Мақтаның атасы - жер, анасы – су!

Мақтаның атасы - жер, анасы – су! Өткен жолы жазғанымдай сәуірдің жиырма сегізі мен мамырдың бірі аралығына Түркістан облысына қысқа мерзімді отбасылық саяхат жасаған едік. Негізі, бұл өңірге барудың біз үшін үш мақсаты болды. Бірінші – Мақтарал ауданына бару, ондағы туысқандармен қауышу. Екіншісі – Шардара қаласына барып, ондағы достарымызбен кездесу. Үшінші – Шымкент қаласындағы ағайындарға бару және Ақсукенттегі Марат бауырымның ата-анасына соғу.

Әрине, Шымкенттің мәдени-тарихи һам туристік орындарын да аралауымыз қажет еді, оған уақытымыз жетпей қалды. Енді, оны болашақтың ісі деп ойлаймын және тек Шымкент қаласы ғана емес, сондай-ақ, алдағы уақытта облыстың туристік аймақтарына да баруды жоспарлап отырмын (келесі жылы ол жоспарымды орындадым, бірақ әлі Созақ ауданына барған жоқпын).

Біз Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкент шаһарына жетудің үш түрлі жолының ең тиімді тәсілін таңдадық, яғни поезд және көлікпен жету уақытымызды алатын болды әрі үш ақ күн демалыс еді. Сөйтіп, «Қазақ эйр» компаниясының сайтыhttps://www.flyqazaq.com/kz арқылы екі ересек пен үш балаға онлайн билет сатып алдық. Қысқаша айтқанда билет құны барып-келуді есептегенде 100 000 теңге төңірегінде шықты, ал егер осыдан екі ай бұрын, ертерек сатып алып қойғанда әр адамға бір бағыт бойынша 10 750 теңгеден шығатын еді.

Иә, таң қалмаңыз, егер сапарыңызды ерте жоспарласаңыз сондай сомаға билет табылады. Және оны мен әрқашан онлайн аламын. Бастысы картаңызда қаражат жеткілікті болса болды. Ал, поездбен барсаңыз бір тәулік жоғалтасыз және тағы азық-түлігіңіз, тамақтануыңыз бар дегендей. Сөйтіп 28 сәуір күні 11.20 минут шамасында 1 сағат 40 минут ұшып келген соң Шымкент әуежайына келіп қондық.

Шымкентте күн жылы екен, біз курткаларымызды, бас киімдерімізді шешіп тастадық. Әйтеуір бір жылылық сезіледі. Мұнда бізді Ғалымжан бауырымыз күтіп алды. Сол бетімізбен туысқандарға хабарластық та, кейін аздаған жеке шаруаларымызды шешіп алып, қала орталығындағы дәмханалардың бірінен түскі асымызды іштік те, жолға шықтық.

Бағыт – Мақтарал ауданының Нұрлыбаев ауылдық округіне жету. Шымкент пен Асықата/Атакент/Мырзакент арасының қашықтығы 220/223/237 көлемінде, оның ар жағында ауылға жету керек. Сонда 250 шақырым болып тұр ғой, арасында адасып кетіп, Жетісайға да өтіп кеткеніміз бар. Жол жақсы екен, әсіресе қаладан шыға бере Қазығұрт ауданы аймағы жолы тіпті тамаша, одан кейін Сарыағаш ауданын басып өтіп, Мақтарал ауданына да жеттік.

Мені қатты таң қалдырғаны, елді мекендердің жиі орналасуы және ең бастысы оларда халқының тығыз қоныстануы. Мәселен, біздің Қарағанды облысының Жезқазған өңірін не Қостанай облысының Торғай өңірін алатын болсақ, 50 кейде 80 шақырым шамасында елді мекендердің ілеуде біреуі ғана кездеседі. Өкінішке орай біздің өңірдің халқы оның үстіне азайып қалған. Ал мұнда бір ауылдан соң екінші ауыл іркес-тіркес орналасқаны тамаша екен. Қазақтың болашағы қала десек те тамырымыз ауылда ғой, міне егер Түркістан облысында 3 миллионға тақау халық тұрады десек, соның 308 442 Мақтарал ауданында өмір сүріп жатыр.

Қазығұрт ауданының табиғаты әсем екен, атам қазақ «Қазығұртта кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деп тегін айтты дейсіз бе? Жері таулы-қырлы, көкорай шалғын, қарасаң көзің тоймайды. Алайда біздің көп кідіруге мүмкіндігіміз жоқ. Алда, Сарыағаш ауданы, бұл аудан да халқының саны бойынша республикадағы ең ірі аудандардың бірі, мұнда 325 000 астам жұрт тұрады. Оның үстіне Өзбекстаннан келген қандастар осы ауданда салыстырмалы түрде жиі қоныстанған. Жол бойы парниктер көп екен, халық диқаншылықпен айналысады, жер емшегін емген еңбеккер оңтүстік халқы қай жағынан да мақтауға тұрарлық. Сарығаш курорты тағы бар, суы да емге дәру. Атақты Қапланбек те осында екен ғой.

Аудан аумағында жүре отырып, шынымды айтсам Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі елді мекендерде келе жатқандай әсерде болдым, себебі ауыл-ауылдар шоғырлана орналасқан, әрине егістік алқаптары алмасып отырады. Мысалы ауданда жүз елуден астам мектеп бар екен, осыдан да оқушылар санын бағамдай беріңіз!

Бір жылы Делиден Аграға дейін көлікпен барған едім, сонда аралықтағы бос жердің жоқ екенін және ондағы тырбаңдап жатқан халықты көріп едім, бұл да да сондай көрініс болды. «Сұрай сұрай Меккеге де жетесің» демекші, Сырдария өзенін басып өтіп, Мақтарал ауданы аумағына да келіп кірдік. Мақтарал ауданына республикамыздың ең оңтүстігіне орналасқан, халық саны бойынша еліміздегі ең үлкен аудандардың бірі. Енді аудан туралы азды-көпті мағұлмат бере кетсем.

Мақтарал ауданы 1928 жылы құрылған, орталғы Жетісай қаласы, аудан бойынша 3 кент пен 20 ауылдық округ бар, оған қоса 182 елді мекен аталған кенттер мен ауылдық округтерге қарайды. Ұлттық құрамы бойынша халықтың басым бөлігі қазақтар (яғни 253 444 адам немесе 83,2 %), одан өзге 25 883 төңірегінде тәжіктер мен 11 850 төңірегінде өзбектер, 4 418 маңында орыстар тұрады, әрине қазақ жерінде басқа да диаспора өкілдері тұратыны белгілі, дегенмен славян тектес жұрт саны күрт азайған.

Егер, аталған жерлердегі елді мекендердің атауына қарап орыс тектес ағайындардың кезінде бауыр басқанын да көреміз, мысалы Асықата бұрын Киров, Атакент Илиьч, Мырзакент Славянка еді. Айтқандай Мақтарал мен Сарыағаш аудандары болашақта саны төрт не бес ауданға бөлінеді екен (кейін бөлінген еді). Сәйкесінше, бұрынғы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтарал мен Сарығаш аудандары қалпына келтіріледі. Оған өз басым қатты қуанамын, өйткені бұл әкімшілік жүйенің халық үшін тиімділігі зор деп ойлаймын.

Ал, Мақтарал ауданына келетін бослақ, ауданының жері сортаңдау, бірақ суармалы егіншілік дамыған, мақта мен көкөністер (әсіресе қауын) егіледі екен. Халықтың басым бөлігі өзін өзі асырып отырған жұрт. Ала жаздай егіс алқабында терін төгіп, еліміздің басқа өңірлеріне өз өнімдерін жеткізеді. Бір жағынан Өзбекстан мен Қазақстанның шекараны ашуы Түркі әлемі үшін жақсы нышан десек те, жергілікті шаруалар көршілес елдің өнімдерінің бағасы бізден арзан болуы мүмкін деген қауіптері жоқ емес. Десек те бәсекелестік үшін бұл да қажет шығар.

Жалпы, мысалы біздің Қостанай облысында көбіне астық егетін болса, оның шығымы да азайып жатыр, шығындары да көп, сондықтан майлы дақылдарды өсіру қажеттілігі сияқты, бәлкім мұнда да басқа өнім түрлерін өсіруге ден қояр. Оңтүстіктегі бір қандасымыз цитрустар өсіріп жатқанын да хабардармыз. Әрине, қырыққабат, құлпынай өсіріліп жатқан алқаптарды да (Сарығаш ауданы аумағында) көрдім. Қалай десек те оңтүстік халқы Үкіметке алақан жайып отырған жоқ, тірлігін істеп жатыр.

Жалпы, оңтүстіктің қонақжайлығы, іскерлігі мен бейімділігі мақтауға тұрарлық емес пе? Тағы бір жайт, ол артық жұмыс күшін еліміздің солтүстік өңірлеріне апару туралы. Велосипед ойлап табудың қанша қажеті бар, баяғы Кеңес Үкіметі жүргізген тың және тыңайға жерлерді игеру саясаты сияқты «Қазақ тыңын» дұрыстап қолға алу қажет.

Енді тақырыбыма қайта оралсам, мұнда келген себебім алдында жазғандай туған бөлем тұратын еді, біз отбасымызбен қонаққа келген болатынбыз. Жолымызды тауып, Өнімкер ауылына да келіп жеттік. Қазақтың асы ет асылып, бөлелер, туған-туыс, ағайын, көрші-көлем жиналып түннің бір уағына дейін салиқалы әңгіме айтылып, бәріміз де арқа-жарқа болып қалдық. Бұл күні осында қонып ертең Шардара қаласына жол тартуымыз керек!
