Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Әкем көрген Желтоқсан

Төмендегі естелік жазбалар әкемнің жеке мұрағатынан табылып, кейін «Тәңір Құтын іздедім» атты кітабына еңген болатын. 1997 жылы, Желтоқсан Көтерілісін еске алу күндері қарсаңында жазылған болса керек. Ол кез қазақ қалай болғанда да Желтоқсанды жүрегімен сезініп атап жүрген уақыт болатын.

Ал әңгіменің Түйінінде жазылған дүниелер қазір да пәлендей өзгермеген болса керек....

Шәуен Мәсәлім ұлы: "Желтоқсан көтерілісінен алған әсерлерім".

1. Алаңға барғаным туралы.

1986 жылдың 17 желтоқсаны жұма күні болатын. Алматы шаһарына жақын Шамалған аулына сонау Семей полигон аймағынан көшіп келгеніме бір ай толмаған мерзім еді. Бұл ауылда діни ғибадат орны болмағандықтан, соған таяу Қарғалы қалашығындағы мешітке барып келсем, алдымнан немерем шығып: «Үйге өзіңіздің танысыңыз, «Қайран қазағым» ата келіп отыр. Көп сөз айтты, «жүр-жүр» деп, үйге ертіп кірді. Айтқандай, қалада тұратын, елге де біраз танымал, Журналистер Одағының мүшесі Р. Арғын досым келіп отыр екен. Аман-саулықты білгеннен кейін, әлгі досым өзінің сөзшең мінезіне басып: «Немене, ел дүрлігіп жатқанда, жұмашылап қайда жүрсің, осы сенің-ақ алаңсыз бейқамдығың қалмайды екен» - деп, соңғы жаналықтарын айта бастады. «Ой, Шәке, Димекеңді орнынан түсіріп, орнына Колбин деген өгіздей жирен орыс келіп отырыпты. Бұған қазақтар қарсы шығып, дүрлігіп жатыр. Үйім пана болмай, мұңымды шағайын деп келгенім ғой, у-уһ!» деп әрең тоқтады.

Бұл әңгімеге әскерден жаңа келген желөкпелеу балам араласып, тіпті, жалаулатып жіберді: «Шамалған техникумына кеше қаладан екі студент келіп, жастарды қалаға шақырып кетті. Біз жиналып жатыр едік, Қаскелеңнен көп милиционерлер келіп,  жібермей қойды. Бәрібір ертең баруға келістік» деп отқа май құя түскендей болды. Сонымен Рекең астан соң үйіне қайтты. Ал мен болсам, ары ойланып, бері толғанып, ертеңінде көшеге шығып, жағдайды біраз түсінген соң, 18 күні, «делебем қозып» дегендей, ешкімге айтпай Алматыға автобуспен жалғыз тарттым да кеттім.

Қалаға кіргеннен, автобустен автобусқа ауысқанда байқағаным - көшелерде әр жерге топтасқан адамдар, күбір-күбір ақырын-қатты сөздер. Жастар жағы тым әбігерлеу секілді, жұрыс-тұрыстары тым жедел. Көбі бір белгілі бағытқа бара жатқандай. Мен де осы дүрмекке ілесіп, Жаңа үкімет үйі алаңына бет алдым. «Автобус ары қарай жүрмейді» деген жерден елмен бірге жаяулап жылжыдым. Білектеріңе қызыл байлаған жасақшылар алдымыздан шығып, алға жүруге тыйым салса да, оларды елемей, бір толқын итермелегендей алға жылжып отырып, сағат үштің мөлшерінде алаңға да әрең жеттік-ау, әйтеуір!

Алаңда көргенім.

Ауылдан келген мен үшін бұл жер аса таныс болмаса да, мөлшері Мир көшесі бағытымен келгенімді түсініп тұрмын. Алдымызда абажадай болып Үкімет үйі тұр. Алаң толған құр қол жас ереуілшілер. Байқаймын, ұлдар жағынан гөрі қыздар басымдау ма, қалай? Көбінің киімдері жұқалау, үстерінде шолақ күрткі, бастарында тоқыма жеңіл бас киімдер, бірақ өздері біртүрлі жігерлі, қимылдары ширақ, көңіл күйлері көтеріңкі көрінді. Қақаған аязды да елейтін түрлері жоқ.

Алаңға кіргеннен жан-жағымды бағдарлап, ұққаным: айналамыз бірнеше құрсаулы қоршау. Қоршау шеңберінің ең бірінші тобы – жасақшылар, олардың артында сақшы-милиционерлер, одан кейін бастарына темір қазан киген, алдарына қалқан қылып темір табақшалар ұстаған солдаттар. Осының бәрінің сыртында әскери техника, жанында қаруланған адамдар. Өте бір суық та сұрқай көрініс. Үкімет үйінің баспалдағынан төмендеу, шеткерек ортада бір-екі күйген автокөліктердің қанқалары көрінеді. Қоңырсыған май иісі, болымсыз түтін шығып жатқандай. Ереуілшілер санын шамамен 5-6 мыңның айналасында ма деп ойлайдым, ал қарсы тұрғандар бұлардан 2-3 есе көп көрінді. Сонда да алаңның кеңдігі ме, бос орын жеткілікті. Аяқ асты – қырбақ қар. Кейбіреулер алаңның ортасында ұсақ-түйек бірдемелерді үйіп, от жағып, жылынған болып жатыр. От бықсып жөңді жанбайды. Жастардың қолында асығыс қолдан жазылған, тақтайшаларға жабыстырылған ұран – тілектер көрінеді. Әрегідік бәрі қосылып, өлең айтып қояды. «Атамекен», «Менің Қазақстаным», тағы да сол секілді, теңдікті, бостандықты аңсайтын әндер. Жалпы ауада «ұлтым, халқым» деген, бұрын байқала бермейтін бір леп толқын бар. Бір кезде бір топ жастар дауыстап «Бізге Колбин емес, Көлбай керек!» деп айқайлады. Үкімет үйіне қарай жылжи бастап, көргенім: кіре беріс алдында тіс-тырнағына дейін қаруланған, түстері суық күзетшілер тұр. Бірлі-жарым кіріп-шығып жүр. Ереуілшілерге қарсы жазалаушылар тобының басшылары сонда отырғанын түсіндім. Бір мезгілде алаңды қоршаушылардың арасында белгілі бір қозғалыс туып, «Ойбай, Тәшкеннен тағы да әскер әкелініпті» деген дауыстар естілді. Жұрт шулап кетті.

Үкімет үйінің алдындағы үлкен трибунадан «тыныштандыру» өкілдері шығып сөйлеп жатыр. Бірінен соң бірі сөйлейді. «Саяси Бюроның, үкімет пен партияның шешіміне қарсы шығуға болмайды. Қазақстанды кім басқарса да бәрі-бір емес пе, әділ болса болды ғой. Тараңдар, босқа қан төгіледі» деп төгіліп, бір жағынан алдаусыратып көлгірсіп, екінші жағынан қорқытып, үркітіп жатқан түрлері бар. Мен тыңдаған шешендер – Одақтың Халық әртістері Р.Б., Е. С.- тар, және сол кезде Қазақстан Компартиясының Бюро мүшесі, Қ.Л.Ж. одағының бірінші хатшысы, С. Әбдірахманов болды. Бұл сөйлеушілерді көпшілік жөнді тыңдамады. Тіпті, қарсы дауыстар да естіліп: «Бізге артистер керек емес! Өлеңдеріңді сахнада айтындар! Үлкен бастықтар қайда? Ішке кіргізіңдер! Делегаттар жібереміз! Олжас аға қайда?» - деп жатты. Біреулер оларға қарсы басу айтқандай болып: «Олжас бар, жиналыста отыр, сәлем айтты. Олжас бар, бар!» - деп жатты. Осыдан әрі абыржу ұлғайынқырап, қозғалыс көбейгені сезілді. Алаңның шетіндегі адамдар арасында бірыңғай тиянақты киінген, галстуктерін үзілдіріп байлаған Үндеместер Комитетінің мырзалары көбейіп, халыққа: «Тараңдар! Үйлеріңе қайтындар!» деп бұйырып жатты. Трибунаға тым жақындап едім, жоғарылау тұрған бір-екеуі маған: «Ой, аға, бұл жерде сізге не бар? Ұят болады, ойбай, тез кетіп қалыңыз», деп «жанашырлық» білдіріп жатты. Трибунаның етегінде жүрген біреулер, үкімет үй жағына нұсқап: «Әне, көрдіңдер ме? Анау үлкен жарықтан барлық әрекеттерді фотоға түсіріп жатыр. Кейін жауапқа тартыласыңдар!» деп елді қорқыта бастады. Көзімді көтеріп қадала қарап едім, шынында да, үлкен терезелерден жарқ-жұрқ еткен күшті аппараттар жұмыс істеп тұрғандай көрінді. Сескеніп, шегіне бердім. Осы түста күн еңкейіп, ала көлеңкеленіп сам жабыла бастаған екен. Алаңдағылардың суыққа шыдай  алмай, бұрынғысынан  гөрі ортайғаны байқалады. Біз қатарлы алаңға келген шеттегілердің көпшілігі орта жастан жоғарылар екен, аздаған әйелдер мен мектеп жасындағы балалар көрінеді. Мен қатарлы қырқылжыңдар да бірең-салан кездесіп қалады. Қараңғы қоюланып, кешкі сағат жетілерде таяу келушілер сиреп, шеттегілердің біразы бұрылып, қайта бастағанда, көп жылдардан бері кездеспеген Әлмиса деген таныс адам иығымнан тартып, сәлем беріп: «Ой, Шәке, бұл жерде енді тұруға болмайды, кетейік», деді. Екеуміз бірге алға жылжыдық. Өзімді есеңгіреп калғандай сезініп келе жатырмын. Сонау Шамалғандағы үйге қалай баруды ойлауға да шама жоқ. Әйтеуір, Әлмисаның:«Біздің үй мына жақта, жүріңіз, Шәке», деп үйіне ертіп апарғаны абырой болды. Ыстық шәй ішіп, есімізді жинағандай болдық. Түннің біразына дейін көңілсіз әңгіме айтып, жатқаннан кейін миды ой қамап, ереуілшілердің жағдайын ойлап, уайымға батып жатып, қалжырағаннан мызғып кетсем керек, бір-тұрлы жаман түстер көріп, ұйқылы-ояу таңды атырдым. Кетерімде үй иесі біршама жерге дейін шығарып салды. Көшеде келе жатқанда бір көзге шалыңған көрініс: үлкен көше ортасына сым тартып, телевизор орнатып, одан сол кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы Мұқашев сөйлеп жатыр екен. Тыңдауға құлқым болмай, өз бетіммен кете бердім. Жалғыз-ақ байқағаным, сөйлеп тұрған адамның өңі сынық, жүдеп тұрғаны байқалады. Үні құдайдың зорлығымен, әрең ыңылдағандай болып естілді маған...

3. Түйін

Желтоқсан қозғалысының негізгі мақсаты жөнінде өз пікірімді айтсам, ол, тегінде, басы ашық мәселе. Бұл оқиға халқымыздың, оның ішінде, әсіресе, жастарымыздың ұлттық сана-сезімінің оянып ұзақ жылдардан бергі бойда жиналған отаршылдыққа, рухани қысымшылдыққа деген наразылықтың бір көрінісі екендігіне қазір да, сол кезде де ешкім дау айтпаса керек. Жиырма бес жыл ел басқарған адамды, еңбегін еш елемей, бір күнде орнынан жұлып алып тастағанын халық өзің басынғандық деп түсінді. Орталықтың қазақты халық деп сыйламағанының, ел құрлы көрмегенінің белгісіндей болып көрінді бұл.

Ал осы саналы адамның бәріне де айғақ нәрсеге, үкімет болып ресми түрде осы күнге дейін дұрыс баға бере алмай келе жатқаны - сол билік басында отырғаны кейбір азаматтардың ұлттық сезімінің төмендігінің, шала зиялылығының, санасыздығының белгісі болса керек. Олар үшін Тәуелсіздік төбеден түскен, «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» демекші, олжа болса керек. Сол Желтоқсан оқиғасының кезіндегі жас қыршын ұл-қыздарымыздың жазықсыз төгілген қанының босқа төгілмегенін біле ме екен олар, сезіне ме екен? Әй, қайдам?! Бұл жерде бір дананың: «Зымыстан (қыс ызғарын) көрмеген бұлбұл, көктемнің қадірін білмес» деген сөздері еске түседі.

Дәл қазір Желтоқсан көтерілісіне дұрыс баға беретін уақыт жеткен сияқты. Ол үшін Желтоқсан Егемендікке жетуіміздің бірден-бір себебі, ХХ ғасырдағы қазағымыздың ұлттық мүддесі үшін күрестің ең жарқын көріністерінің бірі деуіміз керек. Баяғыда «Герцен Ленинді оятты», ал Қазан төңкерісінің зеңбірек дауысы сонау Шығыстағы Қытайды оятты деп даурыққанымыз есімде. Ал Желтоқсан уақиғасы кеше ғана өзіміздің көз алдымызда өтіп, бүкіл қазақты мәңгүрттіктен оятты емес пе? Осыны қалай ұмытамыз, осыған қалай дұрыс баға бермейміз, ағайын?!

1997 ж.

Шәуен Мәсәлімұлы

0
1
1613

Осы тақырып бойынша