Малайсары — (Поэма) Соңы

Елшілік
– Боранбай, бүгін түнде аттанасың,
Бұл сапар саған да– сын, маған да– сын.
Қоңтайшысына жоңғардың қолға түскен,
Қолбасшының хатын апарасың.
Елшісің біздің жұрттан соны ұмытпа,
Қоңтайшыдан жауап ап қайт жуықта.
Осылай деп ойланып тұрды-дағы:
– Жалпақтама жауларға, жүз жылытпа.
Ал мына хат– оларға менің шартым,
Жауыз жоңғар, –деді де, – қыссын артын.
Бұлтақтаса, інісінің басын алам,
Елшіліктің сақтамай дәстүр-салтын.
Қол көтерсе, тұтқынның қырам бәрін,
Тігіп отыр дегейсің саған кәрін.
Үш жүзден іріктелді тоғыз жігіт,
Басқаратын– өзіңсің соның бәрін.
Боранбайлар сол түні жолға шықты,
Емші, жолбастаушы, тілмаш мықты...
Енді біз емшіге сәл тоқталайық,
Малайсары емші деп топқа лайық
Жаужарғанның есімін атаған-ды.
Борекең «әйел адам» дей беріп ед,
– Сөзді қой, – деп ескертті бейберекет.
– Бореке, өзгелерге көз салайық,
Шетелдің елшілері қасында емшілері
Демеңіз мұны тегін, –
Деп оның сөзін бөлді Малайсары.
Уәж айтар оған қарсы бар ма амалы?..
Алыс жол ыстық түсе ат шалдырып,
Алмақ боп адамдарын демалдырып.
Жайғасқан бір ағаштың түбіне кеп,
Көңілі елшілердің емен-жарқын.
Мұндайда айтылатын әңгіме көп,
Шешендер келтіреді сөздің парқын.
Дуылдап отырғанда ызың қаққан,
Әлдене олай-бұлай ұшып жүрген,
Сол пәле Боранбайды келіп шаққан.
Ынтығып әңгімеге құлақ түрген,
Боранбай білегінің іскенін де
Тіптен де алғашқыда аңдамаған.
Сезген тек қызуы арта түскенінде,
Әлден соң жатып қалды сандырақтап.
Жаужарған өзгелерді кері сырып,
Ісікке әлденені жақты аппақ.
Әлден соң жеңіл шатыр құрғыздырып,
Емін әрі толассыз жалғастырған.
Сол түні көзі тіптен ілінбеген,
Бір сәтте:
– Шыр-пыр боп сенен қорқып кетті, антұрған, –
Деп баяу көзін ашып күлімдеген,
Сонан соң қатқыл үнмен: «Отыр бері,
Қолымды серпер болсаң, менің тегі,
Бұл қорлық– Боранбайдың өлген жері.
Мен саған сүйем-күйем дей алмаймын.
Әйел ғып алам сені,
Ұнатасың, пәтшағар, сен де мені, –
Дегенде Боранбай ер тына қалған.
Демеңіз бұл сөзімді менің жалған,
Көнеден ел аузында аңыз қалған...
Қызыл қан, қызыл оттың ортасында
Қос жүрек махаббаты от боп жанған.
Ұлы өмір арсыз ажал арасында
Махаббат шамшырағы сөнбей жанған,
Бұл үлгі ұрпақтарға мирас қалған.
Содан ба,
Борекеңнің кетті ме мысы басып,
Жоқ әлде қалды ма екен болып ғашық?..
Жаужарған жанарына жас іркіліп,
– Арман не, өтсем сізбен қол ұстасып, –
Дегенде,
– Қарағым, құтты болсын қадамың! – деп
Өзі жоқ болса-дағы бұл маңайда
Құлағына Түй әулие даусы келген.
Сол түні бұл екеуі қол алысқан.
Махаббат ойламаңыз ертегі деп,
Сіз оны іздемеңіз тіпті алыстан,
Шын сүйіп, табысқанның ертеңі көп.
Осылай тағдырлары табысқанда,
Белшеден бейнет кешіп, қызық көрген.
Жастық шақ бірте-бірте алыс қалды,
Артынан екеуінің ұрпақ өрген...
«Қазақтан елші келед» деген хабар
Дүрліктірді жоңғардағы бар ұлықты.
Қоңтайшы қарсы алса да түйіп қабақ,
Ә дегеннен Борекең сөзбен сабап,
Менменсіген немені сабасына түсірді.
– Кеуделенбе, сен бізге аса шалқалап,
Шалқаласаң, шалқаңнан түсіремін,
Ала алмайды ешкімде арашалап.
Тұтқындағы ініңнің басын алып,
Ерегессең, тарттырам саған табақ, –
Дегенінде қоңтайшы иілген-ді,
Уәзірлері шуласып күйінген-ді.
Дескен еді: «Тағыңды төңкереміз,
Ал ордаңның қалады үйіндісі».
Содан болар әп-сәтте жүзі жылып,
Қарт қоңтайшы танытты тосын қылық.
– Малайсары жіберген шартты әкел, – деп,
– Қажет дейсің, –деп қойды, – кімге бүлік?
Өлгендердің соғыста құнын төлеп,
Айдап кеткен мал басты одан бөлек.
Қолға түскен жастарды қайтарғанда,
Азап кешкен сол жастар тұрды еңіреп.
Боранбайлар шыққанда елге беттеп,
Елшілерді қоңтайшы құрметтеп,
Шығарып сап, келетін күнін айтқан,
– Кемдік болса, сол жерде түзелед, – деп.
Шекарада

Үш жүздің іріктісі, біліктісі
Атқа қонды «Алла» деп, жылып түсі.
Жүз қаралы қазақтың жақсыларын
Қорғап келеді жігіттің жіліктісі.
Абылай сұлтан, төре, би, батырлары
Көз көрімнен көз тартып шатырлары.
Салтанатын даланың арттырғандай,
Келгендей-ақ орнына ақыр бәрі.
Ізгі үміттің оятып жұрттың бір сәт,
Көңіл құсы ұшқандай көкке шырқап.
Тұтқындарға шұбырған айдаудағы,
Бала біткен көз салып тұр таңырқап.
Сап түзеп үш жүздің сарбаздары,
Қарсысында жоңғарлар тұрды сабы.
Шыжғырып тұр аптап күн дала төсін,
Қоңтайшыға дұшпанның сынған сағы,
Сияқтанып көрінед Алла кәрі.
Көзін жұмып, бір сәтке ойға шомған,
«Жоңғарларды құтқарам қайтсем сордан»,
Деген оймен
Қырғи тектес қазаққа шүйлігіп ед,
Қазақ торғай сытылып кетті тордан.
– Мына, есуас, япыр-ау, жынданған ба?
Күйме ауып кетсе ше ана жарға?
Ұлы мәртебелім, мерт болса, қайтер едік?
– Ей, малғұн, оттамай, сөзіңді аңда! –
Сарайдағы мінездері қалмаған,
Бірін-бірі айдаһардай жалмаған
Жағымпаздар. Дәл осы сәт
Төбесінен қаңқылдаған қаздар өтті самғаған.
Сол құстарға мұңын шаққандай бір уақ,
Қарт қоңтайшы
Мазасыз ойдан тыным ап,
Бейберекет қапталына көз тіккен-ді.
Жүре берді өне бойы шымырлап,
Мың кісіден асатындай қарамы.
Тұтқыннан қайтқан қазақтар өтіп
Барады.
Іштерінде қаусаған қарт,
Жауынгерлер жаралы
Қаптаған әйел, кейбіреуі балалы.
Қыз-келіншек жетеді, жігіт-желең де.
Көтеріле беріп кезекті бір белеңге,
Көтеріп көкке желбіретті дерсің байрағын.
Жоңғарлық сарбаз қол соза алмасын беренге,
Сенгені анық.
– Япыр-ау, сонда байрақты қайда сақтаған?
Күзетшілер тінткенде қалай таппаған?
Әлдебір сазды әуенді тербеп, аяқтарын нық басад,
Аспанның өзі болар ма иттерді мына жақтаған?..
Байрағы желмен желбіреп,
Тұтқыннан қайтқан ержүрек
Жандардан жаны шошыды.
Көз алдына келеді мына сурет:
Сұрапыл соғыс. Қырылған жанда есеп жоқ.
Қара шаңнан мұнартып тұрды жер мен көк.
Шаңды жарып, айғай салып:
«Жекпе-жек, – деп, –жекпе-жек».
Таныс дауыс шыға келді, батыр алып,
Таныс тұлға тұр ортада өктемдеп.
– Апыр-ау, мынау– Шарыш па?
Кеткен даңқы алысқа.
Ескерткен еді-ау анасы,
Болғайсың деп панасы.
Қазір келем деп кетіп,
Бүлдіргенін қарашы.
Күңіреніп тұрды сол сәт байтақ қазақ даласы.
«Абылайлап» ат ойнатқан әлдекім
Ағызып шықты жақындай берді арасы.
Батыр Шарыш атына қамшы басқан-ды,
Ақырған даусы шайқады шыңды, асқарды.
Опасыз, шірік, дүние-ай!
Қас-қағым сәтте үміті жер жастанды.
Жау батыры іліп алып найзасының ұшына,
Көтеріп тербеп, лақтырып жерге тастады.
Сол сұмырай Абылай сұлтан бүгінгі,
«Ақыры, менің құртпаса жарар түбімді».
Әлдекімдер ерткен назарына ілінді.
Абылай сұлтан, Малайсары қолтықтап,
Тірсекті түсіріп жатты, құрметтеп күймеден.
– Арсыз, неме-ай,
Өңменіне найза түйреген!
Жаулармен ауыз жаласып,
Тұтқыннан тіпті барады қайтып сыйменен. –
Дәл осы сәт соңынан ерген бірталай,
Нөкерлері алды-артына қарамай:
– Мәртебелім, Ұлы мәртебелім! – деп шуласып,
Жарыса шапқан жан жүрегін жаралай.
Есінен танған Қоңтайшыға
Дәрі иіскеткен,
Емшіден әбден ес кеткен.
– Қоңтайшының халі нашар! – деп
Бас уәзірге ескерткен...
Әлден соң басын көтеріп:
– Бөгелмей енді жетелік, –
Дегенде бас уәзір:
– Мәртебелім, сәл-пәл сабыр етелік,
Қазақтар әлі Тірсекті шығарып салып болған жоқ,
Келді хабар осы жерден күтсін деп.
Бас уәзір:
– Ой, Алла –ай,
–Құрыдық енді, біттік, –деп,
Бұған кеңес бере бастаған:
–Сөйлегенде жөн болар аса асып- таспаған.
– Бітімге қолды бұлтақтамай қойыңыз,
Ең бастысы –алып шығу басты аман. –
Дәуренінің Қоңтайшы сезген өткенін
Алтын тақта тербелгенде осы ма барлық жеткені?!
Күйінгенмен енді ұшпаққа шықпасын сезеді,
«Аһ» ұрғанда, өртеніп жатты өзегі.
Емесін іштей сезеді Қоңтайшы бұл тегін,
Бұл емес еді-ау, бұл емес еді-ау күткені,
Көз алдында көлбеңдеп түтіні сөнген білтенің...
Түйін
Сонан бері өте шықты үш ғасыр,
Өтті өмірден сан данышпан, сан тасыр.
Содан бері қаншама қан төгілді,
Бояп қанға байтақ жерді жап- жасыл.
Ұмыттырып ата-салтты, ғұрыпты,
«Елім!» деген ерлердің тіліне салып құлыпты,
Түрмелерге тығыпты.
Тасқа жазар тарихыңды,
Әман жоққа шығарып.
Бұл мешел ел, бұл ғаріп
Дегеніне көнбегенді
Тамырынан жұлыпты.
Қазақ надан, қараңғы ел
Аш бөрідей күні-түні ұлыпты.
Хандар мен батырлардың
Ел жадында аты қалды.
Атын айтқан анық еді,
Сол сәтінде аталарын.
Әйтсе де ел ұмытпаған,
Абылай хан, Малайсары,
Қанжығалы Бөгенбайды.
Айбыны да асқақ ары
Қаракерей Қабанбайды,
Өткен талай жырау, ақын
Атай алмай ерлер атын
Құрсауында саясаттың
Илеуінде өгей, жаттың.
Атып таңы Тәуелсіздік,
Еңсемізді тіктеп бізді.
Үңілдік ескі шежіреге,
Бабалардан қалған ізге.
Кезі жетіп түстік біз де,
Сенің ізің жатыр екен,
Мұрағаттарда сандаған.
Тарихшылар көз майын сарқып ақтарған,
Шет елдерде сары майдай сақталған.
Көне тарих сыңғыр-сыңғыр тіл қатты,
Маңдай тері іздеушінің ақталған.
Туған елге том-том болып оралған,
Баба тарих кітап болып басылды.
Сөйтіп, іске асты ұлы арман,
Торлаған бұлт тарихымда ашылды.
Нұрекеңнің бастамасы еді бұл,
Небір дүлдүл ел тарихын еткен жыр.
Ұрпағымен кітап болып тілдесті,
Қасиет қонған әулие менен әмбие
Тарихын танып, ой санасы бірге өсті.
Ал ұрпағы шадыман-шатты күй кешті,
Батырлардың жөні бөлек әманда
Ел қорғаған, байтақ жерді сақтаған.
Ұлт намысын таптатпаған табанға,
Замандарда шұбырынды ақтабан.
Соның бірі Малайсары тархан-ды
Күрескен жоңғарлармен елі үшін,
Болған елдің – ар намысы, қалқаны.
Жорық жолын Абылаймен бірге өткен,
Ата жауды тізе қосып күйреткен.
Шығарар жай ма бұл естен?!
Малайсары – Абылайдың бас батыры,
Десе-дағы шындықтан
Аттадың деп айталар кім?
Елін сүйген хас батырға
Туған жерге келді, ақыры, қайтар күн.
Тито Сыздықовқа.

Арғымағын хас батырдың ерттеген,
Тито мырза, мың бір алғыс өзіңе!
Іс тындырдың тіршілікте көптеген,
Ал бұл ісің түсті халық көзіне.
Алла сенің бақытыңды еселер,
Сол халқыңның жадында мәңгі сақталар.
Мазасыз күннің өтесі төккен теріңнің,
Батасы мен елдің ақталар.
Алғысымен байтақ жеріңнің,
Ал ескерткіш жүздеген жыл сақталар.
Соншама жыл аталар сенің есімің,
Атыңды атап сан ұрпақ әлі мақтанар,
Тарихта қалар ерлікке тән шешімің!
Сүлеймен Баязитов
