Салуалы ордам қонған жұрт
Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: Күнгейдің ол да қыран шаһибазы https://yvision.kz/post/859230, Батырлар мен әулиелер заманы https://yvision.kz/post/858731
Мәсәлім би тұрмысында да жаңалыққа жақын адам еді. Мешіт-медресе салдырғаннан кейін олардың маңайына елін ұйытып, айналасындағы жұртты отырықшылыққа меңзеген. Арқыраған Майқайын өзеніне тоспа қойып, тоған қаздырып, егін ектірген. Егілген егінді ұндау үшін диірмен тұрғызған. Толып жатыр жаңалығы.

Қой мен жылқыдан басқа сиыр малына да жол беріп, тұқымын жақсарту үшін американ қасқа бұқасын тоқалымен сатып алып, санын көбейткен. Өзіне ағаштан әдемілеп мекен-жай салдырған. Әкемнің суреттегеніне қарағанда, бұл орыс-казактарының үлгісінде салынған үлкен-заимка усадьба болса керек. Терезесін әр жерден оя салған қазақтың тоқал тамы емес, қаладағы ұйғыр-сарттың жалпақ үйі емес, ортасында үлкен кілемсарайы, жан-жағында күтушілердің қоржын үйлері, мал қоралар мен қоймалары бар үлкен саяжай. Әкемнің жазып кеткенінен кейін, 2010 жылы Күнгейге барғанда көрдім орнын. Аралап жүріп, нобайлап көз алдыма елестеттім. Орыс патшасының қазақтың соңғы ханы Уәлидің жесірі Айғаным бегімге Сырымбеттен салып берген усадьбасына ұқсаттым. Келеді соған. Орталық ғимарат кілемсарайдың үлкен заласының орнын шамаладым. Әкемнің естелігі есіме түсті. Онда әкем Мәсәлім атам қаладан «венский стулдар», басқа жиһаз алдыртқанын, олардың ішінде граммофон болғанын жазады. Жаңалыққа жақын қазақ байларының «патипонға» әуестігін Қабдеш аға Жұмаділовтың «Соңғы көшінде» де суреттеледі.
Әу, беті күнге қою күйген қазақтар ақ маңдайларынан тымақтарын сырып, құлақшынын көтеріп күміс көмей Вертинский мен Утесовты, цыған патшайымы Варвара Панинаны тыңдағаны көз алдыма елестейді. Қазақтың Күләші мен ұйғырлардың ikki мүкәмасы ол уақытта таспаға әлі жазылмаған. Қытайлардың тәнзілері де таспаға түспеген болар. Оның үстінде Шәуешек қазақтарына қытай мәдениеті орыс пен Батыстыкінен көпе көрнеу және жақын болса да алыстау болған.

Атам салған үй-жайды тұрғызу ауқатты, жаңа заманшыл қазақ байларынын қолынан ғана келген. Үйдің іргесінен мешіт салдырғаны туралы алдында жазғам. Үйден мешітке дейін жол жасап теректер отырғызған, онысы артынан қалың тоғайға айналып кеткен. Осындай орыс үлгісіндегі үйлердің құрылысшылары генерал Бакич (қазақтар «Бәкіш» деп кеткен), атаман Дутовпен еріп келіп, қазақтың ішінде қалып қойған орыс казактары болған. Атамның ауылында тұрғандарының аттарын әкемнен естігендерім бар – Петр Бручка (ақсақ Петка) және сақалды Иван. Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көш» романындағы сақалды Тимофей-Темекі де келеді ойыма.

Әкем «Тәңір Құтын іздедім» кітабында былай деп жазады: «Үй салынып біткен соң, қаладан «венский» орындықтар мен үстелдер, тіпті, даңғарадай, дөңгелек табақтары бар, шет ел әндерін айтатын граммафон әкелгені бізді өте қызықтырып еді. “Адамша сөйлейтін патипонды естиміз” деп, бүкіл маңайдағы ел жиналып тыңдады. Сөйтіп, жартылай отырықшыл өмір басталып еді. Осы үйімізде қыстаймыз. Жазда, әрине, жайлауға көшеміз. Тек ақсақ Петька үйге иегерлік жасап, күзетші болып қалатын болды. Менің есімде қалғаны, сол Петька шалдың әйелі де, баласы да жоқ болатын. Қолтығынан балдағын тастамайтын, жүндібас, қаба сақал шал еді. Кемтарлығына қарамай, гармонь тартып, билейтін де. Тегі сол орыстардың бәрі қазақша судай еді, өздерін “қазақ-орыспыз” дейтін. Бертін келе ұрпақтары мал өсіріп, сиыр сауып, көлемді заимкалар салды. Егін егіп, апиын да өсіргенін білемін. Әбден байыған Опрешкин Харитон, Матвеев дегендер қалаға көшіп, бай өмір сүрді. Өздері біздің үймен барыс-келісін үзген емес».
Атамның үйін жоқтап, көрейік деп Еркін, Еділ ағаларым бастап Құлыстайға бірнеше бардық. Үйдің жанындағы Шошқа атқан бұлағының суынын дәмін татып, бетімізді жудық. Ғажайып, ерекше сезім. "Жырау сезім" - дер едім. Бірден Доспамбет еске түсті: Айнала бұлақ басы кең... ары қарай өзім жалғастырып алып кеттім - бұл қайнардың дариядан несі кем. Әлбетте, мен үшін. Біздің бұлақтың басы – дүркіреген Майқайын өзеңі.

Шошқа атқан бұлағы.
Атамның бұлағының суын ішіп, жуынып, жырау сезімнен арыла алмай Қазтуғанды өзімше айналдырып қайталай бердім: Салп-салпыншақ бір бұлақ, салуалы ордам қонған жұрт, кіндігін әкемнің кескен жұрт, кір-қоңын оның жуған жұрт. Аяғын бұзбай Қазтуғанша аяқтадым: Жабағылы жас тайлақ / Жардай атан болған жер, / Жатып қалып бір тоқты / Жайылып мың қой болған жер..

Ата жұртымның орны. Шақырып тұрған Барқытбел - Тарбағатайым...
Қайтар сәтте атамның үйінің жанынан ұзынынан сұлап жатқан ерекше тасқа көңіл аудардық. Бас жағы жалпақтанған, беті қашалған. Бір кәдеге дайындалған. Кейінірек осы тасты қайтадан тұрғызылған атамның зиратының басына апарып, жалпақ тегіс бетіне Найманның таңбасын ойып, әдемілеп тұғырықты қылып орнаттық.

Мәсәлім мешіті мен медресесін құтырған қызыл қытайлар ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы «мәдени революциясы» кезінде кірпішін қалдырмай жоқ қылып, онымен бірге атамның зиратын да құлатқан. Әкем 1988 жылы анаммен барғанда сол зираттың орнын сипап қана жылап қайтқан. Құдайға қараған дүнгеннің бір шалы атам жатқан жерге басы дөңгеленген тастан ба әлде бетоннан ба белгі қойып, атын қашап жазыпты.

Әкем өзінің «Көңілде жүрген армандар» деген соңғы жазбаларында «өмірде армансыз адам жоқ, мендегі арман тіпті ерекше», - дей келе, - «әкем халқына қадірлі, “Әділ Би” атанумен бірге тірлігінде әкесін Мекке - Мәдинаға жіберіп, парызын өтеген, ел ортасында мешіт ашқан, мұсылмандық жолында еңбек еткен адам еді. Өмірінің соңында мешіт босағасынан орын алып, ізгі жаны мәңгілікке жай тапты. Кейін дәм тартып, елге барғанымда, сол мешіт пен күмбездің орнын әрең таптым. Бұған 1962 жылы Қытай коммунистерінің халықты күштеп ұжымдастыру науқанының зардабына шыдай алмаған аш-жалаңаш халықтың қопарыла үркіп, Қазақстанға көшуі себеп болды. Қытайлар елден ерекше “Коммуна ұйымдастыру” деген науқан жүргізген. Оның үстіне отынға тезек жағып, тастан металл алып, сол жолмен өркендеп тұрған Еуропаны қуып жетуге ұрынғаны адам күлерлік әрекет болды-ау. Тек халықты қинап, оны құртудан басқа не экономикалық, не саяси мәні жоқ, “Көзі қарайған там сүзедінің” кері еді ғой бұл. Сөйтіп, Шәуешек ауданының барлық тұрғындары үдере көшіп кеткен соң, бос қалған орынға ішкі жақтан келген қытайлар әкелініп және Дүрбілжін ауданының халқын зорлықпен шекара маңына көшіру сәтін пайдаланып, кейбір жерлерге “Өндіріс армиясы” деп аталатын жартылай әскери құралданған полк-дивизиялар орналастырылған болатын. Менің ата-бабаларымның қонысына да сол әскерлер ие болыпты".
Бұл жерде айта кететін нәрсе, "Жаңа өлке" деп атаған Алтышаһар, Алтай мен Тарбағатайды уыстарына ұстап тұру Шын империясына қашан да оңай болмаған. Әскер керек, оны көтеретін қаржы керек. Тіпті, 1870 жылы император Даогуан "бұл аймақта қытайлар да аз тұрады, сондықтан өлкені тастап кетейік" деген ши шығарған. Бірақ ұлыхандық 自豪 Zìháo (өктемдік әсіре мақтаныш) және 榮譽 Róngyù (жалған намыс) бұндайға жол бермеді. ХХ ғасырдын басында "Жаңа өлкеде" әскер ұстау үшін жылына 5-6 млн таэль қажет екен. Осындай әлін білмеген әлек болып отырып, ақыры сарай стратегтары Бинтуань дегенді ойлап шығарды. Шекараны күзететін солдаттар өздерің өздері асырау керек, - делінді. Сөйтіп әскери-өнеркәсіп-ауыл шаруашылық құрылымдары пайда болды. Солдаттар шекараны күзетіп, "милитари" ойын ойнап, ұрысып-шайқасып келгеннен кейін жер жыртып, қойдын артында жүру керек. Тегінде бұл "жаңа технологияны" біздің заманымыздан бұрын I ғасырда ойлап тапқан император У Ди болатын. Мао бұл идеяны тіпті жандандырып жіберді. Шығыс Түркістан Ұлттық Армиясын таратып, орнына ішкі Қытайдан әкеп әскер төкті (цзусы цзубинь үрдісі, - делінеді). Шекара бойындағы ұйғыр, қырғыз, қазақтардың жерлерін тартып алынып, оған егін отырғызылып, ұсақ мал көбейтіліп өсіріле басталды (туньтянь, - дейді). Сөйтіп, 1949 жылдан кейін киелі ата-жұртымыз ешкімнен ешқандай сұраусыз цзусы цзубиннің туньтяны болып шыға келді.
"Мешіт пен зираттың дәл үстінен полк штабы ғимаратына жаңадан құрылыс жүргізіліп, қазармалар орнату үшін қоражайды құлатып, “жыланбауырмен” тегістеп, орнына малқора салыпты, - деп жазады ары қарай әкем, - Ойлаңыздаршы, бұл не деген жан түршігерлік тексіздік пен жауыздық! Адам баласы тарихында мұндай жауыздықты көрген де, білген де ешкім жоқ шығар! Фашист Гитлер де мұндай зұлымдылыққа бармаған көрінеді. Мешіт ғимаратының жанындағы зиратта әкем Мәсәлім, мешіт имамы Ысқақ ишан, қайран анам Бақтияр Дәрігенқызы, кенже бауырымыз Хамитхан, бірге туған үлкен апайымыз Рахима, жеңгеміз Қазине бастатқан жиырма бір адамның қабір- мүрдесі болғанын білемін. Сондықтан, Қытайға екі рет барған кезімде де осы мәселеге байланысты жергілікті басшыларға арыз айтып, талай есіктерді қақтым. Менің ол жақтағы бірге туған аға-інілерім де біраз ізденіп көрген екен, құлақ асар жан табылмаса керек. Соңғы барғанымда, өкінішке орай, мен іздеген негізгі басшылар орталыққа жиынға кеткен екен. Күтіп жатуға қайтатын уақыт мерзімім аяқталып, жұмысымды еріксіз тиянақтай алмай кеттім. Ең қиыны - зират орнына бару болды. Ол жер әскери орын болғандықтан, шет ел азаматтарына баруға мүлдем рұқсат етілмейді екен. Сөйтсе де, кейбір қайырымды адамдардың көмегімен ата-ана басына барып, тек орнын сипап, құран оқып қайттым. Бейіт орнына бір мейірімді мұсылман дүнген адам, белгі үшін, шала жазуы бар, жәй қара тас орнатып қойыпты. Тастағы сөздерді зорға оқып, суреткс түстік. Сөйтіп, жылап-сықтап, зұлымдыққа қарғыс айтып, кері қайттық.

1995 жылы ар жақтағы туыстарымнан шақыру қағаз келген соң, баруға дайындалып жүргенімде, екі аяқтан бірдей зардап шегіп, ауруханадан босай алмай, ақыры бірінші топтағы мүгедекке айналып, тағдырдың жазмышына еріксіз көніп отырған жайым - осы. Сонымен бірге, жазықсыз құрбандыққа шалынған туысым Әнуәрхан ағаның басын қарайтып, ескерткіш тас қойсам деген тілегіме де жете алатын түрім жоқ. Қайтадан икемге келмейтін, жөнделмейтін екі аяқ біржола үмітімді үзгендей. Оның үстіне Қытайдағы адам құқығын аяқ астына таптайтын коммунисттік түзім жаңармай, біздегі секілді жазықсыз жандар ақталатын уақыттың шеті әзірге ол жақта көрінбейді де. Бірақ, қайтсе де жауыздықтың тоңы еріп, әділеттілік орнайтын заман келер. Сөйтіп, мен бұл арманымды орындау парызын келешек ұрпаққа өсиет етемін. “Әлі жетпеген ақыретшіл, жалған ісі о дүниеге кетпейді” деген ата- бабамыздың даналығын малданып, зұлымдылыққа зауал тілейік. Әмин. Менің ұрпақтық парызымды өтей алмай, үмітім орындалмай дүниеден өтер алдындағы үлкен арманым - осы. Әрине, киелі жерді бүлдіру ісі тек жүгенсіз кеткен әскерлердің бұзғыншылдық әрекеті деп түсінуге болмайды. Пенденің үміті үзілген бе, тіршілік болып, денсаулық жар берсе, әлі де Шыңжанның аймақтағы өлкедегі басшыларына хат жазсам, бір жөні болар деп те ойлаймын. Тіпті, әділдікке жүгінсе, ол жердің басшылары зиратты қалпына келтіруге міндетті емес пе? Болмаған күнде, ата қонысты ұрпақтарына босатып берсе, олар өздері-ақ ата - баба мұрасын қалпына келтірер еді. Әттең, осы арман орындалса, ата- ана рухы разы болумен бірге, менің де жаным тыныш табар еді!», - деп тебіренген.
Әке арманын, ұрпақ парызын өтеу үшін әкем дүниеден өткеннен кейін бір жыл жылға жеткізбей, асының алдында, жұмыс басты болып бара алмай, екі ортада жүрген бір күнгейдің қазағының көмегімен Мәсәлім атамның басына тас орнаттық.


"Ақсұнқар ұшты көлінен, Жан әкем кетті көгіне..." Әкемнің қарындасы, қайсар мінезімен "Мәдени революция" кезінде"қалпақ киіп", тап жауы атанған, 17 жыл Қытайдың түрмесінде отырған әкемнің қарындасы Рысжан Мәсәлімқызының (суретте сол жақта) жоқтауынан.
Қытайдың биньтуанының (өзін- өзі асырайтын) армиясы егіс науқаннын күшейтіп жатыр, бара-бара түйір отырылмаған жер қалмайды, - дегенді естіп, қызыл қытайлар бір күні құлпытасымызды жұлып алып тастап, жерін жыртып тастайма деген қауыппен 2010 жылы Еділ ағамыз екеуміз Құлыстайға аттандық. Тарбағатайдың баурайындағы Мәсәлім текшесінен төмен Шошқа атқан бұлағының бойынан айналасы алма бақ, шөбі ыңғыл-жыңғыл өскен, атамның қорасы мен мешіттің орнын бірге барған туыстармен оңай таптық.


Сол жердегі биньтуанының лянының (батальонының) парторгысіна (осындай да тіл болады) жолығып, рұқсатын алып, мешіттің сақталған дуалының орнымен маңайын толық темір тормен қоршап, қоршаудың ішінен атамыз Мәсәлім, үлкен анамыз Бақтияр бастатқан әулетіміздің жиырма бір адамы, мешіттің имамы Ысхақ ишан мәңгілік мекенін тапқан орынға төбесі ашық қазақи төрт құлақты зират тұрғыздық. Атам мен Бақтияр анамыздың жанына шейіт болған Әнуархан ағамызға да тас белгі қойдық.


Әнуар ағамыздың қазасы туралы әңгіме алда, 1952 жылы Жанымхан Тілеубайұлы, Оспан батырдан кейін қызыл террордың құрбаны болған әкемнің ағасы. Әнуар ағамыздың сүйегін арулап қояйық деп, мәйіттің жатқан жерін біз бірнеше мәрте көп іздедік. Бәрі нәтижесіз болды. Атылған жері Дүрбілжінннің орталық алаңы. Денесін көменестер алғызбай, бірнеше күн елді қорқынышқа бөлеу үшін ашық жатқызып, кейін жасырын жерге көме салған. Біраз адамдар сол жерді көрсеткендей болып еді, қаздық, ештеңе таба алмадық. Мүмкін болар деп Дүрбілжіннің зиратханасының дуалының түбіндегі төмпешіктерді де мазаладық, болмады. Қытайда коммунистік идеология әлі күшті, Әнуар ағамыз ресми ақталған жоқ. Білсе сол біледі деген әкесі сол мезгілде атылған дүнгеннің қариясынан да барып білдік, оразада отырса да көзі үрейден үлкейіп білсе де білмегендей болып, жарытып ешнәрсе айтпады. Бекер айтпайын, бәлкім, білмеуі де мүмкін. Үмітіміз сонымен үзіліп, ақыры әруағы дұғалы болсын деп әке-шешесінің жанынан қарайтып тас орнаттық.
Әруақтардың жандары Жәннатта, Жаратқан Иемнің алдында жүздері жарқын болғай. Әумин!

«Два чувства дивно близки нам, // В них обретает сердце пищу: // Любовь к родному пепелищу, // Любовь к отеческим гробам».... Бұл Пушкиннен. Кереметі - мұсылман баласы ғана айтатын сөз. Еркін ағамның еркін аудармасы мынадай: Құтыла алмай қос ғажайып сезімнен, // Жүрегіне қуат құйып дем берген: // Ата-жұрттын күлі мен Бабалардың мұрдесі - // Тіршілікке ерекше бір сән берген... Мазмұны екі-ақ жолға сияды: Адамға рух беретін, нәр беретін екі нәрсе - Ата қорасының күлі мен ата-баба моласы.
Атам қорасы, мешіт пен зиратынан қасынан Тарбағайдың сеңгірлері анық көрінеді. Әулетімізге жиен болып келетін Шеризат ақсақал жанымызға келіп, қол бұлғап тұрған Барқытбелге қарап, былай деді: алдында жатқан Шошқа атқан бұлағынын сайы, жоғарырақ көгеріп тұрған Мәсәлімнің Көк Мойнағы, одан жоғары Жол саймен өрмелеп отырып Құлжабай биігіне шығасын, аса қалсан: құнан шаптырым, бес-алты шақырымға жайылған кілемдей, Мәсәлім текшесі жайнап жатыр. Одан ары Қара қияң, Сүтәйтім тастан асқаннан кейін бес шақырым жерде шекара, ары қарай - Қазақ елі.
Осынын бәрі - Қазақ жері, ақсақал, - дедім мен. Солайы, солайы қой, - деді ол күрсініп...

Кілемдей Мәсәлім текшесі жайылған, ата рухы тұнып тұрған Барқытбелден басталған Құлыстай жазығы - ата-бабам барақат тапқан қайран жұрт, әкемнің балалық шағы өткен бәсіре қоныс Майқайын - Шошқа атқан... Салуалы ордалар қонған жер....
