Ұлттық код
Әр елдің тек өзіне ғана тән ерекшеліктері, болмыстары болады. Оны-ұлттық код деп атаймыз. Жалпы ұлттық кодтқа тіреу болатын берік діңі болуы қажет. Ол әрине біздің тіліміз. Жастайынан баланың өз еліне, жеріне деген махаббаты ана тілінен басталады. Ал одан ары оны күшейту, қазақи тегімізді, ділімізді бойына сіңдірту отбасының еншісінде.
Ертедегі заманда ата-әжелеріміз немерелеріне кішкентай кездерінен бастап ертегі, қисса-дастарын айтып тағлымын көрсетіп өсірсе, қазірде ондайды жиі көре бермейміз. Себебі, бұл заманның қарттары сонау Кеңес Одағында өскен. Жақсыны жаман, жаманды жақсы деп айтқызған дәуірден шыққан. Кейбіреуі әлі күнге дейін батырларымызды, ақын, жазушыларымызды білмей жатса, енді бірі немерелерімен бірге отырып Қазақстанның ел болып қалыптасуына үлкен еңбектерін сіңірген майталмандарымызбен алғаш танысуда. Ал негізінде тәлім-тәрбие, насихат пен өнегенің бәрі осы қазақ әдебиетінде екендігі барлығымызға аян.
Кішкентайымыздан ата-анамыз ұят боладыны көп айтып солай тәлім берген. Дұрыс пен бұрысты сол сәттен-ақ ажыратып үйретті. Ол біздің мінез-құлқымызды қалыптастырған негізгі сатылардың бірі десек артық болмас.
Уақыт өткен сайын Еуропа елдеріне еліктеп, олардың даму үлгілерін өзімізге тартып жатқанымыздың куәгері болдық. Дәл осы мәселені Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруы қажет», деп нық айтып өтті. Демек, Н. Назарбаевтың ескеріп отырғаны еліміздің ерекшелігін, халқымыздың ділін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, рухани және материалдық құндылықтарын сақтап оларға шекеден қарамауымыздың керектігі.
