Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Үшкілтай Сұбханбердина еңбектерінің қазақ баспасөзіндегі орны

Қазақ халқының әдебиеті өнегелі, тәрбиелік мәні бар, өскелең ұрпаққа ой саларлықтай мазмұнды әңгімелер мен хикаяттарға өте бай. Бүгін мен қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші ғалым Үшкілтай Сұбханбердинаның шығармашылығымен таныстым. Қазақ баспасөзінің дамуына сүбелі үлес қоса білген ғалымның шығармашылық қоржынындағы сана-сезімімізді жандандырып, дара әрі сара жолға жетелейтін үш туындысымен таныстым. Мен, еліміздің жас өрені ретіне, бұл туындылар арқылы ойыма не түйдім? Ғалымның туындыларының бірі әрі бірегейі-«Төрешіден қалмайды, айтушыдан қалады» туындысы. Хикая тақырыбының өзі адамға қызықты әрі таңсық көрінеді. Бұл туынды арқылы ғалым нені аңғартқысы келді? Ой-талқыға салып көрейік. Автор әңгіменің мазмұнына осындай қысқаша анықтама беріп кеткен: «Мағынасы-жауапкер, кейбір уақытта тиісті өзін ақтайтын жауаптарды тегіс жеткізіп көрсетпейді, соларын көре судьялар бітім қылады, екі жағының берміш жауабына қарай». Аталмыш туындыда төрт ағайынды жігіттің әкелері өз артынан қалдырып кеткен мирасты бөлісуі жайында сөз етіледі. Алайда, мұраны бөліскеннен соң, ағайындылар арасында алауыздық пайда болып, кіші інілерін сот алдында қорғамай, алшақтай бастайды. Алайда, үйдің кенжесі ақылгөй қарияға жолығып, даналығын көкейіне қондырып, қиындық шырмауынан сабырлық пен шыдамдылық танытып, құтылады. Менің ойымша, автор бұл туынды арқылы екі қағиданы оқырман жүрегіне жеткізіп, тыңдаушы бойына сіңіргісі келді. Біріншіден, ағайынды төрт жігіттің аразы арқылы бауырмалдылықты сөз еткісі келді. Бұл туындымен танысқан әрбір оқырман қауым байлықтың береке әкелмейтінін, бауырдың бұл өмірдегі ең құнды, асыл, ешнәрсемен айырбастауға келмейтін қымбат жаратылыс иесі екендігін ұғынары хақ. Екіншіден, жанжалдың анығына көз жеткізе алмаған ақылсыз төрешіні сынға алып, әділқазының қара қылды қақ жаратындай әділ, шынайы болуы тиіс екендігін меңзейді. Сонымен қатар, автордың жазу стилінде өзгешеліктер байқалады. Мысалы, қазіргі заманға таныс емес көне сөздерді әңгімеде кездестіруге болады: қадары кедей, әрқаюдары,уағыда және т.б. Бұл сөздерді әдебиетіміздегі көнерген сөздер деп те, ғалымның өзіндік жазу стилі деп те қарастыруға болады.

Ү.Сұбханбердинаның шығармашылық топтамасында маған ерекше әрі өзгеше әсер қалдыра білген туынды- «Асанқайғы» әңгімесі. Бұл туындыда қазақтың маңдайына біткен асыл жанашыры Асан қайғы мен еліміздің іргетасын қалай білген Әз-Жәнібек хан жайлы баяндалады. Осы туындыны оқи отырып, Асан қайғының ақыл-парасатына тәнті болып, ақылгөйге «Даналықтың кемел мектебі» деген атауды лайықты деп санадым. Менің бұл дәйегіме Асан қайғының Әз-Жәнібек ханның қылығына төзіп, әр істі ақылмен шешіп, соңында бүкіл әрекетіне талдау жасай білгені, ел қамын әркез жадында сақтауы дәлел болмақ. Меніңше, бұл шығарма арзан күлкі мен ойыннан бойыңды аулақ ұстап, намыс пен күш-жігерді әрқашан берік етіп,ел абыройын мәңгі биік ұстауға баулиды.

Ғалымның кезекті бір тырнақалды туындысы-«Дүниеде жамандық не себепті болады?» хикаясы. Автордың осы еңбегі ғибратты, үлгі-өнеге беретін ойларға толы. Себебі, бұл туындыда дүниедегі жамандық атаулының неден, қайдан пайда болатындығын әртүрлі табиғат перзенттері талдап, саралайды. Әрқайсының дүниетанымы, көзқарасы әртүрлі болғандықтан, көптеген пікірлер білдіреді. Бірақ, соңында адамзат баласы ақылға қонымды, ізгі, мәні бар түйінін айтып, қорытындылайды. Бұл туынды арқылы жамандықтың әрбір лас әрекет пен арам пиғылдан пайда болатындығын анық ұғына аламыз.

Қорыта айтқанда, қай әңгіменің, мақаланың болмасын көрерменге берер тәрбиесі, жеткізгісі келетін ойы болады. Ал, Ү. Сұбханбердина жазып қалдырған құнды еңбектердің жас ұрпаққа қалдырған қазынасы ұшан-теңіз.

0
0
976

Осы тақырып бойынша

Үшкілтай Сұбханбердина еңбектерінің қазақ баспасөзіндегі орны - Yvision.kz