Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мәсәлім Бидің асы

Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы» https://yvision.kz/post/858731; «Күнгейдің ол да қыран шаһибазы» https://yvision.kz/post/859230; «Салуалы ордам қонған жұрт» https://yvision.kz/post/859340; Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді Алашы! https://yvision.kz/post/860976; Мұсылман-кәпірде жоқ жүрек... https://yvision.kz/post/862239, Бабалар рухының көші https://yvision.kz/post/862800, Қанаты ақ сұнқардың қайрылғандай, https://yvision.kz/post/863280

Мәсәлім бидің қазасынан кейінгі азалы рәсімдер туралы әкем өте құнды этнографиялық очерк жазып кетті. Би атам, айтқандай, көктемде, сәуір айында Тарбағатайдың Майлы тауында қайтыс болған. Күнгей қазақтары көне түркі салты бойынша қайтқан адамды қыстауға жерлемейді екен. Қыстың көзі қырауда жеті қаралы адам, алдарында мәйіт артқан түйені жетектеген балалары он үш жасар Қызырхан мен сегіз жасар Шәуен жолға шығады. Атамыздың сүйегі бес атан түйеге кезек артылып, жеті күндей жолда болып, жазғы қонысы тақтайлы үйінің жанындағы мешітке аманатқа қойылып, ертеңінде мешіттің босағасына жақын жерге жерленген. Жаз шығып, жер кебе бастасымен қаладан ноғай ұсталары алдырылып, мешіттің оң жағынан үлкен күмбезі бар алты қырлы зират тұрғызылады.

Шығыс Түркістанда салынатын мешіт үлгісі. Сурет Мұхамеджан Юсуповтікі.

Мешіт те, атамыздың кесенесі де Қытайдағы "Мәдени төңкеріс" кезінде кезіңде қиратылып, жыланбауыр тракторымен жермен-жексен етілген. Төменгі суретте атамыздың зиратының жаңғыртылған түрі - күмбезсіз төрт құлақты дәстүрлі қазақи бейіт.

Атамыздың қазасынан кейін мұсылманшылық шартымен жыл бойы бата оқылады. Екі қари молда жеке күтімде болып, кезекпен Құран аударады. Кейіннен Тарбағайтайда кеңінен тараған, ХХ ғасырдың 80-шы жылдары Үрімжіде шығатын "Мұра" жорналына толық мәтіні жарияланған Жанұзақтың Әрімжанның жоқтауы көңіл айтудан туған, ал арнайы жоқтауды Керей Көрпештің Сыдығы деген ақын жазып, бойжеткен қыздар мен келіндерге жаттатып, үйретіп қойған. Жоқтау жыл толғанша күнде ертемен және кешке күн батарда айтылып, құран - дұғамен аяқталып отырды. Бұл көне заманнан келе жатқан “Дауыс” рәсімі.

Шыңғыс қаған заманынан келе жатқан дәстүр бойынша ең үлкен сегіз қанат ақ үйдің сыртына ұзын сырық ағашқа жылқы қылы шашағы бар алыстан мен мұндалап тұратын қаралы ту орнатылады. Үйдің іші ең қымбат қызылды-жасыл жасаулармен безендіріледі. Бағалы аңдардың терісінен тігілген ішіктер мен басқа киімдердің іші сыртына қаратылып, теріс ілініп, аяқтың астына қалың қылып оюлы сырмақ пен кілем-көрпешілер тасталады. Атамыздың оқшантайдағы қыны, оттық салатыны, басқа да ер адамға тән сай-саймандар қатарланып, салбыратылып ілініп, ертоқымының үстіне ішік жауып, бұлғын бөрік кигізіліп қойылады. Үй ішіндегілердің барлығы дерлік белдеріне ақ белбеу байлап, қыз-келіндер оған қосымша бастарына аппақ орамал тартты. Атамыздың мініс буырылы қара аты құйрық-жалы күзетіліп, асқа сойылысқа дайындалған. Қыстаудан жйлауға көтерілгенде теріс ерттелініп, үстіне ішік пен бөрік, кісесі кигізіліп, қара буырыл жорға атымен бірге көштің басында жүріп отырған. Қаралы көштің белгісі “тұлдау” деген осы екен. Бұндай көшке қарсы әрекет жасаған адамдар қарғысқа ілініп, үш тоғызға дейін айып төлейді.

Атамыздың асы күзде, ел жайлаудан етекке түскенде жалпақ жазық Кепеде берілген. Қырық үй тігіліп, қырық жер ошақ қазылып, тай қазандар орнатылып, жүздеген қой-жылқылар сойылған. Ғұламалар қатым тәпсірлерін оқып, ұзақ дұға-тілектер айтып, марқұмның рухына арнап құран бағышталған. Бірақ ат шабу болмапты. Астың алдында бақилық болған жақын ағайынның қазасына байланысты. Бәйге қорына бөлінген мың қой мен кілемдер, бұлғын, қасқыр, қарсақ, күзен ішіктер мен құндыз бөріктер ат иелері мен шабандоздарға тен сыбаға ретінде таратылыпты. Сонымен есте қалыпты. Ас соңыңда азалы қара туды атамның сыйлы құдасы Ескі Уақ елінен Байжұма зәңгі мен Мәметектен Қызайбай қажы құлатып, қайғылы мерзімнің аяқталғанын жариялаған.

Осы айтылғанның бәрі әкемнің естелігінен алынған. Тоғыз жаста білгені мол, көргенінің бәрін есіне сақтаған. «Әрине, ас беру әркімнің шама-шарқы мен дүниеден өткен адамның атақ-абыройына байланысты ғой, - деп түйіндейді әкем, - кейде ұлы дүбірге айналып, үлкен ысырапшылықпен өткізіледі. Бір байқағаным – қазақ халқы өлім жөнелткенде бірлік-береке көрсете алады, әсіресе, ас беру кезінде құда-жекжат жағы көзге түседі. Менің әкемнің асын жөнелткенде ағайын-жекжат әкелген қой-жылқы сай-сайға сыймай кеткен-ді» - дейді.

Әкемнің жазбасында Тарбағатай-Алтай қазақтарының рәсімдерінің ерекшеліктері де айтылған. Мысалы, Тарбағатай наймандарының салтында азалы ауылға жақындағанда, ер адамдар “ой-бауырым”-дап атпен шабады. Өте жақын адамдар аттың екі жағына кезек теңселіп, "бауырымдап" дауыстап жылайды. Үй сыртында жүрген күтушілер олардың атының тізгінінен ұстап, демеп түсіреді. Қазірдің өзінде кісі өлген үйдің ауласына кіргенде “ой-бауырым”-дап келетіндер баршылық. Бұл тек ер адамдарға ғана арналған дәстүр. "Ал он екі Абақ Керей елінде бұндай әдет жоқ", - деп жазады әкем. Ал олардың төрелерінің ауылына бүйтіп атпен шауып келу, тіпті, шамға тию ретінде қабылданады. Тіпті, айтасыз, төрелердің үйіне қамшымен кіруге болмайды. Бірақ атақты Мамырбек төре өлгенде. Найман жағы өз елінің салтымен “ойбай, бауырым”-дап келгенде, Тұрысбек төре: “Сай сүйегіңді сырқырататын жақсы әдет екен ғой”, -деп құптаған көрінеді.

Теріскей мен Күнгей қазақтарына бір-біріне көңіл айтуға шекара ешқашан тосқауыл болған емес. Әкемнің естеліктерінде "терістік шекараға жақын Аю-Текшеде отырғанда, кешке жақын “Орыс елі” деп аталатын арғы беттен бір топ атты қазақтар сау етіп келе қалады. Бұлар Шаянбай әулеті, Әбділдәбек, Нүреке бастатқан Бөгіс, Төгіс балалары екен. Бата оқу үшін келген. Қона жатып, ертеңінде кешке қарай қайтадан шекара асып, ауылдарына қайтты. Тағы бірде Керей Жабағытай бастатқан жаба салмалы тымақ киген, өне-бойына қару-жарақ асынған суыт жүрісті жиырма шақты қазақ келіп, құран оқып кетті.

Кейіннен білдім, бұлар да орыс жерінен өткен мықтылар екен. Шешеміз Жастабан елінің қызы болғандықтан, сүйек тартып келіпті. Шекарадан келушілерге көмектесіп, елді ары-бері өткізетін атақты “Жабағытай тобы” осылар болды. Құралды шетел азаматтарын өз елінде сайрандатып қойған сондағы қытай үкіметінің дәрменсіздігіне қайран қалам. Орыстар бұл кезде шекараны күзетуді мейлінше мықтылап жатқан. Қайтсе де, бұл көріністер еркіндікті ұнататын сол кездегі қазақтардың жүректілігінің айғақтары болса керек. Кейіннен кейбір мықтылардың қорықпастан түнде әндетіп, арғы бетке туыстарына барып қайтқанын талай көрдім. Бірақ, сол келер жылы мал қайырып жүрген Жазай, Қонысәлі деген адамдарды орыс шекарашылары жазықсыз атып өлтірді. Бұл қорлыққа шыдамаған біздің елдің адамдары атқа қонып, құралды шайқасқа шыққанын білемін. Құралайды көзден атқан Мұзафар, Сержан деген мергендер бастаған топ қызыл әскерлерді шегіндіріп, жеңіспен оралған болатын".

Әкемнің естелігі «ХХ ғасырдың ортасына дейін көшпенді өмірдің әдет - ғұрпын сақтап келген Шығыс Түркістандағы қазақтар тұрмысының бір сәті, сол заманда олардың ата салтын сақтап, аруақты құрметтеуінің қай дәрежеде болғандығын анық танытатын көріністер» болса керек.

1
1
1433

Осы тақырып бойынша