Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қос диплом иеленген студент: "Қазақстанда алған дипломым мен үшін қызмет етіп жатқан жоқ"

Қазіргі таңда Қазақстанда 180-ге жуық Жоғары Оқу орны бар. Әрбір талапкердің өзі қалайтын университетке түсуге мүмкіндігі жоғары деңгейде. Елімізде мемлекеттік гранттан бөлек, әрбір Жоғары Оқу орнының ішкі гранттары да жыл сайын бөлініп, талапкерлерге жеңілдік жасалып келеді. Алайда, шетелге оқуға кететін қазақстандықтардың саны жылдан-жылға көбеюде. Қазақстан 1994 жылы «Болашақ» халықаралық стипендияларын тағайындады. Осы бағдарламаның аясында әлемдегі ең жоғары беделге ие мемлекеттерде , соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия секілді елдерде білім алуға мүмкіндік пайда болды. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, «Болашақ» бағдарламасы ресми түрде бекітілгеннен бері 12 мың қазақстандық шетелде жоғары білім алған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, түрлі жобалар ұсынылып, шетелде білім алуға ерекше назар аударылды. Дегенмен, уақыт өте келе жастардың шетелде оқуға деген құштарлығы өзекті мәселенің туындауына ықпал етті.Ресми мәліметтер бойынша қазақстандықтардың басым көпшілігі Ресей мен Қытайда білім алады. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында 39 мың қазақстандық студент Ресейдің, 15 мың студентіміз Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алған. Сонымен, қазақстандық жастар неліктен шетелде білім алуға құмар? Жастардың шетелге оқуға кетуіне Қазақстанның білім сапасының деңгейі әсер ете ме? Осы сауалдар аясында Оңтүстік Кореяда білім алған Мөлдір Бақытбек өз пікірін білдірді.

-Оңтүстік Кореяның оқу орындары өте ерекше, артықшылықтары көп. Мысалы, онда тек білім деңгейіне назар аудармай, студенттің жан-жақты дамуына көмектеседі. Түрлі үйірмелерге студенттерді қатыстырып, университет оның ақшасын өзі төлеп береді. Мысалы, спорт, би, корей тілі, корей ойындары деген секілді үйірмелерге студенттердің бос уақыты қызықсыз өтпесін деп қатыстырған болатын. Ал, Қазақстандай мұндай жүйе қарастырылмаған. Студенттердің сабақ уақытында жұмыс істеп, оқуға көңіл бөлмейтіні де осы себептен деп ойлаймын. Кореяда шәкіртақы өте көп, студенттерге қосымша жұмыс жасаудың қажеті жоқ. Ал, біздің елімізде шәкіртақы аз болғандықтан көптеген студенттер сабаққа көңіл бөлмей, жұмысқа орналасып кетеді. Мен оқуға түскен жылы Италиядан студенттер көп оқуға түскен болатын. Шамамен 15-ке жуық италяндық студент болды. Барлығының Кореядағы білімге көңілі толады. Себебі, мұнда білім сапасы өте жоғары, тәжірибесі мол оқытушылар дәріс оқиды, студенттермен еркін сөйлеседі, тіпті студенттермен бірге ойын ойнап, дәрістің түсінікті әрі қызықты өтуіне мән береді. Өкінішке орай, Қазақстанда студенттермен еркін байланыс орнататын оқытушылар өте аз. Мен 11-сыныптан кейін Қазақстанның Жоғары оқу орнына оқуға түстім. Бірақ шетелге оқуға кету үшін құжаттар жинап, курстарға қатысып жүрдім. Қазақстандағы оқуымды жалғастырмауымның себебі- сыбайлас жемқорлық. Мен оқыған оқу орнында коррупция орын алды, сонымен қатар білім сапасы айтарлықтай керемет болмады. Сол себепті шетелге оқуға кеттім, Кореяда коррупцияның куәсі болған емеспін. Қазақстандағы оқуымды да аяқтап, диплом алдым. Бірақ ол дипломның қазір пайдасы жоқ, сол мамандық бойынша жұмыс іздегенімде барлығы ақша талап етті. Сол үшін қазір Қазақстанда алған дипломым мен үшін қызмет етіп жатқан жоқ.

Кореяда білім алған қандасымыздың сөзіне сенсек, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының сапасы ғана емес, өзара орын алатын сыбайлас жемқорлық та, оқытушылардың қатаң талабы да көңіл көншітпейді. Қазақстанда алған білімі мен дипломы бүгінде іске жарамсыз, жұмысқа орналасу үшін де тағы сыбайлас жемқорлыққа куә болып отыр.

Қорыта айтқанда, көптеген жастардың білім іздеп, шетел асуына маңызды себептер бар. Қазақстандағы оқу ақысының тым көптігі, сыбайлас жемқорлықтың университет қабырғаларында жиі орын алуы, білім жүйесінің қатаңдығы, кейбір мамандықтардың елімізде жоқтығы жастардың өзге елден білім іздеуіне себеп болып отыр. Елімізде алдағы уақытта оқу ақысы қолжетімді болып, көптеген жаңа салалар білім жүйесіне енгізіліп, сыбайлас жемқорлықтың саны азайса, білім сапасының әлдеқайда жақсарып, жастардың да аңсары шетелге аумайтыны сөзсіз.

0
0
133

Осы тақырып бойынша

Қос диплом иеленген студент: "Қазақстанда алған дипломым мен үшін қызмет етіп жатқан жоқ" - Yvision.kz