Малайсары (Поэма) Жалғасы

Барымташы Боранбай
Қу жанын барымтада отқа салған,
Қарымтада құрыстап қары талған.
Алты ай жаз, алты ай қыста тақым кеппей,
Боранбай барымташы ұры атанған.
Басыбайлы жар да жоқ,
Бала да жоқ,
Кешкені – өмір бойы қып-қызыл шоқ.
Қалындық әперем деп күрсінетін,
Бай сөзін тұтатұғын көңілге тоқ.
Жұт жылы үзіп оның бал арманын,
Өрт шалып, үміт атты қара орманын.
Керексіз байға, биге бейшарадай
Маңына жолай алмай Ақ орданың.
Қалған ед бір-ақ сәтте шетке шығып,
Қырылып жылқы атаулы кеткен ығып.
Айрылған төрт түліктен бір-ақ сәтте,
Қалған байлар қырдағы қасқырша ұлып.
Мұны көрген Боранбай атқа қонып,
Ақ тазысын қасына етіп серік,
Аң аулаған қыс бойы елден жырақ.
Аң да сирек дегенмен күнелтерлік,
Тауып азық көктемге іліккен-ді,
Көктем туа қалың ел дүрліккен-ді.
Жоңғар шауып қазақтың ауылдарын,
Ұйпа-тұйпа әп-сәтте түріп берді.
Қарсы тұрар қазақта күштің жоғын,
Қанға бояп шаңдатқан қазақ көгін.
Көрген тұста Боранбай қаны тасып,
Алмақ болған қалайда қазақ кегін.
Кегін алмақ,
Бірақ қалай?
Келген еді басына сан ой талай.
Бұл уақытта қазақтар қаша көшіп,
Асқан еді сай-сала, белден талай.
Ырыс болған қазаққа, қайран дала-ай,
Жау адасқан төсіңде сенің талай.
Аязыңда ақырған үсіп өліп,
Аптабыңда қырылған су таба алмай.
Сүйсінген ед даланың кеңдігіне,
Сол далада қырғын сап енді міне.
Жоңғар мынау жасауда жойқын апат,
Елдігіне, қазақтың ерлігіне.
Пысқырып та қарайтын емес тіптен,
Ойын бөліп, бір сәтке көзін тіккен.
Жоңғар қолы барады желе жортып,
Қалған сәт ед күн тақап екіндікке.
Тартып берді бұл- дағы алдын орап,
Бұл жердегі әр соқпақ таныс сорап.
Боранбайдың есебі дәл шыққан ед,
Қотыр қи белінде бүгіп қонад.
Осы маңда бекініп жүрген талай,
Өзекте өскен бар еді шоқ қарағай.
Екі жағын қоршаған биік шоқы
Жасырынған адамды абайламай,
Жүргіншілер қасынан өтер еді,
Атын байлап тазысын жетеледі.
Табанында жайғасқан қалың жоңғар,
Бір-біріне дауысын көтереді.
Түн ортасы тыйылды дауыс тіптен,
Осы сәтті Боранбай көптен күткен.
Тазысын жетелеген атын ертіп,
Арасына аттардың кіріп кеткен.
Матаулы аттар тұр еді бір-біріне,
Уақыт жоқ кідіріп іркілуге.
Шылбырларды маталған қиып сәтте
Тазысына «айт» деген бұл дүрліге.
Ұшқан құс боп дабылдап сұңқылдаған,
Ал тазы
Өткір тісін арс етіп, шоқап салған.
Аттар үркіп, быт-шыт боп жөнелгенде,
Арқырастап айқайсқа түсіп алдан.
Ат біткендер соңына еріп берген,
Ұйқы – дұшпан,
Ұйқыға ерік берген.
– Жауынгер деп сендерге сеніп келген,
Мен ақымақ, –деді де қолбасшысы
Үш-төртеуін турады ақ беренмен.
Деп ақырды, – барамыз атсыз қайда? –
Ақыр, жұлын жоқ еді одан пайда.
Жоңғарларды қалдырып осы арада,
Сөз қозғаған жөн болар Боран жайлы.
Құс қанатты жануар жылқы деген,
Асқан еді бұл шақта сан белеңнен.
Қырдың таңы атқанда қиядағы,
Қалың шаңға барлаушы еткен елең.
Хабар берген Батырға қосындағы,
Атқа қонған жасақтар осындағы.
Малайсары аңысын аңдаңдар,
Шатырында бір хабар тосып қалды.
Қуып келген жылқыны барымташы
Отыздарда секілді жас шамасы.
– Бізге жөнін айтпады сәті түссе,
Өзіңізге болып тұр жолықпақшы. –
Малайсары орнынан түрегеліп,
Боранбайды қарсы алды сәлем беріп.
Оның жайын тыңдаған Батырекең:
– Сендей ерлер барында– халық аман! –
Кеткен еді толқып бір, тебіреніп.
Жоңғарлардың қай жерде қалғандығын,
Сұрай келіп жүз қаралы жігітті ертті мығым.
Іріктеп ап, аттанып кеткен еді,
Тұтқындасақ аса көп бермей шығын.
Болса да әскер бастар жоқ өнері,
Қоңтайшы– қолбасшысының бар сенері.
Сарайдың сенім артқан кемеңгері,
Басқарған әскерінің бір ғажабы
Жуық ед қан майданда төрден көрі.
Әскерін жаяу-жалпы алға бастап,
Қояды арагідік ұран тастап:
– Қырыңдар, қазақтарды аямаңдар,
Қылыңдар ел шошырдай қанды қасап! –
Дей беріп өз-өзінен іркілген-ді.
Әлдекім: «Қазақтар!» – деп күңкілдеді.
Көргенде қоршап алған қазақтарды,
Қалған ед зәресі ұшып, құр сүлдері.
Әп-сәтте бейшараның өңі қашып,
Жасақтың қоршап алған мысы басып.
Қаруын қолындағы серпе салып:
– Жеңбейміз біз бұларды қарсыласып,
Тастаңдар қаруды, берілеміз.
– Қалайша, соғыспай ма?!
– Елірмеңіз! –
Деп ақырып жүзбасын қалды салып.
– Тірі қалсақ, қазақты көріне біз
Тықпақ үшін табармыз әлі негіз.
Сөз тыйылып тастаған қаруларын.
Малайсары әскері мұның бәрін
Сырт бақылап тұр еді қолбасшысы.
– Малайсарыға тізерлеп бағынамын, –
Дегенінде ет жүрек елжіреді,
Жеңіс туы бір сәтке желбіреді.
–Жанымызды, – дегенде, – қия көргін.
Деді батыр:
«Ал мұны ел біледі,
Бейбіт жатқан алдыңдар жерін жаулап.
Өртке оранды қаншама ауыл-аймақ,
Елім деген талай ер опат болды.
Жастарды құл сен күң қылып кеттің айдап,
Сандаған жыл қазаққа маза бермей,
Маған салса тап қазір ойланбастан
Тастар едім сендерді тірі жерлей.
Тұтқындарды айдаңдар алға салып,
Құныкерін көзімен көрсін халық.
Жүзбасылар мынаған ат мінгізіп,
Жан-жағынан айдаңдар алға салып, –
Дегенінде
Әлдекім жауыр керді
Алдына тартқан еді. Енді мінем дегенде
Сұлай кеткен.
Жатқан жерден
Жұрт жабылып, тұрғызды әрең еппен.
Ақыры аяқ артқан еді,
Шоқ басқандай шошынып, ала қашып,
Іркілгенде қара басып құлаған.
Кеткен ед бет-аузын шөгір жырып,
Әрең тұрып, орнынан қалған жасып.
Жау басшысын кейбіреу мазақ қылып,
Қарқ-қарқ етіп табалап тұрды күліп.
Қол астында болғандар кіжінулі,
Тепсініп тұр «жібер» деп білек түріп.
Соғыста жеңе білу – асқан өнер,
Келтіретін қисынын тәңір шебер.
Адам болып, күні ертең қала алар ма,
У-шу болған парықсыз аш бөрілер?!
Сөздеріне бір сәтте құлақ түрген,
– Адам болу екіталай екен-ау мына түрмен,
Қарап тұрмыз, несіне өлтірейін?
Жоқ,
Дүре соғып, тәубасына келтірейін.
– Құйрығына асаудың байлайық та.
– Мұны айтқан қайсың,
Қайсың Айбалық па?
Қолбасшының даусы зілді шыққан.
Талайлары тайсақтап қорқып ыққан.
– Халық зардап шеккен зұлымдықтан,
Байқауымша, бірің жоқ соны ұққан.
Сондықтан да ескертем бәріңізге.
Қол салғандар мынаған – маған дұшпан! –
Деген сәтте
Сәйгүлікке мінгізіп Тірсек ерді,
Қалың жасақ қозғалып жүре берді.
Жаушылардың хабарын естіген жұрт,
«Әне келді» деумен тұр «міне, келді».
Қара құрттай қаптаған тұтқындарды
Тәуба десіп, көрген жұрт бір таң қалды.
Қалай шыдар екен-ау есерсоқтар?
– Қырыңдар, –деп, – бұларды! –айғай салды.
Ұмтылғандар есіріп, «өлтірем» деп,
Тұтқындарға тұс-тұстан қару сермеп.
Малайсары айбатты тежеген ед.
– Жеңілген жау– қатынға, балаға ермек,
Батыр болсаң, қан майдан даласында
Алпарысып көріңдер, қылыш сермеп!..
Емші қосында
Дәл осы сәт қасынан өте берген,
Арбалыны тұрғандар бәрі көрген.
Арба үстінде баланы сұлап жатқан,
Жаңа ғана шыққан ед десе көрден.
Көргендердің талайы сөзсіз сеніп,
Ажал жетіп, бейбақты қалған өліп,
Салбыратып сүйегін сүйреп келед,
Өлген жерде қайтер ед кетсе көміп.
Ал өгізді жетектеп келе жатқан
Танығандар: «Адам», –деп, – Тәңір атқан».
– Алжыған ба? – дескені анық еді.
– Келе жатыр, апыр-ау, бұл қай жақтан?
– Қайыпқан залым еді аты мәлім,
Қартайғанда үптеген жұрттың малын.
Баласына он жасар ағаш құлап,
Аяқ-қолдың паршалап кеткен бәрін,
Кеудесінде шықпаған шыбын жаны.
Сүйектері терісін тесіп шығып,
Тоқтамастан келеді ағып қаны.
Ата шығып Жаужарған қарсы алдынан,
Арбаны тоқтаттырып сырқатқа көзін салған.
Көзге түспес Ақ жылан қасында еді,
Иретіліп үнсіз қалған.
«Өзіңе-өзіңе сен» деген еді,
Бұрынғыдай жөн айтып жебемеді.
– Қосқа кәне көтеріп кіргізіңдер,
Бір Алланың болар да дегені енді. –
Кіріскенде білегін түре салып,
Жатқан ауру ес-тұссыз жатқан талып.
Өңі кіріп біртіндеп сала берді,
Әлденең соң кеңінен тыныс алып.
Орны-орнына күл болған сүйектерін,
Салған еді Жаужарған төгіп терін.
Түй әулие есіктен ене берген,
«Қолдай гөр!» – деп дауыстап, – пәдуа керім,
Жақындап кеп, сырқатқа көзін салған.
– Өмір оты лауласын, жаным, алдан.
Жаужарғанға батасын бере тұрып,
Кірген шалға үстіне етіп қалбаң.
– Балаң тірі қалады бара бергін, –
Даусын кенеп, дүрдитіп үстіңгі ернін:
– Шідертіні ап жатыр жылқым менің,
Әлгі байы қазақтың мен боламын... –
Қазақ осы түбінде тұрып көрдің
Кеуде қағып масайрап мақтанатын
Болмашыға балаша шаттанатын.
Түй әулие көңіліңе түйіп қалған:
«Жан екен деп мынау бір сақтанатын».
Осы сәтте Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Қожа, молда – бәрі бек,
Үш жүздің жақсы, жайсаңы
Жиналған елге ой салды.
Түй әулие келгенде,
Қаз тұрып бәрі қарсы алды.
–Апырай, –деді Қабанбай, –
Сізді де көрдік, ақыры,
–Түй әулие, – деп қойды,
–Бауырым мені қатырды,
Жағаласып жауменен,
Жараланған сан өрен.
Шарапатыңыздан жазылды,
Мұны, сірә, аз демен, –
Деген еді Бөгенбай.
–Жаужарғанды әйтсе де
Малайсарыға жібердің.
Сауықтырды жасақты,
Жаныды қазақ жігерін.
Қиын сәтте қолдаған,
Қазақтың қалың пірі едің,–
Дегенде батыр Жәнібек
Барлығы басын шұлғыды.
Түс ауа бәйге басталып,
Шырқады қазақ бұлбұлы.
Ертеңгісін ас берілді,
Опат болған жер-жерлерде,
Соғыста өлген ерлерге.
–Қия алмай байтақ қырыңды,
Ата жаумен бұрынғы,
Қасқыр мінез қаскөймен
Сан жұлқысқан жырыңды,
Тағы да, халқым, кез келдім.
Ала жібін өзге елдің,
Аттамаған, ардағым,
Қиянат көріп зарладың,
Жоңғардың қалың қолынан.
Шайналды сан бармағың,
Қызыл қан суша төгілді,
Бұлт торлады көгіңді.
Қайратыңды таныттың,
Қорлатпай ата тегіңді,
Тектілігіңді таныттың,
Сан ұтылдың, сан ұттың.
Тәуба қылам ішімнен,
Опат болған, қыршындар,
Бір емес, сендер, мыңсыңдар!
Аллаға ғана құлсыңдар!
Жазым еткен сендерді
Жауыздардан биік тұрсыңдар.
Иншалла, шейіт аталған,
Ата-анадан бата алған,
Сендерге иман бұйырмақ.
Бауырыңнан айрылдың,
Ұланыңды жоқтап қайғырдың.
Тумай өшкен ай-күнін,
Сәбиіңді аңсадың,
Түсінем бәрін, түсінем.
Жалмады соғыс күшіген,
Бәріне көңіл айтамын.
Жақсы менен жайсаңым,
Даладай дарқан, байтағым,
Жаудың қаққан сайтанын.
Сонан соңғы айтарым,
Алла сүймес асқанды,
Алла сүймес қашқанды,
Елің айтар мұндайды,
Қор боп туған тастанды.
Зор боп туған ерлердің
Қорғаған туған жерлерін,
Шалқытар Алла нұрларын,
Болмасын ешбір күмәнің, –
Дей келіп Түй әулие
Соғыста өлген ерлерді,
Сүйегін тегіс жерлеуді
Өтіне келіп жұртына
Батасын қысқа қайырды.
Тыныштық орнап төрінде,
Мәуелі байтақ жерінде
Алланың нұры төгіліп,
Әлдекім
Деп сұрады: «Кім жеңеді?»
Бұл сауал сан көкіректі тербеген-ді.
Әулие:
– Аллаға сенесің бе, сен? – деген-ді.
Шыр айналған дүние дөңгелегі,
Қанқұмарды жаншиды мәңгіліке,
Соғысқұмар жол таппай сенделеді.
Жапа шеккен жазықсыз жауыздықтан,
Жағдайы бейбіт елдің жөнделеді.
Мұнан соң заман туар алмағайып,
Жеңімпаз жұрт сол тұста табан тайып.
Сан сүрінер айрылар сан арыстан,
Орнын басар олардың сан данышпан.
Олар-дағы тайынбас арпалыстан,
Толқынында ғасырлар болмас ғайып,
Тәңір қолдар тағдыры – таңғажайып,
Әумин! – деп сонан соң жайды қолын,
Қоршаған жұрт қол жайды оңы-солын.
Шаттық ойнап жүзінде қалың жұрттың,
Келер күнге бастады ұлы сенім.
Сүлеймен Баязитов
Жалғасы бар...
