Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Шардарам, менің, Шардарам!

Шардарам, менің, Шардарам, Ақындар жырын арнаған. Сұлулығыңа тамсанып, Әншілер талай ән салған!

Өткен жолы жазғанымдай, Түркістан облысына 3-4 күнге сапарлап келген едік, енді оның екінші күні туралы баяндасам. 2018 жылғы 28 сәуірде Астанадан (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) Шымкентке ұшып шығып, сол күні Түркістан облысының ең оңтүстіктегі ауданы - Мақтарал ауданына бағыт алған едік. Мақтарал ауданындғы Өнімкер ауылына да жетіп, ондағы туған бөлеміз - Төлеу ақсақалдың үйінде түннің бір уағына дейін сұхбат құрып, туысқандармен қауышқан болатынбыз.

Ақсақалдың үрім-бұтағынан тараған ұл-қыздары бөлелері келген соң бар сый-сияпаттарын көрсетті, ескі тарихтан әңгіме қозғап, біраз арқа-жарқа болып қалдық. Біздің жеткенімізді естіп, алыс-жақын ауылдар мен аудан орталығынан келген Төлеу ақсақалдың балалары мен өзге де туысқандар бас қаладан келген біздерді қонаққа шақырған еді, алайда жолымыз есептеліп қойылғанын, әлі баратын жерлеріміздің көптігін айтып, рахметімізді айттық. Таңертең ертемен Шардараға жол жүруіміз қажет.

Таңғы алтыда тұрып, шығып кетеміз деп жоспарлап едік, сөйтсек тағы 1-2 сағат ұйықтап қалыппыз. Ақсақал: «ерте азанда оятсам, бізден құтыла алмай жүр екен деп ойлап қалар ма?» деген пиғылмен оятпадым деді (әзіл ғой әрине). Кешегі күнгі ұшып келуіміз бар, 250 шақырып жол жүріп келгеніміз бар, кеш жатқанымыз бар, бәрі де әсер етіп, шаршап ұйықтап қалыппыз. Сөйтіп, таңғы шайымызды ішіп алған соң Шардара қаласына бағыт алдық.

Ағайыны аралас, жер төресі Сарыағаш ауданын басып өтіп Шардара қаласына да келіп кірдік. Мұнда кезінде Қарағанды Мемлекеттік Университетінің тарих факультетін бірге оқыған, студенттік шақта қара нанды бөлісіп жеген Бекжан деген досым тұрады. Екеуміздің туған күніміздің айырмашылығы бір ақ күн, ол 17 қаңтарда туған, мен 19 қаңтарда туғанмын, сәйкесінше әрбір 18 қаңтар күні туған күнімізді бірге атап өтетін едік, оның үстінде бір бөлмеде бірге тұрдық.

Жалпы, Қарағанды Мемлекеттік Университетінің қазақ бөліміне 1990 жылы 32 қыз-жігіт түсіп, оны тек он алтымыз ғана бітіріп шыққан екенбіз. Ол бір қиын жылдар ғой, ақша жоқ, бәрі талонмен, бірақ көпшілігіміздің білімге құштарлығымыз күшті болды. Негізінде, біздің қатарларымыз бір болдық та (әскерге бармағандар, мектеп бітіріп түскендер), әскерден кейін оқуға түскендер тағы бір бөлек болды. Тобымызда Рабиға атты қыз бала да оқыды, ол үшінші курста тұрмысқа шықты, Университеттің ару қызы титулына ие болған еді. Оның жолдасы да бізбен бірге оқыды, тек физика факультетін тәмамдады. Шардарадан тағы бір Жанар атты қыз бала оқыды, ол тек сырттай бітірді. Қысқаша айтқанда бір емес, бірнеше досым тұратын Шардара қаласына отбасыммен келіп жеттім.

Жол бойы бәрін бақылап, зер салып қарап келемін. Мені таң қалдырғаны өрісте тек қара қойлар мен қарала сиырлар болды. Сарышағаш пен Мақтаралға қарағанда Шардара ауданының мал шаруашылығымен көбірек айналысатыны білініп тұр. Халқының саны жөнінен салыстырмалы түрде Мақтарал мен Сарыағаш аудандарынан аздау, бірақ жер көлемі көп сияқты. Шамамен 78 мың халық тұрады екен, оның 30 мыңнан астамы қаланың өзінде қоныстанған. Қала ұнады, таза, жинақы екен. Жалпы аудан мен қала Өзбекстанмен шекаралас қой.

Шардара қаласына келген соң Бекжен жиеннің үйіне (нағашылы-жиен болып әзілдесе береміз, анасы қыпшақ қызы ғой) тоқтап, шай іштік, одан соң қазақтың басты тағамы – ет келді. Бекжаннің өзі былтыр Нұр-Сұлтан қаласына келіп кеткен болатын, ал Рабиға мен жолдасын 1996 жылдан бері көріп тұрғаным осы.

Бекжан дос өзі сегіз қырлы, бір сырлы жан. Домбырада ән айтады, тамадалығы тағы бар, мектепте оқушыларға білім нәрін сеуіп жүр, әзілқойлығы тағы бар, жеті баланың әкесі (тіфә-тіфә), қарт әкесі мен анасын бағып отыр, балаларының алды жоғары оқу орнында оқып жатыр, айтқандай термешілігі де бар, каратэнің шебері, білуімше репуертуарында 110 ән бар, кез келген әннің басынан не ортасынан тоқтатып қойып «айт» десең, одан әрі жалғастырып алып кете береді. Расында мақтауға тұрарлық жан!

Сонымен түс те болды, біз енді Шардара су қоймасына барып, біраз серуен құрдық, кәуап пісіріп, таза ауада балаларды демалдырдық. Жақсы, көңілді отырыс болды. Ән де айтылды, әзіл де айтылды. Бастысы көптен көріспеген дос-жарандар мәз-мәйрам болдық. Кешке Рабиға мен жолдасы дәмханаға шақырып, ойын-сауық жалғасын тапты. Жалпы, қалада бір күн ғана болған соң бәрін көрдім деп айта алмаймын.

Бірақ, Шардара теңізінің жағасы расында туристік аймақ болуға сұранып тұр екен, оның үстіне 100 күн бойы суға түсуге мүмкіндік бар. Біз тоқтаған демалыс аймағының жанында «Алтын жағалау» (Голден бич) атты кешен жұмыс істеп жатты. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келетін туристер көп деседі, бірақ меніңше аталған қалалар мен Шымкенттен осында шағын ұшақтарды ұшырып қойса, онда ішкі туристер саны одан сайын артатын еді. Тіпті, іргедегі Ташкенттің өзінен қаншама туристерді тартуға болады. Ал, туризм дегеніңіз - бұл жаңа жұмыс орындары, қосымша жұмыс күштері, инфрақұрылым, айналып келгенде елдің әл-ауқатын арттырудың тағы бір жолы ғой. Мемлекет те қарап жатқан жоқ, әрине атқарылар іс көп.

Айтқандай, Шардара су электр станциясы туралы ұмытып бара жатыр екенмін ғой. Шардара су электр станциясы - Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі электр станцияларының бірі. Шардара ГЭС 1967 жылы пайдалануға берілген. Аталған кәсіпорында 157 адам жұмыс істейді, Шардара ГЭС-нің салыну мақсаты – ол суландыру, энергетика, су басумен күрес. Станция Сырдария өзенінің бойында орналасқан. Қуаты - 100 мВт, ал Шардара су қоймасының аумағы - 783,42 км2.

Шардара су қоймасы демекші, теңіз түбінде ежелгі қала орны болған деседі, аңыз ба шындық па, кім білген?! Бір білеріміз, өңірде V-XIII ғасырлар аралығында Ақтөбе және Жаушықұм қалашықтары болыпты. Сырдария өзені бойынан табылған археологиялық ескерткіштер және мазарлар оған дәлел бола алады. XIII ғасырдағы монғол шапқыншылығынан кейін қала дамуын тоқтатқан. Бұл тарихи деректер В.В.Бартольд, А.Н.Берштам еңбектерінде және XVI-шы ғасырдың теңдессіз, құнды жазба дерегі болып табылатын Фазаллах ибн Рузбихан ал Исфаханидің «Мехманнаме Бұхара» атты кітабында кеңінен көрініс тапқан.

Шежірелі Шардарада бүтіндей сақталып қалған орта ғасырлық ескерткіштердің бірі – «Ұзын ата» кесенесі. Ол қазіргі Ұзын-ата ауылдық округінен 8 шақырым жерде орналасқан. XV ғасырдың басында дүниеге келген тарихи жәдігер. Деректерге сүйенер болсақ, Ақсақ Темірдің әмірімен салынған бұл кесенеде Орта Азияда ислам дінін таратумен айналысқан, шын есімі Асан ата аталған әулие кісі жерленген. Ол кісі Ақсақ Темірдің жақын кеңесшілерінің бірі болған деседі.

Айтқандай, жол іздейміз деп адасып кетіп, Мақтарал ауданы аумағынан Үтіртөбе атты археологиялық кешенді де көрдік, кеңірек танысуға мүмкіндік болмады, бірақ ескерткіш тақта жазуларына қарағанда ежелгі заман ескеркіші, қоныс орны болғаны аян. Жалпы, көрген-түйгендерім көп, бастысы достарымызбен емін-жарқын араласып, жаңа жерлерді көріп, тағы да нағыз қонақжайлыққа куә болып, ертеңгі күні ат басын Шымкентке бұрдық!

1
2
3721

Осы тақырып бойынша