Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Малайсары — (Поэма) үзінді

 

Қарамерген

 

Басына құт береке аялдамай,

Бұл қырды қырсық шалған

Талай-талай.

Дегізген «жеті жұттың бәрі – бізде»

Қазаққа қырын келген замандар-ай.

Өткен ед сол жылы да нәубат бастан,

Жұт жайлап,

Тігер тұяқ қырылды аштан.

Жарымай ішер асқа отырғанда,

Жау қолы жеті жақтан келіп басқан.

Аяусыз сар далада қырғын салған,

Қиылған қыршынан үзілді арман.

Тұяғы жау атының жетпеген ел,

Қашпақ боп,

Жан ұшырып жүгін салған.

Солардың бірі, міне, сайды өрлеп,

Келеді көбі жаяу шаршап-терлеп.

Ішінде бір қарт кісі жан-жағына

Келеді көзін тігіп өте сергек.

Кенет ол жарқ-жұрқ еткен әлденені

Байқап қап, секем алып, ойға шомған.

Құс емес шағылысқан қару сынды,

Байламға тұяқ тіреп, ойын нақтап.

Ешкімге сырын ашпай,

Келініне  Аппақ:

– Сен, қарғам, көшті алға бастай бергін,

Келем мен аман қалсам, Алла сақтап, –

Деген де сайға қарай беттеген-ді.

Тасалау бір ойпаңға жеткенде енді,

Көрінген жау қарасы күткеніндей

Көшті көріп қиқулап өктемденді.

Қиқулап, аттарына қамшы басып,

Елірген жанды көріп, жаны жасып.

Шулаған қатын-қалаш, бала-шаға,

Кемпір-шал естен танған қаны тасып.

Кенеттен қолды бастап келе жатқан

Қолбасшы ұшып түсті мұрттай аттан.

Көбінің құты қашып сала берген,

– Әй, мұны тасаланып кім, –деп, – атқан?

Ілескен жандай шабы қасындағы,

Оны да жебе жұлып сырғыды аттан.

Сол сәтте қалғанының құты қашып,

Әңгірлеп бір-біріне айғайласып,

Аттарынан кейбірі ата түсіп,

Абдырап қалған еді жаман сасып.

Екеуін жайратқан соң Қарамерген,

Сырғыды тасаланған әлгі жерден.

Кенеттен «өлтір,өлтір!» деген ұран

Еріксіз ақсақалдың көңілін бөлген.

Келеді бір топ ұлан таудан құлап,

Айқай-шу. Атыс-шабыс. Тұнды құлақ,

– Апыр-ау, «Өлтір!» деген қазақтар ғой,

Көзіне жылы ұшырап шапан тымақ,

Жоңғардың бірталайы аттан құлап,

Кейбірі артқа қарай қашты тұра.

Әлгі топ әлдегенше-ақ,

Елжіреп Қаракеңнің қарт көңілі,

Жайпады жоңғар қолын бейне құрақ.

Жалынды бір Аллаға медет сұрап,

Қаракең аяңдады көшке қарай,

Ыспар ер қан соғысты көрген талай.

Кәрілік жетсе-дағы, сұр жебесін,

Садағын сақтаған ед, қисын қалай?

Сонысы абырой болды десе-дағы,

Күш қайтқан, бұлдыраған шамшырағы.

Құйылған көшке қарай сарбаздарды

Көргенде көзінен жас тамшылады.

Сарбаздар мұнан бұрын көшке жеткен,

Көрісті құшақтасып ақ ниетпен.

Әлдекім қос жебені көрсетіп тұр,

«Жауларды кім болды, – деп, –жазым еткен?»

Келіні Аппақ шығып, жебені алды,

Жебеге әрлі-берлі көзін салды.

– Тәңірім-ау, Қаракеңнің жебесі ғой,

Сіз  менің көрдіңіз бе қайнағамды?

Тірі ме, тірі ме? –деп еңіреді,

Сол сәтте күңіренді төңірегі.

– Тірімін, айналайын, тірімін мен,

Тұрғанда басталғалы өмір енді.

Жөн болмас томпайтқаным қара жерді,

Шырағым, осы жағын ойладың ба?

Еркебұлан, жарығым, әйел алса,

Тәңірім нәсіп етсе, тойлайын да, –

Дегенде қыран-топан жұрт ду күлді,

Себебін Малайсары кештеу білді.

Сәби ед Еркебұлан үш-төрттегі

Ертерек әкесінің солған гүлі.

Мергенге Малайсары сәлем берген,

Көзіме жылы ұшырап көрген жерден.

Тұрған соң деді мерген: «Әй, батырым,

Азырақ тілдесейік, жүрші бермен».

Мергеннің қолын созып садағына:

– Көз тартар ерек екен сағағы да.

Жасырақ кезімде бір көрген едім...

Апырай, кім болды екен бала мына?

Садақты қоя  тұрғын...

Атың сенің? –

Дегенде. – Малайсары атым менің.

Құшақтап Қарамерген еңіреді:

– Сардарым, Тоқтауылдың көзі ме едің?

Естуші ем, жайыңа едім сырттан қанық.

Шықтың ба қан майданға шамырқанып?

Жарығым, тұра тұршы, тұра тұршы,

Қарайын өр тұлғаңа мейірім қанып.

Осылай Малайсарыны құшағына ап,

Тарқады қарт батырдың бір құмары.

– Жоңғарды жеңбейінше атар таң жоқ.

Алады бейбіт елдің шырқын әлі,

Сондықтан, –деді сардар, – ата саған

Қырғыннан қалсын десең халқың аман

Жастарды мергендікке үйрет, –деген,

– Аттанып кетерімде қолқа салам.

Сардардың мына сөзін естіген жұрт,

Үндемей қалай қалсын болып жым-жырт.

– Қареке, қорға бізді! – деп шулады,

Мұң басқан жүректерде оянды үміт.

Сол түні ісмерлер істі қолға ап,

Көп садақ дайындады атар толғап.

Қаракең батырларды жиып алып,

Бастады жаттығуды тәңір қолдап.

Садақты жатып ату, тұрып ату,

Үстінен шапқан аттың оқ самғату,

Қашқан жауды түсірсе баудай қырып сап,

Бұрылып атып қуғанын һәм жамсату.

Айтқанын кей талапкер қағып алып,

Сұр мерген екендігін танытты анық.

Біразы Малайсары қолына еріп,

Тәсілін шайқасудың алды танып.

   

Жаужарған

 

Жоңғарлар ә дегеннен қатты алданды,

Қайтпақшы ед елді қырып, айдап малды.

Айдарлыны құл қылып,

Шашпаулысын күң қылып.

Ата қырды күн шуақ,

Мұнартқан қара түн қылып.

«Байлығымды арттырам, шалықтаймын»

Деген неме

Басы тасқа соғылған балықтайын.

Келген сәтте аһ ұрды жеме-жемге:

– Бұл жеңіс пе, жоқ әлде жеңіліс пе?..

Сауалды осы қоймаған кемде-кемде,

Тіл тістеумен келеміз сен де, мен де.

– Жеңіс болса, жау қайда сағы сынған,

Жеңімпаздар жеңісін қылған думан?

Бірі де жоқ, сар дала мидай жазық,

Сол далада қалың жау аңдып тұрған.

Жеңіс қалай болмақшы жауды шаппай,

Шабар едік, қаламыз ізін таппай.

Екі жоңғар сырласып ат үстінде

Келе жатып, іркіліп, қалды тоқтай:

–Жеңсек-тағы жоңғардың болып жолы,

Мал-мүлікті, қапшықты алтын толы,

Нояндар бізге бермес құл мен күңді,

Көп ойланып ақыры ұқтым соны.

– Барлаңдар! – деп жіберед, – төңіректі

Талайлардың тұтқында өмірі өтті

Ессіздіктен.

Батырайық біз енді қарамызды

Сүйеді өмір  епті.

– Сонда, сонда барамыз біздер қайда?

Соғыс бітед, мен білсем, бірнеше айда.

Оған дейін тығылып, күн көрейік,

Көріп тұрсың ел жоғын бұл маңайда.

Аң мен құс жыртылып айырылады.

Алдағыны ақымақ қайғырады.

Ұшыраса қаңғырған қазақ-мазақ...

Аты жүйрік, кіл семіз айғырлары.

Жаһаннамға жіберсек шыбын жанын,

Сені менен емес пе менің малым.

Ай маңдайлы қазақтың аруларын

Қалың бермей... –дегенде әлгі залым

Қопалақтап ерінде бұлай деді:

– Дәл айтасың біз үшін осы жөні,

Көрген жоқпын сені мен, сен де мені,

Байлықты аңсап бейшара кепкен көні.

Қош деуге де жарамай жолдасына,

Алды-артына қарамай ол да асыға,

Беттесе бірі шілікке,

Енді бірі жоқ болды қыр асты да.

Желмен баяу тербелген қалың шілік,

Арасында жалтақтап келед шірік.

Әр тұсынан секеңдеп қоян қашып,

Құр ұшады, мұндағы бар тіршілік.

Сірә, осымен дей тұра шектеледі,

«Мендей батыр деймісің текке өледі».

Жалғыз жарым қазақтың көшін тонап,

Ат артына аруын бөктереді.

«Аһ» ұрғызып алтынын сапырады,

Құл, күңдерге жоңғарша ақырғаны.

Аңыз болар күні ертең қоңтайшыны,

Әйел алған тойына шақырғаны.

Кеткен екен қиялға беріліп-ақ,

Ойын бөлді сылдыры сері бұлақ.

Жатқан сұлу сол суға бетін жуып,

Аңдаған жоқ әзірше мұны бірақ.

Қарғып түсті атынан көңілі тасып,

Мауқын баспақ, әйелмен құшақтасып.

Арам ойын жүзеге асырмақ боп,

Жақындады әйелге алшаң басып.

Айқалауға әйелдің үні шықпай,

Қозғалуға шама жоқ қара басып.

Кенет, кенет әлдекім сыбыр етті,

Үні сондай ызбарлы, құдіретті.

– Кездігіңді ал деймін, кездігіңді,

Күлім қағып, көрсетіп құрметті.

Тұрғандай боп аш оған құшағыңды,

Байқа, байқа аңдатпа пышағыңды.-

Күлімсіреп тұрғаның мұның көріп,

Бейшараның көңілі майша еріп.

Үстіндегі лыпасын жұлып тастап,

Лақтыра сап қаруын еткен серік.

Көз қанталап басталған ұлы желік,

Құшағына әйелдің енді келіп.

Жіберген ед кездікпен қарнын осып,

Аяғына сылқ етті жоңғар өліп.

«Шошыма» деп әлдекім әмір берген,

Осы сәтте әлдене сәулеленіп,

Көрінген ед есіктен төрдей жерден.

Қария шал қолында асасы бар,

Жүрген сайын асасы төгеді зар.

Сол зарында жүректі елжіретер,

Естімеген бұл бұрын бір қуат бар.

Келеді оны бұлаққа бастап алып,

– Жуын, – деді сонан соң аз демалып,

– Алыс жолға алаңсыз аттанасың,

Алдың ашық, қарағым, жолың жарық.

– Ата, балам... –

Ол үшін болма алаң, –

Деп ыс етіп, тым баяу ысқырды да:

– Өгіз арбаң– мінекей, әне– балаң...

– Қалмап па еді, апырай, өгіз өліп?

Халсіз жатқан баламды таңмын көріп, –

Дей бергенде ақсақал сөзін бөліп:

Бізде емес, жарығым, Аллада– ерік,

Түй әулие атайды былайғы жұрт.

Әне, –деген, –шырағым, сен сөзді ұмыт.

Түй емшінің шәкірті едім дерсің,

Үкідейін мәпелеп күткен үміт.

Малайсары батырға кезіккенде,

Қалай емші болам деп сезіктенбе.

Сеніменен ақ жылан аттанады,

Ақ жылан аманында орның– төрде, –

Деді- дағы ойланып қалды тұнып.

– Өмір, – деді, – бұлақтай емес тұнық,

Жазықсыздан көп жанға шеккен едің,

Сондықтан да көрінед жүзің сынық.

Еңсені езген уайымнан айығасың,

Кім  дос, кім қас екенін  айырарсың.

Құныкер деп

Жарыңды  еткен майып,

Қанмен жуып, кегіңді қайырасың.

Көкірегіңді меңдеген сауалға осы айтарым,

Аттанарда атаңның осы сөзі.

Әй, ақ жылан, көрінер келді кезің,

Мұның аты –  «Жаужарған», иең– осы.

 

Сүлеймен Баязитов

Жалғасы бар...


0
0
1047

Осы тақырып бойынша

Малайсары — (Поэма) үзінді - Yvision.kz