Мәсәлім Би туралы
Күнгейдегі Тарбағатай-Барқытбелден киелі Арабияға келіп жер жастанған Шанды аяқ қажыдан қалған жалғыз тұяқ – менің атам Мәсәлім (бір тал қызы да болған - Нақия, Ақсуаттағы Шаянбай ұрпағы Құсайын қажыға ұзатылған). Ұрпақ жалғастырар жалғыз ұлдын азан шақырылып қойылған есімі – Мұхамед-Сәлім. Жаратқан Иемнің бесінші атының (السلام, Saliam) мағынасы – Бейбіткер, Ымырашыл. Адам баласына қойылған есім – белгілі бір код, өмірінің таңбасы. Атам расында бейбіткер, ымырашыл – Би болған. Он үш жасынан Бала Би атанып, ел билеуге араласқан. Ол замандағы қазақ қауымында Биді жұрт таңдайды, сайлайды. Би - төре атағы сияқты атадан балаға мирас емес, ақылдылықтың, шешендіктің, әділдіктің арқасында қол жеткізетін мансап.

Қаракерей Жұмық тайпасының төбе биі Мәсәлім (1875 - 1928)
Шежіреге қарап отырсам, менің найман ата-бабаларым араби есім-сойларға әуес болмаған тәрізді. Байжігіттің төрт баласынан бастап - Жұмық, Тоғас, Мәмбет, Қаратеке - Мәметектің Атантайы, Буратайы, Нартайларымен жалғасып Шанды аяққа дейін - түгел қазақи ныспылар.
Нағашы жұртым арғындардың салты басқаша. Шежіреде Ақжол-Дайырқожа атамнан Ақсопы-Кенжесопы, Тобықты-Тауфиқтыға дейін арабша есімдер, содан кейін қазақи сойларға түседі. Бұл бір ортаның, коғамның дәстүріне сай дүниелер болар. Қожа, (суфий) сопылардың қазақ даласына көптен келіп, исламды уағыздаған кезден бастау алған үрдіс болса керек.
Ал Күнгей Алтай, Тарбағатай-Барқытбел қазақтарында XIX ғасырдың өзінде Ғабдырахман мен Мұстафалар сирек кездесетін. Менің атам жастайынан Мәсәлім атанып кеткен.
Тегі «Мұхамед» есімі күнгей қазақтарына өте киелі. Наймандар мен керейлер ХХ ғасырдың өзінде шүршіттің machine gun -пулеметтері мен аирпландарына қарсы шимылтықтарымен атпен шауып ұрандағанда - «Қаптағай!», «Қабанбай!»-мен бірге "Мұхамед! Мұхамед!", «Жәнібек! Мұхамед!»-деп атойлаған.

Мәсәлім атамыз зеректігімен он үш жасында атқа мініп, елдің тізгінін қолға алады. Ерте есейгендіктен болар, әкесі ерте үйлендіреді. Шамасы он үш-он төрт жасында. Әмеңгерлік дәстүрімен жақын ағайыннын жесіріне. Орынша анамыз атамызға бір ұл, бір қыз тауып береді: Түсіпхан мен Рахима. Жайлы мінезімен еліне сыйлы болып, Абай («елдің панасы») аталған Орынша анамыз атамыздан жасы үлкен болған. Түсіпханнан тараған қазір Мәсәлім атамыздың шөпшегі бар, мен болсам тек немересімін.
Жиырма алты жасқа келгенде Мәсәлім би Абайының үстінен өзінен он жас кіші Бақтияр сүлуды ақжаулыққа алады. Ата-дәстүріне қайшы емес. Өзі сүйіп таңдап қосылған қосағы. Қайын жұрты - Абақ керей елінің Жастабан-Жобалай руынан екі бірдей қажының ауылы – Сәудекер қажы мен Тұмар қажының. Қайын атасы орта дәулетті Дәреген мырза. Аңшылықпен де аты шыққан, мерген. Балалары да епті аңшылар, құралайды көзіне ататын мергендер – Қабдолла мен Сейдолла. Сейдолла абақ керейлердің Қытайға, Шын Дубанға қарсы көтерілістің кезінде ерлігі үшін ел аузына ілініп, «Сейдолла батыр» атанып, Шығыс Түркістан әскерінің белді әпісері болып, орден, медальдармен марапатталған.
Жалпы, мен әкемнің нағашыларын елестеткенде, көз алдыма жаба салмалы тымақ киген, қасқыр, барыс тондарына оралған, өне-бойына қару-жарақ асынған батыр мергендер келеді.


Жолбарыс тон киген жолбарыс жүректі керей Қалибек батыр. Сурет National Geographic жорналынан алынған.
Абай «атадан алтау, анадан төртеу» болса, әкем - атадан он бір, анадан тоғыз болған екен. Өзі тұлым жалғыз болғандықтан ба, Мәсәлім атам ұрпағын көбейткен. Үш жасында шетінеген Хамитханнан басқасы бәрі ер жетіп, өсіп-өнген. Ең үлкені Түсіпхан, ең кенжесі – Мәжитхан. Бәрінің есімдерінің түбіріне «Хан» жалғасқан. Бахтияр анамыздан үлкені – ҚызырХан.

Мәсәлім ұлдары, менің немере ата-апаларым. Оңнан солға қарай: ҚызырХан, НұрлыХан (Көкетай), Рысжан, МәжитХан, алдына бала ұстап отырған – менің әкем Шәуен (НаурызХан)
Ол заманда қазақ байлары балаларының бірін шаруаға бейімдеп, малдың артынан қойып, бірін оқудың сонына салған. Жазуға, есеп-қисапқа бәрі бірдей үйретіледі, ары қарай талайына, ыңғайына қарай тәрбиеленеді. Атамның үлкендері Түсіпхан мен Қызырхан, кенжесі Мәжитхан малға жастайынан ие бола бастайды, "оқ тиседе боқ тимейтін" ортаншылар Ануархан мен Наурызхан (Шәуен) оқудың артына түседі. Талап пен қызығушылыққа кенде емес әкем және ағасы Әнеш Мәсәлім мешітінің жанындағы медреседен бастап, Шәуешек пен Үрімжіде білімдерін толтырған. Атамның мешіті мен оның жанындағы медресе туралы әңгіме ары қарай айтылар, тегі ол медреседе ауыл балаларының оқимын дегеннің бәріне орын табылған.
Айтқандай, ХХ ғасырдың бірінші ширегі Күнгей қазақтарына бір жайлы дәуір еді. 1911 жылы Сун Ят Сен бастаған Синхай революциясы жеңіп, Шын еліндегі мәнжулер билігі үш ғасырға аз жетпей құлаған. Әкем «Тәңір Құтын іздедім» атты кітабында жазғандай «халықтық деп аталатын жаңа гоминдандық болса да, жартылай феодалдық билеу түзімі» қалыптаса бастайды.

Синьхай 辛亥 «Темір Шошқа» жылынан бастап Қытайдың темір ноқтасы тот басып шіри бастайды. Жалпы, осы темір ноқта, қайыс ноқта туралы әңгімелер әсіре болар ма екен. Қазаққа тегінде ешкім ноқта кигізе алмаған.
Күнгей Тарбағатай мен Алтайды XVII ғасырдың ортасында қазақтар қайтадан иелене бастағанда император Цянь Лун оларды тоқтата алмай, ақыры «ұялғанынан» (орысшалап айтқанда, «чтобы не потерять лицо»,- дер едім, дәрмені жетпей жатса да «абыройын сақтап қалу» - қытай саясаты мен дипломатия үшін маңызды ұстаным) - «жылына мың қойдан бір қой өтем төлеп тұра беріңдер», -деп Барқытбелді берген екен. Кейінгі салықтары да заңдыланбай бейресми түрде қытай ұлықтарына беріп отырған парадан аспаған. Оның өзін байлар ғана төлеген. Заңсыз, ретсіз болғандықтан «қарашығын» деп аталған.
Сонымен, Қытайда басқа дүниеде жоқ феодалдық-демократиялық түзім (қазіргі коммунистік-империалистік жүйесінің де баламасы жоқ) құрала бастаған кезеңде малшы қазаққа жайлы заман туады. Қытайлар «байдалы түгіл бас қайғы болып», орталықта өз-өзімен қырылысып жатқанда, қазақ төрт түлігін өсіріп, ата дәстүрімен өмір сүріп, өзінің санын көбейтіп жатады. Әрине, Шыңжандағы жергілікті қытай ұлықтарының билігі ғайыпқа кетіп, мүлдем жоғалған жоқ, бірақ едәуір әлсіреген еді.
Әкем өз кітабында «ХХ ғасырдың бірінші жартысында аталған өлкеде төрт түлік мал күрт өсіп, халық өте байыған. Қора-қора қой, үйір-үйір жылқы кең даланы басып жататын. Бұл дәуірді “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманның өзі деуге әбден болады. “Жетім балаға бір құлақ су тиген” уақыттың өзі осы болар. Аса кедей, жоқ-жітік адамдар сирек кездесетін. О, қайран Құлыстай - Жерұйық, түгін тартсаң, майы шығатын жәйлі қоныс едің-ау!" – деп тамсанады.


XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басында Шығыс Түркістан қазақтарының жерлік, әкімдік, саяси құрылымы бер жақтағы қазақтардан ерекше еді. Екі бөлек империяның ішіндегі қазақтың өмір сүру әдісі көп өзгешеленбесе де, отаршылдардың оларды билеу тәсілі түрлі еді. Күнгей қазақтарының жер, әкімдік жағдайлары туралы әкем былай деп жазады: «Қай жерде, қай елде тұрса да қазақтардың салт-санасы, ел болуы, билік құруы, түзімі бір-біріне өте жақын екені қашанда белгілі ғой. Біздің Тарбағатай-Құлыстай өңірінің өмірінің сиқы бар Күнгей қазақтарына тән болуға тиіс. «Құлыстай өңірі» деп отырғаныма Тарбағатай аймағының Найманның Жұмық, Төртуыл, Қарақұрсақ, Қаракерей бабамыздың өз ұрпағы Мәмбет, Үш Байжігіт және Керей, Уақ рулары жатады. Осы қазақ рулары төрт аудан (иәндік жер) құрап, “Төрт үкірдай казақ” атаныпты. Алтай аймағында бірыңғай Абақ-Керей елі қоныстанған. Іле аймағының негізгі құрамын Найман тегіне жататын Қызайлармен ұлы жүздің Албан руы құраған. Осы көшпелі қазақтарды басқару үшін Шын императоры оларды руларының қоныстануына қарай мыңдық, жүздік, елу, ондықтарға бөліп, үстінен әкімшілік жүргізілген. Мансап атаулары жоғарғы билеушілердің ыңғайымен және саяси ағымға қарай әртүрлі аталған көрінеді. Мысалы, Тарбағатай атырабының билеушілері үкірдай, ілгедәй, зәңгі, қалғандары елубасы, онбасы аталса, Іле маңындағылар ақалақшы, мампан аталды. Алтай аймағындағы Абақ Керейлерге, оларды басқарып отырған төре ұрпағына қытайлар ерекше көңіл бөліп, өздеріне жақындау тартқан. Бір кезде боғдыхан Юнъянь таққа отырғанда Қытайға бодан жұрттың ішінен Абақ Керей басшылары бүкіл қытай қазақтарының өкілі ретінде Нанкинге шақырылып, императордың таққа отыру рәсіміне қатысқан. Сол жерде Керей елінің басшылары төрелерге өмірлік мансаптарымен қоса шекпен кигізіп, өздеріне және ұрпақтарына қытай ақсүйектеріне ғана берілетін уан (ван), ғұн (асыл текті), тайжы, бейсі деген текті атаулар берілді. Енді олар Әлен уан, Ажы ғұн, Бұқат бейсі, Пәленбай тайжы деп аталынатын болды. Төрелік билігі өз алдында, бұдан әрі халыққа үкім жүргізіп, ықпалын күшейтуге мүмкіндік алды. Сондықтан болар, басқа аймақтарда қазақтар аудан әкімінен орынбасарлығынан аса алмаса, Алтайда Шәріпхан төре генерал-губернатор дәрежесіне жетіп, ал Әлен уанның әйелі Қадуан ханым Үрімжі аймағының әкімшілік бастық дәрежесіне көтерілген болатын. Біздің Тарбағатайда Әлменнің Зәкариясы генерал-майор (бұл да керей), Дәлелхан Сүгірбаев генерал-лейтенант шендеріне ие болған. Әрине, бұның бәрі қытайлардың абақ керейлерге қатысты саясатынан туындап отырған болса да, қытай керейлері Қазақстандағы Кіші жүз рулары секілді жауынгер, еті тірі болғаны рас. Атағы арғы жақ - бергі жақтағы қазақтарға мәлім Оспан батырдың өзі керей ішіндегі Молқы атаның ұрпағы болатын».

Жолбарыс тері тақтың үстінде отырған Көгедай хан ұрпағы әкемнің досы Әлен Уан. Суретке түсірген Шәуешектің алғашқы фотографтардың бірі Мұхамеджан Юсупов.
Әкем кітабында күнгей қазақтарымен іргелес тұратын халықтар туралы былай деп жазады: «Тарбағатай аймағының Дүрбілжін ауданына қарасты маңғұл-қалмақ мыңдығының ішінде шамасы 200-300 шаңырақ бір зәңгі ел қырғыздар болды. Олардың қай заманда бұл жерге келгені маған белгісіз. Тегі терістік Енесайдан келсе керек. Бір қызығы, діни сенім жағынан көпшілігі моңғолдар секілді будда дінін ұстанады. Өздерінің “Қырғыз күресі” пұтханасы да болған. Бірақ, басшысы Тоғызбай Зәңгі ауылының рулары мұсылман дінін қолданып, ораза ұстап, намаз оқып жататын. Өз тілімен қоса қырғыздар қазақ, моңғол тілдерін бірдей білетін. Қытай қырғыздары тағы Оңтүстік Қашқария, Қызылсу, Ұлықшат, Атұш маңында да тұратын. Осылардың ішінде Құлыстай қырғыздарының тұрмысы моңғолдарға жақын еді. “Жер ортасы - Көктөбе” деп олар қаншама бері ұмтылғанымен, орталарын ұлы Тянь-Шань тауы бөліп тұрғандықтан, тау қырғыздарымен байланысы аз болды. Сырт көзге, тіпті, оларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бөлек халық сияқты болып көрінетін. Бірақ, әлбетте, бұлар да үркін - қорқын заманда адасып кеткен ата қырғыздың бір тобы ғой. Ал дінінің ауысқаны қалың моңғолдың арасына келіп орналасқандықтан, еріксіз Буддаға бағынған болу керек. Әкімшілік құрылысы жағынан бұлар сол моңғолдың он сұмының бірі болып есептелді».

«Ораза намаз тоқтықта» дегендей сол молшылық заманында қазақтар болса ата дінің үстемелеп, мешіт-медреселерін ашып, қажылыққа көп бара бастаған. Жоғарыда айтқандай, әкемнің нағашы аулында екі бірдей қажы болған - Сәудекер қажы мен Тұмар қажы. Әкем «Тәңір Құтын іздедім» кітабында ұзын саны отыздан асқан найман, керей елдерінен шыққан қажыларды атайды. Олардың ішінде Мәсәлім атамның туған құдасы Көлбай қажы, жақын туысы Шадай қажы, «Байжігіттің баласы белгілі Шаянбай ұрпағынан Құсайын қажы (атамның жалғыз қарындасы Нақияны алған, Е.М.) бастаған ағайынды төрт адам бір мезгілде қажы парызын өтегені» туралы жазады. Шығыс Түркістанның отызыншы-қырқыншы жылдардағы тарихы, гоминьданмен соғысы туралы кітап-мәліметтерде Сүлеймен қажы, Еңсе қажы, Бұқат қажы, Қали қажы Тайкөт ұлы, Итемер қажының есімдері аталады. Жалпы, Күнгей қазақтарының қажылыққа баруы екі кезеңге бөлінген сияқты. ХIХ ғасырдың ортасынан бірен-сараң адамдармен басталған үрдіс жаңа ғасырдың бірінші және екіншісі декада-оңжылдығында көбейе бастайды. Және бұл мезгілде тек аса бай кісілер ғана емес орта дәулетті иманжүректілер аттанған екен. Солардың бірі - Шандаяқ қажы атам.

Күнгей қазақтарының қажылыққа баруы 1936 жылы тоқтады, Бейжің мен Нанкинға бағынбай кеткен диктатор Шың Сы Сай қызыл түске боянып, Сталинмен достасып, оның «өкіл баласы» атанғаннан кейін бәрі доғарылды. Дінсіз бәлшебектер аздап болса да құдайшыл Шың Сы Сайды да «жөнге» келтірді.
Шың Сы Сайға дейінгі кезеңде молшылық пен бостандық нышандары рухани дамудың бастауына әкелді. Дін мен сауатшылық бірге жүрді. Осы кезде атам Мәсәлім әкесі Шандаяқ қажы құрметіне мешіт салдырып, медресе ашып, онда балаларды оқыта бастады. Мәметек елінің өзінде сол мезгілде үш бірдей мешіт болған. Мәсәлім Би мешітінен кейін Сүлеймен қажы мешіті, кейінірек Мәсел мешіті ашылды. Соңғысы бертінгі заманға дейін аман тұрды.
Мәсәлімнің үзеңгілес досы Төртуылдың төбе биі Күдері би Сібеті өзенінің арғы жағынан өз мешітін тұрғызады. Бұл туралы Қабдеш аға Жұмаділов былай дейді: «Сібетінің шығыс жағындағы Жұмықтарға тиесілі Майқайың деген жерде Мәсәлім бидің ауылы, қыстауы, жұрты болды. Жайлауы Тарбағатайға шығып жатады. Сібетінің батыс қабағында біздер отырдық. Біздің қоныстарымыз, біздің де жайлауымыз. Меже сақталған: Сібеті өзенінің о жағы, бұ жағы болып. Ең кереметі Мәсәлім би мен мен атам Күдері би әрі пікірлес жолдас, әрі құрдас болған адамдар. Күдері би ерте қайтыс болыпты, 1875 жылы туып, 1920 жылы дүниеден өткен, 45 жасында. Күдері біздің Төртуылдың төбе биі болып өтті. Ал Мәсәлім би бүкіл Жұмықтың төбе биі болды. Екеуінің дәрежесі бірдей. Сосын пікірлес болған, ел басқаруда екеуі де ел аузында жақсы атымен қалды. Ешкімнен қарғыс алмаған, «әй, кәпір» атанбаған. Елдің қамқоры болып өткен адамдар. Қамқорлықтың үлкен түрі - екеуі де мешіт салдырған. Және мешітті бір жылда салдырған. Тіпті ақылдасқандай, сөйтейік деп, пікір қосқандай. Майқайыңда Мәсәлім мешіті бар, біздің Сібетіде Күдері мешіті бертіңге дейін тұрды. Мешіт салдыру деген ол заманда ағартушылықтың ең жоғарғы түрі. Бір империяның босағасында отырып, өздері көшіп-қонып, олай асып, бұлай асып жүріп көшпенділер діннен айырылып қала жаздаған ғой. Сонда екеуі (Күдері мен Мәсәлім) екі жерден мешіт салдырып, қыр қазағын сәждеге жығып, намазға үйретіп, отырықшылыққа бастаған. Өйткені, мешіт салсаң, сол жерге мешіттің төңірегіне ел ұйиды, топтасады. Кереметі сонда».

Шәуешек маңындағы мешіттердің бірі. Суретке түсірген Мұхамеджан Юсупов.
Ел аузында қалған көк шағыл күмбезді биік мұнаралы Мәсәлім мешіті қандай болды екен?!

Ақтайлақ би қожаларды шығыстан алдырған болса Мәсәлім би оқымысты молданы батыстан шақыртқан екен. Сол уақыттағы жәдидизмнің (жаңа мұсылман оқуының) орталығы Өфеден. Тарбағатайға келгенде жасы алпысқа келіп қалғандықтан Мәсәлім мешітінің имамы Исхақ Ишан әйгілі «Ғалия» медресесін емес, одан ертерек ашылған «Ғұсманиядан» білім алған болса керек. Усул-и жәдидпен (жаңа оқумен) бірге һадимды (ескі оқуды) да шәкірттеріне үйреткеніне қарағанда.
Мешітті салған Мұхамед-Сәлімнің мақсаты “садақани жария“ - сауатсыз халықты мұсылманшылыққа дағуат етіп, бала оқыту болған. Аталары Баба мен Әулие болғандықтан. "Мәжуси қазақ, мұсылманның заның білмейсіндер!" - деп өзгелер табаламас үшін.

Мұхамеджан Юсуповтың мұрағатынан алынған мына суретте екінші қатарда солдан екінші болып отырған әйгілі тарихшы Аякөздің тумасы Құрбанғали Халид, оның жанында қылыш ұстап қабағын түйген найманның бай-бегі Хасен ақсақал. Шәкірттерге қарағанда рәсім медресе ауласында түсірілген.
Медресеге бірінші болып Мәсәлім би өз балаларын берген. Үлкен ұлы Түсіпханнан немересі Исханды, ересек ұлдары Қызырхан мен Әнуарды. Ауыл балаларын да тартқан. Жасы бес-алтыға толғанда әкем де барады. Бұл 1925-1926 жылдар.

Мешіттің ауласында.
Бұл уақытта Мәсәлім мешіті әжептәуір білім ордасына айналса керек. Исхақ ишаннан басқа медреседе мырза Ұлықбектің туған жері Бұқардан келген Шәкер Ғабит, Пахриддин молда және Нағымжан деген ғұламалар дәріс береді. Атамның қалауымен зайырлы пәндер де оқытылады. Есеп-қисап, жағырафияны Бәзен мұғалім үйретеді. Тіл сабақтарында міндетті араб тілімен қоса парсы тілі де терең жүргізіледі. Әріптерді қосып оқытумен дауыстап оқу тәсілдері де пайдаланылады. Шәкірттер ескі һадим, жаңа усул-и жадидпен бірге таза қазақи байтұрсын емлесін де игереді.

Шәуешек не Құлжадағы, отырған-тұрған адамдардың санына қарағанда, ірі мешіт-медреселердің бірі.
"Мантық" (логикадан) бастап, "Хикмат" (философия-пәлсапаға) аттап, "Арабиятты" (араб тілі мен әдебиетін) қостап, "Тарихи-табиғиды" зерделеу, "Усули-тағлимиді" (пидагогиканы) бойына сіңіру – шәкірттердің мүддесі. Әлбетте, Шариғат (фикх) заңдарың тануға көп мән беріледі. Әкем ыждахат (иджихат, арабша إجتهاد – айрықша тырысып бағып) арқылы Мәсәлім медресесінің ең үздік шәкіртерінің біріне айналса керек. Он үш жасында “Тағлым”, “Тахбити Мәлік”, “Қағидани Шариғат” шарттарын игеріп, күрделі «Ән Наһу әл Уадыһ * - Нәһу (Сарыфты)» тапсырып, бастан жақты айыратын халге келіп, білім жағынан имамшылық деңгейіне жетеді. Мәшһүр Жүсіп атамыз айтқандай: Ғылым-сарыф, ғылым-наху, - білген жатқа, / Мантық қалам тыссуыф, - жазған хатқа. / "Ғақайд тыһын, - деп - хикмат молла жалал / Фаайз асул ғылым қыратқа".
*Ән Наһу әл Уадыһ – арабияттың (араб грамматикасының) жоғарғы деңгейі

Исхақ ишан қамқоршысы Мәсәлім би бақилық болғаннан кейін бір жылдан соң дүние салып, мешіттің кіре берісіндегі сол жақ босағасындағы атамыздың қасына жерленеді. Ысқақ молда туралы Мәшһүр Жүсіптің сөзімен былай дер едік: «Шәкірттер жиылысты әр тараптан, / Үлгі алды: фиққе, наху, парсы, арабтан. / Баһырасы жұққан жанға сондай болды, / Көкалдаш**, оқығандай, Мергарабтан. / Келтірді құдай айдап біздің елге, / Кенелді дария теңіз, шалқар көлге. / Әкелген себеп болып (Ысхақ) мырза, / Қанша дұға қылсақ аз сондай ерге!».
Жүсіп атамыз Мұса мырза туралы айтса, біз еркімізбен Ысхақ атамызға ауыстырып қойдық.

Осының бәрін жаза отырғанда атамның діни-зайырлы медресесі көз алдыма керемет болып елестейді. Әкемнің сол уақытта алған жағырафиядан, тарихтан, жалпы гуманитарлық білімі мені ылғи таңқалдыратын. Әрине, кейін орта, жоғарғы білім ордаларында білімін толықтырды ғой, - десек те қай адамнын білімі болсын - бастауыштан. Сол жерде адамның дүниетанымы да қалыптасады. Мен бұны отыз жылдай дәріс берген ұстаз ретінде де айта аламын.

"Ғұмария" (аты әйгілі Өфе медресесіне сәйкес қойлған болса керек) медресесінің ашылуы. Ортада басына сәлде ораған Әбдірахман қари, оң жағында Мұхамеджан Юсупов және ұстаз Әбілмағжан Пайзолла ұлы (басына бөрік киген). Шәуешек, 1930 жыл.
Қазақ қаласы мен даласында мешіт-медресе ашу - модерн әрекет, алға ұмтылудың, жаңалықтың белгісі, ретроградтық артқа тарту емес. Ол уақыттағы қазақ қоғамына дін - коммунистер айтып жүргендей - апиын емес, Қабдеш аға Ақтайлақ би туралы романын атағандай – «Прометей алауы», жақсылықтың жалауы, білімге, имандылыққа жол тарту.
Осындай рухани төңкерісті күнгей қазақ даласында ұйымдастырғандардың бірі – менің атам Мұхамед-Сәлім, Мәсәлім болған...
