді. Ай таңба - Шыңғыс ханның шын аты Темушин еді. Сол үлкен хан болғанда, Шыңғыс қойды, мағынасы – бек мықты, зор деген сөз. Бұл таудың Шыңғыс атанғаны сол, ана биіктің Хан биігі атанып, осы біз қыстап отырған өзеннің Хан өзені атанғаны, бәрі де сол Шыңғыс хан атыменен. Әбілғазы хан сөзіңше бүл таудың аты (бұрын) Найман Күре болса керек» - дей келе, уақытын да нақтылайды: «Шыңғыстың тауына көтеріліп, Хақан, яғни хандардың ханы атанып, үлкен хан болғаны 1203 жылы болса керек. Осы жерден Мәуераннахрға, Хорезмшахқа қарсы аттанады». Содан «Парсы жағын алып, қайтарында Бұхарадан молда әкеліп, дін жайын сұрап, өзгенің бәрі дұрыс деп, қажы(лық) жайын сұрағанда, жердің жүзінің бәрі Құдай үйі болса керек, ондай бір жерді ғана Құдайдың үйі демек дұрыс емес деп, (әйтседе) молдаларға сый беріп қайырды» дейді.
Әкесінің айтқанын Ахат да растайды: «Шыңғыс тауының маңғұлша алғашқы аты – «Найман күре» . «Найман» – сегіз мағынасында, ал күре – өзен мағынасында, сонда «сегіз өзенді тау» деген сөз болып шығады. Шыңғыс атануы – Шыңғыс ханды хан сайлағанда ақ киізге орап, көтеріп шығарған биік бар. Ол биіктің – Хан, таудың – Шыңғыс аталу себебі сол».
Шежірелі қарт Ниязбек Алдажаровтың жазғанында да: «Тау Шыңғыс атанып, ана биік – Хан биігі атанған. Содан бері жеті ғасырға жуық уақытта талай уақиғалар өткен көрінеді, оның көптеген тарихи куәсі бар. Мысалы, әр жерде кездесетін табиғи емес обалар мен қорымтастар адам қолымен жасалған. Ал енді, Шыңғыс тауының күнбатыс жағында Шаған өзенінің бойында Қоныр әулие деген үңгір бар. Бір кісі еркін сиятын есік сияқты қуыстан ішке кірсеңіз, іші сарай сияқты. Асты қойтас, қуыс төмендей береді, ар жағы су. Сол су Шаған өзенімен жер асты байланысты болу керек. Қоңыр әулиенің алды жыпырлаған таңбалы тас бейіт. Олар ертедегі қырғынның куәсі».
Ақселеу Сейдімбек "Күңгір-күңгір күмбездерінде" былай жазады: «Тарихи еңбектердің біразында Шыңғыс әулетінің ұрпақтан ұрпаққа қалдыратын дерегі бойынша ұлы Хақан солтүстік ендіктегі 47-54 паралельдің аралығында Хан тауында ішінде жерленген. Бүл сілтеме осы Семей өңіріндегі Хан тауына, ондағы үңгірлерге алып келеді». Ақселеу Шыңғысхан жерленуі мүмкін үңгірдің атын да айтады – «Қоңыр Әулие», оның алдындағы, аузындағы жергілікті «Қалмақ бейіті» туралы да дерек келтіреді. Менің көргенім, Қоңыр Әулиеге кіре берістегі қорымдағы мұрде тастар - өңшен қазақ таңбалы. Жергілікті халық оны «Қалмақ тас», «Қалмақ бейіті» деп айтпайды. Қалмақ тастардың пошымы басқа, кейінгі қалмақтардікі екені белгілі, ондай тас үйінді қорымдар Шыңғыстаудың ішінде толып жатыр, 16-17 ғасырдан, жоңғар қалмақ заманынан қалған. «Қоңыр әулиенің алдындағы қорымдар, Шыңғысханды жерлеуге қатысқандардікі», - деп айтады біздің шалдар. Мен бала кезімде еуропалық, орыс ғалымдарының "Шыңғысханды жер қойнауына бергенде жерлеуге қатысқандардың бәрін қырған дегенді" оқып: "е, – үңгірдің алдында жатқандар солар екен ғой" ойлайтынмын. Қарттар (Бекшойын шежіре, Сәбит молда) Шыңғыс ханның Орда тауында жерленген деп айтып отыратын. «Тас қызылда» Жебе мен Сұпытайдың (Субедейдің) молалары да бар дейтін. Тас Қызыл деген Орданың кішкентай жотасы болса керек, бір барып көрсе болушы еді.
Әкем Шәуен Мәсәлімұлы өзінің «Тәңір Құтын іздедім» атты кітабында былай деп жазады: «Қарауылдан батысқа қарай Шыңғыстауды сағалап бет алсаңыз, тоқсан шақырымдай жерде, Шаған өзенінің бойында “Сарғалдақ” деген елдімекен бар. Бұл ХІХ ғасырда бес болыс Тобықтының Бұғылы-Шаған болысы болған, Жуантаяқ атанған атаның байырғы қонысы. Кеңестік дәуірде “Қызыл ту” кеңшарының орталығы болған. Осы Сарғалдаққа тоғыз-он шақырым қалғанда, Шаған өзенінің оң жағындағы жартасты төбенің күнгей бетінде орналасқан тау қуысы бар. Атақты “Қоңыр әулие” үңгірі деген осы. Бұл үңгірді жергілікті халық ежелден киелі орын деп есептеп, қасиеттеп келген. Келген адамның назарын бірден аударатын нәрсе, ол үңгірдің аузы мен өзен арасындағы кең алаңқайда жатқан тасбейіттер қорымы. Қына басқан зират үйінділерінде тасқа қашалған ру таңбалары бар. Арнаулы күмбез, үлкен ескерткіштердің болмауы бір мезгілде, үлкен шайқас-соғыс кезінде шейіт болған адамдардың жерленгеніне ұқсайды». Әкем үңгірдің іші-сыртын мұқият суреттей келе, «бұл үңгірдің жұмбағы көп», дейді. «Не себептен Қоңыр Әулие атанды екен? Алдында жатқандар қабірлер кімдікі?... Біздің тарихымызда жұмбақтар көп қой. Соның бірі, Шыңғыс хан бабамыздың қай жерде жерленуі. Болжам көп, соңғы кездерде Моңғолия әлде Қытайда табылды деп жүр. Мен ғалым емеспін, бірақ көңілімдегі бір нәрсе: осы жердің сол құпияға қатысы бар сияқты. Алдында жатқан бір мезгілде қайтыс болған (?) көп адамдардың мәйіттерін есепке алсақ, үңгір ішіндегі суға төнген жартастың арғы жағы құрлық болса Шыңғыс ханның осы жерге жерленуі әбден мүмкін сияқты. Оның үстіне осы өңірде бабамызға байланысты жер атаулары өте көп».
Жалғасы бар...
